Шымкент: қоғамдық көлік саласында не жаңалық?
Среда, 20 Февраль 2019 04:13Қала, мегаполис секілді кез келген ірі елдімекеннің күретамыры – қоғамдық көліктер. Оның ішінде жолаушылар автобустарының алар орны ерекше. Бұл саладағы қызмет сапасы неғұрлым жақсарған сайын қала тұрғындарының күнделікті өмірі соғұрлым жақсара түседі. Шымкентте бұл тұрғыдағы жағдай қандай? Соған көз жүгіртіп өтсек.
Алдағы анық жоспарлар
Шымкенттегі жолаушылар көлігі саласы біршама жолға қойылған. Алда қоғамдық көлік саласындағы қызмет сапасы жақсара түседі. Жуырда 2018 жылдың есебін берген мегаполистің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай деді. Жергілікті биліктің бұл тұста біршама жоспары бар. Оның ең бастысы – биыл жыл соңына дейін Шымкент тұрғындары үшін сатып алынатын жаңа автобустар саны мыңға жеткізілмек.
Осылайша қаладағы қоғамдық көліктің жетіспеу мәселесі шешілуде. Осы мақсатта 2018 жылы Шымкентке 80 автобус сатып алынса, биыл бұл көрсеткіш арта түспек.
Қалалық бағыттардағы автобустарды жаңалау механизмі бойынша «Shymkent» ӘКК» тарапынан 300 автобус сатып алынбақ, деп хабарлайды корпорацияның баспасөз қызметі. «Бұл автобустар жолаушылар қозғалысының сенсорлары, температура, төлем терминалдары және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталады.
Бұдан кейін тағы 700 автобусқа тапсырыс беру жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 11 млрд 762 млн теңгені құрайды», – деді «Shymkent» ӘКК» баспасөз хатшысы Сайра Амантаева. Жаңа автобустар қалалық бағыттарда қызмет көрсетіп жүрген тасымалдаушыларға сатып алу құқымен жалға беріледі деп күтілуде.
Қанша автобус бағыты бар?
2017 жылы Шымкентте 29 көлік компаниясы 76 бағытта жолаушыларға қызмет көрсетті. Оның ішінде 51 автобус бағыты мен 25 шағын автобус бағыты бар. Ал 2018-2019 жылдары қаладағы жолаушылар тасымалдау саласында 27 компанияның көліктері 79 бағытта қатынауда.
Автобус бағыты 54-ке жетті. Бұл цифрлардан автобус бағыттарының көбейгенін көруге болады.
Бұған қоса қалалық әкімдік шаһардың шалғай орналасқан, жолаушылар ағыны төмен шағынаудандарына қатынайтын 7 әлеуметтік маңызы бар бағытты ашық конкурстарға шығарған.
Соның нәтижесінде бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар №№ 55, 142, №143, 144, 146 және №55 бағыттағы автобустар жолаушыларға қызмет көрсетуде.
Әлеуметтік бағыттардың маңызы зор
Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар бұл бағыттарға жаңа автобустар қатынауда. Бұл көліктер Шымкент аумағына қосылған елдімекендердің тұрғындарын тасымалдайды.
– Қазіргі таңда 7 әлеуметтік бағыт жұмыс істеп тұр. Бұған қоса тағы 5 әлеуметтік бағытқа конкурс жарияланған. Алдағы уақытта қызмет көрсетуші компаниялар анықталған жағдайда ол бағыттар арқылы да жолаушылар тасымалданады, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев.
Айта кетейік, әлеуметтік бағыттағы автобустар Ынтымақ, Текесу, Бадам-2, Елтай, Айнатас, Жыланбұзған, Жаңаталап және Достық-2 елдімекендеріне қатынауда.
Жергілікті тұрғындардың қызмет сапасына көңілі толады. Жолаушылар ағыны сирек болса да шалғай ауылдарға үлкен автобустар қатынап жүргені кімнің болса да көңілінен шығатыны сөзсіз.
