Қоларбамен қамтылды
Пятница, 12 Август 2016 10:32Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, 25 игі іс шарасы жалғасын табуда. Соның айғағындай, өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі жандар 100 пайыз қоларбамен қамтылды.
Жыл басынан бері 1422 мүгедекке 1465 қоларба сатып алынып, оның 1107-сі таратылды. Облыс бойынша 1064 мүмкіндігі шектеулі азаматқа жүріп-тұруына ыңғайлы қоларба берілді. 43 адамға жеке оңалту жоспарына сәйкес бөлмеішілік және серуендеуге екі қоларбадан сыйға берілді.
Өңірімізде 112 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 53 мыңы І және ІІ топтағы мүгедектер. Ал 42 мыңға жуық азамат III топтағы мүгедек. Бала кезден мүгедектер саны 17286 адамды құрайды. Оның ішінде, 7744 адам гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді.
Жер-анаға жанашыр азамат
Пятница, 12 Август 2016 09:23Асылхан Ағмановты «Ұлағат» шағынауданындағы Айдын көшесінің тұрғындары мақтан етеді. Олар үшін зейнеткер нағыз еңбек адамы. Жердің жайын білетін жанға көгалдандыру дегеніңіз таңсық емес. Өз күшімен көшені көркейтіп, жолаушылар аялдамасын салыпты. Қазір көшедегі жас көшеттер көгеріп тұр. Ал Айдындағы талдар мен гүлдерге көз салмайтын адам жоқ. Тұрғындарға да ерекше жайлылық сыйлайды.
– Қариялар мен балалардың тік тұрып, автобус күтетінін көріп, жаным ашитын. Теледидардан Голландиядағы гүл егілген аялдамаларды жиі көретін едім. Сосын аялдама салу ойыма келді, – дейді зейнеткер.
Қазір Асылхан Ағманов күн сайын көшені қоқыстан тазалап, тал-теректерін суарады. Өкінішке қарай, бағбанға көше бойынан өтетін ағын су арман. Жасыл желек ыстықтан шөліркеп тұр. Кейбір ағаштар шөлден қурай бастапты. Көршісі Әмірбек Өтембаевтың айтуынша, Асылхан аға көп адамның қолынан келмейтін істі атқарып жүр.
– Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның. Өзіңе қорған салғаның» деген бабалар. Әр тұрғын туған қаласына жаны ашыса, көшет әкеліп отырғызуы тиіс. Жасыл желек бізге өте қажет. Түрлі кеселден аулақ болу үшін ағаш санын арттырып, аулаларды абаттандыру керек,-дейді бағбан. Енді, ол жолдың екінші бетін көгалдандыруды қолға алмақ ниетте. Көршілері бағбанның ісін қолдап, құптап отыр. Өкініштісі, Асылхан Ағманов «Таза қала» байқауының өтіп жатқанынан хабарсыз болып шықты. Туған қалаға жанашыр, көше, ауланы көркейтетін тұрғындардың бары рас. Бірақ аз. Асылхан ағадай жандардың еңбегін бағаласақ, қолдау көрсетсек, шағынаудан көркейе түсер еді.
«Алтын адам» – Шымкентте
Среда, 10 Август 2016 06:31Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жоба – «Ұлттық музей сенің қалаңда» мәдени саяхаты Шымкент қаласына келді. Қала тұрғындары мен қонақтары Қазақстанның брендіне айналған құнды жәдігерлердің бірегейі «Алтын адамды» тамашалады. Ғасырлар бойы қалпын бұзбаған асыл мирасқа үлкен-кішінің қызығушылығы ерекше. Таңғы сағат 9-да басталған көрме адамға лық толды. Түнгі 12-ге дейін жалғасатын көрмеге келушілердің қатары толастаған жоқ.
ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Пердехан Мұсырманқұл жоба жайында әңгімелеп, «Алтын адам» ескерткішінің тарихына тоқталды.
– «Алтын қалған жарқыраған» деп ақиық ақын Мұқағали жырға қосқан «Алтын адам» туралы аңыз да, ақиқат та көп. 1970 жылдары «Алтын адамның» табылуы Қазақстан үшін ғана емес, төрткүл әлем үшін жаңалық болды. Тәуелсіздіктің символы болған жәдігер Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылғаны белгілі. Алтын адам ескерткіш – мүсін емес, алтын киімді адам. Ғалымдардың болжамынша, алтын адамға ұқсас қорымдардың саны 40-тай болуы керек деп болжайды. Бірақ қазақ даласындағы талай аласапыран уақыттарда олардың көбі тоналып, жойылып кеткен.
