Мiндетiн мiнсiз атқарады
Суббота, 05 Март 2016 06:56Қалада автобус та, кондуктор да көп. Бірақ жолаушылардың тілін тауып, көпшіліктің алғысын алу оңай емес. Біздің кейіпкеріміз - Малика Бейсенбаева үшін бұдан артық кәсіп жоқ. Ол өз жұмысын абыройлы атқарып келеді.
№74 бағыттағы автобустың кондукторы Маликаның бос уақыты аз. Бұл қызмет оның үйреншікті ісі. 5 жылдан бері сүйікті жұмысының жемісін көріп жүр. Ол бұл кәсіпті Астана қаласынан бастапты. Таңғы 5-тен кешкі сегізге дейін тынымсыз жұмыс істейді. Алғашқыда жұмыстың ауыр болғанын жасырған жоқ. Кейбір кісілердің дөрекілігіне ренжитін. «Неге орын жоқ?» деп жанжал шығаратындар да кездеседі. Алайда келіншек биязы мінезімен тығырықтан жол тауып шықты. Үлкен-кішінің тілін тауып, сыпайы сөйлеуге тырысты. Жолаушыларды жақынындай жанына тартты. Көпшіліктің көңілінен шыққан кондукторға қала тұрғындары дән риза.
Маликаның жұмысы тек кондукторлықпен ғана шектелмейді. Көліктің тазалығын да, тәртіпті де басты назарда ұстайды. Адасып жүргендерге жол көрсетеді. Сұрағандарға жөн сілтейді.
– Мен қоғамдық көлікте жұмыс істеймін. Сондықтан, атымызға затымыз сай болуы керек. Жолаушылар ғана емес, қала қонақтары да Шымкент туралы жақсы әсер алуы тиіс, – дейді ол.
Әңгімесінен аңғарғанымыз, Малика кейбіреулер сияқты жұмысын бейнеті көп, беделі жоқ кәсіп деп санамайды. Салонға енгеннің бәрін жылы қарсы алады. Жауапкершілікті жақсы түсінетін келіншек өз міндетін мінсіз атқарады. Талай жолаушыға қызмет көрсетуге әрқашанда әзір.
«Қасымда болсын анам...»
Суббота, 05 Март 2016 05:57Әйелдің еміреніп бала сүюі, ана болуы бір бақыт. Тас омырауын жібітіп, алпыс екі тамырын иіткен баланың қылығына жетер не бар?! Өмірге дені сау, қол-аяғы бүтін бала әкелу әрбір жанның арманы. Осы орайда ана мен баланың өміріне жауапты дәрігерлердің еңбегі ерен. Мереке қарсаңында №1 облыстық перинаталды орталықта болып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Бізді №1 перинаталды орталықтың бас медбикесі Динара Таңатарова жылы қарсы алды. Есіктен енгеннен қарбалас жұмыстың үстінен түстік. Қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Айнаш Қосманбетованың айтуынша, перзентханаға күніне 20-30 әйел жеткізіледі. Әртүрлі диагнозбен түскен аналар паталогиялық жүктілік бөлімшесіне, ал, ай-күні жеткендері босану залына жіберіледі. Біз осында келгенімізде жас ана Гүлназа Тұрсынбекова тұңғышы қыз баланы дүниеге әкелген екен. Жарық дүние есігін ашқан нәресте тіршілік иесі екенін білдіріп, тырбаңдап жатыр. Бұл ана мен баланың арасына тығыз байланыс, жақындастықты орнатудың алғашқы қадамы саналады. Сәбидің салмағы мен бойы өлшенеді, денсаулығы тексеріледі. Сосын биркасы толтырылады. Босандыру бөлімінің аға акушері Рысхан Жолшиева бала мен ананың жағдайы жақсы екенін жеткізді. Босанған әйелдер 2 сағаттан соң, палатаға ауыстырылады. Бас дәрігер Мадина Көкенова басшылық жасайтын перинаталды орталықта үй жағдайына үйлестірілген жайлы атмосфера қалыптасқан. Бөлімшеде ана мен бала күні бойы бірге болып, жас анаға бала күтімі, босанғаннан кейінгі жеке гигиена т.б. бойынша қажетті көмектер көрсетіліп, консультациялар жүргізіледі. Қажет болған жағдайда физиотерапиялық процедуралар, массаж, сонымен қатар психологиялық көмек те көрсетіледі. Бөлімшедегі палаталар кең, әрі жарық. Процедура және тексеру кабинеттері заманға сай соңғы үлгідегі медицналық аппараттармен, препараттармен қамтамасыз етілген.
Біз ана мен бала бөліміне өттік. Талап бойынша жаңа туылған сәбидің бөлмесіне кіруге болмайды. Өйткені шарана қоршаған ортаға бейімделгенше түрлі инфекциялардың жұғуы мүмкін. Соған қарамастан рұқсат алып, палатаға кірдік. Мұндағы ортада, әйелдердің көңіл күйі де өзгеше. Іңгәлаған сәби дауысы. Перзентіне мейірленген ананың бақытынан асқан сезімнің жоқтығына көз жеткіздік. Осы сәтте аналардың бірі оянған баланы қолына алып, құшағына басты. Еміреніп, айналып-толғанып жатыр.
– Біз осы режимге үйреніп кеттік. Перинаталды орталықта жұмыс істегеніме 36 жыл болыпты. Зымыраған уақыт-ай десейші. Үйге шығарылғанша бала мен ананың денсаулығына бөлімшенің дәрігерлері жауапты. Кейде жұмыстан қалжырайтын кездер болады. Бірақ, демалыстан соң ұжымымды, сүйікті жұмысымды сағынып, бар қиындықты ұмытып кетемін, – дейді босандыру бөлімшесінің аға акушері Рысхан Жолшиева. Бірнеше сағаттан соң, бөлімше іші аздап саябырсыды. Біз осы сәтті пайдаланып, босандыру бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Қоңырбаевамен әңгімелестік.
– Біздің күн сайын жұмысымыз қарбаласқа толы. Кейде бір сәт тынышталып қалса, кейде тәулік бойы тыным таппаймыз. Тіпті дәрігерлердің де жетпей қалатыны бар. Бірақ өз міндетімізді ешқашанда ұмытпаймыз. Ананы аман-есен босандырып, баласын бауырына басамыз, – дейді ол. Қазіргі таңда облыстық перинаталды орталықта 80-ге жуық дәрігер, акушер жұмыс істейді.
Бәрі де өз қызметінің мамандары екенін айтпаса да түсінікті.
Келесі бетке алған есігіміздің маңдайшасында «Операция блогы» деген жазуға көзіміз түсті. Ішке кіруге шыны керек, жүрегіміз дауаламады. Орындықта отырып, айналамызға үнсіз қарап отырмыз. Кенет толғақ қысқан әйелдің жан дауысы шықты. «Тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келеді» дегендей, әйелдер бірінен соң бірі... Әр дәрігер жауапты палатасына қарай жүгірді. Әп-сәтте қарбалас басталды да кетті. Сағатқа қарасақ, түскі астың мезгілі өтіп те кетіпті. Ал дәрігерлердің оған уақыты да жоқ.
Облыстық перзентханада орташа есеппен күн сайын – 20-30, ай сайын – 500-600 сәби дүниеге келеді. Перинаталды орталық үшін ақпан айы мерейлі болған сияқты. Үшем өмірге келіпті. 26 жастағы Жанар Қуандықова Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Бексұлтан есімді балалардың анасы атанды. Бұған дейін екі қызы бар Жанардың қуанышында шек жоқ. Сәбилердің де, жас ананың да жағдайы қалыпты. Ал наурыз айының бірінші жұлдызында мұнда 18 қыз, 16 бала жарық дүние есігін ашыпты. Біз аналардың бақыт пен қуанышқа толы сәтін көріп, үлкен әсер алдық. Таңнан кеш қарайғанша тыным таппайтын дәрігерлердің ерен еңбегінің куәсі болдық.
Бас жүлдегер – Бағдат Сейітбек
Среда, 02 Март 2016 08:05Осы аптада облыстық «Арай-2016» байқауы өз мәресіне жетті. Ән сайысында және мәдени іс-шараның үздігі атану үшін 33 үміткер бақ сынады. Талап пен сенімнің биігінен көріну үшін өнерлі жастар аянған жоқ.
Қатысушылар бұған дейін екі кезеңнен өткен болатын. Орындаушылар патриоттық және еркін тақырыптағы әнді орындап, шеберліктерін танытқан еді. Ал мәдени іс-шара жүргізушілері үш тілде өнер көрсетіп, ситуациялық сұраққа жауап берді.
