БӘРІ ДЕ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАЙЛЫЛЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2024 06:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 76 раз

немесе қоғамдық көліктерге жаңа жүйе енгізіліп жатыр

Қоғамдық көлік жүйесінің дамуы қала тұрғындарының мобильділігін қамтамасыз ету арқылы экономиканың дамуына әсер етіп қана қоймай, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Еліміздегі үш ірі мегаполистің біріне айналған, бүгінде 1,2 миллионнан астам адам өмір сүріп жатқан Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып отыр.

avtobus-1

 

Нақты деректерге жүгінер болсақ, Шымкент қаласында қоғамдық көліктің 77 бағыты әлеуметтік маңызы бар маршрут деп айқындалып, жергілікті бюджеттен субсидиялауға 33,2 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар тасымалдаушылар тарапынан қоғамдық көліктерді жаңарту үшін 19 жаңа автобус сатып алынса, «Shymkent Bus» ЖШС-нің 200 автобусты сатып алуға өтінімі «Өндірістік даму қоры» АҚ-ы тарапынан мақұлданыпты. Жыл соңына дейін қалаға 100 автобус әкелу жоспарлануда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 2024 жылдың 9 айында жолаушылар тасымалы саласында атқарылған жұмыстар туралы өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Бүгінгі таңда Шымкентте 80 тұрақты маршрутта күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдауда. 11 көлік компаниясы қызмет көрсетеді. Маршруттарда қызмет көрсететін автобустар 100 пайыз GPS треккерлермен жабдықталған. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың мәліметінше, қолданыстағы сығымдалған газ-метанды пайдаланатын автобустар үшін қалада газ толтыратын екі станциясы қызмет көрсетеді, Жыл соңына дейін «Shymkent Bus» ЖШС-і автопаркінің аумағындағы үшінші газ станциясын іске қосу жоспарлануда. Осылайша, автобустарды газбен толық және үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі шешіледі екен.
Шаһарда тасымалдау компаниялары мен басқармаға келіп түсетін арыз-шағым көп. Шағымның басым көпшілігі автобустардың аялдамаға тоқтамай кетуі немесе кешігіп келуі, жүргізушілердің қолма-қол төлем сұрауы төңірегінде.

