Бiз Елорданы бiрге көркейтемiз!

Пятница, 03 Июль 2015 07:35 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4916 раз

Астана – жалынды жастардың қаласы, жарқын болашақтың ордасы. Асыл мұраттар мен биік мақсаттардың тоғысқан жері. Он жеті жыл ішінде еңсе тіктеп, кемел келешекке қол созып, күллі қазақтың мақтанышына айналды.  Есілдің жағасында бой түзеген әсем шаһардың  көркейіп, гүлденуіне үлес қосуға аттанған Оңтүстіктің ұландары әртүрлі салаларда абыройлы еңбек етіп жүр. Олар өздерінің асыл армандарын Астанамен байланыстырады.

100


Заңғар Орманша,elorda 1 
Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті:

– Үш жыл бұрын ауылдан, ата-анамнан жыраққа кеткенімде бойымды қимастық пен қорқыныш билеген. Ал қазір Елбасымыз Н. Назарбаев негізін қалаған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алу бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Жақында өткен Елбасы сайлауында  №4 сайлау округінде үгіт-насихат тобын басқардым. «Жас Отан» ЖҚ Астана қаласындағы филиалында қызмет еткенімде Елордамыздың көшбасшыларымен бірге көркем қаламыздың жастар саясатын дамытуға үлес қостым. Өз оқу орнымның «Жастар саясаты» орталығының төрағалығына сайланғанымда бұл шаһарда армандар орындалып, мақсаттар айқындалатынына, болашағымның  жарқын боларына көзім жетті. Астана – болашақтың қаласы. Армандар мен тілектер орындалатын ұлы мекен.

elorda 2Нұрасыл Мұса,
құрылысшы:

– Астанаға келіп, жұмыс істей бастағаныма алты айдан енді асты. Аз уақыттың ішінде көркемділігімен, сұлулығымен баурап алды. Күн сайын қаншама биік ғимараттар бой көтеруде. Сол ғимараттардың ішінде біздің қолымызбен тұрғызылған нысандардың бар екені, ертең оларда арманы асқақ жас отбасылар қоныстанып, бақытты өмір сүретінін ойласам, бойымды қуаныш пен мақтаныш кернейді. Астана – әр қазақтың мақтанышы деп ойлаймын.  Болашағы кемел. Еңселі қала. Тәуелсіз елдің төрінде орналасқан Астананың әлі де абыройы асқақтайтынына сенемін.

elorda 3Максим Рожин,
әуесқой фотограф:

– Астанаға алғаш рет 2003 жылы келдім. Қонақ болып, студентпін. Ол кезде Бәйтеректің айналасы жазық дала еді. Соның өзінде мені өзіне ғашық етті. Осында келіп, жұмыс істеймін деп мақсат қойдым алдыма. 2006 жылы арманым орындалып,  жұмыс бабымен қоныс аудардым. Ал 2012 жылдан бері қолыма фотоаппарат алып, Астананың айшықтарын, күн сайын өзгерген келбетін кадрге іліп келемін. Жақында Мәскеуде әйгілі ВДНХ көрме алаңында «Халықтар достығы» атты фотокөрмеге екі фотосуретім қойылмақшы. Сондай-ақ, қыстан бері ЭКСПО-ның құрылыс алаңындағы тіршілікті бақылап, суретке түсіріп жүрмін. Күндіз де, түнде де құрылыс қызу қарқын алып, ғимараттар бой көтеріп жатыр. Астана жұмыс істеймін деген кез келген жанға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Тек кілтін табу керек.

elorda 4Марат Айтымбай,
әнші:

– Бір жылдан бері Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясында ән саламын. Шырайлы Шымкентті қимағанмен, ару Астанаға тез бауыр басып үлгердім. Астана – сан түрлі арман қиялдарды жүзеге асырып,сан қилы тағдырларды тоғыстырған көркем қала. Мәдениет пен руханияттың қайнаған қазаны десек те болады.  Шетелге іссапармен барғанымызда «Қазақстаннан келдік» десек, олар бірден Астананы айтады. Елбасымыздың ұстанған сындарлы саясатының арқасында Астананың абыройы асқақтап, еліміз қарыштап дамуда. Біз Елорданы бірге көркейтеміз!

Другие материалы в этой категории: « Асқақтай бер, елiмнiң Астанасы! Алаш астаналары »