«Біз жаңа қала саламыз»
Среда, 08 Февраль 2017 08:29Қазақ бизнесінде креативті ойлаудың да қажеті шамалы, тек өз ісін дұрыс істесе болғаны». Бұл – белгілі құрылысшы, «Nuray Construction» компаниясының директоры Алтай Айнабектің пікірі. Иә, ол – креативті ойлайды, жазады. Әсіресе, фэйсбук әлеуметтік желісіндегі жазбалары кім-кімді де бей-жай қалдырмайды.
Ғаламторға кірсек, бірде «Алтай Айнабек Сайрамдағы №4 Балалар үйінің тәрбиеленушілерін «Алмас қылыш» киносына тегін алып барыпты» немесе «Жаураған жолаушыны үйіне жеткіз!» акциясына бірінші болып қатысыпты» деген жарияланымдар сау етіп шыға келеді. Мұны кейіпкерімізді мақтау үшін емес, қайырымды іс-әрекеттерін көпке үлгі ету үшін жазып отырмыз. Ең бастысы, ол Шымкенттің келбетін өзгертуге барынша тырысып жүр. Қалғанын өзі айтып берсін.
– «Nuray Construction» дағдарыс кезеңінде әлемдік деңгейдегі тұрғынүй кешендерін тұрғызуда. Өткен жылы алғашқы «Шұғыла» тұрғынүй кешені пайдалануға берілді. «Sofia Towers» пен «Арман» тұрғынүй кешенінің құрылыс жұмыстары басталыпты. «Арман» тұрғынүй кешенінің жобасы үшін ҚР сәулетшілер одағының І дәрежелі дипломымен марапатталдыңыздар. Бұл тұрғынүйлер жобасының авторы өзіңіз бе? Қандай стандарттарға негізделіп жасалған?
– Атақты Стив Джобстың: «Мен – музыкант емеспін, дирижермін» деп айтқан бір жақсы сөзі бар. Мен де сәулет саласында С.Джобстың меңзегеніндей, «дирижер маманмын». Командамдағы жігіттер менің нұсқауым бойынша ноталарды қаз-қалпында қағазға түсіріп, бірлесіп жұмыс істейміз. Яғни, идея – өзімдікі. «Sofia Towers» бойынша екі, «Арман» бойынша тағы екі жігіт кескіндеуге ат салысты. Мен оларға ой еркіндігі мен кеңдігін, жұмысқа бағыт-бағдар бердім. Жобаның нобайын жасаған жігіттердің бәрі Шымкентте туып, өсіп-өнген. Демек, қаланың әрбір қиылыс, қатпарын жақсы біледі деген сөз.
«Қазақстандық құрылысқа еурокод енгізіледі» деп жарияға жар салып жатырмыз ғой. Алайда, бір нәрсе анық мәлім. Еліміздегі Кеңес кезінен қалған үйлер еурокод өлшемдеріне сай келе бермейді. «СНиП-тардың» нобайы – бір қорапқа салып, шектеу ғана. Менің түсігімде, сәулет деген – адамның шет-шегі жоқ қиялы. Шетелде бір шығармашылық жұмысқа деңгейі әр алуан 5 адамды отырғызып, тәжірибе жасапты дейді. Сонда белгілі болғандай, жалпы ұжымдық жұмыс кезінде ең төменгі көрсеткіш анықталған. Сол іспетті шығармашылық жұмыстың тізгінін бір адамға тапсыру қажет. Екі адам автор болуы мүмкін емес. Мысалы, Пикассо өзінің суретін біреумен салыстырып отырып салған жоқ қой. Моцарт өзінің шығармаларын екі адам болып дүниеге келтірген емес. Бір адамның қиялына ерік беру керек. Бірнеше адамға қалдырса, қайтадан бәрі бір қораптың ішіне салынып, бір шеңберді шиырлап жүре береді, даму болмайды. Бұл, әрине, менің жеке пікірім.
Инновацияға келсек, құрылыс саласында қиындықтар жоқ емес, бар. Біз көп жағдайда «СНиП-тармен» (строительная норма и порядок) шектелеміз Иә, Кеңестер одағының мектебі – үлкен мектеп болған. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Алайда, құмнан басқа ешнәрсесі жоқ арабтар, сингапурлықтар біздің алдымызға түсіп, қалай тез дамып кетті? Мәселе осында. Себебі, олар жылдам өзгере алды. Ал біздің жергілікті кәсіпкерлерге тән қасиет, «өзім ғана істесем екен, өзімді клондап, көбейтіп тастасам» деп ойлайды. Өзінің идеясын ешкіммен бөліскісі келмейді. «Бөтен адамдар ұрлап-жырғап кетеді» деген психология бар. Алайда, адам бес саусақтан артықты игере алмайды. Өткен ғасырдағы ең танымал әйелдердің бірі Маргарет Тэтчер: «Маған 10 ақылды, адал адамды беріңіз, сонда мүлде басқаша әлем орнатар едім», – дейді. «Темір ханым» сол өзіне қажетті он адамын тапқан. Біздің Елбасымыздың да айтып жатқаны, жұмысты қарамағындағы сенімді өкілдерге «табыстауға» саяды. Егер басшы барлық жұмысты өз мойнына ала берсе, қарамағындағылар, орынбасарлары миын шынықтырмайды. Шынықпаған ми былқ-сылқ етіп жұмыс істемейді. Жолдаудың түпкі ойы осы.
– Елбасы күні кеше жасаған Жолдауында «Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек», – деді. Оның ішінде құрылыс секторы да бар. Осы орайда сіздің жобаларыңызға сүйенсек, «Жаңа Шымкенттің келбеті» қандай болмақ?
– «Жаңа Шымкенттің келбеті» әлемдік тенденцияға негізделмек. Мысалы, Нью-Йорктегі Еmpyer state building өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған. 103 қабаттан тұрады. Париждегі 1889 жылы салынған Эйфель мұнарасының биіктігі – оның құзар басындағы антеннасымен қоса есептегенде 322 метр. Ал біздің Астанадағы Бәйтерек 1997 салынды. Биіктігі – 97 метр. Яғни, әлемдік ғимараттардан 3 есе шағын. Демек, біздің деңгейіміз де сәйкесінше төмен деген сөз. Оны мойындауымызға тура келеді. Бурж әл-Араб – Біріккен Араб Әмірлігінің ең үлкен қаласы Дубайдағы керемет қонақүй. Биіктігі (321 метр) жөнінен әлемде төртінші орын алады. Ғимараттың пішіні қайық желкеніне ұқсайды. Оны кейде «әлемдегі жалғыз Жетіжұлдызды қонақүй» деп те атайды. Бурдж-Халифаны (биіктігі – 828 метр) сталагмитке (тасқада – тау үңгірінде тұрып қалатын әк тұнба) ұқсатады. Ал біздің «Sofia Towers» қолға ұқсайды. Бұл да табиғатқа теңестірілген нәрсе. Біз шетелдік мамандармен қоян-қолтық жұмыс істейміз. БАӘ-нен, Қытайдан келген серіктестерімізге біздің жалпы тұжырымдамамыз ұнайды. Өзім де шетелде көп боламын. Ондағы зәулім ғимараттар көздің жауын алады. Бұрыннан осындай тұрғынүй жобасын дайындасам деп армандайтынмын. Бізде бәрі бар, табиғатымыз да ерекше. Тек елең еткізетін ғимараттар жоқтың қасы. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың: «Өңірімізге қонақ келсе, Rixos қонақүйінен басқа апаратын жер жоқ» деген сөзі шырылдаған шындықты жайып салып тұрғандай. Rixos-тың сәулеті – шедевр емес, бір қарағанға жанға жайлы, көз сүйсінтеді. Дегенмен, қаламызға жанарды суыра тартатын ерекше пішіндегі еңселі ғимараттар керек-ақ.
«Ескі шаһардан Рысқұлов көшесіне дейін өзгерту керек»
– Ойыңызда тағы қандай жаңа сәулет туындыларының жобасы бар?
– Қазақстандық сәулетшілерге Сингапурге ме, Дубайға ма ұшаққа билет алу керек. Лас-Вегас та шамамен сондай қала. Ол жақтарда бәрі алдын ала ойластырылған. Бірақ, аталған қалалар – шын мәнісінде қала үлгісінде салынған. Өзімнің тың идеяларым көп. Құдай қаласа, іске асырам деп ойлаймын.
Біз, өкінішке қарай, әзірге туристік ел емеспіз. Елбасының бастамасымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі туризмге сәл дем бергендей болды. Біз не туризмді қарқынды дамытып, не инвесторларға толықтай еркіндік беруіміз қажет. Меніңше, қаламыздағы ескі үйлерді бұзу керек. Шымкенттегі үйлердің әбден тозығы жеткен. Өзім көбіне Дубайдың әдісдемелеріне сүйенемін. Мәселен, қаладағы көне шаһарды бұзсақ деген жоспарым бар. Су белдеуіне дейінгі арақашықтық 20 метр болуға тиіс. Ескі шаһардан бастап Рысқұлов көшесіне дейін толығымен өзгерту керек. Жеке секторларды өзгертіп, жоғарыда тоқталғанымыздай, орамдар салсақ деген ойымыз бар. Әрине, көне үйлердің тұрғындарын уақытша пәтерге орналастырып, кейіннен сол көне үйдің орнына тұрғызылған жаңа үйлерден берілетіндей жағдай жасасақ, қаланы жаңартып, жаңғыртуда ешқандай кедергі болмайды деп ойлаймын.