avtobus


– Осыған орай тасымалдаушы компаниялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында, басқармамен жасалған шарт талаптарына бір қатар толықтырулар мен өзгерістер енгіздік. Атап айтар болсақ, критериялардың бағалау шкаласында айыппұл көрсеткіші 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін ұлғайтылды. ҚР Ұлттық Стандарт талаптарын сақтау міндеттелді. Автобустардың аялдамаға тоқтамау немесе аялдамадан тыс жолаушыларды отырғызу және түсіру талабы, автобустардың аялдамаға 15 минутқа кешігу немесе ерте келуі талабы күшейтілді. Осы талаптар бұзылған жағдайда, бұл фактілер «Диспетчерлік қызмет орталығы» КММ пайдаланатын автоматтандырылған бағдарлама арқылы тіркеледі. Сөйтіп, балдық жүйемен көрсетілетін қызметтерді бағалау критерийлеріне сәйкес, әр маршрут бойынша айыппұл санкциялары түріндегі қаржылық жазалау шаралары қаралады. Жылдың басынан осы күнге дейін 424,5 млн. теңге үнемделді, – дейді Ролан Бекмағамбетұлы.
Қала тұрғындарының көптеген сұраныстарын зерделеу және талдамалық жұмыстар жүргізу нәтижесінде, маршрут интервалына, қалыптасқан жолаушылар ағынына, субсидия көлеміне байланысты бірқатар шешімдер қабылданған. «Тұран», «ШымСити», «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандары арқылы қатынайтын №3 жаңа айналма маршрутты және «Оңтүстік» шағын ауданындағы Бөгет, Қамысты, Баян батыр көшелерімен №4 жаңа маршруттың жұмысы ұйымдастырылып, 22 маршруттың қозғалыс сызбаларына өзгерістер енгізілген. Жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 17 маршруттың қозғалыс кестелері ұлғайтылса, 9 маршруттың жұмысы сағат 23:00-ге дейін ұзартылды.
Осы уақытқа дейін «QazSmartTrans» ЖШС қаланың диспетчерлік жүйе мен жол ақысын төлеу операторы ретінде жұмыс істеп келген еді.
– Алайда, «QazSmartTrans» ЖШС өз міндеттемелеріне қарамастан келісімшарттың негізгі шарттарын орындай алмады. Бізде қаладағы көлік қызметінің сапасына кері әсер ететін жүйелі проблемалар туындауда. Диспетчерлік қызмет қалалық көлік жүйесін басқарудың ажырамас элементі болып табылады. Жұмыстың жүйелі болмауы себебінен бірнеше мәселелер туындап, тұрғындардың наразылығын тудырды. Кестені бақылай алмау, кестені бақылаудың жоқтығы жолаушыларға қолайсыздық тудырады. Аялдамаларды жазылмаған. Біз тұрғындардың қажеттіліктеріне байланысты көлікті жеткізуді реттей алмаймыз. Жылдамдық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жылдамдық пен жол қауіпсіздігін тиімді бақылау мүмкін емес. Жылдам әрекет ету жоқ. Біз қаладағы төтенше жағдайларға тез әрекет ету мүмкіндігін жоғалтып жатырмыз. Толық диспетчерлік қызмет болмағандықтан, біз өз талаптарымызға сай бюджеттен қосымша шығындарға әкелетін үшінші тарап шешімдерін қолдануға мәжбүрміз, – дейді брифингке қатысқан көлік саласының сарапшысы Байболат Баймаханбет.
Расында төлем жүйесінің жұмысына жүйелі шағымдар көп түседі. Жүйені кешке өшіріп тастау да пайдаланушыларға қолайсыздық тудырады. Сондай-ақ, байланыс орталығы жұмыс істемегендіктен жолаушыларға қолдау көрсету мүмкін емес. Төлем әдістері де, жабдықтары да ескірген. Осындай шағымдардың көптігінен әкімдік тиімді шешім табу үшін нарықты сараптай келе, жан-жақты талдау жүргізіп, еліміздегі бірнеше ірі қалалардағы көлік жүйесін сәтті жаңғыртқан оператор «Smart Mobility» ЖШС «Автобус» жүйесін енгізу туралы шешім қабылдаған.
– Бұл оператор мемлекеттік бюджеттен қаражат тартпай-ақ, барлығын өз инвестициясы арқылы жүзеге асырып жатқанын баса айтқан жөн. Осының арқасында біз қала тұрғындарына икемді, таңдау мүмкіндігін бере отырып, жол жүру ақысын жинаудың екінші электронды жүйесін (ESOP) қатар іске қосып көрген болатынбыз. Жаңа оператор пилоттық жобаны сәтті жүзеге асырды. Біз айтарлықтай артықшылықтарды көрдік, көлікті бақылауды жақсарту, кестені дәл сақтау және жолаушылар қауіпсіздігін жақсарту. Бұл нәтижелер біздің жаңа шешімге деген сенімімізді нығайтты, – дейді басқарма басшысы.
Енгізілетін өзгерістердің нәтижесінде жолаушылардың қоғамдық көлік қызметіне деген шағымдарының азаюы, қоғамдық көліктердің бекітілген уақытынан кешігуі және қоғамдық көліктердің қатысуымен жол көлік оқиғалар көрсеткіші айтарлықтай төмендейді деген болжам бар. Бүгінгі танда, Алматы мен Астана қалаларында жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеуді алып тастап, тек электрондық жүйелер арқылы төлем жүргізілуде.
– Жүргізілген талдауға сәйкес 2024 жылғы 9 айдың қорытындысымен 97 пайыз транзакциялар электрондық жүйелері QR-код, SMS арқылы жүзеге асса, ал қалған 3 пайыз қолма-қол ақшамен төленген. Жаңа жүйеге сәйкес, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлеңкелі ақша айналымын заңдастыру үшін қолма-қол төлеу жүйесін жойып, тек электронды түрде төлемдер жүргізуге шешім қабылданды, – дейді Ролан Ибрагимов.
Сонымен қала автобустарында бүгіннен бастап жаңа төлем жүйесі жұмыс істеуде. «Avtobys» жүйесі 100 пайыз отандық өнім, еліміздегі осы саладағы ірі компаниялардың бірі болып табылады. Қазақстанның 17 қаласында және Қырғыз Республикасының Ош қаласында жұмыс істеп тұр. Жүйе Bluetooth төлемдерінен бастап, банк карталары арқылы төлем жасау және басқа да, әртүрлі әдістерді ұсынатын заманауи планшеттермен жабдықталған. Сондай-ақ жеңілдікті санаттағы жолаушылар үшін Виртуалды тарифтер енгізген. Бұл физикалық көлік карталарын пайдаланудан толық бас тартуға мүмкіндік береді, төлеу процесін барынша ыңғайлы және жылдам етеді. Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес, 2024 жылдың 1 мамырынан бастап 14 жекелеген санаттағы азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілген болатын. Осы жеңілдікпен 319 мың адам қазіргі таңда қоғамдық көлікте тегін жүреді.
– Барлық автобустарда жүргізуші планшеті бар. Бұл қарапайым сөзбен айтқанда, жүргізушінің көмекшісі болып табылады. Бұл планшет арқылы, жүргізуші, қанша адам төлегенін, диспетчермен екіжақты байланыста болуға, өзінің бекітілген кестесін көріп, әр аялдамада қай уақытта болу керегін және сол уақытқа сәйкес немесе кешігіп келе жатырғанын көре алатынын заманауи планшеттермен жабдықталған. Бұл көлікті басқару тиімділігін арттырады. Жолаушының мобилді қосымшасы арқылы әртүрлі төлеу тәсілдері де ұсынылған. Электрондық әмиян – бұл ақша аудару және тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге де мүмкіндік береді. Виртуалды жеңілдік тарифті және жолаушының банк картасын қосуға да мүмкіндік береді. Жолаушының уақытын үнемдеу барысында автобустың аялдамаға қай уақытта келетінін нақты көрсетеді, – дейді «Smart mobility» ЖШС директоры Жомарт Камидоллин.
Компания мамандары жүйені әлі де жетілдіреміз дейді. Алдағы уақытта аялдамалардағы көліктердің келу уақыты туралы ақпарат көрсетілетін медиабордтар орнату және көліктерде аудиоақпараттандыру жүйесін кеңейту жоспарда бар екен.
«Біз заманауи технологияларды белсенді енгізіп жатырмыз. Біздің жүйеміз диспетчеризацияны, электронды төлемдерді және жолаушылар ағынын бақылауды бір жүйеге түсіреді» дейді компания басшысы.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ТҰРҒЫНДАР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚОЗҒАДЫ