Ерен еңбек елендi

Пятница, 13 Май 2016 04:40

Шымкентте Отан қорғаушылар күні салтанатты түрде аталып өтті. «Түркістан» сарайында мерекелік жиынға қатысқан облыс әкімі Б. Атамқұлов барша оңтүстікқазақстандықтар мен жауынгерлерді мерекемен құттықтады. Өңір басшысы еліміздің Ұлттық әскерінің айбыны арта беруіне жылы лебізін білдірді.

– Қарулы Күштер қатарында әскери қызмет атқару – Отан алдындағы кез келген азаматтың парызы. Біз бүгін ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы жауынгерлерінің рухының алдында тағзым етіп, бас иеміз. Сіздер әскер сапында ел тыныштығын күзетіп, жауапты қызмет атқарасыздар. Сондықтан елдік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетіп жүрген азаматтарымыздың еңбегі қашанда бағалауға лайық, – деді Б. Атамқұлов.
Мерекелік жиында қорғаныс саласына еңбек етіп, өзіндік үлес қосқандарға арнайы төсбелгілер табыс етілді. Ел қауіпсіздігі үшін қызмет еткен 20 азамат «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» және ОҚО әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрінің «Мінсіз қызмет үшін» медалімен марапатталды. Іс-шара театрландырылған көріністер мен ән кешіне жалғасты.

Қапиза БАЙЫМБЕТОВА, Ж. Шанин атындағы академиялың қазақ драма театрының әртiсi

Осыдан он тоғыз жыл бұрын Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының табалдырығын аттаған актриса Қапиза Байымбетова сахнада алуан кейіпкерлерді сомдады. Образдары арқылы облыс көрермендерінің көзайымына айналды. Ол өнердің қарашаңырағы саналатын ұжымда ұлттық руханиятымыз бен мәдениетімізге үлес қосып келеді. Жуырда Қ. Байымбетовамен жүздесіп, театрдың тыныс-тіршілігі мен шығармашылығы жайында сұхбаттасқан едік.

kapiza– Қапиза Маханқызы, қазіргі таңда ұжымдағы шығармашылықтың тыныс-тіршілігі қандай?

– Бүгінде театр деңгейі де, шығармашылығы да өсті. «Академиялық» мәртебе алды. Атап айтқанда, театрымыздың көркемдік жетекшісі, елімізге белгілі режиссер Ш. Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Қуандық Қасымов өнер ұжымының сахнасына өзгеше леп әкелді. Келген күннен қызу жұмысқа кірісті. Сөйтіп үлкен қозғалыс, шығармашылық серпіліс туғызды. Ол кісінің әр құбылысқа тұжырым жасап, жұрттан өзгеше ойлауы, біздің ізденісімізді арттырды. Қазір әртістердің бәрі тынбай еңбек етіп жүр. Білім ордасына әр пән маманы қандай керек болса, біздің театрымызға да өнер маманы соншалықты қажет. Шығармашылық ұжым Алматы мемлекеттік өнер академиясын бітірген жас мамандармен толықты.

– Репертуларыңызда классикалық, драматургиялық қойылымдар жеткілікті ме?

– Сан қырлы жанрдағы қойылымдармен театрымыздың репертуары байыды. Көркемдік жетекші Қуандық Қасымовтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Думан Рамазанның «Абылайханның арманы» тарихи қойылымды сахнаға шығарды. Сонан соң, Сәбит Досановтың бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі нашақорлар туралы «Тозақ шеңбері» спектаклі, ізін ала Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» поэтикалық драмамен көрермендердің жүрек қылын шертті. Ал тәжік драматургы Барзу Абдразааковтың «Әйел сыры» спектаклін БАҚ өкілдері жарыса жазды. Өйткені спектаклде көрермен әртістермен бірге тыныстайтын көркемдігі жағынан ерекше туынды болды. Жуырда өнерсүйер қауым назарына ұсынылған өзбек драматургы Башбековтың «Темір қатын» спектаклі сахналанды. «Театр көктемі - 2016» аймақтық фестивалінде драматург Р. Отарбаевтың «Бас» спектаклін сахналап, гран-приді жеңіп алдық. Ұжымның жүлде алып, биіктен көрінуі режиссер еңбегінің нәтижесі деп білемін.