Шымкенттің жаңа келбеті деген – бір ғана кешеннің құрылысы емес қой. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік жолынан кейін бұрынғыдай жолдардың тесігін жамау деген артта қалды. Жалпы, сапа, түсінік өзгерді. Сәулет туризмді дамытады. Біз клиент үшін ең жақсы дүниелер ұсынуымыз керек. Дегенмен, біз туризмді онша жарнамаламаймыз. Мына тұрған Грузия не деген жарнамалар жасайды. Ал бірақ экономикасы жөнінен Астананың шаңына да ілесе алмайды. Қаланы орамдарға бөліп, кезең-кезеңімен құрылыс жұмыстарын жүргізсек деймін. Әкімдік бұл ретте қол ұшын созса құба-құп.
«Дағдарыс, білген адамға, үлкен мүмкіндік!»
– Құрылыс тауарларын қайдан аласыздар?
– Бетонды негізінен өзіміз шығарамыз. Ал жоғын ірі шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізе отырып, аламыз. Көп азаматтар үйінің құрылысына 500 теңгелік кран сатып алады. Ал біздің 5000 теңгелік кранды 1000 теңгеге алуға мүмкіндігіміз бар.
Бәйтереков-Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы «Арман» тұрғынүй кешенінің 23 қабаты – жердің үстінде, 2 қабаты – жердің астында орналасқан. Қазір 4 бетон шығаратын зауытты жаңартып жатырмыз. Бұл жердегі бетонның сапасы да жоғары әрі көлемі үлкен. Мұндай үлкен көлемді бетондарды Шымкент әлі көрмеген, бұған дейін Астана мен Алматыда ғана болған. Осы айдың аяғында бетондау жұмыстары басталады деп отырмыз. Американдықтардың түріне қарасаңыз, ілініп-салынып жүрген біреулер сияқты. Бірақ, өндіріс көлемі жөнінен Қытайды басып озады. Өйткені, олар іске кірісерден бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кеседі». Қазір сол әдістемемен, яғни, бүге-шігесіне дейін жоспарлап жұмыс істеудеміз. Біздегі көп кәсіпкерлер алдын ала жоспарламай, жұмыс барысында ойланады. Көп компаниялардың шығынға ұшырап жатқаны да сондықтан. Қайсыбір құрылыс дағдарыста пайда болады. Дағдарыс, білген адамға, үлкен мүмкіндік! Өйткені, ісіңізді үнемдеуден бастайсыз.
– Қазақ бизнесінің дамуы үшін не істеу қажет?
– Біз бар болғаны 17-ақ миллион халықпыз. Американдық Procter & Gamble компаниясы жарнама өндірісінің жылдық бюджеті 8-9 миллиард долларды құрайды екен. Біздің жылдық айналымымыз – 27 миллиард доллар болса, компанияныкі – 500 миллиард. Қазір Акио Маритоның «SONY Сделано в Японии» деген кітабын оқып жатырмын. SONY компаниясының да жылдық айналымы Қазақстанның жылдық айналымынан көп. Енді есептей беріңіз, бір компания Қазақстанды Менделеев кестесінде кездесетін бүткіл элементтерімен, кен-қазба байлықтарымен, уран, мұнайымен қосып он орап алады.
Менің ойым, бүткіл Қазақстан – әлемдік масштабта бәсекеге түсе алатын бір-ақ компания болуы керек. Кез келген бизнес әлемдік стандарттарға негізделіп жасалуы тиіс. Министрліктер мен басқармалар әлгі компанияға бағынып, жұмыс істесе. Біздің кәсіпкерлерде керемет бизнес-идеялар бар. Нақты жұмысқа бел шешіп кіріскен кезде, бір қосымшасын Германиядан, енді бірін Қытайдан алуына тура келеді. Шетелдің өнімі, әрине, қымбатқа түседі. TESLA американдық автомобильді компаниясын мысалға алып қарайықшы. Барлығын өз ішінде өндіреді. Осындай бағытта үлкен жұмыстар атқару керек деп есептеймін. Қазір кіріспесек, кейін кеш болады.
– Өзіңіз басшылық ететін «Nuraу Construction» компаниясы кәсіпқой бокс шебері Қанат Исламның 17-ақпанда АҚШ-тың Уилмингтон штатында өтетін бәсекесіне демеушілік танытып, қаржылай көмек көрсетіп отырсыздар. Байқауымызша, сіз спорт жанкүйері екенсіз.
– Спорттағы көп жігіттермен араласамын. Маған Қанаттың намысқойлығы, еңбекқорлығы, пікірі ұнайды. Негізі боксшылардың көбі өркөкірек, ұр да жық болып келеді ғой. Ал Қанаттың мінезі не деген жұмсақ көркем мінез. Отанға деген сүйіспеншілігі қандай! Адамгершілігі және біздің елдің туын желбіретіп жүргені үшін сыйлаймын. Одан кейін Шымкенттің атын әлемге әйгілегім келді. Осы әрекет арқылы туған қаламыз туралы қатып қалған қасаң кері пікірді жойғым келді. Бауыржан Оспановтың «Жер-су» компаниясымен бірлесіп, біз жартылай шығынын көтеріп отырмыз.
– Біздің газеттің оқырмандарына айтар тілегіңіз болса, мархабат...
– «Шымкент келбеті» газетін бұрыннан жақсы білемін. Газеттің қыруар жұмысынан да хабардармын. Электронды нұсқаға өткендеріңіз – замана көшінен қалмай, алға нықтап қадам басқан дамудың көрінісі. Ақпараттық бағыттарыңызға ризамын. Адамгершілік, имандылық шеңберінен шыққан емессіздер. Ары қарай да шығармашылық табыс тілеймін. Оқырмандарыңыз көп болсын!
– Қызу жұмыс кестеңізге қарамай, бізбен сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге рахмет! Сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
Рақымшылыққа кімдер ілігеді?
Среда, 08 Февраль 2017 06:35Елбасы Н.Назарбаевтың «ҚР Тәуелсіз-дігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына қол қойғаны бәрімізге белгілі. Тәуелсіздік жылдарында сотталғандарға рақымшылық шарасы осымен 9-шы рет жасалғанын атап өту керек.
Мемлекет басшысы айтқандай, аталған заң «отандастарымызға қатысты жасалған осынау кешірім мен мейірім және үміт актісі қоғамды сауықтыруға мүмкіндік береді». Маңызды адамгершілік акциясына кімдер ілікті, қай санаттағы қылмыстарға рақымшылық жасалуда? Дәл қазіргі кезеңде құқық, сот саласында өте өзекті болып отырған осы тақылеттес сауалдарды талқылаған дөңгелек үстел ОҚО адвокаттар алқасында өтті. Жиында сөз алған Еңбекші аудандық заң консультациясының меңгерушісі, адвокат Нұрдәулет Мұсақұлов аталған заң бойынша жазасын өтеп жатқандар жазасының бір бөлігінен босатылатыны, сонымен қатар әлі сотқа жетпеген немесе сот өндірісінде сотқа дейінгі тергеу тексеру амалдары жүргізіліп жатқан қылмыстық істер бойынша да қылмысының санаты бойынша жазадан босатылатынын мәлім етті Дөңгелек үстел барысында қоғамда қызу талқыға түскен тақырып жан-жақты зерттелді. Мәселен, Қаратау аудандық сотының судьясы Момбек Әмірбеков:
– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабына сәйкес сот үкiмiнiң орындалуы кейiнге қалдырылған, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған жүктi әйелдер және жас балалары бар әйелдер, жас балаларды жалғыз өзi тәрбиелейтiн ер адамдар;
– онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза түрлеріне сотталған адамдар, егер бұл жаза негiзгi жаза түрiнде қолданылған болса, жазадан босатылады, – деп атап көрсетті.
Маңызды жиында «Аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасала ма?» – деген сауал да туындады.
– Ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға егер келтірілген залал толық өтелген жағдайда жазасын өтеу мерзімінің 5-тен 1-і ғана қысқартылады. Ал бесінші бапта рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдар көрсетілген. Яғни, бұл жерде адам өлтіру, қасақана адам өлтіру санатында қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға, өмір бойы бас бостандығынан айырылған адамдарға қолданылмайды, – деп жауап берді Еңбекші аудандық заң консультациясының меңгерушісі Нұрдәулет Мұсақұлов.
Бұл заң біздің елімізге көп пайдасын тигізбек. Елбасы рақымшылық жасау мемлекеттің ізгі ниетінің көрінісі болып саналатынын айтқан еді. Рақымшылық жасау шарасы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз адамдарды, атап айтқанда, кәмелетке толмағандарды, жүкті және балалары бар әйелдерді, мүгедектер мен қарттарды қамтиды. Рақымшылық жасалып жатқандардың бәрі – өз азаматтарымыз. Олардың түзу жолға түсіп, өмірден өз орнын табуына мүмкіндік беру – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік.
Ет жеу – ағзаға ауырлық түсiре ме?
Пятница, 03 Февраль 2017 06:43«Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді». Ол, әрине, ет. Қазақтың дастарханын етсіз елестету мүмкін емес. Дана қазақ «Ет дәмділігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім», «Ет жегеннің бәрі қонақ», «Ет дегенде бет бар ма?» деп әспеттеп ерекше мән берген. Бұл бір қонақ келсе, бір қой сойып, қазан көтеретін халқымыздың қанына сіңген қасиет десек те болады.
