– Жыл басында өзіме жоғары балл жинаймын деп мақсат қойдым. Сөйттім де, әрбір сәтті бос жібермей тыңғылықты дайындалдым. Ата-ана, ұстаздарымның сенімі мен «Алтын белгіні» ақтап шыққаныма қуаныштымын. Таңдау пәнім – дүниежүзі тарихы. Заң саласының білікті маманы болғым келеді, – дейді Абылай.
Ал Ерасыл болашақта ақпараттық технология мамандығын таңдамақ. «Тест барысында 122-123 сұраққа дұрыс жауап бергеніме сенімді болып шықтым. Шыны керек, ең жоғары балды еншілеймін деп ойламадым. Ал 125 балл жинағанымда қуанышымда шек болмады. Енді IT саласында өз қолтаңбамды қалдырсам деймін» дейді Ерасыл.
Сонымен қатар, Қ. Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің оқушысы Хадиша Бектемірова мен Ә.Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта мектебінің оқушысы Ернат Кенжебай 124 балдық межені еңсерді.
Әзірге 2-5 маусым аралығында өткен ұлттық бірыңғай тестілеуге 68 мектептен 2308 оқушы қатысып, орташа көрсеткіш 80,6 балды құрап тұр. Оның 44-і «Алтын белгі», ал 25 түлек үздік аттестат иегері атанды. Бұл көрсеткіш ҰБТ аяқталғанша әлі де өсетіні анық.
Айта кетейік, тестілеудің төрт күнінде еліміз бойынша 16 оқушы 125 балл жинады. Оның 4-і біздің облыстың түлектері.