«Алтын адам» киімі 4 мыңға жуық әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар бейнелерінде жасалған. Ал бас киімнің төбесі шошақ, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, оң қолында екі жүзігі бар. Оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен безендірілген. Бүгінде «Алтын адам» – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді.
– Қазақстанның әр өңірінен, айталық, Шілікті, Аралтөбе секілді қорымдарынан табылған Алтын адамға ұқсас жәдігерлердің саны алтыға жеткен екен. Алайда бұл жәдігерлерді екінші, үшінші Алтын адам деп айтуға болмайды. Елімізде бір ғана Алтын адам бар. Ол Есік қорғанына табылған ханзаданың мүрдесі. Алтын адамның түпнұсқасы және бағалы металдар музейімізде сақталған, – дейді ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Пердехан Мұсырманқұл.
Елбасымыз Н. Назарбаевтың жарлығымен ҚР Ұлттық музейі 2014 жылы 2 шілдеде ашылған болатын. Құнды жәдігерлерімізді дәріптейтін мекеме 2 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді. Музей Орта Азияда баламасы жоқ, архитектуралық құрылымы бойынша әлемдегі ондыққа кіреді.
– Алғашқыда мәдени саяхатты ұйымдастырғанда, халық қалай қабылдайды деп қобалжыдық. Бірақ жобамызға аймақтардағы тұрғындардың қызығушылығы жоғары болады. Әсіресе Шымкентте еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін көрмеден табылды. Еліміздегі телеарналардың жаңалықтарынан көрген балалардың белсенділігі тіпті таңғалдырды. 5 жастағы Марғұлан таңертең көрмеге атасымен келсе, кешке әжесімен «Алтын адамды» бірге тамашалады. Тіпті қарияларымыздың таңданысында шек жоқ. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік нышанға айналған «Алтын адамды» жақыннан көріп, серпіліп қалды, – дейді ҚР Ұлттық музейінің қызметкері Әсия Қаражігітова.
Көрмеде шымкенттіктер Алтын адамды тамашалап, мәдени құндылығымыздың қыр-сырына қанықты. Кітаптан ғана парақтайтын тарихқа өздері куә болды.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархабат Байғұт мұндай «Алтын адамның» басқа ұлтта жоқ екенін айтып, «тарихи оқиға» деп баға берді. Көрмеге келушілер музей қызметкерлеріне сауалдар қойып, естелікке суретке түсті. Мәдени саяхат Шымкентке дейін Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларында ұйымдастырылған болатын. Жыл соңына дейін «Алтын адам» жәдігері еліміздегі облыстар мен қалаларды аралайды.
Сот әдiлдiгiн жүзеге асырады
Среда, 10 Август 2016 06:15Медиация күні қарсаңында Қаратау аудандық сотының мәжіліс залында «Дауды медиация жолымен шешу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіби емес медиаторлар қатысты.
Сот төрағасы Ермахан Рахманберді өз сөзінде: «Кәсіпқой емес медиаторға қойылатын талап та аз, тіркелу тәртібі де жеңілдетілген. Сондықтан, заңға кәсіпқой емес медиаторлардың қатысуымен даулар мен жанжалдарды шешу туралы қосымша ережені енгізу қажет. Бұл қоғамда беделді және құрметке бөленген азаматтардың қалың жігін, жанжалдарды соттан тыс реттеуге мүмкіндік береді» – деді.
Бұдан басқа, сот төрағасы кәсіби емес медиаторлар кабинетінің ашылуындағы тиімді тұстарын атап, медиация кабинеттерінің жұмыс нәтижесіне тоқталды. Жыл басынан бері аудандық сотта 67 іс медиатордың қатысуымен аяқталып, өндіріспен қысқартылған. Дөңгелек үстелде кәсіби емес медиаторлар даулы мәселені медиация арқылы реттеудің тиімділігін атап өтті.
Шараны қорытындылаған сот төрағасы Е. Рахманберді медиация институтының қазақ тарихында болған билер соты институтына ұқсастығын айтып, қазақ даласындағы құқықтық нормаларды тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен реттеген билер беделінің үстем болғанына жеткізді.
