Шатқалдағы – бақ-талдар
Среда, 18 Январь 2017 08:41«Шымсаяға» 1 мың түп ағаш отырғызылды
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес қала аумағына жаңадан елдімекендер қосылып, халықтың саны артты. Сондықтан қаланың экологиялық ахуалы мен ішкі туризмін жақсарту және қараусыз жатқан сайларды саябаққа айналдыру мақсатында өңірде «Шатқал» бағдарламасы әзірленді.
Өңір басшысы Ж.Түймебаевтың қатысуымен бағдарлама аясында жаңа демалыс орнының капсуласы салынды. Келешекте халқымыз тынығып, серуендейтін саялы баққа «Шымсая» деген атау берілді.
«Тассай» тұрғын үй алабының маңында орналасқан 25 гектар шатқалды көгалдандыру мақсатында құрылған демалыс аймағында 1 мың түп ағаш отырғызылды.
Көгалдандыру жұмысына өңір басшысымен бірлесе сол елді мекеннің тұрғындары, жастар, жоғарғы оқу орнының студенттері мен ұстаздары және БАҚ өкілдері боз арша, талшын шаған, емен, катальпа, аққайың ағаштарын егіп, қаламыздың гүлденіп, көркейуіне өз үлестерін қосты.
– Алдағы уақытта демалыс аймағына 6 мың түп ағаш көшеттері отырғызылып, балалар алаңшасы, шахмат және дойбы алаңы, вело жолдар мен театралдық сахна, полиция бөлімшесі, спорттық жаттығу алаңдары салынып, халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек биыл қалада тағы осы сынды 4 жер абаттандырылып, саябаққа айналдырылады. Сонымен қатар, «Шатқал» бағдарламасы аясында 16 мың гектардан астам алқапты құрайтын қаланың жасыл белдеуін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Ж.Түймебаев.
Саябақта серуендеп қана қоймай, мәдени кештер ұйымдастырылып, ашық аспан астындағы амфитеатр қойылады.
Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған тың жоба бойынша алдағы уақытта қалада 600 гектар шатқалды демалыс орындарына айналдыру жоспарлануда. Осы жылы бірінші кезеңдік жұмыстар шеңберінде қолға алынатын 5 шатқалдың (97 гектар жерді құрайды) біреуі бюджет қаржысы есебінен көгалдандырылып, сая жерлерге айналдырылса, қалғаны демеушілер есебінен жүзеге асырылатын болады. Осы іспеттес абаттандыру жұмыстары қаладағы «Самал-3», «Нұрсәт», «Достық» (оң жақ және сол жақ) шағынаудандарында жүргізіледі.
Апайлар&ағайлар: теңесу формуласы шешіле ме?
Пятница, 13 Январь 2017 06:51Бұрындары ақсақалдар «Молда бол» деп бата беретін. Ондағы ойы – «Мұғалім бол, оқы, таны, жетіл» дегені болса керек. Кеңестік кезеңде мұғалім мамандығының мәртебесі жоғары еді. «Кімсің – мұғаліммін» дейтін қағида берік орнаған заман артта қалды. Ащы ақиқат осындай. Ұстаздық – қыздардың ғана мамандығындай көрінеді қазірде. Мектептердегі ер мұғалімдерді саусақпен санаймыз. Бүгінде, тіпті, денешынықтыру мен еңбек пәндерін де нәзікжандылар жүргізіп жүр. Сөзімізді нақтылай түсу үшін қалалық Білім бөлімі берген статистикаға жүгінсек.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 129 мектеп бар. Қала бойынша 15 мыңнан астам мұғалім қызмет атқарады. Техникалық мамандарды қоса есептегенде 24 мыңнан астам маман жұмыс істеуде. Мұғалімдердің 50 пайызы – жоғары санатты мұғалімдер. 15 мыңның 3 мыңнан астамы ғана – ер мұғалімдер, яғни 18 пайызын ғана құрайды. Қалған 82 пайызы – әйелдер. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін ер мұғалімдердің үлес салмағы 60 пайыз болған.
Ұстаз беделі – мемлекет кемелі
– Мұндай үлкен өзгеріске келуіміздің себебі, ұстаз мәртебесінің төмендеп кетуі. Ер азаматтарға қол емес жұмыс сияқты көрінеді. Мен қаланың білім бөлімін басқаратын адам ретінде мектепте білімді ер адам сабақ бергенін қалаған болар едім. Бір ғана Шымкент қаласының өзінде 167 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатса, соның 30 мыңға жуығы – жартылай отбасынан шыққан балалар. Оның ішінде, 80 пайызының әкесі жоқ. Үйінде анасының, мектепке келгенде тағы да әйел мұғалімнің тәрбиесін көргеннен кейін, ұрпақ жұмсарып, нәзіктеніп барады, – деді мәселенің ашығын айтқан Білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.
Ұстаз беделінің түсіп кетуінің бірінші себебі, мұғалімдердің білім сапасында болып тұр. Сапаны арттыру үшін педагогикалық мамандыққа түсу байқауына талапты күшейтіп, ең үздік оқушыларға ғана грант бөлу керек. Оқушылардың ҰБТ-да тапсыратын тестін мұғалімдердің кез келгені тапсырып бере алмайды. Қазір кейбір жоғары сынып оқушылары мұғалімінен де көп біледі. Интернеттен бәрін бүге-шігесіне дейін оқып алады да, ұстазын жаңылтып, тосырқатады. Осыдан барып тағы да ұстаздың абыройы төмендейді. Сондықтан, бүгінгі заманда ұстаз болу – өте жауапты әрі ауыр жұмыс деп айтар едік.
Ұстаз өз білімін айлап, жылдап емес, сағат сайын жетілдіріп отыруға тиіс. Әйтпесе, толассыз ақпарат заманында, ұстаз деңгейі оқушыдан да «төмендеп» қалуы мүмкін. Өйткені, қазіргінің оқушысында көп мәліметті өздігінен біле алу мүмкіндігі орасан. Білім-білігі жоғары, жан-жақты, психолог ұстаздардың тапшылығы байқалады.Қаламызда еңбегі айрықша ұстаздарымыз да жоқ емес. Мәселен, №7 мектептің физика пәнінің мұғалімі Дүйсен Жүнісбековті оқушылар іздеп, жан-жағын қаумалап, сұрақтың астына алып, сол кісіден титтей де нәрсе үйренуге құштар. Себебі, ол зейнет жасынан асса да, жаңалыққа жаны құмар ізденімпаз, тәжірибелі педагог.
Бүгінгі күні көп ер азаматтардың таңдайтыны – құқық, экономика, қаржы саласы. Осы бағытта бізге саяси тұрғыда көп жұмыс істеу керек сияқты. Қандай жағдайда ұстаздық қызметке ер азаматтар келген болар еді?! Мысалы үшін, бір мұғалімнің айлығымен бүтін бір отбасыны асырап, толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Сол үшін мұғалімдік қызметтің айлық жалақысы жоғары болуы керек.
Тағы бір айтатын нәрсе, қоғам тарапынан ұстазды сыйлау, құрметтеу жоқ.
Бұрын ұстаз деген – ең қадірлі мамандық болса, қазір оған түсу де оңай, оқу ақысы да арзан болғандықтан, талап та азайды. Оқу үлгерімі ең нашар оқушымыз бес жылдан кейін дипломын құшақтап келіп тұрғанда, төбе шашың тік тұрады. Басқа мамандықтар өз алдына, бірақ, басқа-басқа дәрігер мен мұғалімді оқытуда ЖОО-да талапты күшейту керек деп ойлаймын. Мемлекеттік деңгейде билік араласпаса, бұл мәселе жақын арада шешімін табатынына да сенім аз.
Былай қарағанда, қыздардың мамандығы сияқты көрінеді. Бірақ, жартылай отбасының, ата-ана қамқорынсыз қалған, жетім балалалары көбейген заманда ер мұғалімдердің ауадай қажеттігі сезіледі. Оқушылардың психологиясына да, оқу үлгеріміне де оң әсер етер еді.