FB IMG 1461649349960

– Бас жүлде құтты болсын! Енді көрерменді қандай қойылымдармен қуанта аласыздар?

– Бүгінгі таңда Жақып Омаровтың «Құлыншақ» атты пластикалық іс-қимылмен шешілген қойылымына дайындық үстіндеміз. Оңтүстік өңірінің мәдениетін насихаттауда мәдениет басқармасымен Қарағанды қаласына өңіріміздің өнер ордалары іссапармен жолға шықты. Біздің театр Сәбит Досановтың «Тозақ шеңберін» сахналайды.

– Өзіңіз сомдаған рөлдеріңіз көңіліңізден шыға ма?

– Әрбір қойылымды жаныма жақын тұтамын. Өйткені әр кейіпкерде болмысым мен жан әлемім бар. Бүгінге дейін алғашқы шағын рөлдерімді сағынышпен еске аламын. Сомдаған кейіпкерлерім еріксіз ойға оралады. Тіпті кішкентай эпизодтарымды да ұмытпаймын. «Тастанды» спектаклінде Гүлшаттың рөлін ойнадым. Сол бейнелер әлеміндегі оқиғалар, сезім толқыныстары өз басымнан өтіп жатқандай күй кешемін. Сахнадағы образдарым сәтсіз шықты деп айта алмаймын. 20 жылға жуық жұртшылыққа Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Мақпал, Күнікей, С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» Зухра, Т. Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір тойда» Кемпір рөлдерімен көрерменге танылдым. Сондай-ақ, Ф.Буляковтың Бақ іздеген бейбақтар, Е.Қойбағаровтың «Қасірет қақпаны», Сая Қасымбектің «Палата», Д. Исабековтің «Əпкесінде» әртүрлі рөлдерді сомдадым.

 MG 6922

– Кімдермен шығармашылық серіктес болдыңыз?

– Әріптестерімнің бәрі осал адамдар емес. Құпия Рақымбердиева, Раушан Салова, Әнипа Қарабекова сынды апаларымыз сахна өнерінің хас шеберлері.Олардың қойылымдағы ойыны шеберліктің шыңы десем де болады. Әріптес аға-әпкелерім ақыл-кеңесін аямайды. Сахна саңлақтарынан көп нәрсені, өнердің қыр-сырынан бөлек көп нәрсені үйрендім. Ал рөлдің ішкі иірімдерін ашуда қаншама тер төгіледі. Қаншама рет дайындық жасалады. Актриса болған соң, рөлді талғап-таңдау табиғатыма жат. Осы уақытқа дейін «басты кейіпкер, қосалқы рөл керек» деп санаспадым. Ең бастысы, қандай кейіпкер берілсе де, ықыласыммен дайындалып, алып шығуға тырысамын.

– Отбасыңыз жайлы не айтасыз?

– Қызым Хорлан да өнерге жақын. Ақкөңіл, елгезек. Қазір «Қазақстан–Шымкент» теларнасында режиссер болып жұмыс істейді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Антына адал жауынгерлер

Пятница, 06 Май 2016 11:17

Әскер өмірі қашанда темірдей тәртіпті қажет етеді. Бұл – өмірін осы саламен байланыстырған жандар үшін бұлжымайтын қағида. Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуде. Олар еліміздің қауіпсіздігін ғана емес, ішкі тыныштығын да күзетеді. Отан қорғаушылар күні қарсаңында әсери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысудың мүмкіндігі туды.

