28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесі. Журналистердің мерекесі. Кәсіби мерекеге орай түрлі сала басшылары мен мамандары тілшілер қауымын құттықтауда.
«Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің редакциясын құттықтауды «Нұр Отан» партиясының өкілдері бастады. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов арнайы келіп, Айгүл Жарылқасынқызы бастаған газет ұжымына партия филиалы төрағасының мерекелік құттықтау тілегін жеткізді.
Нұрмахан Миятұлы журналистерге жүктелген міндеттерді мінсіз орындап, ел мүддесі мен әділеттілік жолында еткен ерен еңбегі, белсенді азаматтық ұстанымы мен Елбасы, «Нұр Отан» партиясы төрағасы Н.Назарбаевтың Жолдауларына сәйкес атқарылып жатқан істерді жұртшылыққа шынайы жеткізудегі қарымды істері үшін алғыс айтты. Сонымен қатар тілшілердің жұмысына шығармашылық табыс пен отбасыларына амандық тіледі. Ал газет тілшілері Бейбіт Бейсенбаев, Светлана Есжанова, Сапарғали Қанат және Азамат Жаппар арнайы алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Журналистерді кәсіби мерекесімен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов та құттықтады. Ассамблеяда өткен мерекелік жиында қоғамдағы этносаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында түрлі мақала жазып, сюжет әзірлеп жүрген өңірдегі меншікті тілшілер мен жергілікті БАҚ өкілдері марапатталды.
Ассамблея басшылығы құттықтаған журналистер қатарында «Панорама Шымкента» газетінің тілшісі Галина Герман және «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Ақмарал Әшірова да марапатталды.
Тілшіміз Ақмарал мен әріптесіміз Әсел Хамзинаны Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев та төл мерекелерімен құттықтап, еліміздегі ең жақсы жаңалықтардың жаршысы болуға тілек білдірді.
Журналистер қауымын құттықтағандардың арасында облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жетекшілері де бар. Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов республикалық және өңірлік газеттер мен сайт, телеарна өкілдеріне еңбектерінде шығармашылық табыс тіледі. Бұған қоса кәсіподақ ұйымдастырған тілшілер арасындағы конкурстың нәтижесі жарияланып, жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталды. Жеңімпаз журналистер қатарында «Шымкент келбеті» газеті бас редакторының орынбасары Нұрлан Бектаев та бар.
Ыстық тілектен сот өкілдері де қалған жоқ. Газетіміздің тілшілері Айгүл Керімқұлова мен Бейбіт Бейсенбаев облыстық соттың марапатына ие болды. Бұған қоса облыстық соттың өңірдегі соттардың қызметін үздік көрсеткен журналистерге жариялаған конкурсы қорытындыланып, жеңімпаздары марапатталды. Қазақстан судьялар одағы облыстық филиалы кеңесінің мүшесі Ермахан Рахманберді журналистерді төл мерекемен құттықтап, жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.