«Биылдың өзінде оқушылар арасындағы ұрлық-қарлық фактілері 40 пайызға өсіп отыр. Ер азаматтар көбейсе, оқушылар арасындағы қылмыстың да алдын алған болар едік. Айта кететін нәрсе, қаламыздағы дене шынықтыру, технология пәндерінің мұғалімдері, яғни, ер азаматтармен кешкі рейд жүргізіп жатырмыз. Әйел азаматтарға кешкі қосалқы тапсырма да бере алмайсың. Өйткені, әйел – үйдің адамы, күнімен мектепте жүргенімен, кешке отбасы, ошақ қасында отыруға тиіс. Сондықтан, ер азаматтармен кешке қарай көше-көшені аралап, беймезгіл жүрген бейтәртіп балаларды ұстап, шара қолдандық. Сол жұмыстың нәтижесі болар, соңғы екі айда кешке бала таппаймыз. Ер мұғалімдердің тағы бір пайдасы осы жерде тигенін атап айту қажет, – деді қалалық Білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы.
Еңбекақы ескерілсе...
Қазірде ең алдыңғы қатарлы, жоғарғы санатты мұғалімдердің айлық жалақысы – 170 мың теңге. Бірақ, бұл бір жылда қол жеткізе салатын жағдай емес. Алғашқы жылдары мұғалімдер 60-70 мыңның төңірегінде жалақы алады. Әр бес жылда категориясын көтеріп отырады. ҚР Білім және ғылым министрлігі мұғалімдер еңбегін төлеу жүйесін өзгертуді жалғастырады. Бұл туралы Қазақстан білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев : «Орта білім саласында біздің ең басты жетістіктеріміздің бірі – ол 2016 жылдан мұғалімдер жалақысын арттыруға қатысты. Бұл ең маңызды мәселе. Бұдан әрі қарай да ұстаздар үшін еңбекті төлеу жүйесін өзгерту мәселесі бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Біз педагогтың жұмысы оңай емес екенін түсінеміз, алайда мұғалімнің сабақ беру сапасы да сәйкесінше өсуі керек. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз», – деген болатын.
Қалалық Тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Айнаш Туғанбаева да «Мектептерде ер мұғалімдер көбейсе, оқушылар арасындағы қылмыс пен түрлі келеңсіздіктің алдын алар едік» деген пікірде. – Біздің өңірімізде еңбегімен ерекше көзге түсіп жүрген ер мұғалім деп ақын, педагог, аудармашы Абай Қалшабекті айтар едім. Ол ұстаздық еткен қай мектептің, қай сыныбында да оқушылар тәртіпке бағынып, ар-ұят, имандылық ұғымдарын түйсініп есейеді. Небір «қиын балаларды» Абай білім-білігінің арқасында тығырықтан аман алып шығуда. Оның бұл елеулі еңбегі өзгелерге үлгі», -дейді Айнаш Туғанбаева. Иә, осындай облысымызға еңбегі сіңген, айтулы ұстаздарымызды қанша мақтанышпен айтып, насихаттасақ та артықтық етпейтін шығар. Біз сол үлгілі ұстаз Абай Қалшабектің өзінің де пікірін білгіміз келіп, хабарласқан едік.
– Соңғы жылдары мектептерде ер мұғалімдердің үлес салмағы аздап болса да, артты. Қазір 15 мың мұғалімнің 3 мыңы – ер мұғалімдер болса, үш-төрт жыл бұрын одан да аз болатын. Аз болуының басты екі себебін атап өтер едім: оның біріншісі – мектеп басшылығында өңкей әйел адамдардың отыруы, екіншісі – мұғалім жалақысының аздығы. Жасыратыны жоқ, қазір мектеп директорларының да басым көпшілігі – әйел азаматтар. Әйелді әйел ғана түсінетініндей, мектептегі ұсақ-түйек, қағазбастылыққа анау-мынау ер адам шыдас бермейді. Мен осыған дейін өзім қызмет ететін мектептердің басшылығына «мені бір-ақ нәрседен, қағазбастылықтан құтқарсаңыз болды» деп өтініш айтып келдім. Өтінішімді ешқайсысы да елеусіз қалдырмады. Екінші себебі – жалақының төмендігі деп отырмыз ғой. Иә, бір отбасыны бір мектептен алатын айлықпен асырау мүмкін емес. Мәселен, өзім қосымша жұмыстармен, оқушылар мен мұғалімдерге шеберлік сыныптарын өткізумен, зерттеу жұмыстарымен, ғылыми жобалармен айналысамын», – деді Абай Қалшабек.
Тобықтай түйін
Ұлымыз ұлтжанды, намысшыл, қызымыз – ибалы, қылықты болсын десек, мектепке ер мұғалімдерді көптеп тартуымыз қажет. Ол үшін, бірінші, ұстаз беделін көтеру керек. Ол қайтсе көтерілмек? Әрине, мұғалімдердің білім сапасын арттырумен. ЖОО-да педагогика факультеттерінде білім алғысы келетіндерге талап пен тәртіпті күшейту керек. Кім көрінген түсе салатын факультеттен, жан-жақты, білімді, ізденімпаз оқушылар түсетін факультетке айналса... Мұғалімді жұмысқа қабылдар кезде де, қатаң талап-қағида орын алса... Мектептер қағазбастылықтан арылса... Одан кейін ұстаздың жалақысы «ұялмайтындай» мөлшерде көбейсе... Әлбетте, мұның бәрін шешетін, тек Үкімет. Бұл мәселелер мемлекеттік деңгейде қаралмаса, қазіргідей нарық заманында ер азаматтардың білім саласына бет бұруы қиындау...
Санжар КЕРІМБАЙ,
зерттеуші, «Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр Шәріп» кітаптарының авторы:– Мектептерде, ЖОО-да ер мұғалімдердің азайып кету себебі, көп қазақ ұлына қарағанда қызын оқытқанды жөн көріп тұрады. «Ұл қара жұмыс істесе де, өлмейді, күнін көреді» дегендей, ұлдарын оқуға тежеумен болады. Бұл біздің қоғамның шет-шегі жоқ шеңбері. Негізі ата-ана ұлын бірінші оқытуы керек. Меніңше, бұл мәселені Үкімет қана заңмен реттей алады. Басқалай жолын білмедім. Табиғи жолмен теңесу мүмкін еместей көрінеді. Мектепте ер адамның саны кемі 40 пайыз болуын міндеттеу керек шығар. Сосын педогогикалық оқу орындарына түсетін ер балаға жеңілдік берсе де болады.Мысалы, жетімдерге, әлеуметтік төмен отбасының балаларына берген жеңілдік сияқты.
Ұрпағы ұлықтаған тұлға
Среда, 11 Январь 2017 06:47Дінмұхамед Қонаев дегенде халық арасында кең таралған бірнеше сөз орамдары еске оралады. «Мен қанша биікке көтерілсем де, халқымнан төмен екенімді ешқашан ұмытқаным жоқ!». «Бар қазақ баласы – менің балам!». Иә, Димаш ата қанша биіктесе де, өзінің қарапайым қалпын сақтаған. Өмірінде жиһаз орнына кітап жиып, көлік орнына көптің қасынан табылып, сыйға алған сыйлықтарын, қаржылай марапаттарын балалар үйіне өткізіп отырған. Қарапайымдылығымен қатар аса қанағатшыл жан болған. Алматы қаласындағы қазіргі Абылай хан даңғылы мен Бөгенбей батыр көшесінің қиылысындағы үш қабатты үйден шығып, Үкімет үйіне жаяу бара жатқан Қонаевты көргендер аз емес. Ондай естеліктер көптеп айтылады.