DSC 0734Біз әскери бөлімге келгенімізде сарбаздардың тынығу сәтіне кезіктік. Барлығы теледидар тамашалап отыр. Қай бөлімге бас сұқсаң да, әскери тәртіптің лебі байқалады. Қазіргі кезде жастар әскерден бой тасаламайды, керісінше Қарулы Күштер қатарына баруға ынтасы зор. Өйткені жас жігіттерге әскери өмірдің берері мол. Биыл да әскери бөлімге сарбаздар Алматы, Астана қаласынан, Солтүстік, Шығыс, Батыс өңірлкрінен келіпті. Ал оларға жүктелген міндет жеңіл емес. Сарбаздар үшін әрбір минут қымбат. Әскери мамандардың айтуынша, мектептен кейін жасөспірім алдымен мұнда тәртіп арқылы шыдамдылық пен төзімділікке үйренеді. Сондай-ақ, жастардың сана сезімінің қалыптасуына, жинақылыққа баулиды. Айтқандай-ақ, Отан қорғаудағы жұмыстың ұсақ-түйегі жоқ. Әскери жарғыда не жазылды, соны мүлтіксіз орындайды. Одан жігіттердің абыройы артпаса, кемімейді. Жауынгерлердің әскери өмірі таң қыла бере басталады. «Тұрыңдар!» деген белгі берілісімен төсектерін жинастырып, таңсәрілік жаттығуларын жасайды. Казарма ішін ретке келтірісімен сап түзегендер, ертеңгілік астан кейін орталық алаңда еліміздің Әнұранын шырқайды. Мұнда этнос өкілдері де қазақ тілін меңгеріп алған. Командирлердің бұйрықтары да қазақша. Бөлімде мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлінген.
Әскер бөлімі өңірдегі мемлекеттік маңызы бар нысандарды, түзеу колонияларын күзетеді. Сонымен қатар, қаланың күнделікті тыныштығын полицейлермен бірге қорғайды. Олар патрульдік полиция батальонымен бірге Шымкент қаласының аумақтарын күн сайын сағат 17-ден 23-ке дейін күзетеді. Таяуда әскери өмірде өздерін жақсы жағынан көрсеткен үш жауынгердің ерлігін естіп, марқайып қалдық.
... Кешкі уақыт. Күн ұясына батып, ымырт үйіріле бастаған шақ. Әдеттегідей сарбаздар жаяу жүргіншілер өтетін жол қиылысында тұрған болатын. Кенет жауынгерлерге жанұшырып әйел кісі жүгіріп келеді. Оған белгісіз бір адам күш көрсетіп, сөмкесін тартып алғанын айтып шағымданады. Қылмыскерді дер кезінде ұстау үшін уақытты босқа жібермеу керек. Жігіттер ұрының түр-түсін сұрастыра жүріп, тауып алады. Әскери сарбаздардың ізіне түскенін көріп, ол бой тасалағысы келді. Бірақ үлгермеді. Күнде спортпен шынығып жүрген жігіттер ұрыны лезде қолға түсіріп, құқық қорғау органына апарып тапсырады.
Сарбаздар барлығына дайын болуы керек. Отан алдындағы борышымызды адал атқару біз үшін үлкен міндет, абырой, – дейді қатардағы жауынгер Б. Бегейбаев.
Рухани бай, көзі ашық азаматтарды ел қорған тұтатыны анық. Осы орайда әскери бөлім командирі, полковник Жамбыл Кульбаевтың да еңбегін атап өтуге болады. Ол өз лауазымын абыроймен атқарып жүр. Өз ісімен, адами қасиеттерімен ерекшеленетін азаматты әскери ұжым ерекше құрметтейді.
– Біздің басты жұмысымыз – жауынгерлердің тәлім-тәрбиесі. Оларды ұлттық рухта, отансүйгіштікке баулуға көп көңіл бөлеміз. Нәтиже жаман емес, жауынгерлеріміздің мемлекеттік рәміздерге деген құрметі ерекше. Олардың әрқайсысы мемлекеттік Әнұранды әуелете шырқайды. Мереке күндері бөлімде еліміздің аспан түстес Туы желбіреп, әртүрлі спорттық ойындар өткізіледі, – дейді 3 взвод сержанты Сәкен Нұсқабаев.
– Әрине, әскери өмірдің өз қиындығы бар. Соған қарамастан, мұнда үйренгенім көп. Өз басым әскери қызмет барысында сержант, командирлерді үлгі тұтамын. Олардың қамқорлығын айқын сезінемін және әрдайым сенімдерінен шығуға тырысамын. Нәтижесінде қиындықты жеңіп, әскери тәртіпке дағдыландым, – дейді Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан келген Бижігіт Әлімжанұлы.
Ал Шығыс Қазақстан облысынан келген Азамат Мәуітханұлы Шымкенттің көркем қала екенін, қала тұрғындарының қонақжай, мейірімді, бауырмал екенін айтады.
Қазір әскери бөлімшенің өз музейі бар. Онда әскери мекеме өміріндегі елеулі оқиғалар, атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер келушілердің назарынан тыс қалмайды. Кезінде спорт саңлағы, боксшы марқұм Бекзат Саттарханов осы бөлімшеде әскери борышын өтепті. Әрбір жасқа өнеге болатын қаһармандардың да құжаттары мен наградалары музей сөресінде тұр. Ал бөлімдегі кітапхана қоры жыл сайын байытылып отырады. Бөлімше мерзімді баспасөзге де жазылған. Облыстық, қалалық қана емес, республикалық басылымдар да бар. Сарбаздар сейіл кезінде кітапханаға келіп, кітап оқиды. Соның бірі –қатардағы жауынгер Петр Свифидов. Ол тарихи шығармалар мен детектив кітаптарды оқығанды ұнатады екен.
Әскери бөлімшеде психолог мамандар да жұмыс істейді. Олар да сарбаздар тәрбиесіне үлесін қосып жүр. Жауынгерлерге маманның ақыл-кеңес айтатын кездері аз емес, себебі әскери бөлімше бір ұжым, бір отбасы сияқты. Сондай-ақ, сарбаздар қоғамдық жұмыстардың бәріне атсалысады.
6506 әскери бөлімінде осындай жақсы істер бар. Әрбір жауынгер Отан қорғау абырой екенін жан-тәнімен сезінеді. Бөлім еліміздің гүлденуіне, тыныштығы мен қауіпсіздігіне осылай үлес қосуда.