Отандық өнiмге – оң көзқарас
Пятница, 05 Август 2016 05:34Жарнаманың бүгінгі күні маңызы ерекше. Оның қажеттілігін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан жарнама жасаушылардың жұмысына сұраныс жоғары. Десе де, елімізде 1 шілдеден бастап шетелдік телеарналар жарнама көрсетуді тоқтатты. Арналардың эфир арқылы түрлі тауарды насихаттауына заңмен тыйым салынды.
Бүгінде елімізде хабар таратушы телеарналар аз емес. Кабельдік дейсіз бе, спутниктік арналар дейсіз, санынан жаңыласыз. Содан болар, күнделікті тұрмысты теледидарсыз елестету қиын. Қолы қалт еткенде үлкен-кіші көк жәшіктің алдынан табылады. Бірі жаңалықты естуге асықса, бірі сериал көруге ұмтылады. Әйтеуір теледидарсыз күн жоқ. 5-минут сайын көрсетілетін жарнамасы тағы бар. Ал жарнамада не жоқ дейсіз? Көрерменге тауардың да, тамақтың та түр-түрі ұсынылады. Бұған дейін отандық өнімдерімізден гөрі, шетелдік өнімдердің басым болғаны да рас. Кейбір шетелдік арналар сыра өндірісін жарнамалап келді. Ересектерге ғана емес, балалардың санасын жаулап алған шетелдік тәттілер, сүт өнімдері қаншама?! Әрине жұртшылық арасында жарнаманың ықпалы зор екеніне шүбә жоқ. Олай болса, жарнама мәселесінің өзекті болуы да заңдылық. Жаңа заң қаңтардан бастап күшіне енуі керек еді. Бірақ кабельдік операторлардың өтінішімен, дайындыққа жарты жыл уақыт берілді. Жалпы шетелдік арналар жаңа талапқа келісіпті. Негізінде шетелдік телекомпаниялар еркін жарнама тарату үшін заңды түрде келуі керек. Деректерге сүйенсек, елімізде кабельдік жүйе арқылы 150 телеарна жұмыс істейді. Оның 70 пайызы шетелдік көрінеді.
Шетелдік өнімдерге шектеу көпшіліктің арасында да әр алуан пікірін туғызды. Сырттан келетін тауарларды жарнамалағанша, отандық өнімге неге қолдау көрсетпейміз? Әзірге ұлттық арна «Қазақстан» мен жергілікті «Қазақстан – Шымкенттен» басқасы отандық өнімді жарнамалап жатқан жоқ.
Шымкент қаласы бойынша, 75 мың субьекті тіркелсе, оның 70 пайызы мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазір тұтынушылар арасында «Шымкент құс», «Дәмді ет», «Сайрам сүт» кәсіпорындарының өнімдері жоғары сұранысқа ие. Елімізде де экологиялық жағынан таза өнімдер тұтынушылардың көңілінен шығады. Дегенмен сырттан келетін тағам өнімдеріне халықтың қызығушылығы жоғары. Дүкен сөрелеріндегі кейбір ресейлік тауарлардың мерзімі өтіп кеткен. Қауіпсіздік сертификаты жоқ, тексеруден өтпеген. Соған қарамастан шетелден ағылған өнімдерге шектеу болмай тұр.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлеріміз мемлекеттік көмек-қолдау алды. Олардың шығарылған кез келген өнімі шетелдік тауарлардан кем түспейді. Өкінішке қарай, сапалы жарнамасыз өнім мен қызметті ілгері жылжыту қиын. Ал жарнама жасауға жұмысын енді бастаған компанияларға қымбатқа түседі. Кәсіпорын табысқа жету үшін өнім сапасына беруі керек. Тұтынушының сұранысын, бағаның қолжетімділігін естен шығармағаны дұрыс, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Қарлығаш Шукен.
