МЕМЛЕКЕТШІЛДІК ОСЫНДАЙ ҮЛГІДЕН БАСТАЛАДЫ Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2024 05:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 81 раз

Республика күні! Ең қастерлі де ұлық мерекеге санаулы күн қалды. Осындай сәтте жастарымыз тәуелсіз ел болудың, егемен Республика атанудың қадірін біліп жүр ме деп ойланамыз. Біздің осындай бейбіт күн кешіп, ұлттық мерекені тойлап жатуымыз үшін тарихтағы талай тарланбоз басын бәйгеге тіккен еді. Сол қаһармандарды бүгінгі жас ұрпақ біле ме? Әрісін айтпағанда, кешегі ХХ ғасырдың ортасында қазақ жерінің тұтастығын қорғап қалу үшін көзсіз ерлік жасаған Жұмабек Тәшеновты дәріптей алып жүрміз бе?

memlekeT-1

 

«Тәшенов деген кім еді, не істеген?!» депті біреулер. Егер осы сөзді ақыл-есі кемдеу, болмаса қазақ тарихынан бейхабар басқа ұлттың өкілі айтса кешіріммен қарар ма едік. Өкініштісі, өте өкініштісі, бұл сөз Оңтүстікті басқарған облыс әкімдерінің бірінің аузынан шыққан ғой. Үш миллион жұрт аузына қарап, ауанымен жүріп отырған, халқын шашып жіберсең Маңғыстау секілді бірнеше облысқа басы жететін өңірдің әкімінің сөзі екен.

Шымкентте Аймақтық инновациялық университет бар. Басшысы - профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Жарылқасын Оңалбеков. Осы университетте қаладағы бір топ зиялы қауымның қатысуымен ұрпақ тәрбиесіне байланысты келелі кеңес өтті. Осы сөзді жиын барысында айтқан Ұлықпан Бәшенов. Тәшеннің інісі Бәшеннің баласы. Ұлықпан ағамыз Оңтүстіктегі көшелі кісілердің бірі. Әкімнің аузынан шыққан осы сөзді күйзеліп айтты.
«Әй, Жұмабек-ай. Арыстансың ғой. Жүрегің арыстанның жүрегі ғой. Сенің істегеніңді біз істей алмас едік» деп қазақтың тағы бір ірі ұлы Дінмұхамед Қонаев айтты деген сөз бар. «Тәшенов деген кім, не істеген?!» деген тағы бір басшылар, адамдар табылып жатса тағы да еске салайық, Қазақтың тағдырын шешкен мәселені.
Жұмабек Тәшенов 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің Төрағасы болған азамат.
Ұлт үшін от пен суға түсуге тайсалмайтын қайсар қазақ 1956 жылдары сталиндік репресия құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы болады. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің жарқын есімдері осы кезде халыққа қайтарылды. Айдауда жүрген Ермұхан Бекмаханов, Есмағамбет Ысмайлов, Хамза Есенжанов және Зейін Шашкин секілді ұлт зиялылары бостандыққа шықты.