Мұндағы бір себеп – бұл автобустар жолының біраз бөлігі алыс елдімекендермен қоса қаланың орталығындағы көшелерді де қамтиды. Сондықтан ол көліктерге қала орталығындағы жолаушылар да мінеді. Бұған қоса әлеуметтік бағыттардағы көлік компанияларының шығынының бір бөлігі әкімдік тарапынан өтеледі.
Электронды билет: SMS немесе QR-код
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Шымкент қаласы бойынша жол картасы әзірленген. Аталған жол картасына сәйкес 2 жоба енгізіліп отыр. Соның бірі – қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу. Осылайша мегаполисте электронды құжат айналымы жобасы іске асырыла бастады.
Жалпы, Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жұмыстары жыл басынан бері басталып кетті. Бірнеше бағытта жүзеге асырылған пилоттық жоба аясында қала тұрғындары автобустардағы билет құнын SMS немесе QR-код арқылы төлей алады. Жобаны үш тарап – қалалық әкімдік, «Beeline Қазақстан» және «SMS BUS» компаниялары ЖШС жүзеге асыруда.
Жаңа әдіспен жолақыны төлеу оңай. Әр автобуста бірегей кодтың парақшасы ілінген. Жолаушылар осы кодты 2505 қысқа нөміріне СМС арқылы жіберген сәтте жауап ретінде СМС-түбіртек және электронды билет келеді.
Соны автобус кондукторына көрсету жеткілікті. Ал QR-код арқылы төлеу үшін смартфонға «Мой Beeline» қосымшасын жүктеп, автобустың QR-кодын сканерлеу керек. Оған да жауап ретінде түбіртек және электронды билет келеді.
– Шымкент қаласындағы инфрақұрылымды дамытудағы басты мақсат тұрғындарға жолақысын төлеудің оңай әрі тиімді әдісін ұсыну болатын. Бұл жүйені қолдану үшін жолаушыда Beeline нөмірі және смартфоны болса, жеткілікті. Қазіргі таңда Қазақстандағы 8 қалада бұл жоба сәтті жүзеге асырылуда, – дейді Beeline Қазақстан компаниясының цифрлық бизнес бойынша бас директоры Олег Алдошин.
Жауапты мамандар заманауи ақы төлеу жүйесін жылдың соңына дейін қаладағы барлық жолаушылар бағытына енгізуді жоспарлап отыр.
– «SMS BUS» жобасы қала ішіндегі №141, 147, 147 «А», 148 және 148 «Б» бағыттарда пилоттық жүйеде енгізілген. Алдағы уақытта қоғамдық көліктегі электронды билет жобасын барлық бағыттарда енгізу жоспарлануда, - деді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.
Аталған жобаны енгізудегі басты мақсат – жолаушыларға қолайлы қызмет көрсету, көлік компанияларының кірістерінің ашықтығын қамтамасыз ету. Сонымен қоса бюджетке төленетін салық төлемдерін арттыру да маңызды.
Бір жылда алты мыңға жуық адам қабылданды
Среда, 23 Январь 2019 04:52Шымкенттегі құқық қорғау қызметтері орталығы бір жылда 6 мыңға жуық адамды қабылдады.
Азаматтардың шағымдарын дереу әрі тиімді шешу мақсатында бұл орталық өткен жылдың желтоқсан айында прокуратура жанынан ашылған болатын. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 100-қадамын іске асыру үшін құрылған орталық құқықтық қызмет көрсетуді бір жерде біріктіруге арналған.
Бір жыл ішінде орталықтың қызметін 6 мыңға жуық азамат пайдаланып, оның 3 мыңға жуығын прокурорлар жеке қабылданған. 800-ден аса азамат адвокаттардың қызметін пайдаланса, 858 тұрғын – медиаторлардың, 600 адам әкімшілік және мемлекеттік кіріс органдарының қызметіне жүгінген. Ал 62 тұлға пробация қызметкерлерінің және психологтардың қызметтерін пайдаланды.