ШЕТЕЛДIК ӨНIМДЕР ШЕКТЕЛЕДI
Жарнамаға шектеу Instagram мен Facebooк-ке де жетті. Салықшылар әлеуметтік желінің мемлекеттік кіріске кедергі келтіріп жатқанын айтады. Тіпті, мамандар мұндай жолмен сауда жасауды контрабандалық саудамен теңестіру керек деген бастама көтермекші. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, әлеуметтік желідегі жарнамалардың дені жалған екен. Тіпті Facebooк пен Instagram арқылы тауар алушыларға чек те, кепіл құжат та берілмейтін көрінеді. Мұндай жолмен сауда жасайтындар қазынаға салық төлемейді. Қазір арнайы құралған топ әлеуметтік желідегі жарнама мәселесін тексеруге кірісті. Таяуда оған салық төлеу міндеті жүктеледі немесе мүлдем шектеу қойылады.
Жарнамаға сауаттылық керек
Соңғы уақытта жергілікті кәсіпорындардың өнімдері БАҚ арқылы кеңінен насихаттала бастады. Бірнеше рет отандық өнімдердің жәрмеңкесі де ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде тұтынушылар арасында кәсіпкерлеріміздің өнімдеріне қызығушылық артып, қолданушылар қатары көбейе бастады. Жуырда аймақтағы кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен көрме өтеді. Кәсіпкерлер өз өнімдерін халыққа ұсынуға, кәсібін әрі қарай жүргізуге мүмкіндік алады. Ал көрме шығыны мен жарнама билбордтарының ақысы тегін болады. Жеңімпаз кәсіпорындар номинациялармен марапатталып, республикалық байқауға жолдама алмақ.
– Біздің мақсатымыз – отандық өнімді қолдау. Насихаттап қана қоймай, сұраныс аясын кеңейту. Өкінішке қарай, өңірде өндірілетін тауарларды көпшілік біле бермейді. Бізде шығарыла ма деп таңғалып сұрап жатады. Негізінде өнімдерімізге сұраныс өте жоғары, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров.
Отандық өнім ғана емес, тұрмыста қолданылатын бұйымдар да қолданысқа ие бола бастады. Тек жарнамасының адзығы ғана болмаса. Елімізде нарықта қандай тауарды сату қажеттігін анықтайтын орталық қажет-ақ. Өнімдеріміз қайтсе өтімді болады? Жарнаманың мүмкіндігін әбден бағамдау қажет секілді. Өйткені әлі күнге өндіруші мен тұтынушы арасында байланыс жоқ. Халық көбірек тұтынатын тауар сапалы, төмен бағада болуы керек.
Қауiптi қалдықтар қалай жойылады?
Пятница, 05 Август 2016 04:56Абай – халқы тығыз орналасқан аудан. Қазір қала орталығы қарқынды даму жолына түсті. Жаңа құрылыстар салынып, инфрақұрылым жақсара бастады. Әкімдік тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауды басты назарда ұстайды. Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында, бірқатар құрылыс нысандарын аралаған болатынбыз. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш бізге атқарылған жұмыстарды баяндай келе, әлі де шешімін таппаған мәселелердің барын алға тартты.
ТҰРҒЫН АЛАПТАҒЫ ИГIЛIКТI IСТЕР
Қызылжардың тұрғындары еңбексүйгіш жандар. Олар Жер-Ананың төсінен несібесін тауып отыр. Бау-бақша өсіріп, күнделікті нәпақасын айырады. Екі жыл бұрын қызылжарлықтар сусыз қалған болатын. Жуырда түйткілге айналған мәселе шешімін таппақ. Жаңа су құбырын жобалау жұмыстары қолға алынбақ. Абай әкімдігі аппаратының халықпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ержан Саржан Игілік, Жаңаталап, Қызылжар елді мекендерінде жаяу жүргіншілер мен жол салынатынын айтты. Күн көзімен жылтырап жатқан жаңа асфальттың сапасына көңіл сүйсінді. 8 шақырым жолды жаңғырту мақсатында бюджеттен 116 млн теңге бөлінген. Күзге дейін жол шаруашылығы жұмысты толық бітіреді. Одан бөлек, тұрғын алапқа жасанды жол кедергілері, ал мектеп маңына бағдаршам орнатылмақ.
– Тұрғын алап қаланың шет аймағында болғандықтан, ескі жоба бойынша орталық жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылмаған. Қазіргі уақытта Әбдіраимов көшесінің 17 шақырымын жарықтандыру жөнінде ұсыныс бердік. Айта кету керек, бізге облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш көмектесуде. Көшелерге орынсыз берілген атаулар мәселесін де ретке келтіріп жатырмыз. 12 жасанды жол кедергілерін орнатамыз, – дейді Ержан Саржан.