Байқау қорытындысы бойынша бас бәйге шымкенттік Бағдат Сейітбекке бұйырды. Жеңімпазға 200 000 теңгенің сертификаты табыс етілді. Бірінші орынды Созақтан келген Арайлым Көлшікбаева иеленсе, 2-орынды төлебилік Болат
Құрманәлиев пен шымкенттік Аян
Төлеген бөлісті. Ал жүлделі 3-орыннан Қаламқас Сейілхан (Шымкент қаласы) мен Төлеби ауданынан Жамбыл
Құрбанәлиев көрінді.
Ал мәдени іс-шара жүргізушілері арасында бас жүлде Бағдәулет Мамытовқа (Шымкент қаласы) берілді. 1-орынға Иген Жансейіт (Шымкент қаласы) лайық деп табылса, 2-орынды Алмат Дүйсенбаев жеңіп алды. Ләйлә Оспанова (Шымкент қаласы) 3-орынды қанағат тұтты.
Айта кетейік, іс-шараның ұйымдастырушылары – облыстық мәдениет басқармасы және халық шығармашылығы орталығығы. Байқауға «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы қолдау білдірді.
«Мен елiмдi сүйемiн!»
Среда, 02 Март 2016 05:19Елімізде «Мен елімді сүйемін» акциясы өтуде. Осыған орай «Тәуелсіздік» саябағында жастардың қатысуымен іс-шара өтті. Туған елге, Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеген жобаға Оңтүстік жастары белсенділікпен қатысты.
Әлеуметтік желі арқылы ұсынылған акцияны қолдаушылар қатары мол болды. Саябаққа жиылған жұрт ұлттық арна арқылы байланысқа шықты. Арнайы түсірілген бейнероликтерге кезек беріліп, жастар Отан жайлы сөз қозғады. Телекөпір аясында еліміздің өзге өңірлерімен байланыс орнатылып, Оңтүстік Қазақстаннан шыққан жастар патриоттық бастамаға қолдау білдірді. Ізгі ниеттерін жеткізді.
– Жастар Отанымызға деген сүйіспеншілігін білдіріп жатыр. Бұл жерде әсіресе жастардың көптеп жиналғаны бізді қуантады. Өйткені, отанды сүю, Қазақстанды сүю – бұл нағыз патриоттық сезім! Сондықтан, патриот болыңыздар! – деген қала жастары барша тұрғындарға сәлемін жолдады.
Қастеев қадiрлеген қылқалам шеберi
Пятница, 19 Февраль 2016 05:46Биыл қазақтың белгілі суретшісі
Ғани Иляевқа – 100 жыл
Күн өткен сайын суретші туындыларының құндылығы да, құны да арта түскендей. Қылқалам шеберінің шығармалары халық өмірінің қалтқысыз айнасы, шынайы шындығы болды. Оның еңбектерінен қазақ мәдеәниетінің таным-тарихын танисыз. Бояу тілінен ұлттық нақышпен үйлескен рухани құндылықтарымызды ұғынасыз. Баға жетпес құнды картинаға айналған ою-өрнегі қандай?! Нәзік бояудан адам керемет әсер алады.
Ауыл аралап, ою жинаған
Ғани Иляев жастайынан халық өнеріне сүйсініп өсті. Анасы кілем тоқып, киіз басса, нағашысы күміс белдік, білезік, сырға жасайтын айтулы шебер болған. Зерек баланы қолөнер бұйымдарының үлгілері қатты қызықтырды. Сөйтіп өз еңбегінің алғашқы нұсқаларын жасай бастайды. Оқи жүріп, бейнелеу өнері үйірмесіне қатысады. Кейін суретші А. Волковтың шәкірті атанады. Ғани техникум мен училищедегі оқуын аяқтап, еңбекке белсене араласады. Мектепте сурет пәнінен сабақ береді. Көрмелерге қатысып, безендіру жұмыстарымен айналысады. Сол тұста соғыс басталып, Ғани әскер қатарына шақырылып, жаяу әскер командирлерін даярлайтын училишеге оқуға жіберіледі.