Соңғы кездері еуропалықтардың ет жемейтін үрдісін алып келгендер қанға сіңді қасиеттен бас тартуда. Кейбір қазақтар бала кезінен ет жемейді. Табиғаты солай. Тағы біреуі кішкентай кезінде сүйікті қошақанынан айырылып, қатты «күйзеліс» алғаннан кейін ет атаулыға жоламай кетеді. Ұшынып қалып, еттен беті қайтқандар да кездеседі. Енді бірі саналы түрде бас тартады. Орыстың психотерапевт, гомеопаты Валерий Синельников ет жеуден бас тарту – зорлық-зомбылықтан, зұлымдықтан бас тарту деп түсінеді. «Яғни, адам ет жемеу арқылы санасын таза сақтайды. Сана тазарса, әлем тазарады». Вегетариандықтардың ет жемеуінің бір себебі, олар мұны жануарларға көрсетілген зорлық, жәбірлеу, қиянат деп түсінеді. Бұл буддизм, индуизм, жайнизм деген ағымдардың діни түсінігінен шыққан деседі. «Ет жемейтін адамдарда қатерлі ісік, атеросклероз, жүрек, асқазан аурулары аз кездеседі» деген де пікір бар.
Қош, ет жемейтіндер еттің, ет жеудің зияны туралы осындай пікірлер келтірді дейік. Ал қазақ етсіз өмір сүре алмайды ғой. Міне, парадокс. Не істеу керек? Еттің құрамы, оның пайдасы мен зиянын екшеп көрейік.
ЕҢ СІҢІМДІСІ ӘРІ ПАЙДАЛЫСЫ – ЖЫЛҚЫ ЕТІ
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың тамақ инженериясы кафедрасының доценті, х.ғ.к. Махабат Қасымова еттің ағзаға пайдасы, ондағы дәрумендер туралы ойымен бөлісті.
– Республикалық Тағамтану институтының жүргізген зерттеуіне сәйкес әр адам жылына 70 кг-ға жуық ет жеуі керек. Еттің құрамында 8 микроэлемент, 7 дәрумен бар. Атап айтсақ, ақуыздар, майлар, В1, В2, В6, РР, В12 дәрумендері, минералды элементтер – фосфор, темір, калий, натрий, күкірт, мырыш, мыс, экстрактивті заттар, аминқышқылдары. Бірақ, көмірсу жоқ. Көп ауру түрі осы көмірсудың мөлшерінің көптігінен туындайды. Ал еттің құрамында көмірсу кездеспейді. Ақуыздар ағзаға ең қажетті дәрумен болып есептеледі. Жасына, күтіп-баптауына қарай жылқы етінде ақуыз мөлшері шамамен – 20,5 %, қой мен сиыр етінде – 16-19 %. Қазір дүниежүзін ақуыз жетіспеушілігінен «кваши-оркор» деген ауру жаулауда. Ағзаға түсетін темірдің 30%-ын ет береді. Ал адам ағзасына темір жетіспесе, алқым ісуі (зоб) ауруына шалдығуы мүмкін. Еттің құрамында тағы да тіс жегіне қарсы тұрар фтор да кездеседі. Малдың құйрық майы да көп ауруға ем. Әсіресе, кішкентай сәбилерге құйрық майды сорғызса, денсаулығына тек оң әсер ететіні сөзсіз, – дейді. Махабат Қуандыққызының айтуынша, артық салмаққа еттің ешқандай да қатысы жоқ. Адамды семіртетін – құрамында көмірсуы кездесетін тағамдар. Ал еттің құрамында көмірсу кездеспейтінін айта кету керек. Сіңімділігіне келсек, тағы да сол «Сиыр еті таң сарғайып атқанша, қойдың еті ертеңгі түн батқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша» деген халық даналығына тоқтаймыз. Яғни, асқазанға ең ауыры – қой еті. Ғылым да мұны әлдеқашан дәлелдеген. Жылқы еті сиыр етіне қарағанда 8 есе оңай сіңеді.
БАҒАСЫ ӨССЕ ДЕ, БАС ТАРТА АЛМАЙСЫҢ
Қазір мал семіріп, қоңды болуы үшін гормонды препараттар беріледі деп естіп жатамыз. Орталық Қырғы базарда 23 жылдан бері ет өнімдерін сатумен айналысып келе жатқан Клара Аманжолова: «Базарда ветеринариялық сараптау зертханасы бар. Сонда барлық ет өнімдері толықтай тексерістен өтеді. Осы базарда табаны күректей жылдар бойы сауда істеп, бірде-бір рет санитарияға сай келмейтін, сапасыз, тұтынуға жарамсыз ет сатқан адамды көрген жоқпын. Қырғы базарда ет мәселесінде шу шыққан емес», – дейді. Клара Әбдінағиқызы қазақтың қазіргі уақыттағы той дастарханына да тоқталды.
– Құдайға шүкір, қазақтың тойына барсақ, ас та төк дастарханның басына жиналамыз. Етін еттей, жілігін жіліктей қояды. Бұл – берекенің, мерекенің, ырзық-несібенің белгісі. Осының өзі әрі қазақтың етті ерекше орынға қоятынын аңғартады, – деді.
«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, еттің мол болғаны жақсы ғой, алайда, базардағы еттің бағасы соңғы екі-үш айда бірден көтеріліп кетті. Сиыр еті – 1300 теңге, жылқы еті – 1350 теңге, қой еті – 1100 теңге. Қой етінің салыстырмалы түрде арзан болатын себебі, қой түлігі тез өсіп, жылдам көбейеді. Ет бағасының бірден қымбаттауына жем-шөп бағасының өсуі әсер еткен. Алыпсатар ет сатушылар «ет саудасы өз-өзін ақтамай жатыр» деп даурығуда. Сондықтан, қара базарда қоңды малдың қақпақтай, қып-қызыл еті қазір көп емес.
Ет сатушы Клара Аманжолова базарға ет алуға тек қазақтар келмейтінін, өзге ұлттардың да ет дегенде көңілі елп етіп тұратынын айтады.
– Қазақтар көбінесе қара малдың етін алса, өзгелер өкпе-бауыр, тұяқ, тіл сатып алады. Біздің қазекең көбіне семіз етті жейді де, өкпе-бауырды шетке ысырып қояды ғой. Мәселен, бауыр қаназдыққа өте пайдалы. Таңертең 10-15 минут суға қайнатып жеу керек. Шұжықтың (колбасаның) орнына өкпе-бауыр, тіл, тұяқ тұтынса, сол әлдеқайда пайдалы әрі иммунитетті көтереді. Ешкінің етінің де пайдасы көп, – дейді ол.
СОҒЫМ&ЕТТІ ДИЕТА
Дастарханынан ет арылмайтын өзге ұлт өкілінің бірі – Бахман Иосиф. Оңтүстік Қазақ-стан облыстық «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі: «Біз қазақтың жерінде тұрғаннан кейін оның салт-дәстүр, әдет-ғұрпын құрметтейміз һәм сақтаймыз. Аптасына кемі 1 рет ет асып жемесек, көңіліміз жарым. Қой етін, жылқы, сиыр еттерін де тұтынамыз. Менің әйелім қазақтың бұл ұлттық тағамын керемет дәмді етіп дайындайды. Қамырын да өзі илеп, жаяды. Сондықтан, етсіз өмір сүре алмайтынымызды айтқым келеді», – дейді Иосиф
Владимирович.
Ал Облыстық клиникалық ауруханының диетолог дәрігері Гүлдана Мүтәлиеваның пікірінше, адам күніне кемі 200 гр ет жеуі тиіс. Өйткені, еттің құрамындағы ағзаға өте қажетті аминқышқылдары, Д, В тобындағы дәрумендердің орнын басқа азық-түлік өнімдері толтыра алмайды. Еттің ішінде де, еті бар. Жас қозының еті – таптырмас дәрумен мен қуат көзі. Тек құнарына қарай мөлшермен тұтынса болғаны. Гүлдана Сайлаубекқызы алдына келген адамдарға диета ұсынған кезде, ешқашан еттен бас тарту керек деп айтпайды екен. Себебі, ет өнімдерінсіз ағза түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін.
Ет жеуге байланысты мұсылманшылықта қандай ескертулер бар екенін білу үшін Шымкент қалалық А.Қаттани мешітінің наиб имамы Қазыбек Сарыбаевқа хабарласқан болатынбыз.
– «Кәусар» сүресінің 2-аятында: «Раббыңа құлдық ет және құрбан шал (түйе сой)»! – делінеді. Жылда қасиетті Құрбан айт мерекесінде мұсылмандар шамасы жеткенше құрбандыққа мал шалады. Ол құрбандықтарынан өздері жейді, кедей-кепшікке, жақын туыстарына таратады. Осы мереке қарсаңында әлемде ең көп ет желінеді. Демек, ет жеуден бізді Раббымыз тыймаған екен. Егер де етті тағамдар адам баласына зиян болатын болса, онда Алла Тағала олай бұйырмас еді. Сонда вегетариандық болу қандай әурешілік екенін түсінбейсің, – дейді Қазыбек Сұлтанбекұлы.