Қала аумағының кеңеюіне байланысты тұрғын алаптағы мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Мұнда достық пен келісімнің үлгісіндей болып қазақ, орыс, әзірбайжан, түрік, өзбек этностары тату-тәтті ғұмыр кешуде. Десе де, келер жылы тамызда қолданысқа беруге жоспарланып отырған 600 орындық мектеп тұрғын алаптың көрікті орнына айналатыны анық.
Мектептің тарлығы Абай ауданындағы Жаңаталаптың түйткілді мәселесі. Мұнда жыл сайын халық саны артып келеді. Соған байланысты бала саны да көбейген. Биыл тұрғын алап тұрғындарының қуанышында шек жоқ. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.
1600 орындық білім ордасының құрылысына тапсырыс беруші – Шымкент қаласының құрылыс бөлімі, мердігер – «MabekTradeLTD» ЖШС. Жоба құны 903 715 330,56 теңгені құрайды. 2016 жылы бұл қаржының 400 миллионы игерілуде. Қазіргі кезде құрылыста 85 адам жұмыс істейді. Мектептің іргетас блоктары орнатылып, қабырғалары қалануда.
Жобаның жалпы құны 904 млн теңгені құрайды. Күйдірілген кірпіштен салынып жатқан үлкен ғимаратқа қоса мәжіліс, спорт залдары мен асхана бой көтермек. Мердігер «Маbex Trade LTD» ЖШС құрылыстағы қадамын жаңадан бастап отырған жоқ. Серіктестіктің жұмыс жүргізушісі Уәлихан Сандыбаевтың құрылыс жұмысына көңілі толады. Өйткені құрылыс материалдары уақытылы жеткізілуде, оның үстіне мұнда бәрі «алтын қолды» жұмысшылар.
– Нысан құрылысына 85 адам жұмылдырылған. Бәрі – өз ісінің шеберлері, – дейді ол. – Оларға қойылатын басты талап – қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жан-тәнімен жұмыс істеу. Құрылыс материалдарының біраз бөлігі жергілікті тауар өндірушілердікі,-дейді құрылысшы.
Жаңа мектеп тұрғындардың басты қажеттілігі. Бүгінге дейін №82 мектепте балалар 4 ауысым бойынша білім алып келді. Ал мектеп салуға жердің жоқтығы қолбайлау болды. 49 жылға жалға берілген фермерлердің жерін қайтарып алып, заңсыз құрылыстарды бұзу арқылы бұл мәселе шешімін тапты. Енді ескі оқу ордасында балалар, ал жаңа мектепте жоғарғы сынып оқушылары білім алатын болады.
ТАЗАЛЫҚҚА ТИЯНАҚТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ
Тельман бөлімшесінде назар аударатын қауіпті орын бар. Төлебаев көшесіндегі аумақта бір кездері «21 партсъезд» деген атпен минералды тыңайтқыштар мен улы химикаттардың қоймасы болған. Кеңшар тараған соң, аумақ қараусыз қалды. Ал жер телімдері тұрғындарға үй салу мақсатында берілді. Жұрт үй салғанымен залалды мәселенің шешімін таба алмады. Үйілген қоқыстың иісі алыстан-ақ қолқаны қабады. Сондай-ақ тұрғындар әртүрлі сырқатпен ауыра бастады. Улы химикаттар төгілген аумақтың қоршауы жоқ. Жанынан адамдар әрлі-бері өтіп, балалар ойнап жүреді.
– Химиялық қалдықтарды көму аудан экологиясына ғана емес, осындағы халықтың денсаулығына зиянын тигізді, – дейді Ержан Саржан. Олар аллергия, онкологиялық аурулар бойынша дәрігерлерге жиі баратын болды. Улы қоқыстарды жою бағытындағы он жылдан бергі жұмыстарымыз нәтижесіз болып келді. Тек осы жылы қайта-қайта шағымдануымыздың нәтижесінде қауіпті қалдықтарды Ақмола облысына жөнелтіп, кәдеге жаратуға қаражат бөлінді.