– Соғыс әрбір майдангердің жүрегінде із қалдырды. Днепр үшін болған шайқас, Киевті азат ету жолындағы ұрыстар ешқашан ұмтылмайды, – дейді Иляев өз естелігінде. Ол майданда жауапты чертежшы қызметін атқарады. Оның әскери бөлімдер мен артиллериялық шабуыл схемалары дәлдігімен және анықтығымен ерекшеленді. 1944 жылы қарашада Ғани Иляев денсаулығына байланысты елге оралады. Жауынгерлік ерлігі үшін мерейтойлық және естелік медальдарымен марапатталады.
60 жылдары Ғани Иляев Шымкент көркемсурет-өндіріс шеберханасының, 1960-78 жылдары көркемсурет мектебінің директоры болды. Соған қарамастан ауыл аралап, ою жинайды. Ескі кілемдер мен киіздердің, алаша-қоржындардың оюларын салып жүреді. Бірде ол киіз үйден қалған, оюы көркем есікті, өрнегі әсем кілем тауып алады. Халықтық өрнектің тамаша үлгілерін өз еңбектеріне пайдаланады. Сөйтіп кілем, сырмақ, алаша, басқұрларға арнап ою-өрнек (15 мыңға тарта үлгі) жасайды. Сондай-ақ суретші түскиіздің, сырмақтың, үй ішіне тұтынатын, т.б. алуан түрлі заттардың ою-өрнектерін де жасады. Оның еңбектерінде қошқар мүйіз, толқын, бұғы мүйіз, құс қанат, құс таңдай сияқты өрнекті оюлар әдемі тоғысқан.
Туындылары шетел
мұражайларында сақтаулы
1957 жылы «Халықтың қолданбалы және декоративті өнерін дамыту шаралары туралы» қаулысынан соң, Шымкентте халық шеберлерінің слеті өтеді. Оған халық суретшісі Әбілхан Қастеев келеді. Шымкенттік шебердің 700-ге жуық ою-өрнек суреттерімен танысып, жоғары бағасын береді. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Иляевтің 88 туындысы көрмеге қойылады. Мамандардан лайықты бағасын алады. Суретші ою-өрнектердің зооморфтік, өсімдік тектес және геометриялық түрлерін жүйелі зерттеп пайдалануды іске асырды. Қылқалам шебері қазақ халқының ою-өрнектерін жинақтап, зерттеді. Ол кісінің жинағына мәдени мұраның 5 мыңға жуық түрі кірді. Суретшінің 500-ден астам еңбегі республикамыздың галереялары мен көркемөнер қорына алынған. Оның «Қыз қуу», «Сәлем», «Айтыс» композициялық төл туындылары үйлесімді бояу үндестігімен көзге түседі. «Гүлденген Оңтүстік», «Көктем» атты кілем эскиздері де ұлттық нақыштармен ерекшеленеді. Сонымен қатар, суретші бейнелеген «Біржан мен Сараның айтысы», «Қысқы пейзаж» көрермендерге айтарлықтай әсер қалдырды. Қылқалам шебері саналы ғұмырын кескіндеме өнеріне ғана арнаған жоқ. Бірнеше буын шәкірттер тәрбиеледі. Қаламға ынтазар жастардың шеберлігін шыңдады. Талай талапкер Шымкент педагогикалық институтындағы «Сурет жəне сызу» мамандығы бойынша білім алып, суретшінің жолын қуды. Ал Ғани Ильяев шәкірттеріне ою-өрнектің қыр-сырын үйретті. Ерекшеліктері туралы кеңесін де аямады.
Әке жолын қуған Сұлтан Иляев та суретші. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шымкент қаласы ҚР Суретшілер одағы басқармасының төрағасы болып жұмыс істейді. Ол әр уақытта өз өнерін шыңдап, көрермен қауымға жаңа туындыларын ұсынып отырады. Суретші айшықтарының астары терең. Ол өзінің еңбектерінде этномәдени сипаттамаларға ие қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің компоненттерін ұдайы сақтап отырады. Қазір оның жұмыстары Алматы, Мәскеу, Ташкент, Сочи қалаларындағы мұражайларда және әлемнің түрлі қалаларындағы жеке галереяларда сақтаулы. Бүгінде Шымкент қаласының орталық көшелерінің бірі Ғ. Иляев есімімен аталады. Ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген белгілі қылқалам шеберінің есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Бибажар Иманбекқызы,
доцент, КРСО мүшесі:
– 2 курста оқып жүргенімде, Ғани аға: «Үйіңдегі шатыр гүлді түкті кілеміңді көрмеге қояйық», – деді. Мен ұсынысты əкеме айтып, ауылдан кілемді алдырдым. Оны қалада өткен көрмеге қойып, I дəрежелі дипломмен марапатталдым. Қуанышымда шек болмады. Ол менің алғаш жарыққа шыққан жұмысым еді. Кейін республикалық көрмеге қатысып, тағы да бағым жанды. Ғани Иляев ағамыздың жетекшілігімен дипломдық жүмысымды тоқыма бұйымда ою-өрнектерді түстік шешіммен орындап, қорғап шықтым. Мен Ғани ағаның шәкірті болғанымды мақтан тұтамын.