Ардагерлер құрметке бөленді

Пятница, 06 Май 2016 10:20

Жеңіс күні қарсаңында Еңбекші ауданы әкімдігі ардагерлерге құрмет көрсетті. 200 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл еңбеккерлеріне «Наурыз 777» мейрамханасында мерекелік дастархан жайылды. Аудан әкімінің орынбасары Д. Амангелдиев қарияларға жылы лебізін білдірді.

zhenis-logo

– Ұлы Жеңіс елімізге оңайлықпен келген жоқ. Бүгінде майдангерлер қатары күннен-күнге сиреп бара жатыр. Сондықтан сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп, елін қорғаған ардагерлерімізге құрмет көрсету – біздің басты мақсатымыз және негізгі міндетіміз. Біз олардың әлеуметтік жағдайын үнемі назарда ұстаймыз. Қарттарымызды қалай ардасақтасақ та артық емес, – деді Д. Амангелдиев.
Жұртшылықпен жүздескен майдангерлер қаруластарының ерлігі жайында естеліктер айтып, бүгінгі бейбіт өмірдің қымбаттығын, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін әңгімеледі. Ал өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды. Сондай-ақ ардагерлерге «Жібек жолы», «Кәмшат» дәмханаларында дастархан жайылды.
Еңбекші ауданы бойынша, 29 Ұлы Отан соғысының ардагері, 1 – Ұлы Отан соғысының жесірі, 2314 – тыл еңбеккері бар. Ал 7 қария Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген.