Жалпы, Дінмұхамед Ахметұлы іспетті дара тұлғаның есімі елімізде қалай дәріптеліп жүр? Біз бүгін осы сауалға жауап іздемекпіз. Республика бойынша Алматыда, сосын Шымкентте мұражай ашылған. 1994 жылдың 24 ақпанында ҚР Президентінің «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» қаулысы жарияланып, онда елін сүйген ердің Қазақстанды өркендету жолындағы еңбегін ерекше бағалай отырып, Алматы қаласынан оның мұражайын ашу жөнінде тапсырма берілді. Ұлы тұлғаның 90 жылдығына орай 2002 жылдың қаңтар айында мұражай өз есігін ашты.
♦ Тарихтан сыр шерткен
Алматыдағы мұражайдың ерекше құндылығы – мемориалдық пәтер-мұражайының толықтығында және ауқымының кеңдігінде. Мұнда сақталған жәдігерлер Дінмұхамед Ахметұлының дүние-мүлікке қызықпайтын қарапайым адам болғанын, оның қарапайым тіршілігін, қалай дем алып, нендей дүниеге қызығушылық білдіретінін аңғартады. М.Төлебаев көшесіндегі «Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер-мұражайы» – бұл өткен тарихымызбен таныстыратын орын әрі өнегелі өмірдің нағыз куәгері.
Шымкентте Қонаев даңғылының бойында халқына қадірі артқан қайраткердің мұражайы орын тепкен. 1997 жылы Д.А.Қонаев қоры құрылып, сол Қордың ісін жандандыру мақсатында 2005 жылы мұражай ашылып, пайдалануға берілген. Бүгінде екі экспозициялық залдан тұратын мұражайда 300-ден астам фотосурет пен Қонаевтың көзі тірісінде пайдаланған заттары бар.
12 қаңтар – мемлекет қайраткері Д.А. Қонаевтың туғанына 105 жыл
Мұражайдағы құнды жәдігерлердің бірі – шапан. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысының иығынан тастамай, киіп жүрген шапаны. Димекеңнің ішігі мен костюм-шалбарын осы мұражайдан көруге болады. Іссапарға шыққанда қолына алып, жанынан тастамаған шабаданы да осында. Іздеген жан Димаш ағаға берілген орден-медальдар мен тарту сыйлықтардың да бір парасын қаламыздағы Қонаев мұражайынан табады. Бұл жәдігерлердің денін Алматыдағы Д.А.Қонаев мұражай-үйі сыйға тартқан. Облыс жұртшылығы арасында «осы заттың Димекеңе қатысы бар еді» деп жәдігерді өздері әкеліп, мұражайға өткізгендері де болыпты. Мұражайдың байлығы – фотосуреттер.
Тоғыз жылдай бұрын мұражайда кітапхана ашылған. Бас-аяғы 1000 данадан асатын кітаптардың денін Дінмұхамед Қонаев туралы зерттеу еңбектері мен тарихи кітаптар құрайды. Том-том дүниелер арасынан Димаш атаның өз авторлығымен жарық көрген кітаптарының қоры да жетерлік. Бірақ, «мұның барлығы төбеден аққан су тисе бар игі іс құрдымға кете ме» деп алаңдайды мұражай қызметкерлері.Осы орайда ОҚО Д.А.Қонаев қоғамдық қорының төрағасы Асанбай Әлсейітті сөзге тартқан едік.
– Облыстық Д.А.Қонаев қорының негізгі күнкөріс көзі – «Аталар сөзі» газеті. Осындағы 8 адамның жалақысы мен мұражайдың коммуналдық қызметінің шығыны газеттен түскен қаржы есебінен өтеледі. Кезінде газет таралымы 15 мың данаға дейін көбейген екен. 2015 жылы мен басшылыққа келген кезде таралымы 1400-ге дейін төмендеп кетті. Былтыр таралымды 6 мыңға дейін көтердім. Әлі де таралым санын арттыру жолдарын қызу қарастыру үстіндемін. Мәселен, ел аумағында Мәдениет министрлігіне тіркелген 5500 кітапхана бар екен. Ал Білім министрлігінде 4500 ірілі-ұсақты кітапхана тіркелген. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде республика бойынша 4700 Ұлы Отан соғысының ардагері тіркеуде тұрады. Солардың әрқайсысы бір данадан жазылса да, бізге айтарлықтай үлкен көмек қолын созған болар еді.
Мұражайдың күрделі жөндеу көрмегеніне 10 жылдан асты. Ол үшін 10 млн теңгедей қаржы қажет болып тұр.
Д.Қонаев Мәскеу түсті металлургия институтын қызыл дипломмен бітіргеннен кейін Балқаштағы Қоңырат кентінде, одан кейін Өскемендегі Риддер кенішінде жұмыс істеген. Мұражайды жандандыру жұмыстарына қаржылай көмекті Димекең қызмет етіп, тер төккен орындардан сұрап жатырмын. Директорлар кеңесінде бұл мәселені қарап, кейіннен жауап беретінін айтты. Қонаевтың кезінде ел бойынша 43 қала салынған. Соның 5-еуі біздің облыста, Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Леңгір, Кентау қалалары. Осы 5 қаланың басшысына ресми хат жолдадым. Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарының әкімдеріне ресми хатпен шықтым.
Мұражай мен «Аталар сөзі» газетінің электрондық нұсқасын жасасам деймін. Ғимаратымыздың сыртындағы Димаш атаның портретінің орнына электронды LED экран ілсек. Есіктің алдына гүл, тал егіп, шарбақ жасап, су, электр жүйесін орнатсақ дейміз. Ендігі тірлік – уақыт пен қаржының еншісінде, – дейді Асанбай Мейірбекұлы.
♦ Мүсіндер мен ескерткіштер
Республика бойынша Дінмұхамед Ахметұлына арналған кеуде-мүсін, яғни, ескерткіш-бюст бірнеше облыс, қала орталықтарына орнатылған. Алматы облысында Қонаевқа арналған үш ескерткіш бар. Олар Талғар ауданы, Гүлдала ауылында; Балқаш ауданы, Желтораңғы ауылында; Алакөл ауданы, Үшарал қаласында орын тепкен. Ескерткіш-бюст Алматы қаласында Бөгенбей батыр мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы гүлзарда бар. Бас хатшы М.С.Горбачевтің басшылығы кезінде осы ескерткіш «алынып тасталмақ» болады. Сол уақытта ақын
Олжас Сүлейменовтің тікелей араласуымен Қонаевтың Алматыдағы ескерткіші құлатылмай, аман қалған. Кеуде-мүсінді Тараз қаласынан да кездестіресіз. Сосын Шымкентте, Қонаев пен Тәуке хан даңғылдарының қиылысында Димаш атаның бюсті тұр. Бірақ, мұның барлығы – аңыз тұлғаның тек кеуде-мүсіні. Қарап отырсақ, ел аумағында Д.Қонаев өмірден қайтқалы 25 жылға жуықтаса да, әлі күнге бірде-бір ескерткіш жоқ екен. Тұранның текті ұлына арнап, осыдан бес жыл бұрын Шымкент қаласында тұратын Ержан Қалдыбаев деген азамат өз қаржысына еңселі ескерткіш жасатыпты. Д.Ахметұлының замандасы, саяси қайраткер Асанбай Асқаровпен қатар тұрған ескерткішті жасау үшін Мәскеу, Бішкек пен Нүкістен арнайы мамандар тартылған. Тұғыртағымен қоса есептегенде биіктігі 7 метрді құрайтын ескерткіш мыстан жасалыпты. Облыс және қала басшылығы бұл ескерткіштің жасалып, дайын тұрғанынан хабардар.
– Ескерткішті орнатуға қала әкімінің рұқсат қағазы болғанымен, оны тұғырға қондыруға мүмкіндік болмай тұр. Мәдениет және спорт министрлігінің Үкіметаралық комиссия отырысының рұқсат қағазы жетіспей жатыр, – дейді Ержан Әбдімәлікұлы. Елжанды азаматтың мақсаты – осы еңселі ескерткіш арқылы халқының санасына ой салып, тау тұлғаның тарихтағы айрықша орнын бедерлей түсу.
