«Театр» деп соққан жүрегі... Избранное

Пятница, 31 Март 2017 07:04 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5722 раз

Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шанинге – 125 жыл

7246c0a601c290a7ff2d8b9738f9afe4«...Театр – шындық пен өмір. Театр – тәрбие мектебі. Театр – тәлім, рухани азық алар орда» деген асыл ойларды соңына қалдырған қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, ҚазССР-нің халық әртісі Жұмат Шанин үстіміздегі жылы 125 жасқа толып отыр.


«Өнеге етіп, үлгі алардай алдыңғы өнер буыннан жұрдай, қазақ сахарасында қаз-қаз басқан театр мектебі қалай қалыптасты, және ол жолда тер төккен кімдер?!» деген сұрақ туындай қалса, ең алдымен Жұмат Шанин есіміне тоқталарымыз сөзсіз!

Шанин Жұмат Тұрғынбайұлы – қазіргі Павлодар облысындағы Баянауыл ауданындағы Желтау маңында 1892 жылы дүниеге келген. «Ердің жігіт болуы – нағашыдан» демекші, нағашысы Алтыбай ән салып, домбыра тартқан. Бала күнінен ән шырқалып, күй ойналған жерден қалмастан, талмай тамашалайтын Жұматтың ең сүйікті кезеңі – Қоянды жәрмеңкесі болады. Қоянды жәрмеңкесі – қазақ сахарасының «дала театры» екені тарихтан белгілі. 

1913 жылы Омбы қаласына келіп, заводта қара жұмысшы болып істеп жүріп, өзгеріске талпынысы басым Жұматтың, қазақтың алдыңғы қатарлы прогрессшіл азаматтары С.Сейфуллин, Н.Нұрмақовпен танысуы – жаңа өмірге деген құлшынысын оятады. Тылсым әлемге тартылыс, жас жігіттің мазасын алады. Омбыда жүріп, тұңғыш қалалық театр сахнасынан спектакль көргенде, іздеген әлемін тапқандай, алғаш театр өнеріне деген сезім ұшқыны, болашақ театр қайраткерінің кеудесінде оянады. 

Сонау, 1916 жылдың ресейлік ақ патшаның указы бойынша майдан жұмысына тартылып, 1917 жыл аман оралады. 

Кеңес үкіметінің алғашқы қарлығаштары қатарында 1921-22 жылдары Павлодар укомының мүшесі, 1922 жылы Зайсан укомының төрағасы, 1923 жылдан Семей губаткомының және Қаз.ССР ОАК мүшесі болып қызмет атқарады. 

Театрға деген тартылыс күші, 20-шы жылдары Семей қаласында «Ес-аймақ» труппасына жетелеп келеді. Алғаш режиссерлік жолы осы «Ес-аймақ» труппасынан бастау алған Жұмат Шанин, бүгінде «қазақ драматургиясының қарлығаштары» қатарына енген «Арқалық батыр» тарихи драмасын, 1922 жылы, халық жыры негізінде жазып, шығармашылыққа қалам тартты.

shanin 2

Ж. Шанин ұлдары Қасымхан және Раупбек

 

«...Осы күні: «Жұмат Шанин ұлттық театрымыздың тұңғыш режисері болды», – деген сөзді өнер адамдары жиі айтып жүр. Бірақ, сол режиссеріктің оған қаншалық қиындыққа түскендігін ешкім атап айтпайды. Сол кездің шындығын елестететіндей оқиғаларды айтпай кетеді. Оны айту, біреулердің беделін түсіретіндей көреді. Меніңше, шындықты жасырып бедел табам деп ойлау – тіріге де, өліге де қиянат. Алғашқы құрылу, қалыптасу дәуірінің ыстығына күйіп, суығына тоңды. Бүкіл театрдың қиындығын былай қойғанда, әрбір актердің кемістік-жетістігін бірге бөлісіп жүретін. Оның шыдамдылығы мен табандылығын бағалауға қолымыз тимеді, өреміз де жетпеді...» деп, ҚазССР-нің халық артисі Қанабек Байсейітов күйіне еске алған екен.

Иә, кезінде қайырылуға мұршасы келмеген «төреші Уақыттың», араға сан жылдар салып бұрылғанда көргені – қазақ театр тарихындағы дарабоз жандар легінің бастауында тұрған Жұмат Шанин болары ақиқат. Арнайы өнер мектебінен өтпеген, сахна көрмеген қазақ таланттарын театр өнеріне баулудың қаншалық азапқа түскенін, бәлкім, көз алдымызға келтіре де алмаспыз. Бүгінгідей жаһанданумен жағаласқан озыңқы өмірде, Ж.Шанинның; «...Ойнаушылар сақал-мұрт орнына қара бояу жағып, етік орнына шоқай киіп, тымақ орнына орамал байлап шығуға мәжбүр. Сондықтан олар сахнаға шыққанда бүгежектеп,маяғын астына тығады, кеудесін керіп, шапанынан кете алмайды. Ішінде киіп отырған қазақша қамзолы жоқ. Қаусырынған етегін ашса, ішіндегі орысша киімі көрініп қалады. Иегі мен аузына қолын апарса сақал орнына жағылған бояу өшеді. Әй, құдай-ай?! Театрдың өз үйі болмайынша – шығармашылық күйі де болмақ емес. Көп ішінде кімнің ер-тоқымы сайлы болса, сол көзге түседі. Ойнаушылар да сол сияқты. Артистердің мінетін аты – сахна. Мені жетелейтін – үміт... Ертеңгі күні өз ғимараты, өз сахнасы болады деген үміт...» деген күрсінісін түсіну де қиын болар?!

