«Адамның бар бақыты – бала» дейді қазақ. Сондықтан баланы көңілдің гүлі, көздің нұры деп ұғады. Ата-анасы өмірінің жалғасы ретінде сәбиінің болашағынан үміт күтетіні белгілі. Ал бауыр еті баласының қауіпсіздігін ойламайтын жан жоқ шығар сірә. Әйтсе де, соңғы уақытта балалар өлімі, жазатайым оқиғалар көбейіп кетті. Жоғалып жатқан жеткіншектер қаншама?!

balalar shymkala

Жуырда жоғалып табылған 12 жастағы қыз баланың жағдайы көпшіліктің назарында болды. Оқиға Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінде тіркелген еді. 34 жастағы әйел полицияға арызданып, қызы Балнұрдың жоғалып кеткенін айтады. Кешкі сағат 21:00-де үйінен шығып кеткен бүлдіршін қайтып оралмаған. 5 сынып оқушысын іздеуге ОҚО ІІД криминалды полиция басқармасы, Қаратау полиция бөлімі мен өзге де басқармалардың кәсіби қызметкерлерінен жедел іздестіру тобы жұмылдырылды. Дегенмен қыз бала аман-есен табылды. Өкініштісі, мұндай жағдай қаламызда бірінші рет орын алған жоқ. Мұнан бұрын 5 мамыр күні 2006 жылғы бала жоғалып кеткен болатын. Оқушы мектептен келген соң, сөмкесін тастап, шығып кеткен. Ол сол кеткеннен қайтып оралмаған. Баланы ел болып іздеді. Жергілікті полицейлер айға жуық іздеп, табылар деп үміттенді. Бірақ табылмады. Өкініштісі, екі балаға қатысты дерек әлі жоқ. Оның бірі Сайрам ауданының тұрғыны 1997 жылы туылған, мүмкіндігі шектеулі жасөспірім. Екі жылдан бері оған қатысты ешқандай дерек табылмаған. Жас жігітті іздеуге ОҚО ішкі іскер департаментінің қызметкерлерінен бөлек, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қатысты. Оның фотосуреттері әлеуметтік желілер мен ақпараттық агенттіктерде жарияланды. Бүгінге дейін екі жасөспірімді іздестіру шаралары әлі жүргізілуде.
Айта кеткен жөн, бала ұрлау қылмысы бойынша, Оңтүстік өңірі алда тұр. ОҚО Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері 42 баланың жоғалу фактісі тіркелген. Оның екеуінен басқасы дер кезінде табылып, үйлеріне жеткізілді.

Балалар неге жоғалады?

Балалар белгілі жасқа дейін ата-анасының «идеал» екеніне, ең жақсы, ең мейірімді екеніне сенеді. Үлкендердің айтқанын бұлжытпай орындайды. Яғни отбасындағы тәртіп пен тәрбие дұрыс болса, баланың үйден кетуіне негіз жоқ. Себебі, ата-анасының үйіне уақытылы келмеуі, жауапсыздығының төмендігі оқушыларға да әсерін тигізетін көрінеді. Соның салдарынан бала да ата-анасының ісін қайталап, қауіпсіздік пен қауіп-қатерді ескермейді.

