Татулықты дәріптеген конференция

Среда, 02 Март 2016 05:31 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5072 раз

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының Назарбаев орталығында «Алғыс айту» күніне орай ғылыми конференция өтті. Оған ұстаздар, зиялы қауым өкілдері және студент жастар қатысты. Конференцияны институт ректоры О.Аяшев жүргізді.

Елімізде алғаш рет атап өтілген айтулы күн ел бірлігін насихаттаумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейтіні белгілі. Бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ еліне ризалығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сыйластығымызды барша жұртқа паш ететін күн. Осы ретте ғылыми конференцияға қатысқан жазушы-журналист М.Байғұт пен Н.Бегалы, «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы
М.Лимаренко, Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұ.Бәшенов және облыстық мәслихат депутаты Ә.Досболов бұл мерекенің мәні мен маңызына тоқталды. Мәселен, М.Байғұт қазақ халқының дархан көңілі туралы жазушы Г.Бельгерден артық ешкім айтпағанын және өзінің де бірқатар шығармаларының ұлттар арасындағы татулық пен достықты насихаттауға бағытталғанын атап өтті.
Жалпы, егеменді елімізде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, туған тілі мен мәдениетін сақтап, дамытып келеді. Алғыс айту – жүзден астам этнос өкілдерінің Қазақ еліне деген құрметін одан сайын арттырары сөзсіз.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.