Бозбала мен бойжеткен

Среда, 20 Апрель 2016 06:10

15 сәуір – Ғашықтар күні. Бұл мереке ресми түрде тіркелмегенімен Оңтүстік жастары дәстүрлі түрде атап өтеді. Биыл да атаулы күнге және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, «Жастар ресурстық орталығы» КММ «Бозбала мен бойжеткен» байқауын ұйымдастырды. Шара қазақ қыз-жігіттерінің бойындағы ибалылық пен сыпайылық, батылдық пен мәрттік қасиеттерді көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеді.

DSC 0706

Байқауға аудан-қалалардан 14 пен 29 жас аралығындағы 15 жұп қатысып, өлең оқып, әуезді әндер шырқап, өнерлерін паш етті.
Мерекелік байқауда облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Болат Жанәбіл мейрамның мән-маңызына тоқталып өтті.
– Бұл тақырып баспасөз беттерінде жиі көтеріліп жүр. Халқымызда «махаббат символы» болатын Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр, Гүлбаршын мен Алпамыс, Қобыланды мен Құртқа сынды кейіпкерлеріміз көп. Ең бастысы мереке ұлттық нақышта тойлануы керек. Жастар ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді ұстануы шарт, – деген Б. Жанәбіл жастарға сәттілік тіледі.

boaz bala1  bozbala2  bozbala3 

Қатысушы қыз-жігіттер «Таныстырсам өзімді..», «Туған өлкем – тұнған тарих», «Махаббат аялдамасы» тақырыптары бойынша сынға түсті. Қазылар жұптардың сахналық образ жасай білуіне, сөз саптау шеберлігіне, киім мәдениетіне мән берді.
Сайыста нағыз жігіттің төресі де, қазақтың қаракөз қызы деген атқа лайықты сұлулар да кездесті. Байқаудың барлық шартынан мүдірмей өтіп, әртістік шеберлігі, ұлттық нақыштағы ерекше киім үлгісімен дараланған Сарығаш ауданынан келген Нұрсұлтан Данисов пен Балнұр Қайратқызы биылғы жылдың «Бозбаласы мен бойжеткені» атағын иеленді. 1 орын Қазығұрт ауданының намысын қорғаған Нұрсұлтан Байдәулетов пен Бибіажар Балабековаға берілді. Байқаудың барлық шартында өзіндік ерекше мәнерімен көзге түскен Арыс қаласының жастары Нұрдәулет Сейілбек пен Аяжан Ерболқызы 2 орынды жеңіп алды. Ал шымкенттік Беглан Махұлбек пен Әсем Ахатқызы үшінші орыннан көрінді. Жүлдегерлер мен қатысушылар «Жастар ресурстық орталығының» Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Бегалы СЕРІКБАЙ, Еңбекші аудандық жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің бастығы:

Шымкентте жергілікті полиция қызметі белсенді жұмыс істеуде. Құрылғанына көп болмаса да, сақшылардың жұмысы нәтижесіз емес. Яғни Ұлт Жоспарының 30-қадамында көрсетілгендей, жергілікті полиция қызметіне жауапкершілік жоғары. Осыған орай, біз Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының Еңбекші аудандық жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің бастығы Бегалы Серікбай мырзаға жолығып, жұрт көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап алған едік.

DSC 0491

– Бегалы Серікбайұлы, Еңбекші халық саны жағынан үлкен аудан. Тұрғын үйлер де, көшелер де көп. Сауда орталықтары да аз емес. Осы орайда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Біздің жергілікті полиция қызмет бөлімшесіндегі қызметкерлерінің басты мақсаты – әкімшілік аумақты қадағалау және қылмыстың алдын алу. Қазіргі таңда учаскелік инспекторлардың міндеті– әкімшілік аумақты қадағалау. Бүгінде учаскелік инспекторлар халықпен байланыс орната бастады. Әкімдік аумағындағы халықпен танысып, сұхбаттар жүргізіп, қылмыстың алдын алуға тырысып жүр. Әсіресе, қоғамдық орындарда жасалатын заң бұзушылық төмендеді. Аптасына Еңбекші ауданы әкімшілігі, аудандық прокуратурамен бірге екі рет жүргізілетін рейдтік іс-шаралар нәтижесіз емес. Бұл жаңа құрылымның бірлескен жұмысының нәтижесі деп ойлаймын.
Ауданда 19 учаскелік полиция пункті бар. Жуырда олардың саны 19-дан 23-ке артпақ. Жергілікті полиция бөлімі 510 көшеге, 630 көпқабатты, 232 306 жеке үйге, 35 мектеп сынды мекемелердің қауіпсіздігі үшін қызмет атқарады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аудан әкімдігімен, аудан прокуратурасымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын сақтау аясында мобильді топтармен ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішу, темекі шегу, қоқыс тастау, белгіленбеген жерлерде сауда жасау, қоғамдық орындағы тәртіпсіздік сияқты ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесу шаралары өткізілді.

– Полицияның міндетіне тек жазалау ғана емес, тәртіпке шақыру және тәрбиелеу де кіреді емес пе?