Жұмаділ Ахшаев «Бозарық» шағынауданында өз есігінің алдында жылқы, қой-ешкі бордақылап бағып, сойып, етін сатады. Ол бұл кәсібіне балаларын да баулыған. Бір қыста 5-6 жілік соғым мен он шақты қойдың етін жейтін олар: «Ет жемеу – біз үшін апатпен тең», – деп қалжыңдайды. Осы орайда, «Үкіметтің қарапайым шаруаларға көрсетіліп жатқан қаржылай қолдауын айта кету керек», – дейді қасапшы.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазір, қыс ауасы – соғымның кезі. Қысқа соғым алмасақ, көңіліміз көншімейді. Еттің пайдасы мен зиянының аражігін ажыратып алдық. Дені сау адам күніне 200 гр, жылына 70 кг ет жеуі тиіс. Ал қандай да бір сырқаты барлар оны аз-аздап орнымен, мөлшерімен, тәртібімен тұтынуына болады. Тіпті, диетолог мамандар да етке ешқандай шек қойып отырған жоқ.
Сөз зергері Қадыр Мырза Әлидің «Осы жұрт қазаққа қандай ескерткіш қою керек екенін білмейді. Қазақтың асқазанына ескерткіш қою керек» дейтіні бар. Бекер айтылмаса керек. Қазақ пен ет – егіз ұғым. Оны бөле-жарып қарастыра алмайды екенбіз.
Фото авторы
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
Азалы жылдар ақиқаты
Пятница, 03 Февраль 2017 06:07Облысымызда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 4 мыңнан асады. «Кеңес өкіметі кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында 7 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Екі жарым мың адам "Қайтпас" шағынауданындағы «Қасірет» мемориалдық кешенінде мәңгілік мекенін тапты. Ал республика бойынша 25 мың адам атылған, олардың көбісінің артында қалған ұрпағы жоқ».
Ақын Ханбибі Есенқарақызы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде басшылық қызмет атқарып тұрған кезінде біздің газетімізге берген сұхбаттарының («ШК», №104) бірінде осылай деп еді.
Ақынның айтуынша, мәселен, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болғандар мен хабарсыз кеткендерді 70 жыл бойына санап келеміз. Әлі де дәл дерек жоқ. Соғыс кезінде арнаулы есепке алушылар, статистер болды ғой, соның өзінде соңғы нүкте қойылған сан нақтыланбаған. Ал саяси қуғын-сүргіннің аржағында кәмпеске (елден мәжбүрлі түрде шығарылу) ашаршылық нәубеті жатыр. Зұлмат заман құрбандарының түсін түстеп, арнайы санын алып жүрген ешкімнің болмағаны айдан анық. Оның үстіне бұл жабық тақырып болғаны белгілі. Қазіргі тарихшылар да тереңдетіп зерттей алмай жатыр. Сондықтан бізге берілген сандардың шартты ұғым екенін естен шығармайық. Қазір бұл сандар күн өткен сайын айқындалуда.
Бүгінгі күнге дейін репрессия құрбандарының біздің облысымыз бойынша жалпы тізімі 2500 емес екенін уақыт өзі айқындап берді. ОҚО Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директорының уақытша міндетін атқарушы Гүлмира Серікбаева осы аптада «енді батыл түрде ОҚО бойынша репрессияға ұшырағандар санын 4001 деп айтсақ болады» деп мәлімдеме жасады.
– 2500 деген сан 1998 жылы жарық көрген «Азалы кітаптан» алынған.
Бұл кітапта 2124 адамның ғана тізімі бар. Біз осы тізімнің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін Мәскеудің мұрағаттарына сұрау жіберіп, өзіміздің ҰҚК-нің мұрағат құжаттарынан жазықсыз жапа шеккендердің саны 4001 екенін анықтадық, – деді Гүлмира Серікбаева.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарына – 80 жыл» атты дөңгелек үстел барысында «Алаш ардақтылары» деген атпен кітап көрмесі қойылды. Белгілі зерттеуші, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өтті.
Шаш сәндеудiң шеберi
Среда, 01 Февраль 2017 05:26Шаштараздағы күнделікті жұмыс таңғы сағат 8-де басталып кетеді. Былайғы жұрт бұл кезде үйінен жұмысқа баруға енді жиналып жатқанда Соня апай ертемен шашын сәндеуге келетін клиенттеріне қызмет көрсетуге кірісіп кетеді. Ал демалыс күндері мен мереке кездерінде оның жұмысы тіпті қызады. Мұндайда ол уақытпен санаспай, алдына келетін бикештердің көңілінен шығуға барын салады.
Шаштараз деген бір қарағанда оп-оңай мамандық сияқты. Әсілі, бұл да шығармашылықты, ізденісті талап ететін кәсіп. Әр жылы, әр мезгілде әр түрлі шаш үлгісі, түсі трендке еніп отырады. Алдына келген алуан адамның әрқилы мінезінің, сұранысының үдесінен шығу әсте оңай емес.
Клиенттері оны қарапайым ғана «Соня апай» деп атайды. Қаламыздағы Қазыбек би көшесінде орын тепкен «Волшебница» әсемдік салонына тұрақты түрде баратын қыз-келіншектер Соня апайды жақсы таниды. Қашан да жайдары жүзінен танбай, сапалы қызметімен қатар жан жылуын төгіп тұратын шаштараз келіншектің шын аты Сахабат Розматқызы Мирзалиева. Шаштараздық өнерді алғаш өзінің ұстазы Гриша ағайдан үйреніпті. 18 жасында осы салаға аяқ басқан оның еңбек өтілі 30 жылдан асқан. Ширек ғасырдан аса уақыт істеп келе жатса да, өзін тәрбиелеп, баулыған ұстазының кәсібилігіне қайран қалады. Осынау жылдар ішінде өзі де 100-ден аса шәкірт тәрбиелесе де, өзін жүз шәкіртімен қосқанда, Гриша ұстазының тырнағына да татымайтындай көреді. Десе де, қаладағы «менмін» деген әсемдік салондарындағы мықты шеберлер Сахабат Розматқызынан тәлім алған.
«Клиенттерім сұлу болып жүрсе, өзім сұлуланғандай шаттанамын», – дейді шаш сәндеу шебері. Шаш қию мен сәндеудің жаңа үлгілерін әр адамның бет – келбетіне, жарасымына сай талғай білетін кейіпкеріміз зейнетке шыққанына қарамастан, әлі де қызмет етіп келеді.
Ардагер шаштараз әңгіме арасында биылғы сәндегі шаш үлгілеріне де тоқталып өтті. Тауық жылында ұзын шаш пен қара түс сәнде болмақ. Қазір бұрымдылардың басым көпшілігі шашын өсіргенді қалайды. Кәсіби шаштаразға «Қазір көп адамдардың шашы неге төгіліп түсе береді, қалай күтім жасау керек?» деген сауал қойдық.
– Шаш түсуінің негізгі себебі – адам ағзасына кальцийдің жетіспеушілігінен. Бүгінде қыздар шетелдің қаптаған қымбат иіссуларын, жақпамай, маскаларын қолдануға құмар. Ал бірақ, табиғи өнімге ешнәрсе де теңеспейді. Қыздар шашын ара-тұра қымызбен, айран және жұмыртқамен жуып, күтім жасап тұрса, оның пайдасы мен тиімділігі зор. Одан кейін ақжелкек (хрен) өсімдігінің тамырын үккіштен өткізіп, шаштың түбіне жақса, мүлде түспейтін болады. Бұл процесті бір жыл көлемінде ай сайын бір реттен істеп отыру қажет, – дейді кәсіби шаштараз.
Мамандығын шексіз сүйетін Соня апайға кезек күткендер көп екен. Оның жұмыс барысын біраз бақылап тұрған біз шаштараздың ізетті де ізденісті қызметіне сәнқой бикештердің риза пейілмен алғыс айтып кетіп жатқандарына куә болдық.
Өзекті мәселелер шешімін табуда
Вторник, 24 Январь 2017 04:06Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов халық алдында есеп берді. Аудан әкімдігінің ғимаратында өткен жиынға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Әдеттегідей аудан әкімінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін, тұрғындар жарыссөзге шығып, пікірлерін айтты, сауалдарын қойды.
Әл-Фараби ауданында 2016 жылы атқарылған шаруа аз емес. Мәселен, 2016 жылға дейін 274 тұрғынүйге қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы 682 көпқабатты үйдің ауласын жарықтандыру жұмыстары атқарылған.
Көпқабатты үйлер қайта жөнделді
Жиын барысында жарыссөзге шыққан Жангельдин көшесі, №22 А үйдің тұрғыны Мақсұт Статов: «2016 жылы біздің тұрғын үй толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Жылу жүйесі қайта жарақтандырылды. Шатыры жаңаланды. Ауласы тазарды. Басқа салада да игілікті істер жетерлік. Жалпы, әкімдік жұмысына оң баға беремін», – деді.
– Әкімнің жыл сайын тұрғындар алдында есеп беруі – қаладағы шешілмей жатқан мәселелерді талқылауға таптырмас мүмкіндік. Көпқабатты үйлер толықтай жарықтандырылды. Аулаларда жаңа балалар алаңшалары пайда болды. Енді тұрғындар сол кешендерді өздері күтіп ұстауы керек, – деді жарыссөзде пікірін білдірген №45 мектеп-гимназиясының директоры Р.Пак.
