ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Среда, 30 Октябрь 2024 04:55 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 156 раз

Жаңа технология соңғы жылдары ауылшаруашылығы саласында да кеңінен қолданыла бастады. Соның нәтижесінде шаруалар мемлекеттен субсидия алу үшін бұрынғыдай сан түрлі құжат жинап, әуре-сарсаңға түспейтін болды. Қазір мұның барлығы электронды база арқылы іске асырылатындықтан, олар үйлерінен шықпай-ақ өтініштерін жолдай алады. Аталмыш саладағы осы және өзге де жаңашылдықтар жайлы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің басшысы Жәнібек ТОҒАЙҰЛЫМЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

suxbaTT

 

– Жәнібек Тоғайұлы, әңгімемізді ауылшаруашылығы саласын цифрландырудан бастасақ. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Цифрландырудың арқасында біз ең әуелі қағазбастылықтан 80 пайызға құтылдық. Қазақ халқында «Етікші күн аманда, егінші ай аманда» деген сөз бар. Оның төркінін сіз бен біз түсіне бермейтін шығармыз. Ал, шаруа баққандар мұны жақсы біледі. Етікші күнде табыс таба алатын болса, шаруа адамы бар үмітін жаз айларына артады. Сондықтан, жаздың әрбір күні ол үшін қымбат. Осы уақытта олар мемлекеттен берілетін субсидияға қол жеткізу үшін құжат рәсімдеп, айлап күтіп жүретін. Сөйтіп, егістік басындағы шаруалары жайына қалатын. Кешігудің салдарынан егіні бітік шықпай, ырысынан айырылатын.
Қазір мұндай олқылықтың бәрі ретке келтіріліп, диқандар үйлерінен шықпай-ақ субсидияға өтініш бере алады. Яғни, олар жанар-жағармай мен тыңайтқыштарды алу үшін электронды базаға тіркеліп, өтініштерін жолдайды. Электронды база диханның жер көлеміне қарай оған қанша жанар-жағармай кететінін өзі есептеп шығарады. Сосын шаруалар тарапынан «Менің құжаттарымды қабылдамай қойды» немесе «қайтарып жіберді» деген сыңайлы шағымдар да түспейді. Өйткені, аталмыш базада мұның барлығы түсінікті етіп көрсетілген. Бұл, әрине, өз кезегінде шаруаларды субсидиялау жұмысын жеңілдетіп отыр. Сондай-ақ, өнімділіктің артып, шаруалардың мол табысқа кенелуіне де септігін тигізуде.