Ұмытылған ұлттық тағамдар

Пятница, 29 Апрель 2016 07:58

байқауда кеңiнен насихатталды

Қазақстан 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Еліміздің сан алуан мәдениет, дәстүр мен салтқа бай екені, әсіресе, 1 мамыр мерекесі қарсаңында айқын көрінеді. Қонақтар жайма қосылған қазақтың ұлттық тағамы еттен, мейіз бен асбұршақ араластырылған өзбектің палауынан, татардың учпучмак тағамдарынан дәм татады. Бұл бір шаңырақ астындағы халықтар мәдениеті мен дәстүрінің біте қайнасқанының көрінісі болса керек.

DSC 0261Жуырда №6 колледжде қазақ ұлттық асханасының ұмыт қалған тағамдарының аудандық байқауы өтті. Конкурсқа қаланың әртүрлі мекемелерінде, колледждері мен жоғарғы оқу орындарында жұмыс істейтін аспаздар қатысты. Олар көрермендер назарына ұлттық тағамдарды ұсынды.
– Біздің мақсатымыз ұмыт бола бастаған ас-ауқат түрлерін көпшілікке таныстыру. Тарихтың қайнар көзіне оралу арқылы ұлттық қазақ асханасының көпғасырлық дәстүрлерін қайта жаңғыртамыз, қазақ халқының мәдениеті мен салтын насихаттаймыз. Сондай-ақ алдағы «EXPO» халықаралық көрмесіне кадр даярлауды мақсат еттік. Демек, үздік аспаз осындай ауқымды шара барысында жұмыс істеу мүмкіндігін алады, – деді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.
Көрермендерді колледж оқытушысы Перизат Ілиясованың өнері таңдандырды. Ол өзі әзірлеген әрбір асты қазақтың аңыз, ән-күйлерін мысалға келтіре отырып баяндады.
– Ежелден қазақ асханасы өзіндік технологиясымен ерекшеленеді. Бүгін көпшіліктің назарына қазақтың жеңсік асын ұсындым. Ең қадірлі қонаққа әрқашан ерекше әдіспен дайындалған қойдың басы әкелінеді. Шырындылығы сақталу үшін мен оны қамырдың бөлігіне орап пісірдім. Ал ер адамдар сүйіп жейтін әсіпті шағын шұжыққа ұқсатып өзгеше тәсілмен әзірледім. Біздің шәкірттеріміз осы тамақты істегенді жақсы көреді, – дейді ол.
Айта кетерлігі, студенттер сабақ кезінде қазақтың тағамдарын ғана дайындап қоймайды. Олар украиндардың үзбе қамырын, итальяндық лазань, француздың гратенін де дәмді етіп пісіреді.
«Ақ дастарқан» кафесінің жұмысшысы Сағипа Шалқарқызы конкурста ет тағамын қойды. Дәстүрлі ас таңдай қақтырады. Оның қаймақ пен қымыз араластырылған қамырдан істеген бауырсақтары тіпті керемет!

