«СӨЗІ МЕН ІСІНЕ АЙЫРМА САЛҒАНДАР – ШЫНДЫҒЫН ЖОҒАЛТЫП АЛҒАНДАР» Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2024 05:46 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 57 раз

Қазақстанның халық жазушысы, ғасыр тұлғасы Мұхтар Шаханов шымкенттік жастармен кездесті. Шығармашылық кеш М.Әуезов атындағы ОҚУ ғимаратында өтті.

serxan

 

Кездесуде жыр жауһарына шөліркеген көпшілік ақынның өлеңдерін тыңдап, оның өмірі мен шығармашылығы жайындағы қызықты деректермен танысты. Басқосуда сөз сөйлеп, ақ батасын берген Шаханов жастардың сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңесін айтты.
Нәзік сезімге толы лирикалық жырлары және қайсар рухпен өрілген өлеңдері арқылы қазақ халқының махаббатына бөленген ақын азаттықтың мәніне кеңінен тоқталып, ақындық жолдың ауыр екенін еске салды. Сондықтан, ақын деген атқа лайық болу, оны қорғау керектігін айтты.
Студенттің «Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма» деген сауалына, Мұхтар аға әдемі жауап берді. Ол өз сөзінде жастар әр қилы екеніне тоқталып, бірақ, шындық биігінен көрінуді мақсат тұтпаса,еркеті еркек деп, әйелді әйел деп есептемейтінін жеткізді.
– Сөзі мен ісіне айырма салғандар – шындығын жоғалтып алғандар. Осындай күрделі шақта, елімізде шындығын жоғалтқан адамдардың тым көбейіп кетуі, тіпті, рухани саланың өзінде, әдебиет, өнер қайраткерлерінің сөзі мен ісі ашық түрде екі бағытқа жол алуы ұлт қасіреті екені даусыз. Мейлі жүз жерден талантты болсын, егер ол адам шындығын жоғалтып алса, ондай ақынның, ондай жазушының, ондай ғалымның, ондай ұстаздың, ондай саясаткердің ел үшін құны көк тиын. Біз, қазіргі кезеңде барлық салада осындай көзқарас қалыптастыруымыз қажет. Себебі адамдар тек шындық жерде ғана бақытты өмір сүреді. Ал, бүгінгі жастар сол биікте көрінсе деймін, – деді ақын.
Кеш соңында жиналған көпшілік ақынның сөзіне жазылған «Арыс жағасында» әнін бірге шырқады. Жастарға берер тәлімі мол басқосуда Мұхтар Шахановтың кітаптарынан көрме қойылған. Сондай-ақ, ақынның қолтаңбасымен жаңа кітаптары да ұсынылды.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.