balalar shymkala-2

Бүлдіршіндердің жоғалуына кімдер кінәлі? Балаларды кімнен қорғауымыз керек? Тәртіп сақшыларының айтуынша, қолайсыз отбасында тәрбиеленген жеткіншектердің үйінен кетіп қалуы үйреншікті жағдайға айналған. Қала бойынша 245 004 балалар мен жасөспірімдер бар.
– Балалардың өз бетімен үйден кетіп қалуы көп кездеседі. Олардың көбісі бос уақыттарын ойын клубтарында өткізеді. Кейбірі өз бетінше жұмыс істеп, ақша тапқысы келеді. Ата-анасынан жасырынып, базарларда, қоғамдық көліктерде жұмыс істейді. Негізінде отбасында баланың тәрбиесін босаңсытуға болмайды. Тұйық, өз өзімен ғана жүретін болса жайбарақат қарамауға тиіспіз. Сондықтан оқушының қауіпсіздігін, бос уақытын ата-ана үнемі қадағалауында ұстауы керек,-дейді ОҚО ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұсабек Қаниұлы. Шындығында жоғалған балалардың көбісі 1-2 күнде табылып жатыр.
Ал үйінен қашқандар ата-анасымен жүздесуден қорқады. Өтірігі де көп. Себебі ғалымдар өтірік айту балада 3 пен 5 жас аралығында қалыптасатынын дәлелдеп отыр. Осы орайда Ұлы Абайдың: «Әуелі балаңды өзің алдайсың оны беремін, мұны беремін деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» дегені оныншы қарасөзі еріксіз ойға оралады. Айтқандай-ақ, көршісіне, туысына балаларын сеніп қалдыратын көп. Соның салдарынан жазатайым оқиғаларға тап болып жатқандар сәбилер де, жас жеткіншектер де жиі кездеседі.
Деректерге сүйенсек, Финляндияда ата-ана баласына дауыс көтермейді. Егер дауыс көтеретін болса, көршісі полицияға қоңырау соғып хабарлайтын көрінеді. Ал біз ше? Бүгінде отбасындағы ахуалға ешкім араласпайды. Деректерге сүйенсек, жағдайым жоқ деп баласын бастан тебетін қолайсыз отбасылар да кездеседі. Қазір елімізде 242 адам ата-ана құқығынан айырылған. Ал олардың балалары оңалту орталықтары мен балалар үйінде. Десе де, біздің елде арнайы заң бар. Балаға немқұрайлы қараған ата-ана жауапқа тартылады. Ал емханалар мен мектептердегі психологтар оқушылардың бәріне көмектесе алмайды.

Бақылаусыз балалар жазым болып жатыр

Әрине, кез келген ата-ана баланың қауіпсіздігін ойлайтыны белгілі. Дегенмен үй жағдайында кішкентай бүлдіршіндердің биіктіктен, терезеден құлап кетуі жиі тіркеледі. Әсіресе, тұрғын үйлердің терезесінен құлаған балалар саны азаяр емес. Мәселен, мамыр айында Шымкентте үшінші қабаттан құлаған бала ми жарақатымен ауруханаға түсті. 75 жастағы әжесі москитті торға сүйеніп тұрған немересін ұстай алмаған. Бала үшінші қабаттан тормен бірге құлаған. Облыстық балалар ауруханасына жеткізілген бала бірден жан сақтау бөліміне орналастырылды. Ал былтыр балконнан 14 бала жоғарғы қабаттан құлап түскен. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, көбіне балалар ата-аналар тарапынан бақылау болмағанда ұшырайды екен. Балкондағы торға жақындап балалардың құлауы көбеюде.
– Ата-аналарға тор балалардың сақтап қала алмайтынын ескерткім келеді. Олардың бекіткіштері балаларды салмағын көтеруге жарамайды. Сондықтан үлкендердің терезенің ілгіштерін салып, мұқият тексеріп жүргендері жөн,-дейді облыстық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақов.
Қазір қаламызда балаларға қатысты жазатайым оқиғалар жиі орын алады. Мұның бәрі баланың қауіпсіздігіне салғырт қарайтынымызды көрсетіп отыр. Күйіп қалу, жарақат алу жағдайлары да аз емес. Ең қиыны қайғылы жағдайға ұшырағандардың басымы дені сау балалар.

Жол-көлiк оқиғасы оқушы өмiрiн қиды

Балалар қауіпсіздігіне тек ата-ана ғана емес, тәрбиешілер мен мектеп мұғалімдері де жауапты. Ал қоғамдық ортада ше? Жуырда Абай ауданында болған Жаңаталаптағы оқиғадан соң, оқушылардың жол қауіпсіздігін нығайту мәселенің бірі екені мәлім болды. Оқиға салдарынан аялдамада 2012 жылы туылған бастауыш сынып оқушысы көз жұмды. 2 оқушының денсаулығына нұқсан келді. Көлік оқиғасынан соң, Фабричный көшесіне жол белгілері қойылды. Ал 1997 жылғы жүргізуші жігіт қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. ОҚО Ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, 4 айда балалар арасында 207 көлік оқиғасы орын алған. Оның ішінде 12 бала қайтыс болса, 196-ы әртүрлі дене жарақатын алған. Яғни өткен жылмен салыстырғанда қаза болу 20 пайызға жоғарылаған.
Бала үшін отбасы – алтын бесік. Тәрбие, адамгершілік қасиеттер отбасында қалыптасады. Жасөспірімдерге дұрыс тәрбие беру, ата-анасының міндеті. Оларға отбасында, мектепте, жалпы ортада өмір сүрулері үшін барлық жағдай жасалуы керек. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымызды бойға сіңіруде ата мен әженің орны бөлек. Бауыржан Момышұлының «... Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп, ойға бататыным бар. Сондай шақтарда алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді. Өйткені өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған ешкім жоқ» деуі тегін емес. Соңғы уақытта балалардың тәрбиесі ақсап бара жатыр. Жазатайым оқиғалар да азаяр емес. Біздің көбімізде баланы қорғау полиция мен туыстарының міндеті деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан, бұл мәселеге қоғам болып тосқауыл қойған жөн. Олай болса, балаларды қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бәріміз жауаптымыз. Ата-ана балаңызға қамқор болыңыз, қорғаңыз!