Жұбайы Ажардың естелік әңгімесінен:
– Ғани жас суретшілерге жиі көмектесетін. Біраз шәкірті үйімізде тұрды. Бәрін өз баламдай көрдім. Балалар өсіп жетілді, үйленді, немере сүйдік. Ғани көптеген көрмелерге қатысты, жеке көрмелері де болды. Шетелдерге де барды. Өте еңбекқор еді. Газет-журналдарға мақалалар жазатын. Қазақстандағы тұңғыш балалар көркемсурет мектебін ашқанында қуанғанын көрсең! Біз осылай өмір сүрдік.
Ұрылардан абай болыңыз!
Пятница, 19 Февраль 2016 05:15Тұрғындарды алаяқтардан сақтандырып, пәтер, көлік, қалта ұрлығының алдын алу мақсатында Еңбекші ауданы әкімі аппараты «Назар аударыңыз!» атты рейдтік іс-шарасын өткізді. Шара аудан аумағындағы «Айна базары», «Фиркан Сити» сауда орталығы мен қоғамдық көліктерде жүргізілді.
Рейдте аудан тұрғындарына алаяқтар мен ұрылардан сақтану жөнінде кеңес берілді және сақтандыру парақшалары таратылды. Аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Бегалы Серікбайұлының айтуынша, қолының сұғанағы барлар үшін халық көп шоғырланатын сауда нысандарында, аялдамалар мен қоғамдық көліктерде әрекет ету ыңғайлы. Оңай ашылатын сөмкелер, жартылай ашық қалта, полиэтилен пакетке салынған құжаттар – ұрылардың оңай олжасы. Ойындағы жоспарын телефон арқылы жүзеге асыратын әккі ұрылар да бар. Олар смс хабарлама, қоңырау шалу арқылы адам сеніміне кіреді.
– Алаяқтар көбіне ұрлық жасағанда балаларды, зейнеткерлер мен жалғызілікті адамдарды таңдайды. Сондықтан «құжатыңызды таптым», «ірі көлемде ұтыс ұттыңыз» немесе «сыйақы аласыз» деген күмәнді қоңырау түссе, алдымен айтылған ақпараттың растығына көз жеткізіңіз және жеке мүлкіңізге мұқият болыңыз, – дейді Б. Серікбайұлы.
Айта кетейік, алаяқтық, қалта, пәтер, автокөлік ұрлығының алдын алу мақсатындағы рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
Жәнiбек ТАҒАЕВ: «Операны жатсынбауымыз керек»
Среда, 17 Февраль 2016 05:36Жәнiбек ТАҒАЕВ, облыстық опера және балет театрының директоры:
– Жәнібек Абданбекұлы, ҚР мәдениет қайраткерлері Үралхан Сейілбекова және Ерлан Жандарбай жуырда Алматыда болып қайтты. Ондағы көрермен әншілерді қалай қабылдады?
– Осы жыл біздің ұжым үшін жақсы жаңалықпен басталды. Қазақ өнерінің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрымен әріптестік байланыс орнаттық. Бұл біздің жас театр үшін тиімді мүмкіндік деп ойлаймын. Алматыға әншілеріміздің баруы өзара сабақтастықтың баспалдағы іспетті. Тәжірибе алмасу мақсатында әншіміз Үралхан Сейілбекова, облыстық опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Ерлан Жандарбай Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек» операсына қатысып, басты рөлдерді сомдады. Бұл қойылым қазақ операсының інжу-маржаны, бекзат өнердің биік жетістігі. Күрделі кейіпкер болғандықтан шығарманың жүгі жеңіл емес. Әндерінде айшықты ырғақ, кең диапазоны бар. Оған әртістеріміздің мүмкіндігі жетеді. Алматылық көрермендер әншілерімізді жақсы қабылдаған сияқты. Алдағы уақытта Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрымен бірлесе жұмыс істеп, бір партияда өнер көрсетсек дейміз.