Талап бар жерде тәртіп бар
Кездесуде қоғамдық көлік мәселесі де назардан тыс қалмады. «Дулати көшесі бойымен Бәйдібек би ескерткішіне көтерілеміз. Одан ары қарай аяқжол деген атымен жоқ. Сол мәселені қарастырсаңыздар» деген аудан тұрғынының ұсынысына қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың өзі жүйелі жауап берді.
– Жақында қалаға 230 автобус әкелінеді. Үшінші қала дәрежесіне лайық болу үшін қоғамдық орындардың мәдениетін көтеру керек. Автобус та – қоғамдық орын. Жүргізуші мен кондуктор бірыңғай форма киіп, әдептілік сақтасын, жолаушыларға дөрекілік танытпасын! – деді Ғ.Рахматоллаұлы тиісті сала өкілдеріне қарата. Шаһар басшысы Дулати көшесіне қосымша аяқжолдар салынатынын да жеткізді. Сондай-ақ, көше атауларына байланысты қала әкімі: «Бұл мәселеде елімізге еңбегі сіңген, ұрпаққа үлгі болған тарихи тұлғалардың атын беру қажет» екендігін айтты.
Тұрғын үй модернизациясы – маңызды
Сонымен қатар, жиында қала басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің модернизациясына қатысты ой-пікірін ортаға салып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп өтті.
– Әл-Фараби ауданы – көпқабатты үйлер шоғырланған аудан. Орталықта Кеңес кезінде салынған ескірген үйлер көп. Сол үйлерге тұрғын үй модернизациясын жүргізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, көп тұрғындар онымен келіспеуде. Үкімет 15 жылға несиеге ақша береді. Кей тұрғындар сол жеңілдікті пайдаланбай, Үкіметке иек артып отыра береді. Осы орталықтағы үйлерді жөндеп, жандандыру ісіне қосымша қаржы қарастырып жатырмыз. Көпқабатты үйлер – тұрғындардың жеке меншігі. Соған қарамастан үйлерді жөндеп жатырмыз. Биыл республикадан 500-600 млн теңге, қалалық қазынадан 400 млн теңге қарастырылуда. Ал егер үй жөндеу көрмесе, бағасы да төмендейді. Бұл – өте маңызды нәрсе. Сол үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз, – деді Ғ. Әбдірахымов.
2016 жылы «Отырар» шағынауданының толықтай жарықтандырылғаны үшін тұрғындар алғысын айтты. Шағынауданның біраз жеріне бейнекамера орнатылған. Жергілікті тұрғындар қала, аудан әкімдерінен енді мектептер мен балабақшалардың айналасына камера орнатып беруін сұрады.
– Бейнекамера – қауіпсіздік құралы. Смарт-Оңтүстік жобасына халық белсене араласуда. Былтыр аудан бойынша 250-ге жуық бейнекамера орнатылды. Содан бері құқықбұзушылықтар біршама азайды. Домофон орнатуды күзет компаниялары атқаруға дайын. Әр пәтерге бейнекамера қоюға болады. Бірақ, әр тұрғын оның қаржысын өз қалтасынан шығарады. Немесе үй тұрғындары жиналып, бір камера орнатса да болады, – деді аудан әкімі Бауыржан Қалжанов.
А.Байтұрсынов көшесі күрделі жөндеуден өтеді
Қала әкімі тұрғындарды салауатты өмір сүрудің бір тетігі – велосипедпен жүруге шақырды. 2016 жылдың қыркүйек айында пайдалуға берілген «Shymkent Bike» жобасы қай жағынан болса да, тиімділігін дәлелдеп келеді. Денсаулыққа да пайдалы, әрі экологиялық тиімділігі зор. Ғабидолла Рахматоллаұлы бұдан бөлек, қалада «Газельдерді» алып тастауға күш салып жатқанын айтты. Әкімнің баяндауынша, биыл Бас жоспарға сәйкес Байтұрсынов көшесі 6 жолаққа кеңейтілетін болады. Бұл көшеде көбіне қара ағаштар орын тепкен. Олардың орнына каштан мен шынар ағаштарын отырғызбақ. Алып, биік ағаштарды қаланың басқа жеріне орнатпақ. «Ағаштарды не үшін қырқып жатыр?» деп ойлауы мүмкін. Мұның бәрі де қаланың келешегі үшін атқарылып жатқан істер.
Айта кетерлігі, өткен жылы Әл-Фараби ауданы бойынша «Сәуле» шағынауданында 1200 орындық мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қарасуда «Отбасы» саябағы ашылды. Жалпы ұзындығы 4257 шақырымды құрайтын көшеде ирригациялық жүйе жөнделді.
Жиын барысында барлық сауалдар хаттамаға түсірілді. Олардың бәріне жауап берілетін болады.
Халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуде
Пятница, 20 Январь 2017 06:12Аудан әкімдерінің жергілікті тұрғындарға есеп беруі жалғасуда. Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұловтың кезекті есеп беруі «Асар» мөлтекауданындағы №89 мектеп-лицейінде өтті. Жиынға Асар, Ақжайық, Қайнарбұлақ, Бозарық, Достық, Қайтпас, Тұран, Азат шағынаудандарының тұрғындары және қала әкімінің бірінші орынбасары Бейсенбек Жанбосынов қатысты.
Аудан әкімі Ғ.Патшаханұлы өз баяндамасында 2016 жылы атқарылған істердің негізгілеріне тоқталып өтті.
– Аудан аумағында есепті кезеңде – 2503 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның: – 3 ірі кәсіпорын;
– 9 орта кәсіпкерлік субъектісі;
– 64 жылыжай;
– 25 жер қойнауын пайдаланушылар;
– 1266 шаруа қожалықтары және 1136 кіші кәсіпкерлік субъектілері жұмыс атқаруда. Осы кәсіпкерлік субъектілерінде Қаратау ауданының 23 148 тұрғыны жұмыспен қамтылған.
Таскен мен Бозарыққа – жаңа мектеп
Аудан бойынша жалпы орта білім беретін 30 мектеп, 2 Назарбаев зияткерлік мектебі мен 1 кешкі мектеп оқушыларға білім беруде. 2016 жылы республикалық бюджеттен Бозарық шағынауданы мен Сайрам тұрғын алабында 1200 орындық және Мирас шағынауданында – 900 орындық, ал, Сайрам тұрғын алабында №91 және №111 мектептерде 300 орындық қосымша құрылыс жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда аудандағы үш ауысымды білім беретін мектептер санын азайту мақсатында Әкімшілік іскерлік орталығы, Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Достық шағынауданынан 1200 орындық мектептің құрылысы мен Ақжайық шағынауданындағы №59 мектеп жанынан 600 орындық қосымша мектеп құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ, Таскен тұрғын алабында орналасқан №103 мектеп жанынан 600 орындық қосымша құрылыс пен Бозарық саяжайынан 900 орындық мектеп құрылысын салу бойынша құзырлы мекемелерге ұсыныс берілді.
Аудан көлемінде 39 денсаулық сақтау мекемесі орналасқан болса, оның ішінде
– 3 облыстық аурухана,
– 4 емхана,
– 14 дәрігерлік амбулатория,
– 2 фельдшерлік бекет,
– 16 жедел жәрдем бригадалары аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Тұрғындар көзімен
«Үй бетін көрмейтін әкім»
Ғ.Мәуленқұловтың баяндамасынан кейін халық қалаулылары, кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар жарыссөзге шығып, өз пікірін айтты. Қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Әмірбеков аудан әкімінің «күн-түн демей, үй бетін көрмей» атқарып жатқан жұмысына оң бағасын бере отырып, алғысын білдірді. Ал Ақжайық шағынауданының орам басшысы Бақыт Балтабеков:
– «Елбасының «100 нақты қадам» стратегиялық жоспары негізінде «Ақжайық» шағынауданында №59 жалпы орта мектеп пайдаланылуға берілді. Елдімекен 100% электр жарығы және көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. 5 көшеге асфальт төселді. Мектептің алдына көптің сұрауымен бағдаршам да орнатылды. Ғабит Патшаханұлы аудан әкімдігіне келген аз уақыттың ішінде көптеген ілкімді істер атқарылды. Енді біздің шағынауданға бір үлкен емхана салып берсеңіздер!», – деді. Дәл осы ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Камалов мешітке барар жолды асфальттап беруді өтінді. Ақсақал: «Өздерің білесіңдер, алда «ЭКСПО-2017» көрмесіне келе жатыр, осы ауданнан белсенді 5-6 қарияны сол келелі шараға апарып, әкелсеңдер!» деп өз бұйымтайын да қоса кетті.
«Асар» шағынауданының тұрғыны Мұнайбек Салимбаев:
– 2015 жылдың тамыз айынан бері Ғабит Мәуленқұловпен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. «Асарда» қылмыстың алдын алу мақсатында 6 көше жарықтандырылды. Алайда, әлі де атқарылар шаруа шаш етектен. Мысалы, мектептер мен бала-бақшалардың алдына жасанды жол кедергілерін орнату керек. Себебі, бала өмірдің мәні, ертеңгі келешегіміз. Сосын қоғамдық көлік мәселесін шешіп берсеңіз!, – деді асарлық ақсақал. Асарлық тұрғындарды бұлардан бөлек, аялдама және аяқжол, сондай-ақ бағдаршам мәселелері толғандырады.