– Орынды айтып отырсыз. Адамдарды аталған баптармен жазалап, қоғамдық тәртіпті толыққанды реттей алмайтынымыз анық. Тәртіпсіздік деген не? Қандай әрекеттер құқық бұзушылық болып есептеледі? Айыппұлдары қанша? Жолда жүру ережесі қандай? Мұны балалар мен жасөспірімдер біліп өсуі тиіс. Сонымен қатар, азаматтар жеткіншектердің тәртіпсіздігіне «балалық» деп салғырт қарамауы керек.
Ал шара қолдану – қоғамды тәртіпке шақырудың тәсілі. Біз БАҚ арқылы қала, аудан тұрғындарымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында көптеген түсіндіру жұмыстары мен іс-шаралар өткіздік. Азаматтар арасында алаяқтардан, қалта ұрлығынан сақтандыру мақсатында жүргізген жұмыстарымыз өз нәтижесін бере бастады. Мәселен, қоғамдық орындарда темекісін шегіп, тұқылын тастай салатын адамдардың қатары азайды. Бірнеше тәулікке қамалып, айыппұл төлегендер бұрынғыдай емес, тәртіпті бұзбайтын болды.

– Қанша адамға әкімшілік хаттама толтырылды?

– Соңғы рейдте түнгі уақытта 18-ге толмаған 3 жасөспірім ұсталып, 14 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ 2700 адам жауапкершілікке тартылды.

– Аудандағы бейнекамералардың тиiмдiлiгi қаншалықты?

– Пайдасы көп деп айта аламын. Қазіргі таңда Еңбекші ауданында 4 стационарлық бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Соның себебімен 434 құқықбұзушылық іс анықталды. Кінәлі бұрынғыдай «Қайдан білесің? Мен тастаған жоқпын» деп жалтара алмайды.

– Техникалық база жеткілікті ме?

– Жұмыс жоспарымызды жергілікті билік өкілдерімен бірге жұмыс істейміз. Барлық учаске техикалармен жабдықталған. 11 учаскелік пунктіне көлік бар. Және қосымша учаске бөлімінің ашылуына орай, 9 автокөлікке ұсыныс берілді.

– Заңсыз сауда орындарымен күрес қалай жүргізілуде?

– Еңбекші ауданы аумағында заңсыз сауда орындарымен күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Қаланың шырайын кетіретін сауда орындары мен дүңгіршектер талапқа сай келмегендіктен жұмысы тоқтатылды. Мәселен, «Исатай» базары маңындағы жабайы сауда қатары алынып тасталды. Сондай-ақ, заңсыз әрекетке жол берген Аймауытов көшесіндегі велосипед сатылатын орын қатары да жойылады. Заңсыз орын жоспарымызға енгізіліп, сол бойынша жұмыс жасап жатырмыз.

– Қылмыстың ашылу деңгейі қандай?

– Тіркелген қылмыстар саны салыстырмалы түрде артқанымен, қылмыстың ашылу деңгейі жақсарып келеді. Оның басты себебі – штат бірлігі көбейіп, көше тәртібін қадағалау күшейтілді. Жуырда облыс әкімі Б. Атамқұловтың тапсырмасымен ізбасар еріктілер жұмысқа алынады. Себебі, Шымкентте жан-жақтан келгендер өте көп. Полицияның қылмыстың алдын алу барысында қойған мақсаты өте жоғары. Соңғы уақытта тұрғындардың белсенділігі жоғарылады. Сақшыларға көмектесіп, қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алып жүр. Айта кету керек, шетелдерде азаматтар полициядан емес, жергілікті халықтан қаймығады. Оларда тұрғындар құқықтық тәртіпке немқұрайлы қарамайды.

– Еріктілер жұмысқа қалай қабылданады?

– Еріктер штабқа келіп, өтініш беруіне болады. Қазіргі таңда 20 ерікті көмекші жұмысқа алынып жатыр. Әр учаскеге 6 азаматтан бекітіледі. Полицияның қызметіне өз үлесін қосып, өмірін қатерге тігіп, ерлік жасаған ерікті азаматтар қаржылай сыйлықпен марапатталады. Оларға 30-35 мың көлемінде айлық төленеді. Айта кету керек, жуырда тұрғындар учаскеге қоңырау шалып, «Қайтпас» шағынауданында тұратын А есімді азамат бетон плиталарын жасырын артып кетпекші болғаны туралы учаскеге хабарлады. Ол меншігіндегі кранымен рұқсатым бар деп, плиталарды көлігіне тиеген. Келтірілген шығын көлемі анықталып, айыпты жазаға тартылды.

– Дегенмен кейбір тұрғындар учаскелік инспекторлардың орындарынан кездестірмейтінін айтады.

– Негізінен учаскелік полиция талапқа сай, халықпен тығыз байланыста болуы керек. Әрбір инспектор тұрғындардың үйін, жағдайын жақсы білуі тиіс. Егер халық ақпарат бермесе, жұмыс қалай жүреді? Нәтиже болмаса, халық жұмысыңды бағаламаса, ешкімге пайдасы тимесе, елдің тыныштығын қамтамасыз етпесең, не үшін полиция қызметкерісің? Полиция учаскесі күн сайын кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал шақыруларды ұялы телефон арқылы тәулігіне 24 сағат бойы қабылдайды.

– Әлі де полицейлерге сенімсіздікпен қарайтын тұрғындар бар. Дегенмен түсіндіру жұмыстарынан соң, олардың көзқарасы өзгерген шығар....