«СТ-сервис» фирмасының инженері Еркін Сыпатаев жұмыстың басталып кеткенін жеткізді. Арнайы қорғаныс киіміндегі екі жұмысшы тасымалдауға ыңғайлы болу үшін үлкен цистерналарды толтырып жүр. Жалпы сыйымдылығы – 4 400. Одан бөлек, жердің жоғарғы қабатында да өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату жұмыстары жүргізіледі. Бұл іс биыл қазан айында аяқталмақ.
Көше тұрғындары улы химикаттардан құтылатынына қуанышты. Қауіпті қоймамен көршілес қонған тұрғын Ақберді Әлиев те солардың қатарында.
– Бұл мәселені кімдер шешуге тырыспады десеңізші. Тіпті, Алматыдан экологтар, шетелдік ҮЕҰ, басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері келіп, таңғалып кеткен. Көбі уәде бергенімен жұмыс істеген жоқ. Міне, енді улы қоқыс күн өткен сайын азайып келеді. Ауа айтарлықтай тазарды, – дейді ол.
Соңғы жылдары әкімдікте шаруа қордаланып қалды: қала шекарасы кеңейген соң жаңадан пайда болған шағынаудандар мен тұрғын алаптардағы коммуникациялық, ауызсу, әлеуметтік мәселелерді жолға қоюға тура келеді. Әрине, халыққа қызмет ету оңай емес. Дегенмен, жұмыстар рет-ретімен шешіліп келеді.
Тамыздағы ауа райы қандай болады?
Среда, 03 Август 2016 05:08Тамыз айы Оңтүстікте және таулы аймақтарда ыстық әрі қалыпты болмақ. «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалының мамандары осындай болжаммен бөлісті.
Инженер синоптик Салтанат Қоныстың айтуынша, айдың бірінші онкүндігінде ауа температурасы түнде 16-21, 21-26 градусты көрсетсе, күндіз 32-37 градустан 35-40 градусқа жоғарылайды. Ал онкүндік соңында сынап бағанасы түнде 13-18 градус, күндіз 28-33 градусқа дейін төмендейді. Мамандардың мәлімдеуінше, осы айда суық ағын байқалады. Олар екінші 10 күндік соңында келеді. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Ал кей өңірлерде нөсер жаңбыр жауады деп болжайды. Дегенмен, салқын ауа ұзаққа созылмайды. Тамыздың 20-нан кейін сынап бағасы 31-36 градусқа жоғарылайды.
Гүлмира БАҚЫТҚЫЗЫ: Шетелдiк мамандармен тұрақты тәжiрибе алмасып тұрамыз
Пятница, 29 Июль 2016 09:21Бүгінде ауру да, сырқат адам да көбеюде. Тіпті кейбір кесел жас талғамай тұр. Тері аурулары неден туындайды? Пайда болу себептері қандай? Облыстық тері-венерологиялық аурулар диспансерінің бас дәрігері Гүлмира Нұрмағамбетовамен тері ауруларының пайда болу себептері мен сауықтыру шаралары жөнінде әңгімелескен едік.
– Гүлмира Бақытқызы, жаз маусымында ағзамызда түрлі құбылыстар жүріп жатады. Аллергияның мазалайтыны осы кез. Жалпы тері ауруларының көбею себебі неде?
– Пайда болу себептері әртүрлі. Дұрыс тамақтанбау, гигиенаның сақталмауы, генетикалық қандай да бір ауруға бейімділік, қоршаған ортаның зиянды факторлары, сондай-ақ денсаулыққа салғырт қараудың салдарынан тері ауруларының түрлері көбейіп келеді. Қазіргі кезде қабыршақты теміреткі, қызыл жазық теміреткі, күлдіреуік (пузырчатка), экзема секілді тері аурулары алдыңғы қатарға шықты. Мұндай сырқаттармен өңірдегі аудан-қалалардан емделіп жатқан адамдардың саны басым. Айта кету керек, шаш аурулары, атопиялық дерматит, саңырауқұлақ (грибок), қотыр және жыныстық жолмен жұғатын – мерез (сифилис), соз (гонорея), хламидиоз, трихомониаз секілді аурулар жастар арасында жиі кездеседі. Бұл кеселдер жастардың дүниеге дені сау бала әкелуіне қатер туғызып жатыр. Негізінде әрбір аурудың бастапқы сатысында уақытылы маманға тексерілсе, себебін дер кезінде анықтауға болады.
– Жалпы, облыстық тері-венерологиялық диспансерінде қанша бөлімше бар?