Осылайша құқық қорғау қызметтері орталығы азаматтарды қабылдайтын фронт-кеңсе қызметін атқаруда. Оның негізгі жұмыс қағидасы – азаматтармен жұмыс жасауда сервистік тәсілді қолдана отырып, прокуратура алаңында кең заң қызметтерін ұсыну.
Айта кетейік, орталық Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесі, №3 - «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының ғимаратында орналасқан.
Туған жер – тұнған тарих
Пятница, 28 Декабрь 2018 04:48«...Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды. Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды...»
Елбасы Н.Назарбаевтың
«Ұлы даланың жеті қыры»
мақаласынан
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы саналатын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақ даласының тарихына терең мән берілді. Төл тарихымызға тың көзқараспен қарайтын бағыттар айқындалды. Осы тұрғыда алысқа бармай-ақ өзіміздің Шымкент қаласын алсақ, талай тарихтың қазынасын табарымыз анық.
Жалпы, Шымкент Қазақстандағы ең ежелгі қала саналады. Археологтар тапқан көне жәдігерлерден шаһардың тарихы 2200 жылдан басталатыны айқындалған. Бұл жөнінде ғылыми конференциялар да ұйымдастырылып, көптеген мақалалар жарық көрді.
Енді жақын болашақта Шымкенттің тарихына қатысты құндылықтың барлығы көпшілік назарына ұсынылмақ. 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы отырған Шымкентте ашық аспан астындағы музей болады. Алып мұражай көне қалашықтың орнында бой көтермек. Қыстың қалың қары жауғанша мұнда археологиялық қазба жұмыстары тынған жоқ.
– Қазба жұмыстары қыркүйек айынан басталды. Бұл – 2017 жылы басталған ауқымды жұмыстың жалғасы. Жалпы алғанда, осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында атқарылуда, - дейді археолог Азамат Ергешбаев. – Бұл жұмыстардың нәтижесі сол - Шымкенттің жасы 2200 жыл екенін нақтыланған. Ендігі жұмыстар Шымкенттің көне қалашығын музейлендіру жобасы аясында жүргізілуде. Қазба жұмыстарымен қатар археологтармен бірлесе отырып, сол ауқымды жобаға дайындалу үстінде. Бұған дейін әзірленген концепцияның мақсаты – ескі қалашықтың орнын тарихта қалдыру. Бұл – тарихи-мәдени мұрамыз. Ендігі мақсат – соны қалпына келтіріп, қаз-қалпында сақтау. Бұрынғы құрылымның сипатын ашу.
Шымкенттің ескі қалашығы шартты түрде үш бөлікке бөлінген. Биік төбе – Цитадель болса, оның жанында Рабат пен Шахристан орналасқан. Осылайша ежелгі қала үш бөліктен тұрған дейді археологтар. Биылғы жұмыстар нәтижесінде шығыс Шахристанның қорғаныс жүйесінің сұлбасы ашылды. Сол сияқты солтүстік дуалдың да қорғаныс жүйесі ашылып, мұнараларымен қалай жалғасқаны анықталуда.
– Біз тұрған жерде тарихи мәліметтер бойынша да, Ұлы Отан соғысына дейінгі ескі аэро-фото суреттер бойынша да көне қалашықтың орны болған. Бертін келе адами факторлардың әсерінен біразы бұзылды. Соған байланысты біз төменгі қабатта қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - дейді Азамат Ергешбаев. – Нақты айтқанда соңғы орта ғасырдан төмен түсіп, орта ғасыр деңгейіне жеттік. Яғни, Қарахан дәуірі. Бұл жерлерден заттай деректер – керамикалық ыдыстар, мыс теңгелер, яғни, адам тұрмысының мәдени қабаты табылды. Олар бойынша әр мәдени қабаттың кезеңін анықтай аламыз. Нақты айтсақ, біздің дәуіріміздің IX ғасырының орнында қазба жұмыстары жүруде.