– Бұрынғыдай емес, халықтың көзқарасы жақсарды. Біздің де адамдарға қарым-қатынасымыз сондай. Азаматтар барлық талапты орындаса... Шындығында тұрғындар да, жасөспірімдер мен балалар да заңның бәріне бірдей екенін түсіне бастады. Жол қиылысында жол полицейлерінің, пункттерде учаскелік инспекторлар мен сақшылардың не үшін тұратынын жақсы біледі. Қоғам үшін жұмыс істейтінін айтпай-ақ түсінеді. Біз қай жерде түйткіл, оқиға болса сондамыз. Біздің мақсатымыз қаланы қауіпсіз қалаға айналдыру және ең бастысы, жергілікті полиция адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде барлық талап үдесінен табылуы тиіс. Біз бұл міндетті сөзсіз орындайтын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

«Мөлдіреген жыр сезім»

Среда, 13 Апрель 2016 05:11

Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған жыр мүшәйрасы өтті. «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің «Мөлдіреген жыр сезім» атты жазба ақындар байқауына 16 мен 35 жас арасындағы 22 үміткер бақ сынады. Сайыста ақындар Тәуелсіздік, лирика және еркін тақырыпта өлеңдерін ұсынды.

SAM 6053

Биыл мүшәйра екінші рет өткізіліп отыр. Мұндай сайыстар оларға жігер беріп, болашаққа сеніммен қарауға септігін тигізеді. Ұйымдастырушылардың көздегені де – мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, қоғамнан алшақтатпай, әлеуметтік жағынан қолдау көрсету. Қоғамдағы өзекті мәселелерді жырға қосқан ақындардың үздігі анықталды. 1 орын сайрамдық Нұрлан Рүстемовке берілді. 2 орынды Кентау қаласынан Дәулет Нұрекешов пен Созақ ауданынан Біржан Саржанов жеңіп алды. Ал 3 орынды мақтаралдық Оңдасын Мүсілімов пен Сарыағаш ауданынан Раушан Мейірбекова бөлісті. Байқауға облыстық мәдениет басқармасы, облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана ұжымы демеушілік танытты.

101: Тәуекелшіл. Шыдамды. Батыл.

Пятница, 08 Апрель 2016 04:54

DSC 0093

Халқымыз өртті «тілсіз жауға» бекер теңемейді. Қызыл жалын тосыннан тұтанады. Ал өрттің қай уақытта орын алатынын ешкім білмейді. Сол себепті өрт сөндіру қызметі қауіпті мамандықтың бірі саналады. Біз қаламыздағы №1 өрт сөндіру бөлімінің  қызметкерлерімен жүздесіп, біраз жайтқа көз жеткіздік. Сонымен қауіпті қызметтің сыры мен қырын саралап көрейік.

Бес минуттың iшiнде...

DSC 0108

Біз Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі орналасқан ғимаратқа келдік. Біз барғанда жігіттердің төтенше оқиғадан оралған беті екен. Тәуке хан бойындағы №31 «Салтанат» балабақшасынан өрт шығып, құтқарушылар дер кезінде ауыздықтапты. Абырой болғанда жапа шеккен адам жоқ.
Шымкентте мамандандырылған өртке қарсы қызметтің 9 бөлімі бар. Мұнда 98 қызметкер еңбек етеді. Өрт оқиғасы болмаса да, жауынгерлердің әр минуты санаулы. Жұмыс кестелері де тығыз. Дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктерімен өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал өрт сөндіру машинасы орташа есеппен 5 минуттың ішінде... тиісті нүктеге келіп жетуі керек. Өрт сөндірушілердің басты міндеттерінің бірі – оқиға орнында-ғы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру.
Олардың күнделікті өмірі спортпен біте қайнасып кеткен. Тәулік бойы жедел-құтқару шараларында жаттығады. Сонымен қатар, жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдайды. Теорияны тәжірибемен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережесін пысықтап, техникалық құрал-жабдықтарды төтенше жағдайға дайындап отырады. Яғни шұғыл шақыртуға жігіттер тап-тұйнақтай әзір болып шықты.
– Өрт сөндіру бөлімінің қызметі 4 ауысымнан тұрады. Әр ауысымның тағайындалған жетекшісі бар. Жауынгерлерді «тілсіз жаумен» шабуылға жол бастайтын – осы ауысым жетекшілері. Жұмыс таңғы сегізде басталып, бір тәулікке жалғасады. Мұнда жігіттер өрт туралы дабыл қағылғанда құрал-жабдықтарын сайлап, аттануға дайын тұрады, – деді №1 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Азамат Булдурынов жұмыс барысын түсіндіріп.
Бұл бөлімге Әл-Фараби ауданындағы ғимараттар мен тұрғын үйлер қарайды. Аумақта 310 мың халық тұрады. Ал көпқабатты үйлер саны – 30. «Нұрсәт» шағынауданындағы, Қонаев даңғылы бойындағы 9-12 қабатты үйлер мен ірі нысандарыдың қауіпсіздігіне осы бөлімнің өрт сөндірушілері жауапты. Егер оқыстан зәулім үйлерде өрт болса, жауынгерлер оны тез арада сөндірудің тетігін жақсы біледі. Өйткені жігіттерде обьектілердің жоспарлары бар. Ғимараттың материалы, жертөле жолдары, кіру есігі, айналасындағы гидранттар сияқты маңызды ақпараттар көрсетілген. Мұндай жоспардың бәрі диспетчердің қабинетінде сақталады.
– Өрт көбіне адамдардың бейқамдығынан шығып жатады. Қанша рет тұрғындарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырғанымызбен мән бермейтіні өкінішті. Сондай салғырттықтың соңы қайғылы оқиғаға әкеліп соғады. Төтенше жағдайлар көбіне тұрғын үйлерде орын алады. Ал өрт көбіне қыс, күз айларында жиі болады, – дейді өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұралы Сапарбаев. Бөлім бастығының айтуынша, 2015 жылы қалада 688 төтенше оқиға тіркелген. 7 адам құтқарылып, 426 адам қауіпсіз жерге шығарылыпты. Биыл жыл басынан бері 88 өрт оқиғасы орын алған.

