ШЫМКЕНТТІҢ КӨГІНДЕ ШӘМШІ ӘНДЕРІ ҚАЛЫҚТАҒАН КЕШ Избранное

Пятница, 16 Август 2024 05:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 783 раз

Кеше, 15 тамыз күні Қазақстанның Халық әртісі және еліміздің Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 94 жыл толды. Туған күніне орай Шымкент қаласындағы «Шәмші әлемі» гүлзарындағы композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қаланың мәдениет саласының майталмандары, өнерпаздар, зиялы қауым өкілдері сазгердің рухына құрмет көрсетті. Сонымен қатар Абай атындағы қалалық кітапханалар желісінің №2 кітапханасында қазақ вальсінің королін еске алуға арналған мәдени іс-шара да ұйымдастырылды.

shamshi

 

Шәмшінің романтикалық туындылары әсем аруға, асыл анаға, туған жерге деген сүйіспеншілік сияқты ең ыстық сезімдерді арқау еткен. Оның әндері қай дәуірде де қоғамның рухани сұраныстарына сай келеді, сондықтан бұл әндер әлі күнге дейін халық жадында сақталып, тыңдарманның жүрегін тебірентіп жүр. Қазір әрбір жас орындаушының репертуарында Шәмшінің әні бар десек, қателесе қоймаспыз.
Бүгінде Шымкент, Түркістан, Астана, Алматы қалаларындағы көшелер және оңтүстік астанадағы орталық концерт залы Ш.Қалдаяқовтың есімімен аталады. 2006 жылы Шымкенттегі композитордың есімімен аталатын көшенің бойына ескерткіш орнатылды. Ал, 2010 жылы атақты жерлесіміздің 80 жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласының орталығында «Шәмші әлемі» гүлзары ашылды.

Бар-жоғы 26 жасында Шәмші Қалдаяқов 21 жастағы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әнін жазды. 1956 жылы жазылған сол ән жарты ғасырдан кейін елдің Әнұранына айналды. 2006 жылдың қаңтарында бұл ән алғаш рет елордағы Ақорда сарайында елдің мемлекеттік Әнұраны ретінде шырқалды.
–Шәмші Қалдаяқов – біздің ұлттық мақтанышымыз. Оның есімі де, шығармашылық мұрасы да – біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Біз оларды мақтан тұтуға және көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Бұл – біздің адамдық және азаматтық борышымыз. Ұлы музыкант өзінің ерекше туындылары арқылы туған халқының жадында мәңгі жасай бермек. Оның сиқырлы әуендері біздің жанымызға жайлылық сыйлайды: еуропалық тенденциялар мен ұлттық мәнердің ерекше үйлесімі осындай керемет нәтиже берген. Ол нағыз халық композиторы болды, – деп атап өтті Абай атындағы қалалық кітапханалар желісінің №2 кітапхана меңгерушісі Әлия Сламбеқызы.
Ұлы композиторға арналған іс-шараға славян этномәдени бірлестігінің «Светоч» хоры да қатысты. Бүгінде қаланың көптеген мәдени іс-шараларында өнер көрсетіп жүрген бұл хорда 25 адам ән шырқайды.
– Мен Шәмші Қалдаяқовтың барлық әндерін жақсы көремін, олар әуезді және әдемі, бұдан артық мелодияны табу мүмкін емес. Біздің хорымыздың репертуарында Қалдаяқовтың бірқатар әндері бар, бүгін біз «Ана туралы жыр», «Ақ сұңқарым», «Қара көз» және басқа әндерді қуана орындаймыз, - дейді «Светоч» хорының жетекшісі Мария Углицкая.
Айтулы іс-шараға Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы да қатысты.

TamiSAA-2


–Менің есімде Шәмші мейірімді, кішіпейіл адам ретінде сақталған. Күн сайын таңертең филармонияға жұмысқа кетіп бара жатып «Көбірек кітап оқы» деп айтушы еді. Содан мен көп оқуға дағдыланып кеттім. Менің балаларым музыкамен айналыспайды, ал, Шәмшінің баласы – дирижер, Алматыда жұмыс істейді. Мен оның барлық әндерін жақсы көремін және оның барлық әндерін білемін. Туыстарымызбен жиналған кезде біз әрқашан оның әндерін шырқаймыз, – дейді Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Домбаева.
Қарапайым өмір сүрген музыка шеберінің ұлы мұрасын бүгінгі және болашақ ұрпақ әрқашан жадында сақтайды. Шәмшінің өмір жолы – туған халқына және оның қасиетті өнеріне деген адалдықтың қайталанбас үлгісі болып қала бермек.

***
Газетіміз беттеліп, баспаға әзірленіп жатқан кезде Шымкент қаласындағы «Шәмші әлемі» гүлзарында «Әнім сен едің» атты гала-концерт өтіп жатты. Шымкенттің көгінде Шәмші әндерін шарықтатқан айтулы мәдени іс-шара жөнінде газетіміздің алдағы санынан толығырақ оқи аласыздар.

Евгения ЕФИМЕНКО,
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.