– Біздің диспансерде 3 стационарлық және 3 поликлиникалық бөлімше қызмет көрсетеді. Стационар 140 орынға арналған. Жыл басынан бері, яғни 6 айда 1695 астам адам емделіп шықты.
– Тері ауруларын дер кезінде анықтамаса, адам өміріне қауіпті ме?
– Аурудың кейбір түрлері өте ауыр түрде жүруі мүмкін. Мысалы күлдіреуік науқастың әрдайым дәрігердің бақылауында болуын талап етеді. Яғни күнделікті тағайындалған емді алып отыру қажет. Дұрыс қабылданбаған немесе себепсіз үзілген ем ауыр жағдайға алып келуі мүмкін. Ал псориаз ауруы асқынған жағдайда адамның тірек қимыл қозғалысын зақымдап, еңбекке жарамсыз жағдайға алып келеді. Жалпы барлық тері аурулары (қышу, сулану, қызару, іріңдеу және т.б.) науқасқа қалыпты өмір сүруіне едәуір зиянын тигізеді.
– Қазір елімізде ақтаңдақ дерті асқынып барады. Алайда оны емдеу қиын дейді. Ол қалай пайда болады және одан айығудың жолы бар ма?
– Сауалыңыз орынды. Ақтаңдақтың көбейіп келе жатқаны рас. Оған түрлі фактор әсер етуде. Витилигоны емдейтін қондырғы Астанадан кейін біздің диспансерде бар. 2006 жылы Германиядан әкелінген UV 7001K деп аталатын ультракүлгін кабина науқастар үшін оң нәтижесін беруде. Біздің дәрігеріміз осы қондырғымен жұмыс жасап, кандидаттық диссертация қорғады. Білікті дәрігерлер бірегей құрылғының арқасында витилигоны емдеуді жолға қойды. Мамандар сырқаттанған адамға алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Міндетті түрде ішкі ағзалар – асқазан, ішек, ұлтабар, өт, бауырды тексеруге терапевтке жібереміз.Себебі, науқастың толық ауруларын анықтамай, дақты кетіру мүмкін емес. Ішкі құрылысы дұрыс жұмыс істемеген адамға ақтаңдақ қайтып шығады. Кейде науқастар тез сауығуды ойлап, «ішкі құрылысым ауырмайды, терідегі ауруды жазып бер» дейді. Сондықтан ақтаңдақты емдеу тек техникалық құрылғығымен бітпейді. Ауырған адамға алдымен кешенді ем жүргізілуі тиіс. Ал сырқатта «мен жазыламын» деген сенім болса, ол міндетті түрде жазылады. Өкінішке қарай, кей науқастар емнің ұзақтығына байланысты төзімділік танытпайды. Аяғына жеткізбей, тастап кетеді.
– Витилигомен қанша адам ауырады?
– Диспансерде витилигомен ауыратын 400 адам тіркеуде тұр.
– «Жаз мезгілінде суға көп түсіп, жағажайда құмға көмілгеннен адамға саңырауқұлақ (грибок) жұғады» деген әңгімелер бар. Одан сақтану үшін не істеу керек?
– Саңырауқұлақ аурулары негізінен бассейндер мен сауна, моншалардан жұғады. Сол себепті шомылуға барған адам тазалықты сақтағаны жөн. Міндетті түрде жеңіл аяқ киімді өзімен бірге алып жүруі керек. Суға шомылып болған соң, аяқты, башпайлар арасы мен өкшені құрғатып сүрткен дұрыс. Негізінен тері аурулары ішкі және сыртқы факторларға байланысты жұғады. Зат алмасудың төмендігі, дұрыс тамақтанбау, ағзада дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігі терінің қорғаныш қызметін төмендетіп, сырттан кездесетін әр түрлі паразиттерге төзімсіз жағдайға әкеледі. Соның салдарынан қышыма, теміреткі аурулары пайда болады. Соңғы кезде тұрғындар арасында саңырауқұлақ сияқты жұқпалы тері аурулары азаймай тұр. Ауырған адам мән бермей, уақытты өткізіп алады. Дәрігердің емін дұрыс қабылдамайды. Әйтпесе, бұл ауру жазылады. Тек емдеудің толық курсынан өтуі тиіс.
– Кейде венерологиялық ауру жұқтырғандар өз бетінше емделіп жатады. Бұл келешекте қаншалықты қауіпті болуы мүмкін?