Мамандар сол қазбалардың негізінде әр қабаттың дәуірін, кезеңін анықтайды. Ошақтар, ыдыстар секілді заттай деректерден бөлек тұрмыстық ғимараттарды үйлер мен қора-қопсыларды табуда. Бір қызығы, дәл осы маңдағы ежелгі ғимараттар шығыстан батысқа қарай сатылап төмендеп орналасқан дейді археолог. Солардың нәтижесінде әр дәуірдің адамдарының өмір сүрген ортасын заттай дәлелдер анықтауда.
Мұнда бірнеше археологиялық топ жұмыс істеуде. Жұмыстың көлемі өте үлкен. Негізгі мақсат – болашақ музейдің концепциясын дайындау. Бұған дейін табылған заттардың барлығын қала тұрғындары мен қонақтары болашақта сол аспан асты музейінен көретін болады.
– Жуырда ерте орта ғасыр, қауыншы мәдениетінің қабатына жеттік. Ал бұған дейін ол қабаттың астынан біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдың заттары шықты. Соған қарап Шымкенттің 2200 жылдық тарихын анықтап отырмыз, - деген археолог жуырда ғана табылған моншақтар мен топырақтың үлгісі тексеруге жіберілгенін айтты...
Ендеше, Шымкенттің бүкіл Қазақстанды таңқалдыратын күні алыс емес секілді!
Шымкент – үздіктер қаласы
Пятница, 07 Декабрь 2018 05:25Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті жылдың қорытындысын жасады. Күні кеше Астанада Ұлттық спорт жүлдесін тапсырудың салтанатты кеші өтіп, оған чемпиондар, елімізге белгілі саңлақтар мен спорт ардагерлері, спорт саласының жетекшілері қатысты. Бұл – олимпиада комитеті өткізген дауыс берудің нәтижесі еді.
Үздіктер конкурсы
Ұлттық спорт жүлдесі биыл осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Оған қатысу үшін әр спорт түрінен ұлттық федерациялар өз үміткерлерін әзірлеп, Ұлттық олимпиада комитетіне тапсырды. Ал ондағы мамандар үміткерлердің соңғы тізімін жасап, сайтта дауыс беруді жариялаған-ды.
Екі апта бойы қазақстандықтар өздерінің сүйікті спортшысына, бапкеріне, командасына, үздік федерация немесе таңдаулы аймаққа дауыс берді. Айта кетейік, конкурстың «Үздік спорттық аймақ» аталымына Шымкент қаласы да қатысты. Нақты айтқанда шымкенттіктер қалалық әкімдіктің дене шынықтыру және спорт басқармасына белсенді дауыс берумен болды.
Сонымен, 4 желтоқсан күні салтанатты кеште барлық номинациядағы үздіктердің есімі аталды.
Үздік аймақ
Шымкенттіктер Ұлттық спорт жүлдесінде қос бірдей аталымда жеңіске жетті. Алдымен Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Үздік спорттық аймақ» номинациясында оқ бойы озып шықты.
Үшінші мегаполис тұрғындары сүйікті қалаларына белсенді дауыс беріп, Шымкент конкурстың үшінші күнінде басқа өңірлерден 10 мың дауысқа озып кетсе, конкурстың соңында 100 мың дауыс артық жинап, сөзсіз жеңіске жетті.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын «Жылдың үздік спорттық аймақ» жүлдесін Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевқа табыстады.
Үздік бапкер
Шымкенттіктердің мерейі үстем болған тағы бір номинация – «Жазғы спорт түрлерінен үздік бапкер» аталымы еді. Бұл жүлдені көркем гимнастикадан Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері және Шымкент қалалық спорт мектебінің директоры Әлия Юсупова жеңіп алды.
