Жеделсаты жаңа жүйемен қызмет көрсетеді Избранное

Среда, 23 Февраль 2022 05:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1109 раз

Үшінші мегаполисте құрылыс қарқын алып, көп қабатты нысандардағы лифтілер саны артуда. Ғимаратпен бірге пайдалануға берілген жеделсатыларды жауапты мамандар қабылдап алады. Себебі, жүк көтергіш механизмдер, арқан-жолдар мен фуникулерлер міндетті түрде мемлекеттік тіркеуге қойылуы тиіс. Бұл жұмыстар осыдан екі жыл бұрын қала әкімінің қаулысымен Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жүктелген.

DSC 5463

 

Басқарма өкілдері таяуда Тұрар Рысқұлов көшесі, №62/4 ғимаратқа барып, осында орнатылған жаңа жеделсатыны қабылдап алды. Жалпы, мамандардың мәліметінше, лифтілерді тексеру екі кезеңнен тұрады. Мұндай ережелер ҚР Инвестициялар және даму министрінің арнайы бұйрығымен бекітілген. Статистикалық тексеру деп аталатын алғашқы кезеңде жеделсатыны орнатушы мекеме құрылғының толық құжаттарын ұсынуы тиіс. Содан кейін жеделсатының техникалық паспорты, сериялық нөмірінің сәйкестігі, сымдары мен т.б. сипаттары тексеріледі. Ал екінші кезеңде лифтінің көтергіш күші сыналады.
– Динамикалық сынақ деп аталатын бұл кезеңде лифтінің көтере алатын мөлшерінен екі есе ауыр салмақпен тексереміз. Мысалы, мына жеделсатының жүк көтергіштігі – 630 келі. Ал сынақ кезінде оның ішіне салмағы 1200 келілік арнайы зат қойылды. Енді лифт осы күйінде 10 минут бойы қосулы тұрады. Осы уақыттың ішінде құрылғы өз деңгейінде тұрса, онда жарамды деп саналады. Ал егер, жүкті көтере алмай, 20 сантиметрден астам мөлшерде төмен түсіп кетсе, онда монтаждаушы компания лифтіні алып тастап, басқасын орнатуы тиіс, – деп түсіндірді Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрдәулет Құрбанбекұлы.

Бес қабатты ғимаратқа қойылған көтергіш құрылғы Түркиядан жеткізілген. Қазіргі таңда «Лифт құрылыс» ЖШС мамандары жеделсатыны монтаждап, орнатуды аяқтап қалды. Бұл жұмыстарға 15 күн кетеді, дейді жұмысшылар.
– Біз заңды құжаттармен жұмыс істеп, лифтіні тиісті талапқа сәйкес орнатамыз. Ең бастысы – адамдардың қауіпсіздігі. Түркияда жасалған мына құрылғыға шығарушы зауыттың 18 ай мерзімге кепілдігі бар, – дейді «Лифт құрылыс» ЖШС өкілі Ерболат Өскенбаев.
Бұл компания Қазақстан нарығында 2004 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлерге, коммерциялық нысандарға, мектептерге жеделсаты орнатумен айналысады. Кепілдік мерзімі аяқталған соң, меншік иесімен келісімшарт жасалса, лифтіге ары қарай сервистік қызмет көрсетумен де айналысады.
Айта кетейік, басқарма мамандарының мәліметінше, Шымкентте қазіргі таңда 687 лифт бар. Дегенмен, олардың саны жыл сайын көбеюде.
– Себебі, үйлермен қоса жаңа ойын-сауық орталықтары да ашылып, пайдалануға берілуде. Осы лифтілерге бүгінде 11 компания қызмет көрсетеді. Олар жеделсатыларды қауіпсіз пайдалануды қадағалап, күтіп-қарайды. 687 лифтінің ішінде төртеуі жарамсыз. Олар Тәуке хан даңғылындағы №29 үйдегі – 3, Ғани Іляев көшесі, 37 үйдегі 1 лифт. Қазір оларды алмастыру бойынша аудан әкімдіктерімен бірге жұмыс атқарылуда. Тұрғындардың жалпы келісімі бойынша, жаңғырту бағдарламасы аясында ауыстыруға болады. Негізі, лифтілерді пайдалану мерзімі – 25 жыл. Сол мерзім біткен соң жеделсатыны арнайы компаниялар тексеріп, ары қарай пайдалану немесе пайдаланбау бойынша қорытынды береді, – дейді Нұрдәулет Құрбанбекұлы.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда лифтілерді пайдалуға қатысты арыз-шағымдарды қабылдау жұмыстары жаңартылуда. Осы мақсатта I-komek – 109 қызметімен интеграция жасалған. Нәтижесінде, тұрғындар лифті істемей қалған немесе басқа да жағдайларда 109 орталығына хабарласа алады. Ол үшін байланыс нөмірлері көрсетіледі. Ал call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Осылайша лифтілерге қызмет көрсетуші 11 компанияның байланыс нөмірлері I-komek қызметіне беріліп, қазіргі таңда мәліметтер қоры үйлестірілуде. Сынақ түрінде жүріп жатқан қызмет алдағы 1 айда толық іске қосылады, дейді басқарма мамандары.
Жауапты мамандар осы ретте жеделсаты бұзылған жағдайда оны жөндеу меншік иесінің міндетіне кіретінін тұрғындардың есіне тағы бір рет салғанды жөн санап отыр. Себебі, ортақ үйдегі лифті де ортақ мүлік саналады.

Шымкентте лифтілерге қызмет көрсететін 11 компания бар:

«Эйерлифт Қазақстан» ЖШС: 8-701-444-84-50;

«Шымкентлифтмонтаж» ЖШС: 8-775-936-29-14;

«Элитлифтсервис» ЖШС: 8-700-300-04-07;

«Шым Электропром Лифт» ЖШС: 8-701-056-70-00; 8-708-645-87-63; 8-705-698-06-84;

«LIFT STRОY SHYMKENT» ЖШС: 8-747-774-64-65; 8-747-725-52-37;

«Шымкентгорлифт» ЖШС: 8-775-303-83-11 ; 8-708-359-05-06;

«Қазақлифттехнологиясы» ЖШС: 8-701-454-38-78;

«Қорған лифт» ЖШС: 8-777-917-00-43; «ЛифтГарант» ЖШС:

8-708-598-11-65; 8-771-237-88-81; «ARMAN LIFT» ЖШС: 8-771-510-02-00;

«SHUHRATB SERVIS» ЖШС: 8-705-361-10-30

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.