Шымкентте «Дархан далам» атты суретшілер симпозиумы қорытындыланды. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 22 мәдениет қайраткері мен қылқалам шеберлері қатысқан болатын. Олардың қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жұмақын Қайранбаев (Алматы), Алпысбай Қазығұлов, Сембіғали Смағұлов, Өсербай Шоранов (Павлодар) бар.

suretshiler

«Дархан далам» симпозиумы биыл Оңтүстікте үшінші рет ұйымдастырылды. Қылқалам шеберлері Түркістан қаласындағы көркем орындарда болып, «Ақсу-Жабағылы» қорығында пленерлік жұмыстарын өткізді. Суретшілер мен кескіндемешілер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына да тарту жасап, туындыларына қаламыздағы Ордабасы алаңы, Шәмші гүлзары, Дендросаябақ, «Тәуелсіздік», «Абай» саябақтарының тамаша табиғатын арқау етті. Ал симпозиумның қорытындысы бейнелеу мұражайында өтті. Келушілер назарына «Дала аңызы», «Яссауи кесенесінің киесі», «Шаһарымыздың шежіресі» сынды көркем туындылар көрменің төрінен табылды. Сондай-ақ, жеңімпаздардың да есімі анықталды.
– Бейнелеу өнері бойынша әлемде симпозиумдар мен түрлі форумдар үнемі өткізіліп тұрады. Сол шаралардың бірегейі – суретшілер симпозиумының маңызы зор. Оны өткізудегі басты мақсат – бейнелеу өнерін насихаттау, қала тұрғындары мен қонақтарын республикамыздың барлық облыстарынан келген суретшілер шығармашылығымен таныстыру, суретшілер арасында тәжірибе алмастыру. Мұндай ізгі бастамалар мәдениеттің дамуына ықпал ететін дара жол», – дейді облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Айнабек Оспанов.
Шымкенттегі кезекті симпозиумға қатысқан суретшілер бейнелеу мұражайына өз еңбектерін тарту етті. Қатысушы жеңімпаздардың барлығы алғыс хаттармен марапатталып, 150 мың теңгеден қаржылай сыйлықты иеленді.

Елімізде фармацевтика саласында көшбасшыға айналған «Химфарм» зауыты жаңа цехын іске қосты. Енді кәсіпорын антибиотик ұнтақтарын асептикалық жолмен бөліп шығарады.

Жаңа цехтың ашылу салтанатына облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Польшаның Polpharma тобы бақылау кеңесiнiң төрағасы Ежи Старак арнайы келді. Өңір басшысы зауыт ұжымының жұмысын жоғары бағалап, сәттілік тіледі.
Жаңа жоба «SANTO» компаниясының жаңа жетістігі десе де болады. Бұл антибиотиктер бұрын өндіріліп келгенімен, GMP стандартының талабы бойынша шығарылмақ. Соған орай, зауыт тағы да тамыз айында бір желіні іске қоспақ. Яғни цех жылына 40 млн антибиотикты шығаруға қауқарлы.
– Компания өз қызметі арқылы өнімнің сапасына, қауіпсіздігі мен тиімділігіне көңіл бөлетіндігін тағы да дәлелдеді. Жаңа цех халықаралық стандарт талабына сай. Сондай-ақ, кәсіпорын толығымен өнімді басқа бөлшектермен ластанудан қорғайды. Себебі, мұнда қоршаған ортаны ластанудан сақтайтын арнайы сүзгілер орнатылған, – дейді «Santo» компаниясының бас директоры Ижи Урбанец.
Зауыттың бас директорының айтуынша, өнімдерге Ресей де қызығушылық танытуда. Яғни көрші ел дәрі-дәрмектерді экспорттауда негізгі мемлекет болмақ.

Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары БАҚ өкілдерімен бірге «Біз біргеміз» акциясы негізінде бірқатар нысандарды аралады.

 W7A3328

Қоғамдық мекемелердің инфрақұрылымы мүгедектерге қаншалықты ыңғайлы? Жүріп-тұруына кедергі жоқ па? Рейдте мамандар жеке нысан иелеріне жолығып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету керектігін түсіндірді. «Атлант» сауда үйінің әкімшісі Фатима Елемесқызы жіберілген кемшілікті түзететінін, акцияға бір кісідей атсалысатынын айтты.
Акция негізінде Еңбекші ауданында 36 көшеде орналасқан 320 комерциялық нысан анықталып, 11 жүргіншілер аяқ жолының қажеттілігі туындаған. Мәселен, кейбір нысандарда пандустар мен тұтқалар орнатылмаса, кейбірінде орнату барысында арнайы талаптар ескерілмеген. Бүгінге дейін мобильдік топ 468 нысан иелеріне жадынама таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Үш кәсіпкермен жеке мемарандум түзілген. Жұмыстар Еңбекші ауданында әлі жалғасын табуда.

Аулалардың ахуалы қандай?

Среда, 25 Май 2016 04:54

Тазалық таза аулада қалыптасады. Ал ұқыптылық көше сыпырушыларға ғана емес, тұрғындарға да ортақ. Өйткені тазалық бар жерде тәртіп пен реттілік болатыны анық.

20160427 113022

Қала әкімі Ғ. Әбдірахымов Шымкентті көркейту жөніндегі кеңесте: "Қалада тазалық шараларын сақтау қажет. Барлық аула, көшелер мен жол өткелдерінде қоқыс тастауды доғару қажет" деген болатын. Қазір тазалық жұмыстары жолға қойылды. Шымкент орталығындағы тазалықта мін жоқ. Аулалар мен көшелерде қоқыс жәшіктерінің саны артты. Дегенмен аулалардың қазіргі ахуалы қандай? Абаттандырылуы көңілден шыға ма?
Бүгінде көпқабатты үй аулаларының жағдайы әртүрлі. Бірінде көркейту жұмыстары жақсы жүргізілсе, бірінде мүлгіген тыныштықты көресіз. Тіпті кейбір үйлердің балалар алаңшасы көліктердің автотұрағына айналған.

Әрине, көктемнен бастап, қаладағы қоғамдық орындардың бәріне сенбілік жұмыстары жиі өткізіледі. Бірақ миллионға жуық тұрғыны бар Шымкенттің қуыс-қалтарысын тазалап, ретке келтіру мүмкін емес. Биыл көркейту-көгалдандыру жұмыстарына Әл– Фараби ауданы бойынша, 235 млн теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға 40-қа жуық аула абаттандырылады деп жоспарлануда. Еңбекші ауданы бойынша 244 млн теңгеге 23 үйдің ауласы жөнделеді. Ал Қаратау ауданының аулалары жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен көркейтілмек. Осы орайда «Таза қала» байқауының да өз үлесі бар. Акцияның мақсаты – қала тұрғындарын тазалық сақтауға үндеу. Көшелерді, көп қабатты үйлердің аула аумақтарын көріктендіру, көгалдандыру, санитарлық жағдайына көңіл бөлу. Биыл төртінші рет өткізілетін байқаудың жүлде қоры да қомақты – 4 миллион теңге. 