– Тәжірибе демекші, Италияның әйгілі кернейшісі Мауро Маур мен пианиношысы Франсуаза де Клоссе театрларыңызда болған көрінеді...
– Иә. Концерт Қазақстандағы Италия күндеріне арналған болатын. Итальяндық әртістер дайындық жұмыстарына қатысып, Мауро Маур, Франсуаза де Клоссе жақсы баға беріп, үлкен қызығушылықтарын танытты. Қонақжайлылығымызға ризашылығын білдірді. Симфониялық оркестр мен хор әртістері бірігіп өнер көрсетті. Концертте де көрермен аз болған жоқ. Әсерлі жүздесуден кейін итальяндық әртістер біздің өңірге тағы айналып соғатынын, классикалық шығармаларды бірге орындайтынын жеткізді.
– Жағымды жаңалықтарыңыз көп екен. Өнер ұжымының жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Театр бір күнде дамып кетпейді. Бір қойылымды дайындау үшін кемінде үш немесе алты ай уақыт кетеді. Ал сәтті қойылым үшін үлкен ізденіс пен еңбек керек.Өткен жылы еліміздің қалаларында болып, 2 қойылым орындалып, 8 концерт берілді. Сондай-ақ, облыстың аудан-қалаларында гастрольдік сапарлармен болдық. Қазір кезекті қойылымға әзірленіп жатырмыз. Алла қаласа, оны көрермен назарына ұсынбақпыз. Бұл
П. И. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы. Өте қызық жұмыс болғалы тұр. Сосын В. А. Моцарттың «Так поступают все женщины» операсына дайындық бастамақпыз. Бұл ең таңдаулы опералардың бірі. Оның премьерасын күзге, театр маусымының ашылуына қарсы дайындап жатырмыз. Арасында алыс-жақын шетелге де, еліміздің қалаларына арналған гастрольдеріміз бар.
– Университеттен өнер ұжымына басшы болу қиын емес пе?
– Осы қызметке келерде ұзақ ойландым. Бұл жай орын, қарапайым қызмет емес. Шоқтығы биік өнер ұжымының тізгінін ұстау, маған артылған мәртебелі міндет, салмақты жүк. Кезінде М. Әуезов
атындағы Мемлекеттік университетінің қоғамдық кәсіптер факультетінде декан орынбасары қызметін атқарып, біраз тәжірибе жинадым. Сондықтан театрға келуім кездейсоқтық емес. Дегенмен асқан жауапкершілігі де бар. Жас ұжым болғандықтан, қиындығы да, өзіне тән қызығы да жеткілікті.
– Өнерге қаражаяу емес сияқтысыз...
– Домбыра шертемін. Термелерді, дәстүрлі әндерді орындаймын.
– Классикалық музыканы көбінесе еуропалық мәдениетке тән дейтіндер бар. Бұл – бізге жат өнер дегендерге не дейсіз?
– Мұндай пікірмен келіспеймін. Өнер – мәдениеттің қайнар көзі ғой. Ал мәдениеті асқан елдің ғана әлеуеті де артады. Мәдениеті жоқ елдің дамуын елестетудің өзі қиын. Біз алдымен қазақ болғанымызды мақтан тұтуымыз керек. Өйткені, қазақ мәдениетті, талантты халық. Үлкенді сыйлауды, домбыра тартып, суырып салып өлең құрастыруды, терме айтуды бізге шетелдіктер келіп үйреткен жоқ. Ол қанымызда бар қасиет. Өкінішке қарай, опера десе, бөтен көзбен қараймыз. Шындығын айтқанда, халқымыздың операны жатсынатын жөні жоқ. Мәселен, қазақтың ұланғайыр кең даласы, тау, тасы тұнған симфония. Ақан сері, Біржан сал, Сегізсері, Мұхит, Естайлар салған ән қандай?! Тұнып тұрған ария емес пе?! Біз бабалар мұрасын жаңғыртып, жарыққа шығаруымыз керек. Театрымыз жас болғанымен, еліміздегі опера театрларынан дәрежесі кем түспейді. Себебі, басқа қалалармен салыстырғанда Шымкенттің мәдениет орталығы екендігінде дау жоқ. Сурет те, әдебиет те, кино да Шымкенттен табылады. Ал классикалық өнерге көрерменді бала күнінен тәрбиелеуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені операны білмейтін адамға 3 сағаттық шығарманы тамашалау қиын. Бірақ бір рет келген адам, келесі қойылымға да міндетті түрде келеді. Түсінгенге операның әсері мықты деп ойлаймын. Өйткені әр тілдегі ариялар мен партияларды түгел жаттап, нотадан ауытқымауы үшін үлкен талант керек. Синтетикалық жанр болғандықтан, вокал да, би де, хор да, оркестр де бар. Ал, жақсы опералық шығармалар ешуақытта ұмытылмайды.