shanin 1

Ж. ШАНИН, Ә. НАИН, Қасымхан және Рауыпбек

 

«Театр» сөзі санасына толығымен сіңе қоймаған ХХ ғасыр басында, драматургтер жоқтың қасы болғаны, айтпаса да түсінікті жайт. Талантты жанға өнер әлемінің қай қалтарысы болса да, жатырқамасы белгілі. Тосырқай қарайтын көрерменін театр сиқырына тарта түсу үшін, қоюшылықпен қатар – драматургияға мойын бұруға мәжбүр болды. «Арқалық батыр» тарихи драмасынан өзге – комедиялық жанрды қолға алып, «Торсықбай» секілді жаңа қоғамның көзқарасын айғақтайтын комедиялық жанрды игерді. 

«Біздің драматургиямыздағы комедия саласы да, ең алдымен халық әдебиетінің негізінде туды. Батыс және орыс классиктерінің комедиялық өнерін зерттеп, олармен терең танысқан қазақ жазушылары халық күлдіргілерін қалай пайдалануды бірден-ақ дұрыс аңғарды. Қулар әңгімесін алғашқы пайдаланған, жас театрларымызға шағын комедия жазып берген жазушыларымыздың бірі – Жұмат Шанин» деп, айтулы жазушымыз Әбілда Тәжібаев, кезінде ақпарат беттерінде жазған болатын.

Ғасырға ұласып отырған театр өнерінің кешегі тарихына таңдай қақпай қарау мүмкін емес. Бүгінде, гастрольдік іссапарға ұшақпен ұшып баратын театр артистеріне, тұңғыш бастау кезеңіндегі артистердің кешкен хикаяттары – ертегі іспеттес екені жасырын емес.

«Мемлекет театры бізде Кеңес үкіметінің арқасында дүниеге жаңадан ғана келіп, Қазақ елінің ортасында ашылғанына бүгін бір жыл толып отыр. Қазақ театры – жарық дүниеге жаңа келген буыны қатып, бұғанағы өспеген жас баладай. Қазақ театрының қолға алған жұмысы үлкен, жүгі ауыр, жолы алыс. Алыс жолға талықпай-жалықпай жету үшін қажымайтын текежаумыт ат керек. Жел өтіп, күнге күймейтін тон керек. Еңбекті егізім деп таныған, ақылын жігерімен жаныған азамат керек! Қазақ театры – ұядан қанат қағып, қалықтап ұшқан балапан. Қанаты талмай қонатұғын күй керек. Жас баланың мейіріңді қандара сөйлемегі, қыран құстың көзге түсіп күйлемегі, қуарған жүннің мезгілінде тастап түлемегі – иесінің бағып-қағуына байланысты. Бір жас деген аз өмір болса да, театрымыздың басынан бірсыпыра дәуір өткендей болды. Маркс мемлекеттің төрт арысының бірі – мәдениет деген екен. Соның бір тарауы – театр. Сондықтан, мұны керекті істің бірі деп танып, қабырғасын көптесіп қалау керек. Қызған істі суытпай, қызығанда істесе, сонда ғана театрымыз – театр болады», – деген Жұмат Шанинның шымылдығын түргеніне 1 жыл ғана болған театр жайында үлкен сеніммен айтқан сөзі, бүгінде шындыққа айналып, қазақ елінде 56 театр ашылып, ширек ғасыр көрерменін театр өнерімен сусындатуда.

 MG 1797

Ж. Шанин атындағы облыстық Қазақ драма театры

 

Туылғанына 125 жыл толуына байланысты, 2017 жылдың сәуір айында өткелі отырған Халықаралық театр фестивалі «Жұмат Шанинның туылғанына – 125 жыл» айдарымен тойланғалы отырғаны, тек Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ғана емес – исі қазақ театр әлемінің мерейін тасытатын тойға ұласпақ. 

«Театр ісі – нәзік, күшке салуды көтермейді... қайтадан өңдеп істеуге болмайды...» - деген нәзік иірімді, шынайы жүректен шыққан сөз иесі Жұмат Шанинның салған дара жолы тоқырамақ емес.

 

Сая ҚАСЫМБЕК,
драматург, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Последнее изменение Пятница, 31 Март 2017 12:30
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.