aspaz

«Ауылым» кафесінің әкімшісі Ләззат Жаппасбаева өз шеберлігінің құпияларымен бөлісті.
– Көшпенділердің қай кезде де қорегі сырбаз тамағы болған, – дейді аспаз. Жас бұзаудың етін үш күн бойы қымызға бұқтырып, кейін ыдысымен ыстық құмның арасына қойып, дайын болған соң жеген. Бауырсақты да өз әдісіммен пісірдім. Жұқпа нанға тұзсыз қамыр пайдаландым. Нанның бұл түрінің ерекшелігі, бірнеше апта сақталады және балғын күйін жоймайды. Ал №6 колледждің өндірістік оқу шебері Жәмила
Меңтаеваның дайындаған тағамдары тіптен бөлек. Құрғақ жемістерден жасаған композициясын «Менің Қазақстаным» деп атапты.
– Қақталған қауын ағзаға өте пайдалы. Ал жиде ұзақ өмір сүрудің белгісі саналады. Оның жемісі көптеген ауруға ем екенін білетіндер некен-саяқ. Оңтүстікте танымал жаңғақты жердің құнарлылығының белгісі, ал қызыл шетенді көктемгі қызғалдақ есебінде ұсындым. Бұрынғы уақытта әйелдер балалары үшін талғажу еткен тез дайындалатын тамақ туралы көбінің есінде жоқ та шығар. Ол үшін ыстық күлшені бірнеше бөлікке бөліп, майға аралстыру керек, – деп түсіндірді ол қатысушыларға.
Қазақ тағамдары туралы мәліметтерден басқа да пайдалы дүниелерге қанықтық. Конкурстың басты шарты тамаққа қосылатын өнімдер отандық болуы тиіс. Шараның нәтижесін шығарған қазылар алқасына әділ шешім қабылдау оңайға соқпады. Бірауыздан бірінші орынға Жәмила
Меңтаеваны лайық деп таныды. Екінші орынға Гүлімхан Кенжаева ие болса, үшінші орын Перизат Ілиясоваға бұйырды. Олар енді қалалық конкурста кәсіби шеберліктерін дәлелдеуі тиіс.

Таза қаланың тынысы кең

Пятница, 29 Апрель 2016 05:27

Қала келбеті тек сәнді үйлермен, сәулетті ғимараттармен, жасыл желекпен ғана өлшенбейді. Көркейіп келе жатқан Шымқаланың ажары тазалығына да байланысты. Ал туған қалаға деген сүйіспеншілік тазалықтан басталады. Өйткені, ұқыптылық бар жерде тәртіп пен реттілік болатыны анық. Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы «Таза қала» акциясын жариялаған болатын. Қазіргі таңда байқауға қатысуға ниет білдірушілер көп. Әл-Фараби, Абай, Еңбекші, Қаратау аудандарының тұрғындары шараға белсенді қатысуда. Осы орайда Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының «Таза қала» байқауы бойынша жұмысшы топ құрамымен өтініш берген аулаларды аралап көрдік.

DSC 0168

Шымкенттіктер байқау өткізілгелі тазалыққа бей-жай қарамайтын болды. Бұрынғыдай емес, көшелер мен көпқабатты үй аулаларында тәртіп пен жинақылықтың қалыптасқаны байқалады. Жапон елінде «Сенiң жерiң – сенiң ұрпағыңның мәңгiлiк мекенi!» деген ұғым қалыптасқан. Соның нәтижесiнде балабақшадағы бүлдiршiн қағазды көшеге тастамайды. Олар келер ұрпаққа таза, жасыл мекен қалдырамыз деген ұранды ұстанады. Акция өткелі ауласын жасыл-желекпен көмкеріп, жайнатып отырған жандардың қатары көбейіп келеді. Соның бірі – Ш. Қалдаяқов көшесі 1/5 үйдің тұрғыны Фархад Исмайлов. Зейнеткердің мұнда қоныстанғанына 2 жыл болыпты. Аз ғана уақыт ішінде бір өзі ауланы адам танымастай өзгертіпті. Әу баста тосырқай қараған көршілер кейін көгалдандырудың отбасы үшін де пайдасын түсініп, көмек беретін болған. Фархад ағай аула қоршауын өзі жасапты. Мұнда иран розасының 10 түбі, 2 сирень және гүлдердің 15 түрі егілген.

