Алаш астаналары

Пятница, 03 Июль 2015 07:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3952 раз

Тарих қойнауына тереңдесек қазақ елінің астаналары туралы маңызды мәліметтерді кездестіреміз. Ғалымдар астана деген сөздің түптөркіні ежелгі сақ, үнді-иран тілінде тұрақ, бекет, қасиетті мола, аруақты орын деген ұғымды білдіретінін айтуда. Сібір түркі-татарлары күні бүгінге дейін әулиелердің моласын астана деп атайды екен. Қожа Ахмет Ясауидің қасиетті дүрбесі бар, аумағына Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр сынды басқа да ел жақсылары жерленген Түркістан да кезінде ел кіндігі саналған.

photo astan

Оның тағы бір белгісі тайқазанның осында болуы. Тарихшылардың айтуынша, Өтүкен жұртта жағылған ошақтағы от әлем жаралғанда бабалар тұтатқан алғашқы алаудың жалғасы деп түсіндірілген. Ал ошақ үстіне асылған нарқазан – береке-бірліктің, қуат-күштің, ел тұтастығының емеуріні. Тарихшы Геродот әлемдегі ең алып қазан Сақ өлкесінде екендігін жазады. Сол себептен де байырғы астана Түркістанға тайқазан мирас болады, ал қандас татарлар бас қаласын Қазан деп атаған. «Аз халықты көп ететін, кедей халықты бай ететін, жалаңаш халықты тонды ететін» деп Тоныкөк абыз жырлағандай астана байтақ та ең ғаділетті орда болған. Сондай-ақ, түркілердің ұғымында астананың жұрты ғаламның кіндігі саналған. Ал қазақ ауыз әдебиетіндегі мифологиялық ертегінің астарына үңілсек, әлем орталығында орналасқан бәйтерек жоғарғы, жерүсті, төменгі әлемдерді тоғыстырып тұрады. Осы бәйтеректің ұшар басында самұрықтың ұясы бар, ал табанынан жерасты әлемінің өкілі жылан өрмелеп, ұядағы балапандарды жемек болады. Осы кезде ертегінің бас кейіпкері адам баласы жыланды қылышпен шауып, балапандарға жақсылық жасайды, самұрықпен достасып, ғарыш әлеміне самғау кереметіне ие болады. Яғни, бүгінгі елордамыз Астанадағы бәйтерек тәуелсіз еліміздің түгел түркіден бері келе жатқан танымының, ұшқыр қиялының, мұнаралы арманының жаршысы, жыршысы секілді бой түзеп тұрғандай. Еліміздің болашағы асқаралы да алып екендігін білдіретіндей.
Тарихи деректерге жүгінсек, Қасым хан Батудан қалған қасиетті байтақ Сарайшықты астана етіпті. Ал, жаужүрек Тәуекел батыр хан ағайынға кеткен хазіреті Түркістанды алашқа мәңгі табыс етеді. Сондай-ақ, Сарайшық, Сауран, Сығанақ, Түркістан көшпелі қағандардың алтын тағы тұрақтаған киелі қалалар. Қасым ханның Сарайшықты таңдауы, Есім ханның Түркістанға, Тұрсын ханның Тәшкентке тұрақтауы, Абылайдың Көкшетауда байрақ көтеруі – мұның бәрі ел құрылтайы арқылы жүзеге асқан ортақ шешім.
1920 жылы 26 тамызда Кеңестік орталық атқару комитеті және Халық комиссарлар кеңесі орталығы Орынбор болып белгіленген Ресей федерациясының құрамындағы Кеңестік Социалистік Қырғыз автономиялық Республикасының құрылуы туралы декрет қабылдайды. Алашорда съездерінің басы осы Орынборда өткен. Бес жыл астана болған Орынбор түркі әлемінің интеллектуалдық әлеуеті шоғырланған татар-башқұрт жұртына жақын болуы қызылдарға ұнай қоймаса керек. Сөйтіп, астана Түркістан губернаторлығына қарасты болған Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өлкесін Қазақстанға біріктіру мақсаты желеу етіліп, 1925 жылы Қызылордаға көшіріледі. Ал, 1927 жылдың 29 сәуірінде Бүкілодақтық Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақстан астанасын Қызыл-Ордадан (Ақмешіттен) Алматыға көшіру туралы Жалпықазақстандық VI съезінің шешімін бекітеді. Ел астанасының осылайша бес жылда бір, іле-шала екі жылдан кейін екінші рет көшірілуі сол кездегі отарлық саясаттың қызуы аса көтеріліп тұрғанын білдірсе керек.
Әлеуметтік-экономикалық индекстері, климаты, жалпы көрінісі, пейзажы, сейсмикалық жағдайы, қоршаған ортаның табиғилығы, көлік инфрақұрылымы, құрылыс салу мүмкіндігі сынды басқа да 32 фактормен таңдалған бүгінгі Астананың тарихы мен өсіп-өркендеу үдерісі әлемге таныс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  өзінің «Еуразия жүрегінде» кітабында: «Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтаныш тұтатын көп ұлтты және көп дінді халқы бар әсем де мейірлі астанамыз, міне, осындай қала», – деп жазды. Яғни, Сарыарқа төсінде Астананың салтанат құруы – Елбасы Н.Назарбаевтың бабалар даналығынан сусындаған тағылымынан туындаған, қайсар қадамның нәтижесі.

Дайындаған
Диас НҰРКЕНҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.