♦ Бір әннің тарихы
Қонаев есімі қоғамда дәріптеліп-ақ келеді. Қазақ ән қоржынында тұғыры биік тұлғаға арналған әндер баршылық. Солардың бірі де бірегейі – «Димаш аға» әні. Композитор жерлесіміз Айжігіт Асановтың туындысы елімізге танымал әнші Әбдіхан Нұрмағамбетовтің орындауында ерекше әсерлі. Әннің шығу тарихын сазгердің өзі былай баяндап берді:
– Дінмұхамед Ахметұлының 95 жылдығы қарсаңында, 2006 жылы Д.Қонаев қорының қызметкері Арынбек Ойшиев маған келіп «облыстық ән байқауын ұйымдастырсақ» деген ұсыныс жасады. Мұражайда қызмет ететін Әбубәкір Сейдуәлі деген ақсақалдың «Димаш аға» деген өлеңін қалдырып кетті. Өзімнің де көкейімде бір мұңлы әуен жүретін еді. Әбубәкір ақсақалдың өлеңін оқысам, әлгі әуен тіліме оралды да, бір-бірімен тамаша үйлесе кетті. Сол кезде Оңтүстіктегі мықты ән әрлеушілердің бірі Дмитрий Андропов еді. Ә дегеннен соған бардым. Ол әнді әрлеп берді. Бірақ, революциялық ұранға шақыратындай, екпіндетіп жасаған екен. Сосын әнші іздедім. Әннің екі октаваның көлеміндей ауқымдылығы бар. Сөйтіп елімізге танымал әнші Әбдіхан Нұрмағамбетовке ұсындым. Ол да бірден ұнатып, аттай қалап алды. Бірақ, ол Дима Андроповтың әрлеуіндегі нұсқаны ұната қоймады. Ұлттық калорит жетіспей тұр еді. Асхан Жақыпов деген басқа ән әрлеушіге бір күнде жасаттық. Қобыз, домбыра, аккардеонның сүйемелдеуімен тірі дауыспен қайта жаздырттық. Ән екі аптада дайын болды. Сол жылы Димекеңнің туған күні қарсаңында байқауда орындалып, қазылар алқасының шешімімен «ең үздік ән» деп танылды. Бұл ән содан бері шырқалып жүр. Дегенмен, кең көлемде айтылмайды. 2007 жылы облыстық мәдениет басқармасы жаңа әндердің ішінде «Димаш аға» әнін «Ең үздік ән» деп тапты. Одан кейін бұл әнді халыққа кеңінен таныту мақсатында Алматы облысының әкімдігі, Мәдениет министрлігі және Қазақстан Композиторлар одағы ұйымдастырған «Мұқан Төлебаев атындағы республикалық әндер байқауына» қатыстырдым. Сол жерде бағы жанып, тағы да жүлделі болды. Содан Қазақ радиосы бұл әнді сұратып алып, Д.Қонаевтың туған күні, қайтыс болған күнінің қарсаңында бір-екі рет берді. Сөйтіп, «Димаш аға» әні «Қазақ» радиосының Алтын қорына енген. Ән бірді-екілі айтылғаннан көпшілікке жете бермейді. Тек туған күні мен қайтқан күнінде беру өте аздық етеді. 2009 жылдары радиода бірді-екілі шырқалғанмен, кейіннен естіген жоқпын, – дейді Айжігіт Қалмырзаұлы.
«Ақ жолдың» 25 томын болашақ ұрпаққа тапсырдым»
Четверг, 05 Январь 2017 07:45
Ханбибі Есенқарақызы
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын:
– Хан апа, биыл өзіңіз басқаратын саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне 15 жыл толып отыр. Алдағы жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына 80 жыл толмақ. Тәуелсіздіктің таңымен бірге өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Сол тірілген тарихтың бір парасын сіз басқарған қуғын-сүргін мұражайы да талай құпияның бетін ашты. Артыңызға бір сәт бұрылып қарағанда, не көресіз?
– Алдыңғы берген сұхбаттарда айтылып жүргендей, бұл музей ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай ашылған болатын. Биыл музейге – 15 жыл. Тәуелсіздікке 25 жыл. «Қос тойың қабат болсын» дегендей, екі дата қатар келіп қалған соң «бізге де 15 жыл» деп әкімшілік жағаламай, немесе «атадық па, атадық» дегендей көзбояушылық жасап, елді жиып, жалғандыққа барғанымыз жоқ. Оның үстіне «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей, музейде өтетін айтулы іс-шараларға 1 млн теңгеден аспайтын қаржы бөлінеді. Біз ол қаржының 837 мыңын музейдің 15 жылдық тарихы мен атқарған жұмыстарын айғақтайтын 64 беттік әсем көркемделген түрлі түсті журнал шығарудамыз. Өйткені, ол, бір жағынан – халық алдындағы есебіміз болса, екінші жағынан – 15 жылда жасаған бір аялдама болсын деп шештік. Ал қалған тиын-тебенге деректі фильм түсірсек пе деген арманымыздың орындалатын түрі жоқ. Миллиардтап қаржы бөлінетін мәдениет басқармасының саяси қуғын-сүргін құрбандарына деген көзқарасын осыдан-ақ бағамдай бергейсіз. Бұл, әрине, өткен жылғы бекітілген бюджет.
Шындығын айту керек, музей ұжымы кейбір тараптардан жасалынған қысым-бопсаларға көңіл бөлмей, «Алға, тек Алға!» принципімен жұмыс істеді. «Ақ жол» кітабының 25 томдығының баспаға әзірленіп қойылуы соның айғағы. «Ақ жолды» әзірлеу барысында кейбіреулер айтып жүргендей бүкіл мұражай болып «жабылған» жоқпыз, өйткені өзге қызметкерлердің де тікелей атқаруға тиіс өз міндеттері болды.
«Артыңызға бұрылғаныңызда не көресіз?» дегеніңе мынаны айтайын. 15 жыл бұрын қуғын-сүргін құрбандарына музей ашылмақ түгілі, бұл сөйлемнің өзі халыққа өз дәрежесінде жетпей жатқан ұғым еді. Өйткені біз саяси митингі өткізген жылы бірқатар журналистер менен «қуғын-сүргін құрбандарын тауып беріңіз, олардан сұхбат алайық» деп мазамды алған.
Айналайындар, өздерің айтып тұрған «құрбандардан» қалай интервью аласыңдар, олар атылып кетті ғой, олардан қалған бірді-екілі ұрпақтарымен сөйлесейік десең, бір сәрі», – деп ренжігенім бар. Ал енді осы өткен 15 жыл көлемінде музейге келушілер мен журналистердің, құрбандардың ұрпақтары арасында терең байланыс орнаған. Іс-шара өткен кезде бір-бірімен іштей ұғынысып-түсінісіп жатады. Бұл музей республикада дара музей болғандықтан (біреудің кебісі, біреудің белбеуі қойылмаған), кейбір түсінігі аздар: «Неге ол кісілердің тұтынған заттары жоқ?» деп те сұрайды. Ондайда «халық жауы» атанған ұлт жанашырларының қалай, қандай жағдайда ұсталып кеткендіктерін, олардың отбасыларының тоз-тозы шығып, ерлерінен бас тартпаған әйелдердің Ақмола-Карлаг лагерьлеріне қамауға алынып, балаларын «детдомға» өткізгендігін, сондықтан, ол кісілерден зат қалмаған, тек рухы сіңген қасиетті құжаттарынан өзгені іздеу әдептілікке жатпайтынын ұғындырамыз.
– Осы уақытқа дейін музейде көптеген ілкімді істер атқарылғанын білеміз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 том жарық көрді. «Ақ жол» газетінде жарияланған материалдардан құрастырылған тарихи-танымдық көптомдықтың осыдан кейін жалғасы шыға ма? Бұл процесс осымен тоқтап қалмайтын шығар?
