Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры: БҮГІНГІ ДӘУІР – СӨЗДІҢ ЕМЕС, НАҚТЫ ІСТІҢ УАҚЫТЫ Избранное

Пятница, 25 Март 2022 04:16 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1090 раз

– Дария Пернешқызы, Мемлекет басшысының Жолдауынан қандай ой түйдіңіз?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент қабырғасында халыққа саяси реформалар жөніндегі кезекті Жолдауын арнады. Бұл Жолдаудың маңызы айрықша. Мемлекет басшысы өз сөзін: «Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті», – деп бастады. Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзінде үлкен саяси салмақ жатқанын айқын аңғарамыз. Бүгінгі заманның келбеті басқа, мақсаты айқын. Себебі, бүгінгі дәуір сөздің емес, нақты істің уақыты екенін анық көрсетуде. Ұлы Абай сипаттағандай, «Әркiмдi заман сүйремек, Заманды қай жан билемек?» – дегендей, жаһандық замана келбетінің ағымы бөлек, аламаны ерек. Бүгінгі дәуірдің тарихи болмысы Жаңа Қазақстанның болашағын ойландырмай, толғандырмай қоймасы анық.

44

 

Жолдауда осыған сәйкес қайта құрудың басты 10 бағыты айқындалды. Бұл бағыттардың саяси мәні терең, Халық үніне құлақ асатын тетіктердің негізін қалау, шынайы демократияланған мемлекеттің саяси тұжырымдамасын саралау.
Президент сайлау өткізу жүйесін жетілдіру қажет екенін де баса айтты. Бұл туралы: «Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда оның жағымсыз тұстары да байқалды. Партияда жоқ азаматтар мәжіліске ғана емес жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз қажет. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді» деді.
Саяси реформада көтерілген тағы бір мәселе, Президент туыстарының лауазымды қызмет атқаруына тыйым салу туралы: «Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктердің мызғымас кепілі болуы керек. Сондықтан Президенттің жақын туыстары үшін мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік секторда жетекші лауазымдарды атқаруға заңнамалық тыйым салынады», деп, шешім қабылдады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту мүмкін емес екенін баса назарға алды. Өз сөзінде: «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе», – деді.

– Мемлекет басшысы елімізде жаңадан үш облыс құру туралы тапсырма берді. Осы туралы пікіріңіз қандай?

– Иә, Президент ұлттық рухымызды асқақтатып, елдіктің еңсесін көтеретін, тарихи санамызды түлететін жағымды жаңалық – жаңа облыстардың құрылуын идеологиялық тұрғыда көтерді. Атап айтқанда, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құруды тапсырды. Осылардың ішінде күллі Түркі тарихының ұйытқысына айналған Ұлытау – тарихи санамыздағы ірі сілкіністер орын алған қасиетті мекен. Ұлытау – ұлы даламыздың кіндігі. Баһадүр бабаларымыз бен данагөй кемеңгерлеріміздің ұйысқан ошағы. Кешегі Ер Едігелер атой салған қастерлі мекен. Мемлекет басшысының бұл шешімі қазақ руханияты үшін іргелі бетбұрыстың негізі десек, артық айтқандық емес. Президент көтерген тағы бір ілкімді, рухани мәселенің бірі – Алматы облысының орталығы Қапшағайда орналасуы. Мемлекет басшысы Қапшағайға қазақтың дара тұлғасы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың атын беру ұсынысын қолдайтынын атап өтті. Бұл ұлт руханияты мен идеологиямыз үшін тарихи маңызы бар уақиға болды.
Мемлекет басшысының Жолдауында негізгі айтар түйінді ойы Қазақстанды жаңғыртуға келіп тірелді. Ал ел жаңару үшін өзіміз жаңаруымыз керек. Ол үшін рухани тұрғыдан тәуелсіздіктің қадірін біліп, саяси салқындылық пен байыпты белсенділік керек. Өйткені ұлы Абай кезінде «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос», деген еді.
Президент Жолдауында өте ауқымды мәселелерді қозғап, «Мен үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат» дей келе, дала демократиясының бірегей мұрагеріне айналған Жаңа Қазақстанды бірге өркендетуге шақырды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.