ЕЛІН ТАНЫТҚАН ЕР Избранное

Среда, 27 Апрель 2022 04:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 865 раз

Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Қонаев – ұлы тұлға» атты іс-шара ұйымдастырылды. Көзкөргендер мен
қаланың зиялы қауым өкілдері алдымен аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

85

 

Жиында алғаш болып сөз алған Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов ұлы тұлғаның өмір жолына, оның бүгінгі жас буынға беретін өнегесіне тоқталды.
– Дінмұхамед Ахмет-ұлының есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылған, Қазақстан атауымен біте қайнасып кеткен. Қонаев ел басқарған тұста Қазақстанда 43 қала, 68 жұмыс қалашығы бой көтерген екен. Әр қаланың құрылуы еліміздің экономикасына серпіліс әкеліп, өндіріс орындары, жаңа жұмыс орындары ашылған. Дегенмен, ел басқарған азаматтардың қайсыбірін алып қарасаңыз да халықтың жадында экономиканы көтеруімен ғана есте қалмайды. Қонаев есімі халық жүрегінде қарапайымдылығымен, парасаттылығымен, кемеңгерлігімен сақталып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілмек. Ал біздің қаламыздағы Қонаев даңғылы келешекте мегаполистің халықаралық магистральмен байланыстыратын күретамырына айналмақ, – деді Б.Нарымбетов.

86


Кездесу барысында Д.Қонаевтың 1974 жылдан өмірінің соңына дейін жеке дәрігері болған Ахат Аминұлы да кемеңгермен бірге жүрген күндердің ерекше естеліктерімен бөлісті.
– Дінмұхамед Ахметұлы 1974 жылы инфаркт алған кезінде, сол кездегі Денсаулық сақтау министрлігінің VI басқармасының бастығы Евгений Чазов «Сен сарай дәрігері болуға емес, оңалту жұмыстарын жүргізуге келіп отырсың. Егер оңалту емі дұрыс жүргізілсе, әлі де жұмыс істейтін болады» деген еді. Құдайға шүкір, сол инфарктан кейін де 13 жыл ел басқарды. Димекең ел билігіне келгенде Қазақстан Кеңес Одағы елдерінің арасында 13-ші орында болатын. Ол кісі зейнетке шығарында республиканы одақтас республикалар арасында үшінші орынға көтерді. Ресей, Украинадан кейінгі орыннан көрінді. Ешқашан жұмысты белгілі нәтижеге жеткізбей, демалысқа шықпайтын, - дей келе, ел аралап жүрген кезіндегі қарапайымдылығын, халықтың оған деген ықыласын тілге тиек етті.
Алматыдан келген
Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Байбол Болат Қажыақбар республикада алғашқылардың бірі болып ұлт кемеңгерінің 110 жылдығын атап өтіп отырған Шымкент қаласы әкімдігіне алғыс білдірді. Ал Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев Д.Қонаевпен кездесуін еске алып, естелігімен бөлісті.
Айтулы іс-шараның аясында Алматы қаласынан келген қонақтар мен қаламыздың зиялы қауым өкілдері Д.Қонаев музейін аралап көрді.

87


Бұдан кейін «Қонаев – ұлы тұлға» атты конференция кең ауқымда өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Д.Қонаевтың немересі Диар Қонаев, дәрігері Ахат Мулюков, ҚР мәдениет саласының үздігі Қалдыгүл Жаныбаева, академик, күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Секен Тұрысбек, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалайри және бір топ қоғам қайраткері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Әр елдің тарихы сол елдің ұлы тұлғаларының өмірбаянынан тұрады десек, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Дінмұхамед Қонаевтың еліміздің тарихында алар орны ерекше. Ол кісі ел басқарған кезеңде байтақ даламызда жаңа қалалар бой көтеріп, өндіріс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқын алды. Елімізде ғылым алға басып, әдебиет, мәдениет және өнердің дамуына ерекше жағдай жасалды. Сол замандағы әр саладағы қыруар жұмыс пен жетістікте Қонаевтың ерекше қолтаңбасы бар, – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Қала әкімінің айтуынша, биыл Шымкентте
Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына және Асқанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жиында қала әкімі
Мұрат Әйтенов Д.Қонаевтың мерейтойына орай әзірленген медальді бірқатар азаматқа табыстап, қонақтарға сый-құрмет көрсетті.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА,
Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.