– «Ақ жол» газеті 25 томмен аяқталды деп есептейміз. Музейдің қоржынында әлі де жарық көруге тиіс материалдар бар, оның үстіне біз жақында (желтоқсанның 13-де) Өзбекстандағы Ә.Науаи атындағы Ұлттық кітапханада репрессияға ұшыраған Саттарханов Ескендірханды еске алу іс-шарасына қатысып қайттық және осы сапарда алдағы уақытта кітапхана мұрағатымен жұмыс істеу де жоспарланды. Жасыратыны жоқ, саяси құрбандар жайлы көптеген матариалдар Өзбекстан архивтерінде сақтаулы. Тек осының кілтін табу керек.
– Алдағы жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына 80 жыл толмақ. Өзіңіз бір сұхбатыңызда: «Кеңес өкіметі кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында 7 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Екі жарым мың адам «Қайтпас» шағын ауданындағы «Қасірет» мемориалдық кешенінде мәңгілік мекенін тапты. Ал республика бойынша 25 мың адам атылған, олардың көбісінің артында қалған ұрпағы жоқ», – деп айтасыз. Біздің өңірімізде жазықсыз жапа шеккен құрбандардың қалған 4,5 мыңы хақында дерек бар ма?
– Осы тарихи тақырыпты қозғағанда бүгінгі кәсіпкерлер сияқты «өлгендер мен қалғандарды» тарсылдатып есеп-шотқа салғанды қаламаймын. Мәселен, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болғандар мен хабарсыз кеткендерді 70 жыл бойына санап келеміз. Әлі де дәл дерек жоқ. Соғыс кезінде арнаулы есепке алушылар, статистер болды ғой, соның өзінде соңғы нүкте қойылған сан нақтыланбаған. Ал саяси қуғын-сүргіннің ар жағында кәмпеске (елден мәжбүрлі түрде шығарылу) ашаршылық нәубеті жатыр. Осы ақтаңдақтардың құрбандарының түсін түстеп, арнайы санын алып жүрген ешкімнің болмағаны айдан анық. Оның үстіне бұл жабық тақырып болғаны белгілі. Қазіргі тарихшылар да тереңдетіп зерттей алмай жатыр. Сондықтан бізге берілген сандардың шартты ұғым екенін естен шығармауымыз керек. Қазір бұл сандар күн өткен сайын айқындалуда.
Ал Оңтүстікте атылған 2,5 мыңға жуық адамға қатысты бір анықтама қоса кетейін, ол кезде Оңтүстік Қазақстан өлке болған да, оған көршілес (Жамбыл, Қызылорда) облыстар кірген. Ал жаңағы 7 мың қуғын-сүргінге ұшырады дегендер Сібір, Магадан, Ресейдің батпақты ормандарына еңбек лагерьлеріне айдалғандар. Ол жақтан (10-25 жылдан соң) қайтқандардың денсаулықтарының қай деңгейде болатындығы айтпаса да түсінікті болар.
Менің ойымша, болашақта бұл музей республикалық статус алуға тиіс. Сол кезде еш мүдіріссіз республика деңгейінде материал жинауға мүмкіндік болмақ.
– Сіз қызмет істеп жүрген мерзімде неге республикалық статус алуға әрекеттенбедіңіз?
– Музей баста салынғанда облыстық өлкетану музейінің бөлімі еді. Экскурсия жургізушілер отыратын орын да болмады. Айналасы ашық-шашық, көршілердің ешкі-қойлары, тауықтары, сиырлары жайылып жүретін жер болған. Тіптен, музей атын иемденген мемлекеттік Актісі де болмаған. Ал, асығыс (2,5 айда) салына салған ғимараттың жылуы жұмыс істемейтін, жаңбыр, қар жауса, төбеден сорғалап су ағатын, аты бар да, заты жоқ мекеме еді. Қазір ойласам қаншама қажыр-қайрат, жүйкені сарп етіппін. Мұндай жағдайда облыс әкімшілігіне жиі жүгініп, өз беделімді пайдалануға тура келген. Рахмет. Бетімнен ешкім қақпады. Музей – бүгінде іргелі мекемелердің біріне айналды. Түгелдей жөндеуден өтті, техникалық құрал-жабдықтар, қосымша әкімшілік ғимарат салынды. Қосымша штат мәселесін шешуде де облыстық мәслихаттан қолдау таптым. Ал республикалық статус алғанымда жалақы көбейгенмен, қажетті кеңсе тауарларына қол жеткізу үшін министрлікке алақан жаюмен күн өтетін еді де, мына тірліктер жасалынбай қалған болар еді.
– Сіз зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін де бірнеше жыл мұражай қызметін жандандыру жолында аянбай еңбек еттіңіз. Естуімізше, жаңа жылдан бастап қызметіңізді тапсыруға бел буып отырған секілдісіз. Өзіңіздің саналы ғұмырыңызда 50 жыл ел игілігі үшін тер төктіңіз. Сізде мансап та болды, атақ та болды, абырой да болды. Дегенмен, көңіл шіркін көкдөнен ғой. Сіздік паң парасат нені көксейді? «Атқара алмаған шаруаларым бар еді» деп өкінетін сәттер бола ма?
– Адамның арманы өлгенде бітеді. Барлық шаруаны тындырып, атқарып кеткен Гогольден басқа жан болмаған шығар. Өйткені ол өлер алдында: «Мен болдым. Кеттім» деген екі ауыз ғана сөз айтқан. Мен де бір адам атқаратын жұмысты артығымен игердім деп ойлаймын. Өзімнің он жетіден астам кітабым, халық үшін «Ақ жолдың» 25 томын, яғни, қазақ халқының күнделігі саналатын 1920-26 жылдар аралығындағы өмірін болашақ ұрпаққа тапсырдым. Қазақтың әрбір ақыны, жазушысы 5-6 жылдық тарихты құрастырып берген жағдайда шындықтың беті ашылып, болашақ алдында бетіміз қызармаған болар еді деп ойлаймын.
– Ұзақ жыл қызмет етіп, еңбегімен көркейткен жердің әрбір жаңа таңы, алдағы адымдары басшыны әркез алаңдатып отырары анық. Қызметпен қоштасар сәтте көңіліңіз неге алаңдайды?
– Әруақтар мекен еткен қасиетті шаңыраққа – қолы таза, жүрегі таза, музей жұмысын білетін, ұжым басқаруға бейімділігі бар маман келсе деп ойлаймын. Өйткені, сенің бастамаңды ары қарай жалғастыратын немесе шашып жіберетін, коммерцияға бейім біреу келсе, ойлағаны ақша болады да, музейдің негізгі мақсат-мүддесінен алшақтап кетуі мүмкін.
– Белгілі сыншы, публицист, марқұм Сағат Әшімбаев алдынан ұшырай кеткен адамға: «Не оқып жүрсіз, не жазып жүрсіз, не көріп жүрсіз?» -дейді екен. Мағыналы ғұмыр сүріп, кемеліне келген Хан апа қазір не оқып, не жазып, не көріп жүр?
– Оқымайтын күнім жоқ. Соңғы кезде жарық көрген көптеген кітаптарды (авторлар сыйлаған) міндетті түрде оқимын. Жазатыным жиналып қалды. Демалысқа шығу туралы шешімге келгелі қуанып жүрмін. «Ұзақ уақыт кездеспеген, сағынған, аяқталмаған қолжазбаларыма жеттім-ау» деп қуанамын. Өзіме өзімнің қолым жетіп, «ертең жұмыс» деп төсекте тапсырма жастанбай, қалаған уақытыңда қалаған ісіңмен айналыса алу да бір бақыт қой. Бұл күнге қаншама адам жетпей кетті десеңші! Сондықтан, 50 жыл еңбек ету, өзің туған-өскен өлкеңде мансапқа мансұқтанбай, тамырың тереңдеп, жапырағың қоюлана түскендігін сезіну де бір бақыт емес пе?
