МАМАНДАР ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ САЛҒЫРТ ҚАРАМАУҒА ШАҚЫРАДЫ Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2024 06:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 78 раз

Жылыту маусымы – өртке өте сақ болуды талап ететін кезең. Кей өңірлерде жылыту маусымы басталып та кетті. Мамандар көмегімен өрттің алдын алу шаралары тұрғындарға жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Сол себепті төтенше жағдайлар қызметкерлері халыққа барынша сақ болуды ескертеді.

JiLLY

 

Шымкентте 2024-2025 жылғы жылу беру кезеңі басталар алдында қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов «2024-2025 жылдардағы жылу беру кезеңіне арналған өрт профилактикалық жұмыс» жоспарын бекіткен болатын. Осы шаралар барысында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында қала аумағында «Өрт қауіпсіздік айлығы» өткізілді. Оның шеңберінде тұрғын үй секторларында төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін азайтуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.
Жылыту кезеңі бастала салысымен республика бойынша өрт салдарынан топтық адам өлімінің 4 фактісі тіркеліп, 17 адам, оның ішінде 6 бала қаза тапты. 11 қазанда Қостанай облысының Жітіқара ауданында болған өрттен бір үйдің 5 баласының қайтыс болуы бәрімізге сабақ болуы керекті.
Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігіне төтеншеліктер қалай дайындалып жатыр, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты газ техникалық инспекция бөлімінің қызметеркелерінің дайындығы қалай? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы мен қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров баяндады.
– Бізде жыл көлемінде, қыс болсын, көктем, жаз, күз мезгілінде болсын болжанған төтенше жағдайға байланысты іс-қимылдар жүргізіледі. Жеке құрам да соған байланысты дайындықтан өтеді. Жылыту маусымының басынан бастап, әлеуметтік желілерде 138, бұқаралық ақпарат құралдарында 34 шығарылым жарияланып, қала аумағындағы шағын аудандар арасында 150 рет дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін біздің мамандар қатты отынмен жылытылатын 3 812 тұрғын үйді аралап, 7 мыңнан астам адамға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Ал, білім беру мекемелерінде 1 500 оқушы қатысқан 42 интерактивті сабақ өткізілді, – дейді Еркін Отарғалымұлы.
Сонымен қатар қала аумағында әлеуметтік жағдайы төмен 2 222 отбасы анықталған. Бұның барлығы рейдтер мен аралаулардың нәтижесінде тіркелгендері. Ол отбасыларға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 8 714 адамға жадынама парақшалары таратылды. Соның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен 334 отбасыны қайта аралап жатырмыз. Әлеуметтік осал топтағы отбасылардың ішінен 89 үйге газанықтағыш құрылғылар қойылып, 80-ге жуық үйдің түтін мұржалары тазартылды.
– Жеке кәсіпкерлермен және аудандық әкімдіктермен меморандум түзу арқылы 125 газанықтағыш құрылғылары сатып алынды. Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтардың барлығын газанықтағыш құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында меморандум түзу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Еркін Отарғалымұлы.
Осы маусымда газбен улану қаупі де басым. Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қаланы жоспарға сәйкес аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Басқарманың газ техникалық инспекция бөлімі тарапынан газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасында белгіленген, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін және газ жабдығын пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзған 89 тұлға жауапқа тартылған.
– Осы тұрғыда, ең алдымен, жауапкершілік тұрғындардың өзінде. Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 19 бабының 1 тармағына сәйкес, газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Аталған шаралар сақталмаған жағдайда әкімшілік шара қолдану көзделген. Қала тұрғындарына үй ішілік газ жабдығының жағдайына немқұрайлы қарамай, арнайы аттестатталған мекемелерді шақырып, тексерту қажет екенін ескертеміз, – дейді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров.
Құлақ аспаудың өтемі бар екенін ұмытпаған жөн. Әрбір адам өзі тұрып жатқан тұрғын үйдің қауіпсіздігін тексеріп, сақтық шараларын алдын ала ұйымдастырып қойғаны дұрыс. Төтенше жағдайлар қызметкерлері де осы мәселені жиі көтеріп жүр.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.