20160427 112710

– Мен ауланың көркі мен тазалығына көңіл бөлемін. Себебі, аула арқылы үйімізге кіреміз. Ал үйдің тазалығы кіре берістен басталатыны анық. Таңертеңмен тұрып, есіктің алдын жинаймын. Гүлдерім мен жеміс ағаштарын суарамын. Мұны туған қалама құрметтің белгісі деп білемін. Келешекте шымкенттіктердің де тазалыққа мән беретініне сенімдімін,-дейді Фархад Исмайлов. Мұнан соң, Ә. Жангелдин көшесіндегі №22 үйге бет алдық. Мұнда тұрғындардың сенбілігінің үстінен түстік. Үй төрайымы Зухра Сәрсенбаеваны ауланың кіреберісінен жолықтырдық. Көпқабатты үйде тұрса да тұрғындардың табиғатты сүйетініне, қаламызды шексіз құрметтейтіне тәнті болдық. Табиғат сырына қанық жандар біршама жұмысты атқарыпты. Мұнтаздай таза аула. Көкпен бой тіресіп өскен талдар, құлпырған гүлдер адамның жан-дүниесін байытады екен. Қазима Төлемұратова ауланы әктесе, Шарапат Ерманова орындықтарды сырлап жатыр. Мұнда тұратын тұрғындар сондай белсенді әрі ұйымшыл. Үлкен-кіші демей, ауланы таза ұстап, жасыл желекке күтім жасайды.

20160427 112038

– Көктем келісімен тұрғындармен тазарту жұмыстарын қолға аламын. Әрбір өсімдік пен ағаштың өзіндік ерекшелігі болғандықтан, әрқайсысына бап керек. Аптасына көршілеріммен бірге гүлдерді суарып, ауланы тазартамыз. Мен үшін бұл әрі еңбек, әрі демалыс. Зейнетте болсам да, бос уақытымды аулада өткіземін. Күтіп-баптағаннан шексіз әсер аламын, -дейді үй төрайымы Зухра Сәрсенбаева. Тұрғындар тек аула тазалығымен ғана шектелмейді. Үй кіре-берісіне күтім жасайтын болып шықты. Әктеліп, сырланған тұрғын үй мұнда ұқыпты жандардың тұратынын айқындап тұр. Біз табиғат сырына қанық адамдардан қала тұрғындарының үйренетіні көп екенін аңғардық. Ал Диваев көшесі №18 үйдің ауласы дендрарий десе болады. Үш қабатты үйдің ортасы өзгеше бір әлем секілді. Балалар ойнайтын әткеншек пен демалып отыруға арналған орындықтар өз алдына үйлесім тапқан. Аулаға қарап, ерекше әсер аласың. «Шебердің қолы ортақ» демеске лаж жоқ. Есік алды тап-таза. Қоршаулары сырланып, ағаштары әктелген. Жасыл желектің де мұнда түр-түрі бар. Қызылды-жасылды гүлдерден көз тұнады. Жапон розасы дейсіз, қытай розасы ма, ауладан бәрін табасыз. Ауланы абаттандырып жүрген үй төрайымы Калима Өтегенова екен. Бұл үйде Қазақстанның мемлекет қайраткері Санжар Жандосов тұрған. Ол кісінің отырғызған тал-ағаштары мен гүлдерін Калима апай әлі күнге көз қарашығындай күтіп-баптап келеді.

20160427 120005

– Бүгінде қаламыз күн санап көркейіп келеді. Ертеден келе жатқан ескі үйлер жөндеуден өтіп жатқанын көріп қуанамын. Дегенмен, әр адам ауласына көңіл бөліп, бір-екі сағат еңбектеніп, ағаш отырғызса, қоқыстан тазаласа қандай ғанибет?! Одан адам шаршамайды. Біздің ауламыз көптің көңілінен шығады. Келген қонақтар ауламызға сүйсініп, таңырқап жатады. Ал балалар баққа тиіспейді. Қоқысты да кез келген жерге тастамайды. Қала – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан, тазалыққа бей жай қарамағанымыз дұрыс Шымкенттіктерге айтарым: мұнда топыраққа шыбық қадасаң да жайнап шығады. Сондықтан туған қаламызды таза ұстайық, бірге көркейтейік.,-дейді Калима Өтегенова.

Калима апайдың қалаға деген жанашырлығын, аулаға деген шексіз тазалығын көршілері жоғары бағалайды. Өздеріне үлгі тұтады.