– Музей қызметіне кетіп, өлеңнен алыстап қалған жоқсыз ба? Өз шығармашылығыңызда не жаңалық?
– Алыстаған жоқпын. Құпиямды айтпай-ақ қояйын. Бір керемет, тарихи-танымдық кітаптың жобасы ойымда тұр. Жартылай қағазға түскен.
– Демалысқа шыққан соң немен айналысуды ойлап жүрсіз?
– Ой, айтпа! Қыдырамын. Саяжайда жұмыс істеймін. Электронды ақпараттар алумен қатар, өз жазғандарымды компьютерге басып, техниканың толық меңгере алмаған салаларын толық игеруге тырысамын.
Жақсылықты балаға жаса!..
Среда, 28 Декабрь 2016 06:09«Экспо-ның жаңа жылдық алауы». Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Президент шыршасы биыл дәл осылай аталды. Жаңа жыл қарсаңында «Шымкент-холл» салтанат сарайының үлкен залында облыс бойынша 200 бала облыс және қала әкімдерімен бірге шыршаны айналып ән салды, би биледі.
Бұл күні жаңа жылдық шыршаға келген балалар ертегі әлеміне еніп, шат-шадыман күй кешті. Көпшіліктің сүйіктісіне айналған кейіпкерлер балақайларға ғажап көңіл күй сыйлады. Жас таланттар, әншілер мен бишілер, цирк әртістері мен Аяз ата, Қарша қыз бірігіп керемет қойылымдар қойды. Ал жарқ-жұрқ етіп жалтылдаған жаңа жылдық шырша айрықша мерекелік әсер қалдырды.
Жаңа жылдық шыршаға қатысқан балаларға телеэкран арқылы Мемлекет басшысының арнайы құттықтауы көрсетілді. Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев балаларды мерекемен құттықтап, Елбасының атынан 200 балаға планшет пен жылы сырт киімдер табыстады, түрлі тәттілер үлестірді.
– Жаңа жыл – бұл бәріміз үшін ерекше мереке. Мұндай ұмытылмас сәттерде біз өткен жылға алғыс айтып, болашаққа жақсы жоспарлар құрып, қиялға ерік береміз. Сендер бір жасқа есейдіңдер. Саналарың өсіп, білімдерің тереңдеді. Жақсылыққа сеніңіздер. Адамдар шын тілеп, сол үшін талмай ізденсе, білім алса, арманы орындалады, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.
Елбасының балаларға арнаған жаңа жылдық сыйлығын аудан, қаладағы жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасы балалары арасынан оқуда жетістікке жеткен 4 мыңға жуық белсенді жасөспірім алып отыр.
Сондай-ақ, облыс әкімі осындай сыйлықтарды мерекеге қатысқан еліміздің 11 миллионыншы қазағы Қазығұрт ауданының тумасы Әбдірахым Мұхтар мен 17 миллионыншы азаматы Алтынбек Есқараевқа сыйлады.
Бұл «Шымкент-Холлда» өткен Президент шыршасы бүлдіршіндердің есінде көпке дейін сақталары сөзсіз. Жаңа жылдық мереке жоғарғы деңгейде атап өтілді.
Еліміздегі ең жайлы шаһар
Среда, 21 Декабрь 2016 05:12Бұл – қазақстандықтардың қалауы. Тәуелсіз сарапшылар жүргізген сауалнамада қазақстандықтардың басым бөлігі Шымқаланы жайлы шаһар деп тапқан.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің жылдық қорытынды есебін осы жағымды жаңалықпен бастады.
– Ол рейтингті біз жасаған жоқпыз. Ешкімге тапсырыс та берген жоқпыз, өтініш те жасаған жоқпыз. Үлкен тосын сый болды. Сондықтан барлығымыз «ең ыңғайлы қалада тұрып жатырмыз» деп мақтанып қойсақ болады, – деді.
Ұлы Жібек жолы бойында жатқан көне қаланың 25 жылда ауқымы кеңейіп, экономикасы өсті. Жасыл қаланың бас жоспары бекітіліп, аумағы 117 мың гектарға жетті. Іргелес жатқан үш ауданнан 40 елді мекен қаланың қарауына өтті. Сөйтіп халық саны да миллионға жуықтады. Шаһар бюджеті 1994 жылы 1 миллиард теңге болса, бүгінде 110 миллиард теңгеге жеткен. Инвестиция 200 миллиард теңгеге өскен. 75 мыңға жуық кәсіпкерлік субъект бар. Ширек ғасырда 4 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Ел экономикасының өсуі мен еңбекқор халықтың атқарған жұмысының арқасында қала еліміздегі алып мегаполистер қатарына кірді.
Қалада 1991 жылы 72 білім ұясы бар болса, қазір 169 мың оқушысы бар 129 мектеп жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде. Ал балабақша саны 129-дан 383-ке артып отыр.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыстар қолға алынып, қала әкімі аппараты мен бөлімдерде «Ашық әкімдік» бағдарламасы енгізілді. Бағдарламаны іске асыру үшін «фронт офис» (бірыңғай кеңсе) құрылды. Енді тұрғындар ешқашан ешкім көтермейтін телефондарға қоңырау шалып әуреленбейді. Не мәселесі болса да, бірден «фронт-офиске» барады.
2000 жылдардың басында қалада жұмыссыздық деңгейі 17,2 пайыз болса, халық саны екі есеге өскеніне қарамастан жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап, аталған көрсеткіш жыл сайын төмендеп келеді.
Суретті түсірген
М. ШАҒЫРБАЕВ
«Желтоқсан шындығы – қасіретті шындық»
Вторник, 20 Декабрь 2016 09:05Тәуелсіздік деген – тәтті сөз. Осы Тәуелсіздіктің тамырын тану үшін алдымен Желтоқсанның қадірін түсінуіміз қажет. «Қалай десеңдер, олай деңдер, Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар тұлғалы ұлы ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезеңінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп, ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой...
...Енді тіл мәселесі ауқымында «ертең ұлт болып қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген зарлы күдік алдымызды ораған сәтте тағы да Шаханов орнынан көтерілді. Бұл істе біз оны қолдамасақ, ұтылатынымыз айқын. Өйткені, оның түйсігі – таза ақындық пайым-парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас шыншыл түйсік». Қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсеновтің осынау бір ауыз пікірі ақын Шахановтың, азамат Шахановтың бар болмысын ашып тұр. Желтоқсан көтерілісіне тұп-тура 30 жыл толған кезеңде, тағлымды тәуелсіздік мерекесінде біз «ақындық толымды талант пен күрескер азаматтық қасиеттердің қорытпасынан жаралған өрелі тұлғамен» әңгіме өрбітіп едік.
– Халық сіздің денсаулығыңызға алаңдаулы. Денсаулығыңыз қалай, аға?
– Жаман емес. Мен енді 2 рет инфаркт алдым ғой. Күніне 10-15 дәрі ішемін. Солай әупірімдеп жүріп жатырмыз. Кезінде Қазақстанның мені емдетуге мүмкіндігі болмай қалды. Ол уақытта жүрек талмасын емдейтін дәрігерлер жоқтың қасы еді. Содан Түркияның үкіметі қаулы шығарып, самолетпен алып кетіп, емдеді. Осы күнге дейін тірі жүргенім үшін Түркия мемлекетіне қарыздармын.
– Тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін Желтоқсанның қадірін түсінуіміз қажет. Біз соны ұғына алып жүрміз бе? Қалай ойлайсыз, аға?