– Шетелдерде болдыңыз ба?
– Мен әлем елдерін көп аралаймын. Жүрген жерімде жергілікті халықтың болмысына үңілемін. Оларды өзімнің туған халқыммен салыстырамын. Бірақ қазақтай дарынды, генетикалық қаны таза халықты көрмедім.
– Соңғы жылдары елдің рухын көтеретін опералық шығармалар туған жоқ. Себебі неде?
– Опера жазу оңай емес. Өте күрделі жанр. Кез келген композитордың опера жазбайтыны анық. Бірақ өзіміздің классикалық шығармалар өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Қазір театрда бұрынғы қойылымдар сахналанып жатыр. Театр репертуарында Л.Хамидидің «Абай», С. Мұхамеджановтың «Айсұлу», Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Е. Рахмадиевтің «Қамар сұлу», Дж.Вердидің «Риголетто», П. И. Чайковскийдің «Евгений Онегин», С. Рахманиновтің «Алеко», Дж.Вердидің «Травиата», И.Морозовтың «Доктор Айболит» сынды шығармалары бар. Сондай-ақ қойылым қатары Т. Мұхамеджановтың әніне жазылған «Бейбарыс сұлтанмен» толығуда.
– Мамандар тапшылығы сезіле ме?
– Театрға техникалық мамандар жетіспейді. Көбісі оқу бітірісімен оқу орнында қалып қояды. Ал, бір оркестрде қаншама музыкалық аспаптар бар?! Олардың ішінде флейта, гобой, кларнет, фагот – үрмелі, шекті аспаптар көп. Осының бәріне жетекшілік ету қиын жұмыс. Жуырда өңіріміздің тумасы, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі Қуаныш Исмайловты оркестрдің бас дирижері етіп жұмысқа қабылдадық. Ол итальяндықтардың алдында сенімімізді ақтап шықты. Шетелдік әртістер дирижерімізге, симфониялық оркестрге ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да қойылымдарымыз көрермен көңілінен шығады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ
Шағынаудандардың шырайы кiредi
Среда, 17 Февраль 2016 04:29Инфрақұрылым – қаланың қан тамыры іспетті. Онсыз тіршілікті елестету мүмкін емес. Бұл ретте қала аумағына қосылған елді мекендерде, атап айтсақ Еңбекші ауданында жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда.
Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуде биыл ауданға қарасты «Ұлағат» және «Мирас» шағынаудандардағы су өткізгіш жүйелерінің құрылысы мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Гидролиз», «Еламан», «Мирас» шағынаудандарына газ құбырлары тартылып жатыр. Оның жұмыстарымен «СтройСатИнвест» ЖШС, «BES» ЖШС айналысуда. 2015 жылы басталған жобалар ағымдағы жылдың мамыр, маусым айларында аяқталып, толық пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Ал «Гидролиз», «Варошиловка», «Чапаевка», «Оңтүстік» шағынаудандары кәріз жүйелеріне қосылу көзделіп отыр. Сонымен қатар, көшелердегі жарық мәселесі де шешімін таппақ. С. Рақымов, ИЧ167/10, МПС, Теміржол, Жастар, Техохрана және Застенная көшелері биыл жыл соңына дейін электр қуатымен қамтылады.
– Қазір шағынаудандарда инфрақұрылым жұмыстары жүріп жатыр. Ауыз су, газ желілерін тарту бағытындағы шаруалар жалғасуда. Бұл ауданның дамуын арттырады. Құрылыс жұмыстарының кестеге сай жүргізілуі тұрақты бақылауда болады, – дейді Еңбекші ауданының инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің бас маманы Нұрболат Тұртаев.