«Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында айтылған менің ұсынысым жұртшылықтан кеңінен қолдау тапты. Сол іс-шарада елдегі түрлі этнос өкілдері бір-біріне және қазақ халқына алғыс тақырыбын қозғады. Биылғы қаңтарда мен тиісті жарлыққа қол қойдым. Алғыс айту күні – енді ұлттық күнтізбедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа дата. Мен бұл мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті тарихымыздың көптеген беттері биік моральдық құндылықтардың бірі ретінде алғыспен байланысты екенін атап өтті.
«Біздің бабаларымыз халықтың басына түскен ауыр сынақтарға төтеп беретін күш-қуат дарытқан туған жерге және тағдырына риза сезімде болған. Олар әскери шапқыншылық жылдарында, қуаңшылық немесе жұт кезінде көмекке келген жақындарына, туыстары мен көршілеріне әрдайым алғыс айтқан. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қайғы-қасірет жылдары миллиондаған адам бір-біріне көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ризашылық танытты. Бұл барынан айрылған адамдарға тіршілік жасауға, үмітін қайта жалғауға, өмірді қайта бастауға күш берді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сол қуғын-сүргін жылдарының куәгерлері мен олардың ұрпақтары Қазақстанның қасиетті жерінде көрген қамқорлық пен қонақжайлықты қазір айрықша жылылықпен еске алатынын айтты.
«Олар кезінде өздеріне де оңай болмағанына қарамастан қазақтардың қайырымдылығы үшін, сол кездегі тыйымдарға қарамастан батыл әрі риясыз көмегі үшін алғыс айтады. Қазақтар да бауырластарға туған өлкеге деген сүйіспеншілігі үшін, жеріміздің түрленуіне қосқан үлесі үшін, ұлттық мәдениетке, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде еліміздің көпэтностылық тарихынан сабақ алу қажеттігіне назар аударды.
«ХХ ғасырда Қазақстанда көпэтносты халық қалыптасты. Столыпин реформасы кезіндегі шаруаларды қоныстандыру барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтен 1 миллион 150 мың адам келді. 30-жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа жер аударылды. Осы уақыттары өнеркәсіп нысандарының құрылысына 1,2 миллион адам келді. Сталин режимі кезінде тұтастай бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қиыр Шығыстан жер аударылды. Оларды тауар вагондарына тиеп, қақаған қыста ашық далаға әкеп тастады. Ол кездері мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Өздері жоқшылықта отырса да, қазақ отбасылары оларды үйлеріне кіргізді. Солардың бірі біздің үй болатын», – деді Мемлекет басшысы.