Өрт сөндiрушiлерге жол бер, жүргiзушi!

DSC 0123

Біз радио байланыс бөліміне бас сұқтық. Диспетчер Ақмарал Мамытханова келіп түскен қоңырауларды қабылдайды. Ол уақыттың өте шектеулі екенін, өрт болған үйдің мекен-жайын, биіктігін, ішіндегі адамдар санын рациямен бөлімге хабарлайды. Ал кейбір адамдар өрт сөндірушілерді дер кезінде келмеді деп кінәлайды. Көлікте суы жоқ деп жазғыратындар қаншама?! Жол кептелісі де өрт сөндірушілерге кедергісін келтіреді. Әсіресе, мамандар жеңіл көліктегі жүргізушілердің жол бермейтінін айтады. Сондай-ақ, тұрғын үйлерге шлагбаум қойып, кіреберісті бетонмен бекітіп тастайды екен. Тіпті кейбір тұрғындар көліктерін есік тұсына немесе гидранттардың үстіне қаңтарып қойып, өрт сөндіруші машинаның кіруіне, су тасуына қиындық келтіреді.
– Біздің әр минутымыз қымбат. 2 минутта өрттен қаншама нәрсені құтқарып қалуға болады ғой. Көліктеріміздің өртке сусыз баруы мүмкін емес. Бұрын су мөлшері автокөліктерде 2 тонна 180 литр болса, ал қазіргі техникаларға 8 тонна су сыяды, – дейді Азамат Булдурынов.
Ал су өрт кезінде он минуттың ішінде таусылады. Су бітпей тұрып, екінші көліктегілер жақын маңдағы гидрантты тауып, су жеткізуі тиіс. Өкінішке қарай, гидрантты бөгеп тұрған машина иесіне хабарласқанша мамандар біраз уақытты жоғалтатын көрінеді.

Жаңа техниканың қауқары мықты

DSC 0156

№1 Өрт сөндіру бөлімінде 14 техника бар. Оның жетеуі – негізгі, екеуі – арнайы, бесеуі – қосымша көлік. Негізгі техникалардың бірі температуралық белсендірілген суы бар көпмақсатты автомобиль деп аталады. Жоғары температура мен қою түтін кезінде техника су тамшыларының көлемін кішірейтіп, ауаға майда қоспаны шашады екен. Сол сәтте сулы тұман пайда болып, температура түсіп, түтін сейіледі.
– Жаңа технологияның тағы бір жетістігі, бөлімдегі райдер тыныс алу аппараты. Мұнда тыныс алу аппаратының 55, компрессордың екі данасы бар. Онда сығымдалған ауа бір сағатқа жетеді. Өрт кезінде талай адам драйдердің көмегімен аман қалды, – дейді газ-түтіннен қорғау қыметінің аға шебері
Талғат Сейілов.
Бөлім басшысының айтуынша, өрт сөндірушілерге қойылатын талап жоғары. Қызметке кіріспес бұрын талапкерлер норматив тапсырып, психологиялық тест пен полиграф сынды сынақтардан сүрінбеуі керек. Жыл сайын медициналық тексеруден өтіп, ауысымға түсетін құрамды бөлімше дәрігері күн сайын бақылап отырады.

Автобаспалдақ жеткiлiктi, бiрақ...

Дегенмен өрт сөндіру бөлімінде мәселелер де бар болып шықты. Соның бірі ең биік қабатты тұрғын үйлер екен. Автобаспалдақ 33 метрге жеткенімен, 16 қабатты қамти алмайды. Ал кездейсоқ төтенше оқиға орын алса... Не болатыны белгісіз...
Сонымен қатар, өрт сөндіру бөлімінің мамандары еліміздегі болып жатқан табиғи апаттарға да қол ұшын созып жүр. Өткен жылы жауынгерлер Қарағанды облысында болып, халықты қауіпсіз жерге көшіріп, табиғи апаттың алдын алды. Таяуда өрт сөндіру бөлімінің 5 техникасы Солтүстік Қазақстан облысына жол тартты. Былтыр желтоқсан айында төтенше жағдайлар министрлігінің шешімімен «Достық» шағынауданында өрт сөндіру бөлімі ашылып, жеке құрам ұйымдастырылып 140 қызметкер жұмысқа алынды. Биыл облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың бастамасымен әкімшілік-іскерлік орталық жанынан өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталады.
Өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың қызметі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірі саналады. Күнделікті жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз араларында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар екен. Шымқаланың батыл қызметкерлерімен қоштасып тұрып, біз де «өрт болмасын» деп тіледік.