Иә, тазалықтың осындай қайталанбайтын үлгісін көргенде «осындай жанашыр, тазалықты сүйетін жандар көп болса ғой дейсің. Ал ауласын таза аураға бөлеген, қала тазалығына үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайықты.

Дегенмен, Шымкенттің аулаларының бәрі таза, мін жоқ деп айта алмаймыз. Әлі де тақыр, қыбыр еткен тіршілік иесі байқалмайтын аулалар кездеседі. Есіктерін тарс жауып алып, үй тазалығын ғана ойлайтын тұрғындарға қынжыласың. Немқұрайлылығына амалсыз бас шайқайсың. Тазалығы жоқ жерде берекенің болмайтыны аян. Биыл «Таза қала» байқауына әзірге Әл Фараби бойынша 58 аула, 24 көше өтініш берген. Абай ауданы бойынша үздік аулаға 55, үздік көшеге 32 өтінім келіп түсіпті. Еңбекші ауданы 64 аула, 12 көше болса, Қаратау ауданынан 27 аула мен 43 көше бойынша қатысуға ниет білдіріпті. Айта кетейік, байқаудың жүлде қоры да қомақты – 4 миллион теңге.

Халық даналығы «адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың бұны айтуға тілі жоқ» деп бекер айтпаса керек. Тазалық – денсаулық кепілі. Таза ауада тыныстап, көркем табиғатта демалғыңыз келсе, тазалықты өз аулаңыздан бастағаныңыз дұрыс.

 

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Осыған орай, Шымкенттегі Көрме орталығында ОҚО еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы, еңбек инспекторы Бастар Есқараевтың қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша мәжіліс өтті.

Мәжілісте еңбек қауіпсіздігі талқыға түсіп, оның шешу жолдары сараланды. Б. Есқараев қарапайым қағиданы сақтамаудың салдары қайғылы оқиғаға апарып соғатынын ескертіп, кейбір деректерді алға тартты. 2015 жылдың 12 айында 95 оқиға орын алған. Соның салдарынан 107 адам зардап шегіп қайтыс болды. Ал мекемелерде медициналық тексеруден өтпегендер де жұмысқа қабылданған. Кейбір мекемелерде сақтандыру компанияларымен келісім-шарты жоқ болып шыққан.
Жиында қызметкерлердің қауіпсіздігін қатаң сақтап отырған компаниялардың тәжірибесі үлгі ретінде көрсетілді. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың біліктілігін көтеру, олардың жұмысын үйлестіру мәселесі де кеңінен айтылды. Жиын соңында қызметкерлерге лайықты жағдай жасаған мекемелердің өкілдері Алғыс хаттармен марапатталды.

Субұрқақтар маусымы ашылды

Пятница, 22 Апрель 2016 06:25

Қала көркіне көрік қосқан Шымкенттегі субұрқақтар 20 сәуірден бастап іске қосылды. Коммуналдық қызметшілер алдағы күндері ауа райының ыстық болатынын алға тартып, 23 субұрқақты іске қосуды жоспарлапты.

IMG 9654

Айта кету керек, қаламыздағы фонтандардың екеуі әуенді. Олар музыка ырғағымен тербеліп, қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше әсерге бөлейді. 2015 жылы облыстық әкімшілік-іскерлік орталығында қосылған субұрқақтар да тұрғындарды қуантып жатыр. Биыл фонтандарды күтіп баптауға бюджеттен 123 млн теңге бөлініп отыр.
Еске сала кетсек, субұрқақтардың жұмысына «Шымкент жасыл қала» ЖШС-і жауапты. Мамандар әрбір фонтанға және 31 ұңғыманың тазалығына қарайды.
Сондай-ақ, құрылыс нысандарының жұмысы біткен соң, жаңа субұрқақтар салыну жоспарлануда.

Страница 33 из 47