– Тәуелсіздіктің тамыры Желтоқсан оқиғасының дүниені дүр сілкінткен дүмпуімен өзек алды десек, тіпті де, қателеспейміз. Бірақ, ызғарлы, мұз-қарлы сол Желтоқсанның ащы шындығы әлі күнге толық айтылған да, ашылған да жоқ... Мұны тарихқа жасалған қиянат деп санаймын. Биыл ҚазҰУ-дың бір топ студенттерімен жолықтым. Мені танып, әндерімді айтып жатты. Бірақ, олардың Желтоқсан оқиғасы жайлы білмейтіні мені қайран қалдырды. Себебі, 86-ның желтоқсаны тарихта лайықты бағасын алған жоқ. Телеарналардан оның шынайы шындығы көрсетілмейді. Газеттер ақиқатты терең бойлап жазбайды. Соның кесірінен бүгінгі жас буын ол туралы білмейді. Желтоқсан – қазақ халқының рухын әлемге жайған көтеріліс. Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы болды. Кеңестер Одағын ыдыратуға да себепкер болған осы Желтоқсан оқиғасы. Ал енді соны айтуға ыңғайсыздану – біздің рухани, мемлекеттік мүддеміздің үлкен кемшілігі және рухсыздығы. Желтоқсан шындығы барлық кезеңде өз биігінде тұруы керек. Ерте ме, кеш пе, уақыт барлық шаруаны өз орнына қояды.
– Желтоқсанның шындығы ашылған жоқ дегенде, ол туралы жұрт білмейтін қандай құпиялар бар?
– Көпшілік біле бермейтін бір мәселе бар. Желтоқсан көтерілісіне 1 жыл, 2 ай қалғанда Кеңестер Одағының Қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «Метель» операциясын ұйымдастырды. Егер Кеңестер одағының бір жерінде көтеріліс бұрқ ете қалса, қалай дымын білдірмей, басып, жаншимыз деген оймен ойластырған. Сөйтіп, «Метель» операциясын қолдан құрған. Новосібірде жастар ұйымы болған. Кілең әке-шешесі жоқ, тұл жетімдерден құралған «Мейірімсіз» деген топ. Соны әдейі жасақтаған. «Метель» операциясының құрамында әлгі топ та болған. Бұл операция Желтоқсан оқиғасынан 1 жыл, 2 ай бұрын дайын болып, оны сынақтан өткізейін десе, сынайтын жер жоқ. КСРО Қауіпсіздік комитетінің бастығы Чебриков Горбачевқа кіріп, ауызша рұқсатын алады. Алматыда қолында қаруы жоқ, уыздай жас қыз-жігіттер алаңға шыққан кезде әлгілердің жүрегі жарыла қуанады. В.М.Чебриков Горбачевтің жасырын рұқсатымен «Метель» операциясын ағылған жастарға қарсы қояды. Соның кесірінен 168 адам өлген. Бірақ, «4-5-ақ адам өлді» деп айтып жүр ғой. 5 мыңға жуық адам жараланған. Ал енді осы әділетсіздігі үшін кезінде мен Горбачевті, Соломенцевті және Желтоқсан комиссиясының шындығын бүркеп қалғаны үшін сол кезгі Қазақстанның Бас прокуроры Жармақан Тұяқбаевты Конституциялық сотқа бергенмін. 2001 жылы Қазақстанға келген КСРО Президенті болған Михиал Горбачевты теледидар арқылы бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрауға мәжбүрледім.
Желтоқсан шындығын халыққа жеткізу үшін Алматы облысының жеті ауданының атынан «КСРО халық депутаттығына» сайлауға түстім. Ол Колбиннің кезі, шындықты айтуға ешкімнің де жүрегі дауаламайды. Сайлау кезінде жоғарғы жақтан «қайткен күнде де депутаттық орынға Шаханов келмеуі керек!» деген тапсырма түскен. Сол мақсатта «М.Шахановпен өтірік кездесулер» хабарландырылады. Ал мен ол жайлы мүлде білмеймін. Жұрттың бәрі жиналады, сағаттап күтеді. Сол сәтті пайдаланған олар: «Шаханов деген – ақын адам, өлеңін жазып жатқан шығар, бәлкім, қыздармен қыдырып кеткен болар»,- деп халықты алдайды. Сөйтіп, өздерінің адамын ұсынады. Барлық аудандарда солай жасайды. Сосын мен оны естіп, жыным келді. Барлық шындықты айтып мәлімдеме жасадым. Қарапайым халықтың менің кінәсіздігіме көзі жетіп, ақыр соңында жеңіске жеттім. Түнгі сағат үште Г. Колбин маған қоңырау шалып: «Халық сізді шынында да жақсы көреді екен ғой», – деді.
Ең алғашқылардың бірі болып, Кремль сарайындағы жиналыста сөз сөйлеуге жазылдым. Г. Колбин «Шаханов шындықты айтып қояды, сөз бермеңдер!» деп ескертіп қойған. Менен 10-15 күн кейін жазылған адамдардың бәрі мінберді пайдаланды. Ал маған сөз бермеді. Колбин бірнеше адамды жібертіп, «Желтоқсан туралы шындықты айтпай-ақ қойсаңызшы!» – деп қолқа салды. Ақыр аяғында маған сөз тимесін білгеннен кейін: «КСРО Халық депутаты Мұхтар Шахановқа Арал мәселесін көтеруге байланысты 3-5 минут уақыт беруіңізді сұраймын!» деген хатқа 19 қазақстандық КСРО халық депутатына қол қойғыздым. Сөйтіп хатты алып бірден Горбачевқа бардым. Қасында бірнеше адам бар екен. Ол көңілділеу екен. «Мынау Арал мәселесін айтады екен. Шахановқа үш минут сөз беріңіз!» – деді. Мен сол үш минутты пайдаланып, Желтоқсан шындығын жайып салдым. Сол кезде Съездер сарайында бомба жарылғандай болды. Горбачев «мен демократия жасап жатырмын» деп мақтанып, дүниежүзінің телеарналарына есігін ашып қойған. Моңғолдың космонавты Гуррагча елінде жатып, теледидардан менің сөзімді естіп, түнімен көз ілмей шығыпты. «Ойбай, енді Мұхтардың жағдайы қалай болады?» -деп жағдайыма алаңдапты. Ертесіне Қауіпсіздік комитетінің бастығы келіп, қағаз көрсетті. Ол қағазда қол қойған 19 депутаттың 16-сы «Егер Шаханов Желтоқсанды айтатынын білгенде, қол қоймас едік. Оны КСРО халық депутаттығынан алып тастау керек немесе алдағаны үшін қатаң жазалау керек» деген қағазға қол қойған. Горбачев онсыз да маған тісін қайрап жүрген. Алайда, Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Ельцин менің жағымда болды. Көп жағдайда азаматтық мінез танытты. Әлемдік деңгейдегі ұлы ғалым, Нобель сыйлығының иегері А.Сахаров екеуі Желтоқсан оқиғасын тексеретін комиссия құрамына кіретін болды. Содан кейін Горбачев мені кабинетіне шақырып алып: «Сенің аузыңды жабатын мүмкіндік табамыз!» - деп үстелді тоқпақтаған. Желтоқсан шындығы – қасіретті шындық.
– Мұхтар аға, сізді осы елдің перзенті ретінде туған жерге байланысты қандай ойлар толғандырады?
– Кезінде мен «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» деген концепция жазғанмын. Мәселен, қазіргі кезеңде әлемде 6,5 мыңға жуық қана тіл қалыпты. Белгілі бір деректерге сүйенсек, әлемдік тіл тарихында 15-20 мыңға жуық тіл болған деседі. Ресми мәліметтер жыл сайын 24 тіл жойылып отыратынын айтады. Кейбір тілдер белгілі бір қауымның ғана қолданысында өмір сүреді. Мұндай жағдайға көзқарасымыз қалай болуы керек? Мәселен, кейбір елдерде халық басты тілде сөйлейді де, қалған майда тілдерді жойып отырады.