– Қазір медицина саласы қарқынды дамып жатса да, өз бетінше ем-дом жасайтындар бар. Тіпті жұқпалы аурудың өзін «көз жара ғой» деп мән бермейді. Ал дәрігердің ақыл-кеңесінсіз дәрі-дәрмектерді пайдалану өте зиян. Мысалы, антибиотиктерді дұрыс пайдаланбау микробты мутацияға ұшыратып, дәріге төзімді болып алады. Яғни, дәрі-дәрмектердің әсерінен тірі қалған бактерияларға дәрі мүлдем әсер етпейді. Бұдан сырқат ұзаққа созылып, асқына түседі, өйткені дәрі әсер етпейтін бактериялар одан әрі дамуын жалғастырады. Сонымен қатар жастардың арасында белсіздікке, нәрестенің мезгілінен ерте туылуына немесе нәрестенің өміріне қауіп төнуіне алып келеді. Кей асқынған жағдайда науқастарға ота жасауға тура келеді. Егер сырқатын байқаған адам дер кезінде дәрігер маманға келсе, өзінен бөлек, бөгде адамдарға жұғудың да алдын алады. Бізде емхана жолдамасымен келгендерге емделу тегін. Пациент туралы мәлімет таратылмайды, құпиялылық сақталады.
– Медицина саласына айтылатын сын аз емес. Сала жұмысында кездесетін мәселелерді өзіңізден естісек…
– Елбасымыз медицина қызметкерлерінің алдына халқымыздың дені сау, өмір сүру жасы ұзақ болуы үшін үлкен міндеттерді қойды. Соның негізінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асты. Дегенмен, облыстағы тері-венерология диспансерлерін жауып, әрбір аудандық емхананың ішінен бөлімдер ашу керек деген мәселелер жиі көтеріліп жүр. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, өркениетті елдерде тері ауруларының институты жоқ. Бірақ әрбір науқас емхана, ауруханалардағы ашылған бөлімшелерде емделеді. Әрине, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенгеніміз, бой түзегеніміз жақсы-ақ. Бірақ облыстағы диспансерді жабуды жөн көрмеймін.
– Неге?
– Біз қаншама жұмыстарды атқарып, талап үдесінен шығып жатырмыз. Бірақ аурудың алдын алу жолдары әлі де жолға қойылмаған. Бірінші кезекте жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Оқу орындарына барып, асқынып бара жатқан ауру түрлерін, сақтану жолдары жайында түрлі тренингтер өткізсек деймін. Өйткені жасөспірімдер абайсызда тері және жыныстық ауруларды жұқтырып алып жатыр. Жастар мұндай ауру түрлерін білмейді және айтуға ұялады. Менің тәжірибемде мұндай жағдайлар өте көп. Бұл – өте өзекті мәселе. Ал интернетте ауру түрлері, айығу жолдары толық берілмейді. Сондықтан диспансер жабылмауы керек.
– Өңірде тері ауруларын емдейтін шипажайлар бар ма?
– Арнайы шипажай болмағанымен, Бәйдібектегі «Ақтас» емдеу орталығының болашағы зор. Суы шипалы, дертке қуат деп естиміз. Бірақ жер астынан шығып жатқан бұлақ әлі де зерттеуді қажет етеді. Егер «Ақтасты» кешенді ем орталығына айналдырсақ тұрғындар нәтижелі емге қол жеткізер еді.
– Қазір диспансерде мамандар шетелдік дәрігерлермен онлайн-конференция арқылы тәжірибе алмасады екен. Жетістіктеріңіз жайында не айтасыз?
– Бұл – біздің дәрігерлерімізге берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Мамандар науқасқа құлан-таза айығуына бар жағдайды жасап отыр. Заманауи технология, медициналық құрал-жабдықтар арқылы ауруды дер кезінде анықтап, алдын алатын жағдайға жеттік. Шетелдік мамандармен тұрақты тәжірибе алмасып тұрамыз. Соның нәтижесінде бір сырқатымыздың белгісіз ауруын тауып, емін анықтадық. Жуырда үш дәрігер Үндістан, Израиль, Түркия елдеріне барып, біліктіліктерін жетілдіріп қайтты. Енді диспансерімізде шаш егуді қолданысқа енгіземіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