memlekeT


Жазушылар одағына тізім жасатып, үйсіз-күйсіз жүрген зиялыларға қала ортасынан пәтер бергізіп, «ұлтшыл» деп үстінен Мәскеуге арыз жазылған да осы Тәшенов еді. Айтатындай, жазатындай бар, сол кездері талантты бес мықтыға «КСРО Халық әртісі» атағын алып берген де осы Тәшенов.
1958 жылдары қазақ ұлтшылдығынан қорыққан өзіміздегі жандайшаптар «Қазақ әдебиеті» газетін жапқысы келеді. Бас газет «Социалистік Қазақстанды» «Казахстанская правданың» қосымшасы ретінде шығарғуға ұсыныс болады. Бұл шешімге орыс айтса бас шұлғи беретін «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы келіскенге ұқсайды. Сонда ананың еренсіздігіне, намыссыздығына күйіп кеткен Жұмабек Тәшенов «Бұл газетті ашқан сен емес, жабатын да сен емес» деп ақырып, шөкелетіп тастапты. Жұмабек Тәшеновтің Қазақстан экономикасын көтерудегі таудай еңбегін емес, рухани саладағы ерлігінің бірпарасын ғана айттық.
Ал, Дінмұхамед Қонаев разы болған, қалың қазақтың жерінің үштен бірін сақтап қалған ерлігін айтайық. 1950 жылдары КСРО басшылығына келген Никита Хрущев қолынан келгенді қонышынан басқан кісі. Кеңестер Одағында айтқаны жүріп тұрған «жүгері өсіргіш» басшы Қазақстанның ұлан байтақ жерін көп көріп, тың игеру науқанын бастап жібереді. Қолдан жасалған аштықтан үштен бір халқынан айырылған қазақтың сталиндік репрессия ұлт қаймағын қалқып алып кеткені бар. Ойдан қашқан, қырдан қашқаны бар, түрмеден тың игеру деген желеумен шығарылғаны бар, әйтеуір жатжұрттықтар көбейіп, байғұс қазақ өз жерінде отыз пайызға жетпей қансырап қалады. Осыны пайдаланған Хрущев Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты астықты өлке деген желеумен Ресей Федерациясының меншігіне өткізгісі келеді. Ал, мұнайлы Маңғыстауды түркіменге сыйға тартпақ. Мақта өсіру алқабын кеңейту деген мақсатпен Оңтүстіктің бірқатар ауданын Өзбекстанға беруге шешім қабылдайды.
Егер Жұмабек Тәшеновтей арыстандай айбаты қазақ жолына кесе-көлденең тұрмағанда ойының іске асары сөзсіз еді. Кешегі ер бабаларындай қазақ жерінің бір пұшпағын жатқа ұстатқысы келмеген арыстан Тәшенов одақ басшылығы жер мәселесін жергілікті халықпен санаспай өзі шешер болса, онда Кеңес Одағының Конституциясын, Қазақ КСР Конституциясын жою керектігін айтады. Конституция жойылмайтын болса заң бойынша, бекітілген шекара бойынша барлық жер Қазақстан меншігі. «Егер мұнымен санаспайтын болсаңыз біз бұл мәселені Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін көтереміз» дейді. Оның ар жағы Қазақстанның КСРО құрамынан шығуына әкелер еді. Алпауыт капиталистік мемлекеттердің Қазақстанға қорған болатындығы сөзсіз. Осының бәрін ой елегінен өткізген Хрущев тілін тістеп, Тәшеновті қалайда құртудың жолын іздей бастайды.
Егер Тәшенов мансапқұмар біреу болғанда бүкіл әлем санасқан КСРО басшысына қарсы тұрмас еді. Қызметін сақтап қалар еді. Ондайлар кеше де болған, бүгін де бар.
Кектенген Хрущев Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеновті орнынан алады. Қазақстан басшылығы оны Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп жібереді. Бұл жерді де қимай зейнетке дейін «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтының Оңтүстік Қазақстан облыстық талдау-есептеу орталығында қызмет атқарған екен.
Қайран ерден қатты қорыққаны, әлде қатты сескенгені, 60 жасқа толған күні зейнетке жібереді. Сол күні Бәшен ағанның үйіне барады. Осы гәпті Ұлықпан аға айтқан еді. Қатты жүдеп келді деп. Міне, біздің ұлт батырына көрсеткен құрметіміз.
Тәшеновтің құқайы мұнымен бітпепті. Әу баста КСРО басшылығы Тәшеновті Оңтүстікке жібергенде рулығы-жершілдігі басым өңір мүйізгектейді деген ойлары да болған дейді. Бірақ, құшағы ыстық, қазақтың хан, батыр, билерінің дені мәңгілік мекенін тапқан Оңтүстік төбесіне көтеріп, құрмет көрсетіпті.
Асылдың бағасын асыл біледі. Бір оқиға болыпты. Шымкентке Бәукең, Бауыржан Момышұлы келеді. Жік-жапар күту. Кәделі дастархан. Қақ төрде Баукеңе орын қойылған. Жұмабек Тәшенов те шақырылған. Сәл төмендеу отыр.
Баукең орнынан тұрып Жұмакеңе барады да қолтықтап төрге отырғызады. «Ағайындар, ықыластарыңа рахмет. Мен сияқты соғыста атақ алған батыр көп. Ал, мына Жұмакең нағыз батыр. Қазақ жерінің үштен бірі саудаға түскенде КСРО басшыларынан айылын жимай, қорғап қалған, сол үшін үлкен қызметінен кеткен шын батыр Тәшенов» дейді.
Атақты Бауыржан Момышұлы бағасын білген сол Тәшеновті біз біле алдық па, қадіріне қаншалықты жетіп жүрміз?! Үш миллион халыққа айтқанын өткізіп отырған әкім білмесе, жас ұрпақтан не қайыр, не сұрағандайсың.
Бұл тақырыпты жазуымыз бүгін емес. Ертеректе бір жиында Тәшеновтің қазақ жерін қалай қорғап қалғанын айтып, жастарға ғибрат болатындай кештер өткізудің жайын айттық. Бүгінгі қалалық мәслихаттың төрағасы, сол кезде қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Бахадыр Нарымбетов Тәшенов ескерткішінің түбінде оқушыларды жинап, тәрбие сағаттары өтеді деп бастама көтерген. Алайда, басы жақсы басталды да соңы сиырқұйымшақтанып кетті.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбекті көпшілік ұлтжанды, қазақ керегіне жұмыс істейтін зиялы азамат деп таниды. Яғни, Сәрсен Абайұлы да осы мәселеде ойлануы керек-ау.
Әйтпесе, ұлттық идеологиямыз діни уағызшылардың, деструктивті ағымдардың қолында кетіп бара жатқанын көзіміз көріп отыр. Олар жастарды оқу-білім алуға емес, кертартпа істерге шақырады. Жат ағымдар, діни секталар тарапынан қазақ мәдениетіне, салт-дәстүріне қатты шабуыл жасалып жатыр. Олардың миына Тәшенов ерлігі кіріп те шықпайды. Сонда біз Отанға адал болудың үлгісін қайдан аламыз?!
Үлкен империяның иесі Хрущевпен егесте «КСРО конституциясына сәйкес, әр ұлт республикасы өзінің тарихи жерінде, өз табиғи байлығын өз меншігінде пайдалануға хақы бар. Бұл заңмен де санаспайтын болсаңыз, біз халықаралық сотқа шағым беруден де тайынбаймыз», - деген Тәшенов «Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында» деп мархабаттанған да екен.
Шіркін-ай, уағызшылар жамағатқа Тәшенов сияқты қайраткерлеріміздің ерлігін айтса үлкен сауапқа қалар еді. Мемлекетшілдік осындай үлгіден басталады.