Шымкентте тұңғыш қалалық жастар бард фестивалі әнсүйер қауымды жинады. Байқауға қатысушылар белгілі әндерді, сондай-ақ өз туындыларын орындады. «Shymkent bard-2016» фестивалінің мақсаты – жас талант иелерін қолдау, бард әндерін насихаттау, Шымкент қаласының жаңа брендін құру, оның ішінде мәдени шаралар өткізу арқылы ішкі туризмді дамытуға үлес қосу.

phestival 1«Shymkent bard-2016» фестивалінің қазылар алқасының төрағасы Кеңес Исмаилов атап өткендей, шымкенттіктер мәдени жаңалыққа шынайы ықылас танытып, авторлық ән өнерінің әлі күнге маңызын жоймағанын дәлелдеді. Қала әкімдігі ұйымдастырған байқауға қатысуға жасы 14-35 аралығындағы барлығы 30-ға жуық адам тілек білдірсе, соның 22-сі іріктеліп алынды. «Бұл бастамасы ғана. Фестиваль міндетті түрде географиялық аясын кеңейтеді», – дейді ұйымдастырушылар. 

Байқау қазақ әнін алты ішекті аспаппен асқақтатқан әншілер үшін мерекеге айналды. Өнер бәйгесінде гитарашылардың басы қосылды. Өмірлік пәлсапаны өлең жолдарымен өріп, әсерлі сазбен әрлейтін бұл жанр тыңдаушысын тамсандырып, терең ойға жетелеуімен ерекшеленеді. Фестивальде қатысушылардың шығармашылығы мен шеберлігі де бағаланды.
– Шымкентте осындай қызықты шаралар өтіп тұратыны қуантады. Бізде осындай ізбасарлар бары көңілге жылылық ұялатады. Авторлық әндер өшпеуі, қайта одан әрі жандануы тиіс, – дейді қазылар алқасының мүшесі, белгілі бард әнші Мырзамұрат Көшербаев.
Шымкеттік қыз-жігіттердің қызығушылығы бұл өнердің жоғалмайтынына кепіл бола алатын секілді. Сондай жалынды жастардың бірі – «Shymkent bard-2016» байқауы аясында «Ең жас ақын» атанған Стэлла Сазанова. Ол тыңдарман назарына «Ночь» атты төл туындысын ұсынды. Стэлла Сазанова және Диана Бейсенова Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнімен «Ең үздік орындаушы» номинациясын иеленді. Әсел Әнетова «Үздік композитор» атанса, «Орыс тіліндегі әннің сөзі мен әуенінің авторы» ретінде Александра Исакова және Игорь Теннің жұлдызы жарқырады. Бұл номинация қазақ тілі бойынша фестивальдің жаңалығы ретінде танылған Әсел Әнетоваға бұйырды. Алдағы уақытта бард әндерінің фестивалі жалғасын таппақ.

phestival 2

Қазақ әзiлiнің деңгейi қандай?

Пятница, 01 Апрель 2016 04:55

Қазақ сатирасының тарихы тым тереңде жатыр. Оның бастау-бұлағын халық ауыз əдебиетiнен көруге болады. Қожанасыр, Алдаркөсе, Тазша бала әңгімелерінен, уытты қалжыңынан астарлы ақиқатты ұғамыз. Ал бүгінгі қоғамдағы күлкі қандай? Түйткілді мәселелерді дөп басып жүр ме?

zC0A97jDaSI

Халық бұрынғыдай «Тамашаны» ғана тамашалап отырған жоқ. Бүгінде Шымкенттен шыққан әзіл-сықақ театрлары көп. Яғни өңірді күлкінің Отаны деуге де болады. «Шаншар», «Нысана», «Алдараспан», «Шымкент шоу» театрларының өз көрермені бар. Қазір оларды республика жұртшылығы жақсы біледі. Әр театр ешкімге ұқсамайтын тың әзілді, қойылымды ұсынуға құштар. Ал театрлар арасындағы бәсекелестікті арттырған «Ду-думан» бағдарламасының жөні бөлек. «Хабар» телеарнасынан көрсетіліп жүрген дүлдүлдер додасына шымкенттік әзіл-сықақ және сатира театрлары да бақ сынап жүр.


«Жайдарман» жалықтырған жоқ па?