Мысалы, жантақ деген өсімдік бар. Жантақ өзінің тамырын 40-50 құлашқа дейін, яғни суға дейін жібереді екен. Қаншама дауыл тұрса да, сол қалпында қала береді. Ал қаңбақтың тамыры 2-5 см ғана болады. Жел қатты соқса, тамыры жұлынып кетеді де, желдің екпінімен домалай жөнеледі. Қазір біздің арамызда сол қаңбақ сияқты адамдар көбейіп кетті. «Космополит» деген не? «Әлем азаматы» дегенді білдіреді. Ал енді бірде-бір тамырсыз шөпті көрдіңіз бе? Барлық тіршілік иесінің тамыры болады. Ал космополиттердің тамыры жоқ. Олар өз анасын мойындамайды. Анасынан, тамырынан айырылу үлкен қателікке апарады. Осының төңірегінде концепция жасадым. Бұл тұжырымдаманы әлемнің алдыңғы қатарлы 34 елінің (Ресейдің Сергей Михалковынан бастап) үлкен тұлғалары қолдады. Олардың ішінде Қырғызстаннан досым Шыңғыс Айтматов, Германиядан Фридрих Хитцер, бірнеше Нобель сыйлығының лауреаттары қолдады. Осының төңірегінде бірнеше елде жиын өткізілді. Елімізде болған үлкен бір жиында сол кезгі Білім және ғылым министрі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев азаматтық мінезін әйгілеп, қолдау көрсетіп еді. Өйткені ол – елдік, ұлттық мүддеге тамыр жіберген дархан жігіт. Оның осы облысқа басшылыққа келгеніне өз басым өте қуаныштымын.
Мен Отырар өлкесінің перзентімін. Отырар қаласы – бүкіл қазақ тарихының күретамыры іспетті. Отырарда Александрия кітапханасынан кейінгі ең үлкен кітапхана салтанат құрған. Кезінде Отырарда 1100-ден астам ғалымдар шоғыры болған. Бүгінгі Отырарда 20-ға жетер-жетпес ғалымдар тобы бар. 1100 ғалымның ішінде жалпақ жұртшылықтың білетіні – Әбу Насыр әл-Фараби ғана. Әбу Нәсыр әл-Фарабиден басқа Отырарда 30 әл-Фараби болған. Олардың ішінде физика, математика, астрономия саласында әлемдік деңгейде жаңалық ашқан ғалымдар ғұмыр кешкен. Қайбір жылы мен Отырарға арабтың бір атақты ғалымын алып бардым. Ол өз елінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 150-ге жуық әні бар екенін әйгіледі. Ал біз оның бірде-бірін білмейміз.
Тарихтан белгілі, Шыңғысханның әскері Отырарды алты ай бойы қоршап, ішке кіре алмай тұрған кезінде Қайырхан әлемдік деңгейдегі үлкен кітапхананы «өртеп жібермесін» деп жердің астына жасыртқызған. Ол кітапхананың үлкен бөлігі – ғаламдық деңгейдегі ғалымдардың қолжазбасынан тұрған. Ал енді сол кітапхананы күні бүгінге дейін іздеген пенде бар ма?! Оны іздеуге қаржы керек. Мен кезінде республикамыздың Премьер-министрін Отырарға алып келіп, арнайы комиссия құрғызып, іске кіріскелі тұрған шақта, Премьер-министр орнынан түсіп, жасалған жоспар сөз жүзінде қалып қойды. Мен кеше осы мәселелерді облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа әңгімеледім. Оның бұл маңызды мәселелерді қараусыз қалдырмайтынына сенемін.
– Сіз әлемнің 50-ден астам мемлекеттерінен 120-дан сыйлық алыпсыз. Сіздің есіміңіз Бірікен Ұлттар Ұйымының алтын кітабында жазылған. Еліміздегі даңқты адамдардың бірісіз. Қазіргі кезеңде атақ пен даңққа қалай қарайсыз?
– ЮНЕСКО менің «Өркениеттің адасуы» және «Жазагер жады космоформуласы» деген өлеңмен жазылған романдарымды екі рет қарады. ЮНЕСКО өзінің арғы-бергі тарихында көзі тірі бірде-бір ақынның шығармасын қарамаған екен. Сөйтіп, менің поэзиямды әлемдік поэзияның осы замандық биігі деп таныды. Бірақ, мен өз басым атақ-даңққа қызықпаймын. Кезінде «Халық қаһарманы» атағын бергенде де алмай қойғанмын. Ол да менің ұстанымыма сай келмеді. Ол ұстанымым мынау. «Отан – біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуі керек. Бірақ Отан да өзінің дараланған ұлдарын марапаттап отыруы шарт. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ қазір кез келген түрмеде шіруге тиісті ұрының екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді. Қазір әлемдік додада қара үзіп келген спортшыны бүкіл ел болып, қауым болып қарсы алады ғой. Ал ЮНЕСКО осы заманғы руханияттың құзар шыңына балап, мен елге қайтқанда, шопырымнан басқа ешкім қарсы алған жоқ.
– Мұхтар аға, туған жерге тағзым етіп келгеніңізге қуаныштымыз. Әйткенмен, соңғы кезде көп көрінбейсіз...
– Менің көрінбейтін себебім мынау. Кезінде мені аптасына 2-3 реттен телебағдарламаларға қатыстыратын. Қазір жарты жылда бір телеарна зорға шақырады.
Өйткені кейбіреулерге шыншыл адам болғанымыз ұнамайды. Кезінде Гитлерден: «Шығыстағы жаулап алған елдерге қандай саясат қолданамыз?» - деп сұрағанда, Гитекең: «Оларға ертеден кешке дейін музыка бере беру керек. Өйткені адам неғұрлым рухани жағынан саяз болса, соғұрлым өзін бақытты сезінеді»,- деп жауап берген екен. Қазіргі кезеңде Гитлердің сол арманы артығымен іске асты. Әлемде материалдық байлық, спорт және екі иығын жұлып жейтін, жеңіл даңғаза әндер бірінші қатардан орын алды. Осыған орай мен мынадай жаңа ұстаным жарияладым:
Кім шындығын жоғалтып алса,
«Ақты-ақ, қараны-қара» деп айтудан қалса,
Яғни, сөзі басқа, ісі басқа болса,
Ұлттық, ғаламдық мүддеге тамыр жібере алмаса,
Пенделігі тек өзін емес, қоғамын да алдаса,
Ондай ақынның да,
ғалымның да,
саясаткердің де,
Мазмұны, даңқы – далбаса!
– Әңгімеңізге рахмет!
Жасампаздықтың 25 жылы
Вторник, 20 Декабрь 2016 08:58Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында қала әкімі бірқатар сала үздіктерін марапаттады. Салтанатты шарада сөз алған Ғабидолла Әбдірахымов ағынан жарылып тілек айтты, егемен еліміздің өткені мен бүгініне терең көз жіберіп, салмақты пікір білдірді:
– Бүгінгі күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Осынау 25 жылдық тәуелсіздікті өз көзімізбен көріп, сезініп отырған біздің әрқайсымыз – бақытты азаматтармыз деп есептеймін. Қвзақ үшін тәуелсіздік – ең үлкен байлық. Бұл тәуелсіздік бізге ғасырлар бойы бабаларымыздың қанымен, жанымен келді. 25 жыл бұрын қазақты әлем елдері біле бермейтін. Қазір әлемдегі 200 мемлекеттің ішінде жер көлемі жөнінен 9-шы орындамыз. Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақ елі төрткүл дүниеге мәшһүр болды. 25 жыл ішінде біз көптеген толағай жетістіктерге жеттік. Өз шекарамызды нықтап бекіттік. Тақыр жерден кереметтей Астананы тұрғыздық. Үш бірдей қазақты ғарышқа ұшырдық. Қаншама жүздеген жас шетелдерде «Болашақ» бағдарламасымен білімін жетілдіруде. Міне, мен өз басым, осындай елде өмір сүріп, қызмет ететінімді мақтан тұтамын. Құдай қаласа, 50 жылдықты осындай абыроймен тойлауды жазсын! – деді.
Сала мамандары «Құрмет» орденімен және алғысхатымен, «Шапағат» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай Шымкент қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және алғысхатымен марапатталды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.