20160427 112120

Қуантарлығы, акцияға қатысушы тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Соның бірі – Ш. Қалдаяқов көшесі, 1/5 үйдің тұрғыны Фархад Исмайлов. Зейнеткер қажетсіз дүниелерді кәдеге жаратыпты. Шебердің қолы ортақ демеске лаж жоқ. Есіктің алды тап-таза. Қоршаулары сырланып, ағаштары әктелген. Қызылды-жасылды гүлдер, бой көтерген жеміс ағаштары көңілге жайлылық ұялатады. Келген қонақтар таңданысын жасырмай, Фархад ағайға алғысын айтып жатады.
– Атымызды шығару үшін емес, өзіміз, балалар мен немерелеріміз үшін көріктендіріп жатырмыз. Бұл іске тұрғындардың бәрі бір кісідей атсалысуда. Жарамсыз зат қалдықтарын кәдеге жаратып, ауламызды әрледік. Нәтижесін көпшілік те байқап жатқан болар. Біздің ауламызды көруге әрі демалуға көрші үйлердің тұрғындары да келіп тұрады. Әрине, мұндай аула кез келген жанның көңілін жадыратпай қоймайды,-дейді зейнеткер. Дегенмен қала аулаларының барлығы тамаша деп айта алмаймыз. Әлі де шешімін таппаған мәселелер кездеседі. Мысалы, Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №20, 21 үйлердің аулалары. Тақыр аула үйлердің келбетін қашырып тұр. Қыбыр еткен тіршілік иесі байқалмайды. Тым-тырыс. Кездейсоқ жолыққан тұрғынның айтуы бойынша, аулалар айына бір жиналатын көрінеді. Оған дейін аула сыпырушылардың ат ізін салмағанына айдың жүзі болыпты. Ал аула тазалығы айтпаса да түсінікті.

20160427 113206

Шындығында көпқабатты үйлердің аулаларын көше сыпырушылар тазалайды. Бірақ олар аула тазалығына толықтай жауапты деген сөз емес. Тұрғындардың сыпыратын, тазалайтын адам бар деп кез келген жерге қоқыс тастауына болмайды. Ал үйдің тазалығы алдымен ауладан басталатыны анық. Тазалық арқылы қалалықтардың қандай деңгейде екенін көруге болады. Алдағы уақытта жауапты мекемелер, осы аталған №20, 21 үйлердің ауласын ретке келтіреді деп сенеміз. Ескертуіміз дер кезінде қолға алынса, бұл аула әлі көркейіп, алаңқайда балалардың асыр салып ойнайтыны анық.
Кореяның жеткіншектері мектепке бара жатқанда ата-анасы сөмкесінің бір жақ қалтасына қалақша, бір жақ қалтасына сыпыртқы салып береді екен. Бұл сана мәдениетін қалыптастыру болса керек. Бала кішкене қоқыс көрсе әлгі құралымен алып, жәшікке тастайды. Қала тазалығына тек көше сыпырушылар мен тазалық мекемелері ғана емес, тұрғындар да жауапты. Ал ұқыптылық алдымен адамның өзінен басталуы керек. Әрбір тұрғын туған қалаға ықыласы мен сүйіспеншілігін өзі тұратын ауладан бастаса қанекей! Сонда еліміздегі таза қалалар қатарынан көрінер едік.

Шымкентте сауда базары өртенді. Оқыс оқиға қаладағы 11 шағынауданда орналасқан «Исатай» базарында орын алды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мәліметінше, өрт 2000 шаршы метр жерді шарпыған. Оның 437 метрі базар аумағына тиесілі. Түнгі сағат 01-55-те тұтанған өрт дер кезінде сөндірілді. Жалынды ауыздықтауға 23 өрт сөндіру техникасы мен 87 әскери құрам жұмылдырылған.

7777

Қала әкімі Ғ. Әбдірахымов пен облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев оқиға орнына жедел жеткен болатын. Олар базардың кәсіпкерлері және сатушыларымен кездесіп, жұртшылықты сабырға шақырды.
Оқыс оқиға өңір басшысы Бейбіт Атамқұловты да бей-жай қалдырмады. Облыс әкімі өртке оранған нысандарды қайта қалпына келтірілетінін айтты.
Айта кетерлігі, тілсіз жаудан зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттың шығу себептері анықталып, келтірілген шығындар есептелуде.

573fde2dc6d52

Парасат биiгiндегi азамат

Пятница, 20 Май 2016 04:30

Биыл қоғам қайраткері, академик Өмірзақ Айтбаев 80 жасқа толды. Жуырда есімі қазақ терминологиясының сардары ретінде көпке мәлім ғалымға жерлестері құрмет көрсетті. Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында студенттермен кездесті. Әдеби-танымдық кездесу кешінде Алматы, Астана қалаларынан мерейтой иесімен қызметтес болған ғалымдар, облыстың зиялы қауым өкілдері қатысты.