13907941195 168ef2a094 b

Соңғы уақытта «Жайдарман» жастарына сын жиі айтылады. Ал командалардың жеңіл әзіліне салмақты қалжың керек деп шарт қою дұрыс па? «Жайдарманда» 22-ге дейінгі жастар ойнайды. Олардың арасында ұшқыр ойлы, сөзі мірдің оғындай әзіл айтатын қалжың құмарларды да ескерген жөн. «Қазақстан КВН Одағы» Президенті Есен Елеукен өз сұхбатында «Жайдарманда» анайы әзілдерге жол берілмейтінін айтады.
– Кейбір топ құрамалары толықтай саяси мәселерді әзілге айналдырса, екіншілері қоғам көтеріп жатқан трендтерді нысанасына алады. Жалпы, көрерменге осы уақытта болып жатқан оқиғалар қызықты екені сөзсіз. Жайдарманшылар барынша қамтуға тырысып жатады. Әзілдердің деңгейі әр топтың дайындығына байланысты. Көрермен ойыннан шыққаннан кейін, есінде қалып, көптің аузында жүрген фразалар өте көп. Мысалы, «Алыстағы ағайыннан жақындағы «Каспий банк» артық. Анда-санда хал-жағдайыңды сұрап тұрады» деген әзіл жыл басында шықса да, елдің аузында әлі айтылып келеді. Жоғарыдағы әзіл езуге күлкі жиғанмен, шын мәнісінде қоғамдық ахуалды бейнелейді, – дейді Есен Елеукен. Ол «Жайдарманды» жеңіл әзіл санайтындардың пікірімен келіспейді. Тіпті сұхбатында сатириктердің де «Жайдарманға» әзіл жазып бере алмайтынын жасырмайды. Себебі, 4-5 минут ішінде көрерменге бірнеше рет езу тартқызу да қиын екенін, үлкен еңбек пен таланттың қажет екенін жеткізген.


Театрлар көбейсе де...

ду-думан

Ресейдің белгілі пародияшысы Евгений Петросян: «Бір кезде Ницше «Адам күлкіні көп қасірет көргендіктен ойлап тапты» деген екен. Адам баласы қашан да көңіл көтеруге, күлуге дайын. Менің мақсатым – жай ессіз күлдірмей, әзіл-оспақты өмірдің әр қырынан байланыстыра отырып, қоғамдағы келеңсіздіктерді кейде сынмен, кейде әзілмен ойнақы жеткізу», – дейді. Ал біздің қоғамдағы сын, әзілді әзілкештер қалай жеткізіп жүр?
Бүгінгі қоғамда халықты толғандырған тақырыптар жетерлік. Дегенмен театрлар арасында кемпір мен шал, шайпау әйел, маскүнем әйел, ене мен келін бейнелері жиі қайталанады. Сондай-ақ, ер адамдардың әйел рөлін шектен тыс ойнайтын сияқты. Ал ене мен күйеубала арасындағы бітпейтін кикілжіңге не айтуға болады? Шындығында қазақта ене мен күйеу жау болған ба? Отбасындағы мәселені сахнаға алып шығу талғамы биік көрерменді жалықтыра бастағандай.
– Сатиралық театрлардың көптігі қуантады. Ал сапасы «сай-сүйегімізді» сырқыратады, – дейді белгілі сатирик Мұхтар Шерім. – Тақырыбы бір, бірін-бірі қайталауға құмар. Жаға ұстататыны театр басшылары өздерін «сатирик» санайды екен. Сатириктердің идеясын ұрлап, өздері анекдоттардың өңін айналдырып, қазақыландырады. Сатира күштілердің қаруы болғанымен, күлкі арзан, билеті қымбат болған заман туды. Қазіргі театрлар авторларды менсінбейді. Айтатын уәждері: сатириктер сахна тілін түсінбейді. Сахнаға лайықтап жаза алмайды... Сахна тілін өзің керемет түсінеді екенсің, автордың керемет дүниесі болса, сахнаға лайықтап жібер! Мүйізі қарағайдай драматургтердің туындысын мықты режиссерлар өз қалауларынша түйіндеп, сахнаға лайықтап, әр беріп, иін қандырып жатады емес пе? Бізде, өкініштісі сол, қаламақы мәселесі өз жүйесін таппаған. Авторлардың маңдай терімен жазған дүниелерін тегін пайдаланғысы келеді. Сосын, авторлар сахналық интермедиялар жазуға құлықсыз.


Актерлерге iзденiс керек

Ал өнерде жүрген әртістердің уәжі басқа. «Шаншарда» шығармашылық дағдарыс бар дегенге келіспейді. «Шаншар» және Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының актері Жүсіп Ақшора рөлге жан-тәнімен беріліп, кейіпкер бейнесіне кіретінін айтады. Ұшқыр қиял мен тапқырлық та актердің интермедияларынан табылып жүр. Сахнада жүргеніне 20 жылдан асса да Ж. Ақшора ізденісін тоқтатқан емес. Образды алып шығу үшін барын салады. Бірін-бірі толықтырып тұратын Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның монологтарына езу жимайтын көрермен жоқ. Дегенмен, шығармашылық тоқырау бар дегенге «күн сайын кейіпкерімді іздеп жүремін» деп жауап қатты ол. Сондай-ақ, «Алдараспан», «Базар жоқ» театрларының көрерменге шат-шадыман сыйлаған күлкісін де айтуға болады. Әзілдің әрін, сахнаның сәнін келтірген актерлер күлкінің күбісін пісіп-ақ жүр.
Шын мәнінде, театрлардың бәрі жеңіл әзіл, арзан қалжыңның жетегінде кеткен жоқ. Астарлы, саяси уыты бар қалжыңдар да, тұрмыстық интермедиялар да сахналарда жиі қойылады. Тек олардың қатары аз. Театрлар көрерменді ойландыратын, толғандыратын шығармаларды қойылымдарына жиі арқау етсе дейміз. Сатирик Сейіт Кенжеахметовтің «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген сөзі бар. Демек, күле білетін өмірде күлдіре білу де үлкен өнерді қажет етеді. Әзіл сүйер қауым актерлерден қашанда сауатты да уытты қалжыңды күтеді.