Қаратау ауданының әкімдігі жергілікті кәсіпкерлерді әлеуметтік жұмыстарға тартып келеді. Мәселен, кәсіпкерлер аудан бойынша 22 көшеге шағал тас төсеп берген. Солардың бірі – «Феруз» ЖШС-і 16 км жерге тас төсеген. Сонымен қатар, аталған мекеме директорының орынбасары Нұрлыбек Жүсіпәлиев, Шапырашты ауылының тұрғындарына бір реттік көмек көрсеткендіктерін айта кетті.
«Қайнарбұлақ» шағынауданының орам басшысы Торғын Аширова елдімекенде атқарылған игі жұмыстарды тізе келе: «7 көшеге шағал тас төселді. Таза ауыз су жүргізілді. Жаңа мектеп салынды. Алайда, осы мектепке барар жолдар тар. Сосын аяқжолдар жоқ. Емхана мен балабақша мәселесінің әбден толғағы жетті», – деді.
Бозарықтық Уәлихан Юсупов жаңадан салынған 1200 орындық №57 жалпы орта мектепке барар жолдың жоқтығын, адамдардың әбден әбігерге түскендігін аудан әкімінің назарына жеткізді. «Асфальт төселеді» дегелі 3 жыл болады. Сол қашан шешімін табады?» деп сұрақты төтесінен қойды.
Ал «Достықта» жарық мәселесі шешімін тапқанымен, қоғамдық көлік және жол өте өзекті мәселе болып отыр.
Қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов тұрғындардың сауалдарын мұқият тыңдай келе барлық сауалдарға тиянақты жауап беріп өтті.
– 2017 жылы қала аумағы бойынша 27 көше жарықтандырылып, асфальт төселетін болады. Оның басым көпшілігі осы Қаратау ауданына қарайды, – деп нақты қай көшелердің асфальтталатынын тізіп, атап берді. – 42 көшені жарықтандыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында 350 қашықтыққа жасанды жол кедергілері қойылатын болады. 17 бағдаршам обьектісі орналастырылмақ. Көгалдандыру мәселесіне келер болсақ, Төлеметов көшесінің бойы ретке келтірілмек. «Қайнарбұлақ» пен «Бозарықтың» арасындағы бос жатқан сай-сала демалыс аймағына айналады деп жоспарлануда. Емхана мәселесін облыстық денсаулық сақтау басқармасының назарына ұсынамыз, – деді Бейсенбек Керімбекұлы.
Газ қауіпті ме, салғырттық қауіпті ме?
Среда, 18 Январь 2017 09:13Газетіміздің жаңа жылдағы жаңа жобаларының бірі – «Толғандырған тақырып» айдары. Форматы – дөңгелек үстел формасында өтетін «Толғандырған тақырыпта» көкейкесті сұрақтар ортаға салынып, күн тәртібіндегі түйінді мәселелер талқыға түседі. Сала мамандары журналистердің қойған сауалына жауап береді. Проблеманың түйіні тарқатылады.
Бүгінгі толғандырған тақырып – «Газ қауіпті ме, салғырттық қауіпті ме?». Жуырда ғана Шымкент қаласындағы Халықтар достығы көшесінде орналасқан екіқабатты жеке тұрғын үйде апатты жағдай орын алды. Дүйім жұртты дүрліктіргені баршамызға аян. Осындай оқыс жағдайлардың алдын алып, елді сақтандыру үшін бұл тақырыпта әңгіме өрбітуді жөн санадық.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы (ары қарай – ТЖД) басшысының міндетін атқарушы Рауан ӨСЕРБАЕВ, ОҚО Төтенше жағдай департаменті «Жедел құтқару жасағы» МКМ-сі басшысының орынбасары Ғалымжан ДҮЙСЕНБАЕВ, ОҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» құтқару бөлімшесінің басшысы Рахымжан БЕКЕМБАЕВ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның ОҚ Өндірістік филиалының бас инженері Сәкен ИСМАЙЛОВ, Шымкент қалалық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Ғалымжан МҰРАТОВ қатысты.
«Толғандырған тақырып» басқосуын «Шымкент келбеті» газетінің жауапты хатшысы Асхан Майлыбаева жүргізіп отырды.
Техникалық қауіпсіздікті бақылайтын құрылым керек
«ШК»: – Өткен жылы Шымкент қаласында жылыту маусымында газдан зардап шегудің 20 дерегі тіркелген болса, оның 19-ында көмірқышқыл газынан улану жағдайы орын алды. Салдарынан 29 адам зардап шегіп, оның 18-і қайтыс болды. Өкінішке қарай, өмірден өткен жандардың бесеуі – кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Бұл көрсеткіштердің алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір өсіп отырғаны алаңдатады. Ал мұның себебі неде?
Р.ӨСЕРБАЕВ: – Иә, өкінішке қарай көрсеткіш жыл санап өсуде. Бұған қарап жұмыс әлсіреп кетті деуге болмайды.Төтенше жағдайдың алдын алу үшін кеңінен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үгіт-насихаттық көрнекіліктер облыс, қала бойынша үлкен экрандарда, білім ошақтарында, қоғамдық орындарда, тіпті ұшақтардың ішіндегі жарнама бұрыштарында да көрсетіліп, ілінген. Бұл шаралар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өңірлік филиалының қызметкерлерімен бірлесіп те жүргізілуде. Дегенмен сақтық шаралары туралы жарнамалық, көрнекілік материалдарға көпшіліктің көңіл бере бермейтіні бізді қынжылтады. Бұлай дейтін себебім, төтенше жағдайдың жиілеп кетуіне көбіне-көп тұрғындардың өзі себепкер болуда. Қарапайым газ тетігін дұрыс қосуды білмейді. Ал біз жоғарыда айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы апаттың алдын алу шараларын үздіксіз көрсетіп келеміз. Әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, әлеуметтік бейнероликтерді жиі-жиі беріп жатырмыз. Қазір адамдар көп нәрсеге немкетті қарайды. Соның салдарынан осындай қайғылы апаттар орын алуда. Рас, әркім өз тіршілігінің қожайыны. Сондықтан әрбір үйдің ішкі тұрмыстық жағдайына, оның жеке мүлкіне араласуға біздің хақымыз жоқ.
С.ИСМАЙЛОВ: – Апатты оқиғалардың көбейіп отырғанының тағы бір себебі – тұтынушылар санының жылдан жылға арта түсуінен де деуге болады. Мәселен бір қазандықты бірнеше пәтер пайдаланатын жағдайлар бар. Мұндайда техникалық ережені бұзу фактілері салдарынан апатты жағдайлар орын алатыны жасырын емес. Осы бағытта жергілікті атқарушы билік, ҚазТрансГазАймақ, ТЖД бірлесіп, келісім бойынша мамандарды бөліп, демалыс күндері де тұрғындармен жұмыс істеп келеміз. Одан бөлек, коммуналды қызмет ақысын жинаған кезде есеп қағазын таратамыз. Есеп қағазының артында газ қолдану ережесі мен ескертулер жазылады. Бірақ көпшілігінің соған мән беріп қарамайтынын немен түсіндіруге болады?
«ШК»: – Қазір үйлерін Қытайдан, Ираннан әкелінген тасты пештермен жылытатын тұрғындар да аз емес. Ал осындай пештерді пайдалануға рұқсат берілген бе? Жалпы, оны орнатуға бақылау жасап, қадағалайтын мекеме бар ма?
С.ИСМАЙЛОВ:– ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңына сәйкес ішкі газ қондырғылары заман ағымына қарай еркін нарыққа өтіп кеткен. Тұрғындар иран, қытай пештерін қолданса, оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Ол тұтынушының өз еркіндегі шаруа. Оған Заң шеңберінде тыйым салынбаған. Тыйым салатын мекеме де жоқ. Бірақ, ирандық пештердің құрылымында мұржа қарастырылмаған. Ал «Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай тұрғын үйде мұржа болмаса, онда ол үйдің газ жүйесін өшіруге біздің толық құқымыз бар. Тұтынушы кез келген газ қондырғысын бөлмеге орнатып, қасына желдеткіш қойып, мұржаны тексеріп отыруы керек. Жанған газ қалдықтары мұржа арқылы далаға шығып кетеді. Мұны көп тұтынушылар ескере бермейді. Газ қондырғысын біздің мекеменің рұқсатынсыз қояды.
«Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай біз де жеке секторларға рұқсатсыз кіре алмаймыз. Газ орнату жүйесіне қосылып жатқан жаңа абоненттерге келісімшарт береміз. Сол шарттың негізінде біздің мамандар барып, көріп, қабылдап алғаннан кейін ғана газ қосылады. Өкінішке қарай, көп ретте жағдай керісінше орын алады. Тұрғындар мұндай мәселеде жеке кәсіпкерлердің қызметін пайдаланады да, техникалық ақаулар анықталған кезде барып бізге хабарласады. Мұндай жағдайда біздің мекемемен келісімшарты болмаса да, газды өшіріп тастауға құқымыз бар. Ал негізінен ақауды қайта жөндету үшін тұтынушы өзі келісімшартқа отырған жеке кәсіпкерге жүгінуі тиіс.