 DSC3078

Тумысынан ана тілін пір тұтқан ғалымға оқу орнының шәкірттері, айтыскер жас ақындар жырдан шашу шашты. Сөз алған ОҚМПИ-дің ректоры Оңалбай Аяшев академикті мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Сізді оңтүстікқазақстандықтардың атынан 80 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, баянды бақыт тілейміз, – деді О. Аяшев.
Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл (бұрын Түркістан ауданына қараған) ауылында ағартушы-мұғалім отбасында дүниеге келді. Өмір жолын академик 1953 жылы Кентау қаласындағы Мырғалымсай «Сантехмонтаж» мекемесінде темір шебері болып бастайды. 1954-1959 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің филология факультетінде оқиды. Ол студенттік жылдардың өзінде ғылыми, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 1959-1962 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1962 жылдың көктемінде Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Міне, осыдан кейін ол табан аудармай ғылыми жұмыспен түбегейлі айналысады. Ғалымның тіл білімі ғылымына қосқан үлесі жоғары бағаланып, «Құрмет» (1998) пен «Парасат» (2006) ордендерінің иегері болды.
Ұлттық рух пен мәдениетіміздің нағыз қамқоршысы болған Өмірзақ Айтбаев ғылым мен өнерді қатар алып келе жатқан ғалым. Оның «Жар сәлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» атты көптеген әндері жұртшылыққа мәлім.
Кездесуде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ақын, Қасымхан Бегман, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбаевқа арнау өлеңдерін оқыды. Өз кезегінде бірге қызмет еткен ғалымдар да мерейтой иесінің еңбегіне тоқталып өтті.

 DSC3006

– 54 жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан академиктің тіл білімі саласына қосқан үлесі зор. Ғұмыр бойы жемісті еңбек етіп, тілдің дұрыс қолданылуының көкейтесті мәселелерімен шұғылданды. Мақалалар жазып, жинақтар шығарды. Жалпы саны 500-ден аса еңбектері, олардың ішінде 30-ға жуық кітапша, кітаптар мен монографиялары жарық көрді. Өмірзақ журналистика саласында абыройлы қызмет атқарды. Егер ол газеттегі жұмысын жалғастырғанда қаламы қарымды журналист немесе жазушы болар ма еді?! Бірақ, ол ғылымды таңдады. Бүгінгі мерейтойында алдағы өмірінде қолынан қаламы мен домбырасы, аузынан аталық сөзі мен әні түспесін дейміз, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Қабдолқайырұлы.
Әдеби танымдық кеште өңірдің зиялы қауым өкілдері де игі тілегін білдірді. Жазушы Мархаббат Байғұт Өмірзақ Айтбаевты құттықтап, «Күнгей көңіл» кітабын тарту етті.
Академик Ө. Айтбаев өзіне көрсетілген ілтипатқа алғысын айтып, ел үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.
– Жерлестерімнің сый-құрметіне ризамын. Атамекенмен қауышып, Шымкенттің айтарлықтай өзгергенін көріп, қуандым. Біздің тіліміз тек сөйлеу тілі ғана емес, қоғамға да қызмет ететін тіл болуы керек. Тілге Ахметше қызмет етуіміз керек. Менің өмірімде кие тұтып келе жатқан үш мұрам бар. Ол ана тілі, содан соң ән мен күй және қоңыр домбырам» деп түйіндеді.

Шымкентте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ескерткіштерді қорғауға арналған сенбілік өткізді. Жеңістің 71 жылдығына орай өткен шараға жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Олар қала орталығындағы жауынгерлердің құрметіне орнатылған ескерткіштерді тазалады.


13165856 968817073234632 6606260117047735150 n

Атап айтқанда, «Даңқ мемориалы», Ұлы Отан соғысының батырлары Б. Момышұлы, С. Рақымов, М. Мәметова, Ә. Молдағұловаларға арналған ескерткіштерді жастар тазалады. Мерекеде жастар майдангерлерге құрмет көрсетіп, қаламыздың көркеюіне өз үлестерін қосты. Тазалық шарасына 100-ге жуық ерікті қатысып, ескерткіштерді қалыпқа келтірді. Мұндай сенбіліктер қаламыздағы өзге де қараусыз жатқан мәдени орындарда жүргізілетін болады.

Страница 32 из 47