Әй, жарайсыңдар, «Байдың балалары»!

Пятница, 07 Апрель 2017 09:49 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6939 раз

Көңілді тапқырлар клубының жанашыры Есен Елеукен «Аты да, өздері де – ерке балалар. Атасының емес, әжесінің емес, әкесінің балалары болуға тиіс» деп еркелететін бір топ бар. Ол жас КТК командасы – «Байдың балаларын» жастарға таныстырып жатудың өзі артық болар.

003

Әр жаңару маусымында сайдың тасындай іріктеліп алынған Азамат, Жандос, Бағдәулет, Нұрым, Наурыз, Ұлан атты жігіттерден құралған ойыншылар шоғыры ойын көрігін қыздырумен келеді. 

Олардың әр ойыны динамикаға толы. Әдемі ән, саз ырғағындағы түрлі қозғалыс, жарасымды әзіл. Әзіл демекші, «Бай балаларының» кей әзілдері жастар арасында «хитке» айналып үлгерген. Мысалы үшін: 

«Біле білсеңдер,
Бұл Шымкент – жұрт Техас деп білетін жер,
Жібек жолы керуені өтетін жер,
Мәртөбе болған Дала Парламентінде,
үш жүздің биі шатыр тігетін жер.
Таяқ ұстап келгендер
тай жетектеп кететін,
Тайы барлар «тайота»
мінетін жер.
Елбасының қасиетті сөзі бар,
естіп алсын сырттан сынап жүретіндер,
Адамға бұл өмірді бір рет берген,

Ал Шымкент – сол өмірді сүретін жер» (Серік Әбдуәлі) деген өлеңді сахнаға әдемі алып шыққан.
Команда капитаны Нұрым Досболов: «Жеке басым КТК-ға студенттік шағымда қызығушылықпен келген едім. Қазір тұрақты жұмысыма айналды. Университеттегі КТК жетекшісімін», – дейді бұл салаға қадам басқан балаң шағын еске алып.

baidyn baldary 27

«Байдың балалары» 2011 жылы құрылған. 2013 жылдан бастап республикалық деңгейде өнер көрсетіп бастаған олар 2015 жылы Премьер-Лиганың вице-чемпионы болды. 2016 жылы Жоғары Лига ойындарында 3-орынға, яғни, қола жүлдені иеленді. Командада мүшелерінің бәрі – ОҚМУ-дың студенттері. Бірі – өнер факультетінде, екіншісі – жеңіл және тамақ өнеркәсібі, тағы біреуі – құрылыс саласында оқиды. 

Ең үлкені – команда капитаны Нұрым. Жасы – 27-де. Ең жасы – Ұлан жақында 20-ға аяқ басады. Ұлан былтыр «Жайдарман» ойындарының үздік ойыншысы атанды. 

2015, 2016 жылдары екі жыл қатарынан Үздік жас КТК командасы болып танылды. 

– Әзілдерімізді 100 пайыз өзіміз шынайы өмірден алып жазамыз. Ешкім көмектеспейді. Соңынан редакторлық алқа қарап, қол қояды. Әр команданың өз ұстаным, стилі болады ғой. Бір топ тек саяси әзілдер арқылы күлдіреді. Келесі топ айтарын әнімен жеткізгісі келеді. Бір командалар биі мен жеңіл әзілдерді ұсынады. Біздің тақырыбымыз – қазақы реализм, – дейді Нұрым.

Қазірде «Жайдарманда» ойнайтын 1 миллиондай жас бар десек, онда оның тұрақты көрермені қалыптасты деп айтуға әбден негіз бар. Қазақша КТК-ның сынға ұшырайтын кездері де болып тұрады. 

Сатирада жүрген қаншама саңлақтар осы ОҚМУ-дың қабырғасының Көңілді тапқырлар клубында ойнап жүріп-ақ үлкен сахнаға қадам басқан. Сондықтан, «Байдың балаларына» артылар жүк ауыр.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.