ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ – ШАҒЫН БИЗНЕСКЕ ЗОР ҚОЛДАУ Избранное

Среда, 14 Август 2024 06:14 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 511 раз

Шымкентте 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі қайтарымсыз гранттар бағдарламасының екінші кезеңі аяқталды. Бұл кезеңде 217 адамның бизнес-жобасы мақұлданып, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетілді.

kaitarim

 

Грантқа өтінімдер негізінен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар тарапынан түсті.
Комиссия құрамында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, журналистер және кәсіпкерлер болды. Олар жобалардың әлеуетін, бизнес-жоспардың өміршеңдігін мұқият талқылап, қорытынды шешім шығарды.
Мақұлданған жобалар түрлі салаларды қамтиды. Атап айтқанда, 19 жоба мал және құс шаруашылығын, 49 жоба қызмет көрсету саласын, 22 жоба кондитер және нан өнімдерінің өндірісін, 44 жоба тігін өндірісін, 16 жоба жартылай фабрикаттар өндірісін, 5 жоба жиһаз өндірісін және 35 жоба қоғамдық тамақтану орындарын іске қосу бағытында жүзеге асырылатын болады.
Бүгінгі таңда грант жеңімпаздары Еңбек мобильділігі орталығымен келісім-шарт жасасу үстінде. Әрбір грант көлемі 1 476 800 теңгені құрайды және тек бизнес-жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл шаралар қаладағы экономикалық белсенділікті арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.