– Осы салада қанша уақыттан бері жұмыс істеп келесіз?
– 2018 жылдан бері Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінде жұмыс істеп келемін. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы басқармасында қызмет атқардым. Жалпы, мемлекеттік қызмет – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін маңызды институт. Ол елдің басқару жүйесінің негізі болып табылады және халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызмет етеді.
Өздеріңізге белгілі, облыс орталығы Түркістан қаласына ауысқан уақытта Шымкент қаласының аумағына жақын маңда орналасқан аудандардан бірнеше ауыл енген болатын. Сол ауылдарда мал және егін шаруашылығымен айналысып отырған шаруалар мен диқандар бар. Біз олармен қоян-қолтық жұмыс істеп, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді дер кезінде хабарлап отырамыз.
Биыл қала аумағында 26,5 мың гектар жерге дәнді-дақылдар егілді. Оның ішінде, дәнді-дақылдар (бидай мен арпа) – 10,9, майлы дақылдар – 3, мал азықтық дақылдар – 9, көкөніс пен бақша дақылдары – 3,1, картоп 0,5 мың гектарды құрады. Бұдан 86 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Бүгінге дейін 72 мың тонна өнім алынып отыр. Атап айтқанда, дәнді дақылдардан – 16,1, майлы дақылдардан – 2,8, малазықтық – 19,4, көкөніс пен бақшадан – 30,3, картоптан 3,4 тонна өнім жиналды. Ағымдағы жылдың тамыз айындағы мәліметтерге сүйенсек, ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 38,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,2 пайызды құрады.
Биыл өнімділікті арттыру мақсатында егін шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен 911 млн теңге қаралды. Оның ішінде, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 122,1 млн теңге, жылыжай кешенінің коммуналдық шығын құнын арзандатуға 767,8 млн теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 20,5 млн теңге, пестицидтердің, биоагенттердің құнын субсидиялауға 600 мың теңге бөлінді.
Көктемгі егіс жұмыстарына 35,9 тонна дизель отыны бөлініп, толығымен үлестірілді. Күзгі егін жинау жұмыстарына 104,5 тонна дизель отыны бөлініп, «Ұлы Орда» ЖШС-і жеткізіп берді. Дизель отынын шаруашылықтарға үйлестіру жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Электронды базада «Дизель отынын босату бағасы 250 теңге» деп көрсетілген. Ал, қазір дизель отынының нарықтағы бағасы 295 теңгені құрайды. Енді осы жерде кеңірек түсіндіре кетейін.
Қазір ауылшаруашылығы саласы толықтай цифрландыруға көшті дедік қой. Біз мемлекеттен жанар-жағармайға бөлінген қаражатты электронды базада көрсетеміз. Шаруалар мемлекеттен субсидия алу үшін өтініштерін бұрынғыдай басқармаға немесе оған қарасты бөлімдерге келіп, жазып жатпайды. Барлық жаңалықтан электронды база арқылы хабардар болып, өз өтініш бере алады. Содан кейін жеткізіп беруші мекеме анықталып, ол тапсырысты нарықтағы бағадан аз соммада таратады. Оған үстіндегі айырмасы мемлекет есебінен төленеді.
Қазіргі таңда біз шаруаларды басқармаға шақырып, жиын ұйымдастыруды да тоқтаттық. Мұндай басқосулар мен семинар-кеңестердің барлығы онлайн форматта өтеді. Одан бөлек, шаруалар мен диқандарға арналған вацап желісінде чат бар. Олар өздерін толғандырған мәселелерді сонда айтып, сала мамандарынан жауап алып отырады.

– Бүгінде егістік алқаптағы жұмыстарды жеңілдетуге арналған «ақылды» құрылғылар шыға бастады. Біздің шаруалар оны қалай пайдаланып жатыр?
– Қазір біздің шаруалар дрондарды пайдаланып, өнімділікті молайтуға күш сала бастады. Білесіз бе, Жапонияның егістік алқаптарында негізінен күріш егіледі. Ал, оның бейнеті өте ауыр. Сондықтан, жапондықтар бұл жұмысты әлдеқашан роботтарға тапсырған. Бұйыртса, еліміздің шаруалары да осындай деңгейге жетеді деп сенемін.
Біз бұрын егін алқаптарына барып, егістіктің көлемін өзіміз өлшеп шығаратынбыз. Ал, қазір бұл үшін адам күші қажет емес. Мұны дронның көмегімен лезде білуге болады. Бұдан бөлек, егістікке бақылау жүргізіп, оны уақытылы суғарып, минералды тыңайтқыштарды біркелкі себуге де дрондар пайдаланыла бастады. Қысқасын айтқанда, дрондар өнімділікті арттыру мен табысты молайтуда таптырмайтын құралға айналып келеді. Осылайша, жаңа технология еліміздегі ауылшаруашылығы саласын түбегейлі өзгертіп жатыр.
Мұны аз десеңіз, егістік алқаптарға мал түсіп кетпеуі үшін арнайы жасалған электронды сымдар да қолданысқа енді. Оны мал жақындағаннан-ақ сезеді екен. Ал, адамға ешқандай зияны жоқ. Соның арқасында «егістікке мал түсіп кетті» деген айқай-шудан да арылдық. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – техникаларды жаңалау. Қазіргі таңда осы бағытта нақты жұмыстарды атқарудамыз.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.