Жуырда бірінші санатты тарих пәнінің мұғалімі Күлпаршын Тұрсынбаева «Білім беру ісінің үздігі» медалімен марапатталды. Ұлағатты ұстаз Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектебінде қызмет етеді. Ол ұстаз деген ұлы сөзге лайық шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп жүрген жан.

zhadyra«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, К. Мұратқызы шәкірттерінің жүрегіне білім нәрін себумен бірге жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелеп келеді.
Өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген ұстаздың білім саласында еңбек етіп жатқанына – 25 жыл. Ол сабағында жаңа әдістемелерді қолдануға тырысады. Үнемі білімі мен біліктілігін жетілдіріп отырады. Өмірін балаларға білім беруге арнаған Күлпаршын Тұрсынбаева байқауларды бос жібермейді. Нәтижесі де жоқ емес. Шәкірттері облыстық, қалалық жарыстарға, пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Биыл Инфоурок олимпиадасында озық информациялық технологияларды пайдаланып, білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім беру жіне Технология институтының алғыс хатымен, ал шәкірттері арнайы сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ, ол «Тарих сабағында жаңа технология элементтерін пайдалану» тақырыбы бойынша жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар Күлпаршын Тұрсынбаеваның әдістемелік жұмыстары «Мектеп» журналында және «Жаңаша оқытуға жаңа көзқарас» тәжірибелік жинаққа жұмыстары енгізілді.
– Ұстаз болу асқан жауапкершілікті қажет етеді. Өз жұмысымда оқушылардың жас ерекшелігіне қарай, тиімді әдіс-тәсілдерді қолданамын. Бұл марапат еңбегімнің жемісі деп ойлаймын, – дейді 1 санатты мұғалім. Оқушылар да ұстанымы жақсы ұстазын жақсы көреді. Әріптестері де сабақты қызықты ұйымдастыратын Күлпаршын Тұрсынбаеваның еңбегін жоғары бағалайды.

ОҚО офтальмологиялық аурухананың бас дәрiгерi:

Халқымыз «Көз – адамның шамшырағы», «Көз – адамның айнасы» деп бекер айтпаған. Ең қымбат затты «көзіңнің қарашығындай сақта» деуі де тегін емес. Табиғаттың өлшеусіз сыйы қос жанарымыздың қадірін білеміз бе? Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда алыстан көрмеу ауруы белең алып отыр. Бұл кеселден жасөспірімдер зардап шегуде. Әрине, техниканың дәуірінде көзге көңіл бөлмесе, селқостық танытуға болмас.

duderbaev– Дулат Өмірзақұлы, қазір – техниканың дәуірі. Үйде де, қызмет орнында да адамдар компьютермен жұмыс істейді. Көз ауруының көбеюіне осының әсері болуы мүмкін бе?

– Біз ғылыми-техникалық прогресті бастан кешіп отырмыз. Қазір компьютерсіз жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Елімізде ғана емес, дүниежүзі елдерінде де көз аурулары көбейіп келеді. Жасыратыны жоқ, бұрын Кеңес одағы кезінде балабақшадан бастап мектепке дейінгі гигиеналық-санитарлық жағдайлар қатаң қадағаланды. Парта мен орындық, төбедегі шамдардың нақты өлшемдері, орналасуы бала жасына лайықты болды. Оқу бағдарламалары бүгінгідей күрделі емес еді. Әсіресе, компьютер мен ұялы байланыс телефонынан хабары жоқ ұрпаққа көзді түрлі кеселден сақтау оңай болды. Қазір жағдай басқаша. Соңғы үлгідегі қалта телефондары үлкен-кішінің қолынан түспейді. Айпад, Айфон дейсіз бе, бала-шағаның таптырмас ермегіне айналды. Сәби жыласа, жұбансын деп, телефонды қолына ұстатады. Денсаулыққа тигізетін қауіп-қатерді ескермейді. Ал жас балалар теледидардың, компьютердің алдынан шықпайды. Компьютерлік орталықтарда да балалар ойын ойнап отырады. Бүгінде халықтың көбісі қалаға шоғырланған. Көбісі күйбең тіршілікпен кішкентайларын үйге қалдырып кетеді. Міне, осыдан соң, жас балалар жақыннан көруге қалыптасады. Өкініштісі сол, мектепке баратын 100 баланың 5-уі нашар көреді. Мектепте көзілдірік тағады. Ал мектеп бітіретін тұста 100 баланың бесеуі екі есеге көбейеді. Қазір Жапонияның 70 пайызы көзілдірік тағады. Вьетнам, Қытай, Корея секілді елдерде әрбір екі баланың көзі нашар көреді. Жақын көргіштік кеселіне душар болған. Өкінішке қарай, бізде де осындай жағдай қалыптасуда. Бұл дәрігерлердің кінәсінен емес. Жақыннан көруге қалыптасқаннан болып отыр.

– Қоршаған ортаның ластануы да себеп шығар?