Айта кету керек, шымкенттік көркем гимнастшылар биылғы спорттық жылдарын табысты аяқтады. Джакартада өткен байрақты сайыста Қазақстан құрамасының намысын қорғаған шымкенттік қыздар Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова құрлық чемпионы атанды. Үш алтын медаль ұтып алған қыздардың барлығы Шымкенттегі көркем гимнастика мектебінің шәкірттері болатын. Біздің қыздар ақтық сында Өзбекстан мен Оңтүстік Корея құрамаларын артта қалдырып кетті.
Жалпы, 2018 жыл Шымкенттің спорты үшін табысты болды деуге негіз бар. Республиканың үшінші мегаполисі атанған қаланың жаңа құрамасы құрылып, дүбірлі додаға қатысты. Әлем чемпионаттарынан 5 саңлақ миллионды қаланың алғашқы медальдарына қол жеткізді. Ал Азия ойындарында 14 спортшымыз құрлық жүлдегері атанды.
Ендігі бағдар – Олимпиада ойындарының лицензиясы. Шымкент спортшылары Токиоға жолдама ұтып алып, мегаполистің расында да үздік спорттық аймақ екенін дәлелдейтін күн алыс емес деп сенейік!
Саналы азамат салықтан жалтармайды
Пятница, 07 Декабрь 2018 05:14Салық мемлекеттің құрылуымен бірге пайда болады және мемлекеттің тіршілігі мен дамуының негізі саналады. Белгілі философ Френсис Бэкон «Салықты төлеу – әр азаматтың қасиетті борышы» деген. Бұрынғы ойшылдарды қоя тұрғанның өзінде қазіргі заңдарда салықты төлеу әркімнің борышы әрі міндеті деп көрсетілген және міндетті төлемдерден бой тасалағандарға жаза қарастырылады. Себебі, салық – мемлекеттің тұрақты қаржы көзі.
Шымкентте салық мөлшері өзгереді
Шымкент қаласында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгертілген салық мөлшерлері күшіне енеді.
Парламент Мәжілісіне ұсынылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік аумақтық құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов осылай деді.
– Заң жобасымен ҚР 40 Заңы мен 11 Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала санатына жатқызылуына байланысты «республикалық маңызы бар қала» сөздерін «республикалық маңызы бар қалалар» сөздеріне ауыстыру ұсынылады. Заң жобасынша Шымкент және Түркістан қалаларына қатысты салық мөлшерлерін өзгерту үшін ҚР Салық Кодексіне өзгертулер енгізу көзделген, – деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
Өзгертілген салық мөлшерлерін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, яғни өтпелі кезеңнен күшіне енгізу ұсынылып отыр. «Заң жобасын қабылдау әлеуметтік қамсыздандыруға және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Шымкент қаласындағы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», – деді вице-министр.
Борышкерлерден бір аптада 8 млн теңге жиналды
Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері салық және жергілікті бюджетке міндетті басқа да төлемдерді жинауда бірқатар іс-шара атқаруда. Жуырда мамандар бір апталық рейдте борышкерлерден 8 млн теңгеден астам қаржы жинады. Салықшылармен бірге прокуратура, полиция қызметкерлері және сот орындаушылары да бірге жүріп, Шымкенттің көшелеріне рейдке шықты.
Тәртіп сақшылары есімдері мемлекеттік кіріс департаментінің мәліметтер базасына тіркелген борышкерлердің автокөліктерін тоқтатып, көлік иелеріне қарыздарын сол жерде төлеуді ұсынды. Ал борышын төлей алмағандардың көліктері ақылы айып тұрақтарына жөнелтіліп, өздері жаяу қалды.