«ШК»: – Қазір қаладағы тұрғын үйлердің көпшілігі жылу орталықтарының қызметін пайдаланудан гөрі дербес қазандық орнатып алуды құп көретін болды. Оларға автономды қазандық жүйесін орнатуға заңдық негізде рұқсат бар ма?
С.ИСМАЙЛОВ: – Дербес жылыту жүйесін қосып алған тұрғындар мұны ешкімнің рұқсатынсыз, өз бетінше орнатып алғандығын айтуға тиіспіз. Рас, егер үйдің құрылысында мұржа қарастырылып, газ колонкасы орнатылған болса, дербес қазандықты тек су жылыту үшін пайдалануға рұқсат беріледі.
Негізінде көпқабатты үйлерге дербес қазандық қоюға болмайды. Кейбіреулер оны асүйге, жуынатын бөлмеге, балконға орнатады. Бұл – ережені өрескел бұзғандық. Бүгіндері жаңадан салынып жатқан үйлердің жобасында дербес (автономды) жылыту жүйесі қарастырылуда. Ал бұрынғы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін үйлерге автономды жүйе жарамайды. Бізге: «Орталық жылу жүйесін қолдансақ та, үйімізден газдың иісі шығып тұрады», – деп хабарласатындар бар. Ол иіс қайдан шығып жатыр? Демек ол пәтердің жоғары немесе төменгі қабатындағы көршісі автономды жүйені қолданатын болып шығады. Мұның дұрыс емес екендігін тұрғындарға түсіндіріп келеміз. Бірақ, заңдық тұрғыда бұл мәселені қадағалап, тиісті шара көретін арнайы мекеме жоқ. Кезінде техникалық қауіпсіздікке жауап беретін арнайы инспекция болатын. 2000-шы жылдарға дейін мұндай инспекция біздің мекемеге қарайтын еді. Ол мекеменің инженерлері мен әскери-инженерлік қызметкерлері (сапер) улану жағдайы орын алса, газды өшіретін. Барлық жұмыс қадағаланып отыратын. Инспекторлар ереже бұзушылық анықталған жағдайда абонентке әкімшілік айыппұл салатын. Алдағы уақытта «Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай осы секілді инспекция құрылғалы жатыр. Ал бүгінгі жағдайда дербес қазандық қызметін бақылап, Заң негізінде талап ету біздің құзырымызға кірмейді.
Р.ӨСЕРБАЕВ: – Иә, бұрын газ-техникалық инспекция жұмыс істейтін. ТЖД-ның бұрынғы басшысы У.Ережеповтің кезінде де осы қызметті қайтадан енгізу мәселесі бірнеше рет көтерілген еді. Бірақ, ол мәселе әзірге шешімін таба қойған жоқ. Біздің тарапымыздан бұған байлынысты ұсыныс әлдеқашан берілген. Яғни, бұл проблема бүгін ғана көтеріліп отыр деуге болмайды.
Қымбат құрылғыны қалта көтермейді
«ШК»: – Апатты жағдайлар көпқабатты тұрғын үйде жиі орын ала ма, әлде жеке секторда ма?
С. ИСМАЙЛОВ: – Оны бөле- жара айту қиын. Екеуінде де бірдей десек болады. Қазір облыс бойынша 307 мың абонент газ тұтынатын болса, газдандырылған көпқабатты үйлердің саны 78 мың. Негізінде апаттың бірден бір себебі – газ қондырғыларын тиісті мекеменің рұқсатынсыз, талапқа сай емес жағдайда, өз беттерінше орнатудан шығады. Мәселен, Халықтар достығы көшесінде таяуда болған апатты оқиғада анықталғандай, газ қондырғысын орнатуға біздің мекемеден рұқсат алмаған, есептеуіш құралдары сыртта тұр. Бір қазандықпен бірнеше пәтер жылытылған. Қауіпсіздік шаралары ескерілмеген.
Р.ӨСЕРБАЕВ: – Қазір заман талабына сай техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа, тиімді құрылғылар шығарылып жатыр. Газ қондырғысы тұрған бөлмеде метан немесе иісті газ пайда болса, дабыл қағатын арнайы аспап бар. «Осындай аспапты қойыңыздар, бұл – өз қауіпсіздігіңіз үшін қажет», – деп тұрғындарға түсіндіріп, айтып-ақ жатамыз. Әйткенмен алатын жауабымыз біреу-ақ: «Оған мүмкіндігіміз жоқ. Өз қауіпсіздігімізге өзіміз жауаптымыз. Қазір өзімізге қолжетімдісін ала тұрсақ, алдағы уақытта көре жатармыз», -дейді тұрғындар. Оларға пәлендей талап қойып, мәжбүрлей алмайсың. Себебі, екінің бірінің қымбат қондырғы немес газ жабдығын қоюға қаржылық жағдайы көтере бермейтіні түсінікті..
«ШК»: – Сонда тұтынушылардың газды пайдаланудағы қауіпсіздігін қадағалау ешкімнің құзырына кірмейтін болғаны ма? Әркім өз қауіпсіздігіме өзім жауаптымын деп отыра берсе, мәселенің заңдық негізін қайдан іздейміз?
Р.ӨСЕРБАЕВ: – Әрине, кез-келген мәселенің заңды шешімі болуы тиіс. Бұл тұрғыда оған жауап беретін Заң жоқ дей алмаймыз. Алайда, ол заң біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етуде. Бұл салада жоғарыда айтқан газ-техникалық инспекция қызметі жетіспей жатыр.
С.ИСМАЙЛОВ: – Қазір осы заңның әлжуаздығын пайдаланған алаяқтар көбейді. Жеке компаниялардың газ қондырушы мамандары көп ретте алаяқтықпен ақша табады. Ақшаны алғанмен, мұржасын тексермейді, жылыту қондырғысын бақыламайды. Сол үшін тұрғындар ондай жеке кәсіпкерлермен заңды келісімшарт түзіп, соған сай алдымен тиісті қызметін алып, содан соң ғана төлем жасап, төлемқағазын талап етсе, алаяқтың арбауына түспейді. «Сіздерге осындай қызмет көрсететін боламыз» деп алдымен ақшасын төлетіп алып, соңынан таптырмай немесе танымай кететін «компаниялар» да кездеседі.
Егер газ пайдалануға қатысты мәселелер туындаса, біздегі сенім телефоны (104) мен 92-11-77 нөміріндегі саll-орталыққа хабарласқан жөн. Сондай-ақ, түбіртек бойынша сауалдарға байланысты WhatsApp желісінде
(8-777-727-77-21) «Омега-ХХІ» тобына жазуларыңызға болады.
Бесіктегі сәбиді жасақтың жігіттері алып шыққан
«ШК»: – 8-қаңтарда Халықтар достығы көшесінде орналасқан екіқабатты жеке тұрғын үйдегі газ-ауа қосындысы салдарынан болған жарылыс кезінде оқиға орнына ОҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» МКМ-сінің қызметкерлері де жедел жеткен болатын. Алайда, «Жедел жәрдем стансасының» 13-бригада қызметкерлері бірінші келіп, бесіктегі сәбиді үйінді астынан аршып алғандай болып көрсетілген бейне түсірілім әлеуметтік желі арқылы елге тарап кетті. Соны көріп, «Жедел құтқару жасағының» жігіттері сол кезде қайда жүрді?» деген заңды сауал туындаған-ды.
Ғ.ДҮЙСЕНБАЕВ: – Түнгі сағат 3:56-да диспетчерлік қызметке 112-ден хабарлама түскен. Бізде кезекші диспетчер хабарламаның қашан, қайдан келгені туралы хронология жасап отырады. Оқиға орнында екі құтқару бөлімшесі, біздің бөлімнен 44 құтқарушы болды. Жігіттер 18 минутта 3 адамды үйінді астынан шығарған. Негізінде құтқару бөлімшесінің бастығы Рахымжан Бекенбаев бастан-аяқ апат орнында болды. Жедел жәрдем қызметі жақын маңда жүргендіктен, бізден сәл ертерек барған. Алайда, бес адамның бесеуін де шығарған біздің жігіттер. Үйінді астында қалған бесіктегі сәбиді алып шығып, «Жедел жәрдем» қызметкерінің қолына берген. Міне дәл осы тұстан, яғни сәбидің «жедел жәрдемшілердің» қолына тиген тұсынан бастап көрсетілген бейнежазбадан «Жедел жәрдем» қызметкерлері «батыр» болып шыға келді. Бұл арада біздің олармен таласқымыз да, қызметімізді бұлдағымыз да келмейді. Төтенше жағдай орын алғанда жедел де жанкештілікпен көмек көрсету – біздің міндетіміз. Соған сай өз міндетімізді толық орындағанымызды жақсы білеміз. Біздің негізгі жұмысымыз оқиғаны бастан – аяқ видиожазбаға түсіріп алу емес. Мұндай аласапыран кезде барлық күш ең бірінші адамның өмірін құтқаруға жұмылдырылады. Қосымша құтқару жасақтарын шақыруға 1 сағат уақыт беріледі. Олар келемін дегенше, сол жердегі құтқарушылар шұғыл іске кірісіп, біреуі үйінді астынан сәбиді шығарып жатса, енді бірі әйелді аршып алып жатқан. Жарылыс орнынан 5 адамды алып шыққан қызметкерлеріміздің өз міндетіне адалдығы мен жауапкершілігіне ешкім күмән келтіре алмайды. Бесіктің тартпасын шешіп, нәрестені алып шыққан біздің жасақтағы Руслан Әлиев деген жігіт. Ал жұртқа әлеуметтік желі арқылы таратылған бейнежазба қызметке адалдықты көрсетуден гөрі жалған жарнаманы мақсат еткені бізді қатты қынжылтты. Видеоны тиісті мақсатқа сай кесіп-кесіп жалғағаны да айқын болды.