– Экологиялық жағдайдың нашарлығы да көз ауруларының көбеюіне негіз болады. Қазір қаладағы ауа таза емес. Көлік түтіндерінде 200-ге жуық көзге әсер ететін әртүрлі химиялық заттар бар. Сосын ультра күлгін сәулесінің де зияны көп. Осының әсерінен сәулелі катаракта пайда болды.

duderbaev-2– Бұрын көз ауруымен жастар өте сирек ауыратын. Сырқаттанып қараламын дейтіндер қариялар болушы еді...

– Иә, ата-аналар алдымен баланың денсаулығын назарда ұстауы керек. «Балам сабақты оқымайды, үлгерімі нашар» дейді. Ал құлағы нашар естісе, көзі көрмесе бала сабаққа қалай үлгереді? Тақтадағы көрнекі затты көрмеген соң, мұғалімнің айтқанын түсінбейді. Сосын сабаққа зейіні болмайды. Сондықтан ата-аналарға айтарым, алдымен балаңыздың денсаулығын тексертіңіз. Сырқаты болса емдетіңіз. Сонан соң, тәртібі мен үлгерімін талап етуге болады. Біз -3-ке жеткен жағдайда баланың ауыр спорт түрімен айналысуына тыйым салып отырмыз. Өкінішке қарай, қарт кісілердің арасында да көз аурулары көбейіп келеді. Айталық, бұдан 10-20 жыл бұрын адамдардың жасына байланысты пайда болған дерттерді емдейтінбіз. Мәселен, 60-70 жастан кейін бой көрсететін қайсыбір ауру қазір 40 жастағыларда кездеседі. Ал катаракта кеселі дегеніміз – көз бұршағының ақ басуы. Көздің ішінде екі жағы да дөңес, линза сияқты көздің бұршағы бар. Ол қалыпты жағдайда мөлдір болады. Ал қырықтан асқанда көздің нұры тая бастайды. Сөйтіп көз бұршағын ақ басады. Бұл – табиғи заңдылық.

– Суқараңғылық ауруына тап болғандардың қатары елімізбен қатар, әлемде көбейіп жатқандығы рас. Өзіңіз күнделікті емдеп жүрген ауруханада осы сырқатпен тіркелгендер бар ма?

– Суқараңғылық алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Өзім жұмыс істейтін емханада да осы дертке шалдығып арнайы тізімге енгізілген науқастардың қатары өсіп келеді. Скринингтік тексеру арқылы 230 адамның 40 жастан жоғары 1480 кісіден суқараңғылық ауруын таптық. Біздің облысымызда 7 мыңға жуық тұрғын аталған кеселмен кезекте тұр.

– Неліктен көзі көрмейтін адамдардың саны артып отыр?

– Адамға барлық ақпарат көздерінің 75 пайызы көзбен қабылданады. Суқараңғылық ауруы көз ауруларының ішіндегі кең таралған аурулардың бірі. Теледидар мен компьютерге көп қараған адамдар өз денсаулығына мән бермейді. Ал, глаукоманың негізгі ерекшелігі сол ауырғанын адамдар біле де бермейді. Өйткені, ауру белгілері білінбейді. Тек науқаста көздің ішкі қысымы көтеріледі. Соның нәтижесінде көздің қалыпты жағдайдағы жұмысын төмендетіп, торлы қабығына келетін жүйкелердің жұмысы бұзылады. Глаукома асқынса, соқырлыққа әкелуі мүмкін. 40 жастан асқан адам көзінің сырқаты болсын, болмасын, міндетті түрде медициналық тексерістен өтуі тиіс. Бүгінгі күні әрбір адам көзінде глаукоманың белгілерінің бар, жоғын тексертуі керек.

– Айтыңызшы, сау көз қандай болуы керек?

– Сау көз мөлдір болады. Барлық түсті ажырата алады.

– Жылына сіздерге шамамен қанша науқас келеді?

– Бұрын емханамызға қала, аудандардан жылына 70-80 мыңға жуық адам келетін. Қазір жаңа жүйе қалыптасты. Біздің емханамыз кеңес береді, сырқаттың кеселін анықтайды. Қажет болса ота жасайды. Былтыр жолдамамен 21 мыңға жуық адам келіп көрінді. 3700 адамға ота жасадық.

– Көз ауруының алдын алу үшін не істеу керек?

– Жылына бір рет көз дәрігеріне көріну керек. Екіншіден, көздің гигиенасын сақтаған жөн. Бұл Еуропада қалыпты жағдайға айналған. Отбасымен барлық ауруларға тексеруден өтеді. Ал біздің елімізде ше? Дер кезінде келмейді, ем алмайды. Ауруы асқынып, әл үстінде келеді. Көз мидің бір бөлшегі ғой. Суқараңғы адам кімге керек? Мектепте оқитын балалар теледидар алдында 8 сыныпқа дейін 45 минут, 9-11 сыныпта оқитындар 1,5 сағаттан артық отыруға болмайды. Компьютерге көп қарайтын адамдарда көзді қорғап тұратын көздің жасынан пайда болатын жұқа қабақ буланып, соның әсерінен көз құрғап, көзі ауыратын болады. Компьютермен жұмыс істейтін азаматтарға 1 сағат сайын 5-10 минут үзіліс жасап, көз бұлшық еттерін демалдырып тұрғандары жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Страница 34 из 47