АЖБ-да есептегіш құралы орнатылуы тиіс
Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер департаменті бұған қоса мұнай өнімдерін бөлшектеп сатушыларға жанармай құю бекеттеріне арнайы есептегіш құралдарын дер кезінде орнатуға кеңес береді. Заң бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаладағы барлық жанармай бекеттеріндегі мұнай өнімдері есептегіш құралдары арқылы сатуы тиіс. Мәліметтер операторының ақпараттық жүйесіне қосылған бұл құралдар көрсеткішті қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне нақты уақытта жіберіп тұрады.
Жанармай бекеттерінде өлшем бірліктерін есептеудің мемлекеттік жүйесінде тіркелген және ҚР заңына сай қолдануға рұқсат берілген есептегіш құралдар қолданылуы тиіс. Ал есептегіш құралдарды орнатпаған сатушыларға қатысты ҚР ӘҚБжК 281-бабының 5-тармағы 8-тармақшасына сай 100 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл кесіліп, мұнай өнімдері тәркіленіп алынады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкенттегі 197 жанармай бекетінің 147-і (74,6%) есептегіш құралдарын орнатқан.
Базарлар – басты назарда
Қайнаған сауда-саттықтың ортасы ретінде базарлар да мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының назарынан тыс қалған емес. Жуырда Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы және 5 сауда орталықтары мен 2 базар арасында бірлескен іс-қимыл туралы меморандум бекітілді. Меморандумның негізгі мақсаты – базарларды қажетті телекомуникациялық желілермен жабдықтау. Яғни әр сауда орнына интернет желісі тартылып, қолданыстағы салық және кеден заңнамасы бойынша ақпараттарды жариялауға арналған мониторлар орналастырылмақ, бақылау-касса машиналарын тіркеу мен түсіндіру қызметін көрсететін және пост-терминалдарды орналастыруға пункттер ашу үшін арнайы орын бөлу жоспарлануда.
Осы 5 сауда орталығы мен 2 базардағы барлық 1484 жалға алушының ішінде 970 сатушы патент негізінде, 340-ы – оңайлатылған декларация, ал 174 адам жалпыға бірдей тәртіпте қызмет көрсететіні анықталды. 183 салық төлеуші бақылау-касса машиналарын қолданса, 85 сатушыда POS-терминал бар. Қалған 326 салық төлеушіге жыл соңына дейін бақылау-касса машиналарын алуға міндетті екендері туралы түсіндірілді. Себебі, қаржы министрінің 2018 жылғы 16 тамыздағы «Салық төлеушілер ҚР аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы» №758 бұйрығына сәйкес қызметі ашық сауда базарларының аумағындағы стационарлық емес сауда объектілері арқылы шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимi шеңберiнде жүзеге асыратын дара кәсіпкерлерге 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бақылау-касса машиналарын қолдану міндеттеледі.
Шағын және орта бизнеске «амнистия»
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 5 қазандағы Жолдауында «Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын» – деп көрсетті. Осылайша шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясы» салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда жүзеге асырылады.
Елбасы бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыру туралы тапсырма беріп отыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру жоспарлануда. Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты іс-шаралар қабылдауы тиіс.
Шымкенттің көрсеткіші Орта Азияның ірі қалаларынан жоғары
Среда, 28 Ноябрь 2018 05:26Жан басына шаққан кезде жалпы өңірлік өнім Шымкентте 5,5 мың АҚШ долларын құрады. Осы көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы Ташкент, Бішкек және Душанбе секілді қалалардан алда келеді. Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай деп мәлімдеді.
«Түнгі сот» - тиімді жоба
Пятница, 23 Ноябрь 2018 05:09Шымкентте қолға алынған «Түнгі сот» пилоттық жобасы нәтижесін беруде. Қалалық сот пен қалалық ішкі істер департаментінің басшылығы қол қойған меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның екі тарапқа да тигізер пайдасы көп дейді судьялар.
Мұратәлі Қалмұратов – Ассамблея Кеңесінің мүшесі
Пятница, 23 Ноябрь 2018 04:56Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов Ассамблея Кеңесінің мүшелігіне қабылданды. Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен болатын.