Жергілікті кейбір БАҚ-дың мәселенің байыбына бармай біржақты ақпарат беріп жібергеніне қарнымыз ашады. Сол ақпарат лезде республикаға тарап кетті.
Ерлікті қолдан жасауға болмайды. Ол – намыстың, адалдықтың, азаматтықтың, жауапкершіліктің үлгісі.
Р.ӨСЕРБАЕВ: – Бұл жерде айта кететін тағы бір нәрсе – адамдардың селқостығы, немкеттілігі, иманының төмендеп кеткендігі дер едім. Оқиға барысында үй иесінен, қасындағы көршілерінен: «Мына үйде қанша адам тұрды? Қандай адамдар бар еді?» деп сұрасақ, ешкім жұмған аузын ашпады. Екіқабатты үй опырылып, адамдар үйінді астында қалды. Ол жерде темір де, топырақ пен тас та, есік-терезе, басқа заттар да араласып, миы шығып жатыр. Оның астында қанша адам қалғанын, ол үйде кімдер тұрғанын айтып, құтқару жұмысына дерек берудің орнына үйін жалға берген азамат: «Мен ештеңе білмеймін» деп басын алып қашып, безектейді. Жауапкершіліктен жалтару, «бар пәле өзімнен аулақ болса болды» деген жаныашымастық, салғырттық – кез келген жағдайда қауіпті қасиет. Келеңсіз, кесірлі жағдайлар кейде осындай немкеттіліктен туындап жатады.
Жарылыс –жауапсыздық салдары
«ШК»: – Төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты қандай шаралар жүргізілуде?
Ғ. МҰРАТОВ: – Өткен мерзімдермен салыстырғанда тұрғындар арасында түсіндіру-насихаттау шараларын анағұрлым жоғары деңгейде ұйымдастырудамыз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ арқылы 141 мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мектеп ғимараттарында оқушылардың түсінік-танымын кеңейтетін ойын, байқаулар өткізуді қолға алдық. Бейнероликтер дайындалып, экскурсиялар, көрме жұмыстары ұйымдастырылды. Әр жұма сайын қала мешіттерінде имамдардың рұқсатымен, намаз алдында жамағатқа түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«ШК»: – Көмекші иттердің қызметі сіздердің жұмыстарыңызға қаншалықты жәрдемін тигізуде?
Ғ. ДҮЙСЕНБАЕВ: – Жалпы, үлкен ауқымды қамтыған апаттар орын алған сәтте кинолог мамандардың жәрдемі аса қажет-ақ. Ал, кешегі газ жарылысының салдарынан қирандыға айналған үйдің жалпы аумағы 8,4 шаршы метрді құрайды. Онда алдымен біздер құтқарушы мамандарымыздың біліктілігіне сенім артып, құтқару шарасын өз күшімізбен атқардық. Шынында, бұл сәтте қирандының астында қалған адамдардың дыбысын не болмаса қозғалысын жедел әрі сергектікпен анықтау қажет еді. Мұндай жағдайда бізге анықтама беріп, жұмысымызды бағыттауға жәрдемін тигізуге тиіс үй иелері үйінді астында қанша адамның қалғанын айтқысы келмеді. Сондықтан үйінді астынан ең соңынан 16 жасар бойжеткенді аршып алғаннан кейін де, жұмыстарымызды ары қарай жалғастыруымызға тура келді. Себебі, біздің қолымызда нақты қанша адамның зардап шеккені туралы нақты мәлімет жоқ еді. Жігіттеріміз қирандыны түгел төңкеріп тастағанша тыным таппады.
«ШК»: – Құтқарушы қызметі – қауіпті мамандықтың бірі. Құтқару операциялары кезінде өз қызметкерлеріңіздің зардап шеккен жағдайлары болды ма?
Ғ. ДҮЙСЕНБАЕВ: – Өткен жылдың мамыр айында таулы аймақта бір жігітті құтқарып алған қызметкеріміз, өкінішке қарай, оқиға орнында өзі опат болды. Құтқарушының өмірі қиылған бұл оқиға соңғы 20 жылда орын алған бірден-бір қайғылы жағдай еді.
«ШК»: – Жалпы, құтқарушы мамандығы қайда даярланады? Оларды арнайы жаттықтырып немесе үйрететін орын бар ма?
Р.БЕКЕМБАЕВ: – Құтқару қызметіне тек кәсіби білімі бар азаматтар ғана қабылданады десек, дұрыс айтпағандық болар. Себебі осы салаға ықылас-ынтасы бар әр азамат құтқарушы қызметіне келе алады. Бұл үшін соған қызығушылық танытқан азаматтар қатаң тексерулерден, дайындықтардан өтеді. Арнайы құрылған комиссия оның денсаулығы мен қабілетін толық зерделей отырып, сертификат береді.
Оңтүстік өңірі бойынша мамандар даярлауда М. Әуезов атындағы ОҚМУ және мамандандырылған колледжінде арнайы факультет бар. Ал негізгі мамандар Көкшетау қаласындағы арнайы училищеде оқытылады.
«ШК»: – Кеңес Одағы кезінде газбен қамту, техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бақылау жұмыстары орталықтандырылған жүйеде бір ғана мекеменің құзырында болатын. Қазір бұл салада қызметін ұсынатын жеке кәсіпкерлік мекемелер көбейді. Ал оның өзіндік тиімділігі бар ма?
С. ИСМАЙЛОВ: – Бүгінде халыққа қызмет көрсететін коммуналдық құрылымдардың барлығы да «еркін нарық» жағдайында жұмыс істеуде. Мәселен, өз тарапымыздан айтар болсақ, келісімшарт негізінде қызметкерлерімізге 8 сағаттық жұмыс күніне есептелген жалақы төленеді. Еңбек туралы заңға сай жұмысшыларға одан артық уақытқа қосымша міндеттемелер жүктей алмаймыз. Яғни, өңірдегі 308 мың абонент үшін бар болғаны 150 қызметкеріміз есепті уақыт ішінде міндетін атқарып шығуға тырысады. Түбіртек таратады, есептеуіш көрсеткіштерін жазып алады. Одан арғы әрбір үйдің техникалық қауіпсіздік жағдайын саралауға олардың мүмкіншілігі жоқ. Бұл ретте, әр абонент ақылы түрде арнайы келісімшарт негізінде жеке коммерциялық құрылымдардың қызметін пайдалана алады.
Р. ӨСЕРБАЕВ: – Жалпы кез-келген жұмыста, қайсыбір мәселеде болмасын ең зиянды, ең кесірлі жағдай адамдардың салғырттығынан туындайтынын бүгінгі әңгімеміздің негізгі түйіні ретінде баса айтқым келеді. Тұрмыс –тіршілігіміздегі, қоғамдық өміріміздегі барлық саланың қызметі адамдардың игілігі үшін жасалады. Газ да, су да, жылу да, электр қуаты да халықтың коммуналдық тұрмысына қолайлылық, жайлылық, жеңілдік туғызу мақсатында пайдаланылады. Ал олардан қауіпті жағдай туғызу адамдардың өзіне, яғни жауапсыздығына, салақтығына байланысты орын алып жатады. Мәселен, қарапайым ғана пеш мұржасын уақытылы тазалап тұрмаудың салдарынан, күл мен қаққа толған құбыр жарылыс беруі әбден мүмкін. Көп адамдар немқұрайдылығымен көмірмен жағып келген пешіне газ құрылғысына жалғап алады. Су жылытқыш құрылғысын бірнеше жерден жалғап, үйді жылытуға пайдалану арқылы өз өміріне үлкен қатер тудырады. Осының салдарынан, улы газдың ауаға тарау дерегі жиі кездеседі. Айта кететін жәйт, ауаға 5 пайызға дейінгі мөлшерде газ араласар болса, ол бірден жарылыс береді. Газ мөлшері одан асып кетер болса, өрт лаулайды. Адамдардың салғырттығы дегеннен шығады, күні кеше орын алған келеңсіз жәйтті тағы бір саралап өтер болсақ, үйінді арасынан иранның тасты пешінің қалдықтары анықталды. Қазіргі таңда, жарылыстың басты себебі ретінде, пештің дұрыс жағдайда орналастырылмағаны болжануда. Яғни «газ қауіпті ме, салғырттық қауіпті ме?» деген сауалдың жауабын осындай төтенше жағдайлардың мысалынан-ақ табуға болады.
«ШК»: – Ия, біздің бүгінгі басқосудағы әңгімеміздің негізгі мақсаты да осы еді. Төтенше, қауіпті жағдайлардың алдын алу, сақтық шараларын ескеру әркімнің өмірінің кепілі екенін түсіндіру. Бұл тұрғыдағы мәселені біршама саралаған сияқтымыз. Одан ой түйіп, сана сарабына салуды әрине, әрбір тұрғынның түйсік-түсінігіне қалдырайық. Ал сіздерге маңызды, мазмұнды әңгімелеріңіз үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені жазып алған:
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Жеңісбек КОЛХОЗОВ