Әжемнің наурыз-көжесі

Вторник, 20 Март 2018 10:36 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1150 раз

Күн шығып, көктем нұрын шашып, Наурыз жетсе болғаны, әжемнің наурыз көжесін сағынамын. Ол көже сондай қою, майлы әрі өте дәмді болатын.

...1993 жыл еді. Жасым 9-ға толған. Елдегі жағдай тым қиындап кеткен кез еді. Үлкен қалаларда жұмыссыздық белең алып, күнделікті азық-түлік табудың өзі қиындады. Бұл жылдары анам бесінші перзентін өмірге әкеліп, декреттік демалыста отырған. Ал әкем жұмысшылар санының қысқартуына ілінді. Сол кезеңде көрші-қолаң, әкем танитын кісілердің көбі осы қиындықпен бетпе-бет келіп, жарығы жиі сөнетін қаладағы біздің үйге жиналып, қиындықтан қалай шығуды ойлап, уайымға бататын. Шиеттей бала-шағаның ас-ауқатын табу қамымен көпшілік отбасы жұмыс іздеп әр қалаға кетіп жатқанда, әжем «ауылда береке бар, қайтыңдар» деп «бұйрық» берді. Ол кісіге балалары тұрмақ, ауылдағы замандастары да қарсы сөз айта алмайтын.

Ауылға көшіп барған соң қаладағы қым-қуыт тірлік бір сәт бізден алыстап, «әй» дейтін әжесі, «қой» дейтін қожасы бар» берекелі өмір басталды. Күнделікті «жұмыстан айрылып қалдым», «енді қалай күн көреміз?» деп күш-қайраты болса да үміті сөне бастаған жастардың орнын «Еліміз тәуелсіздік алды!», «Назарбаев деген қазақ Президент болыпты!», «өзіміздің төл теңгеміз болады екен!» деп қуанған үлкендер алмастырды. «Социалистік Қазақстан» газетіне шұқшиып отыратын атам Алдияр – ауылдағы жаңалықтың жаршысы. Көзі қарақты ауыл биінің сөзіне барлығы қуанып, сол жылы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойы тойланды. 

«Биыл Наурызды тойлауға болады екен» деген хабар әр үйге жүрекжарды қуаныш сыйлады. Үлкендер жағы жылдар бойы салты мен дәстүрінен бас тартпай, кейінгі ұрпаққа сақтап келген екен. Сонда да ай мен күні теңелетін наурыздың 22-ші жұлдызын белгілемеді. «24-іне ауылда Наурызды тойлаймыз» деп ауылдың жас-кәрісі түгел бір-бірінен сүйінші сұрағандай қуанып, сол күннің келуін асыға күтті. Әншейінде бала болып ұйықтайтын біз де күн санап, тіпті соңғы 2-3 күн ұйқыдан қалдық. «Қашан таң атады, қашан күн батады?» деп жүріп, 1993 жылғы наурыздың 24-ші таңын атырдық. Жоқ, дәлірек айтқанда таң атпай тұрып алдық...

 

Мерекеге әзірлік

Көзді аша сала атам мен әкемді сұрадым. «Қатыраға кетті» деді әжем. 

– «Қатыра» деген не?
– «Қатыра» өзбекше, бізде «еске алу» дейді. Өмірден өткен, қайтыс болғандарды еске алады.
– Оларды қалай еске алады?
– Мазаратқа барып, моласын қураған шөп пен тікеннен тазартады. «Жақсы кісі еді» деп олардың тірі кездегі өмірі жайлы естеліктерін әңгімелейді. Оны періштелер естіп, марқұмдардың амал дәптеріне жазып қояды.

Сонда олардың қабірі жарық болады, – деп әжем қуана түсіндірді.

Діни көзқарас, наным-сенім жайлы да осы күні алғаш рет естідім. 

Әжем менің «Періште кім?», «амал дәптері деген не?», «жаннат қайда?» деген сұрақтарымнан жалыққан жоқ. Бұрын бұлай көп әңгіме айтпайтын. Қасына жақындап сұрақ қоя берсең «кейін!» дейтін. Онысы не «кейін айтып беремін» не «ары шегін, жақындама» деген сөзі екенін ажырата алмай, айналшықтап жүріп-жүріп ары ойнап кететінбіз. Үлкендердің жаны жадырап, өзгеруіне қарағанда «Наурыз ең жақсы мереке болғаны» деп түйдім.

– Өткенде қайтыс болған Әлә ата да жарық жерде жатады ма? – дегенімде, әжем бүгінінен алыстап кеткен екен.

– Ойбұй, мен отырып алыппын. Ана жақта ел көжесін ішіп қоймай тұрғанда барайын. Сен де шешеңе айт, көжесін алып тез жетсін, – деді де қырға бет алды. 

«Мама! Әжем саған көжені тез алып келсін деді». Анама енесінің сәлемдемесін жеткіздім де әжемді соңынан қуып жеттім. 

Қыр қураған шөптен тазарып қалған. Жолдың арғы бетіндегі мазарат та жап-жасыл болып кетіпті. Ауылдың ақсақалы мен қарасақалды қарттарын таң атқаннан киіз-кілем салып, көрпеше төсеп, дастарханға жайғастырып қойыпты. Таңғы шәйді суытпай әлі сораптап отырғаны байқалады. Бірер бала самаурынға суытпай шоқ салып жүр. Үлкендер өмірден өткен біреуді әңгімелеп отырады да, сөз соңын «Жарықтық, қабірінде бір аунап жатқан шығар» деп аяқтайды. Елден бұрын оянып шыққан ауылдың үлкен-кіші еркек кіндіктілері күрек, тырма, айыр, кетпенін иығына іліп қайта бастады. Олар жақындағанша әжем ауылдан алдырып қойған үлкен қазанға әр үйден келген көжені аударып құя берді. Әркім өз көжесін мақтап отыр...

 

Ауылымыз аралас болсын!

Бірі «Менікі қойдың шұжығына әзірленген күріш көже, суықты алады» десе, бірі «Кеспені тек жұмыртқаға илеп кестім, суға ісіп кетпейді» дейді. Бірі үрме бұршақтан, бірі тарыдан, енді бірі маштан көже әзірлепті. Жұмыртқадан, сүрленген еттің соңғысынан, тіпті, қазыдан да көже дайындапты. Айранды ашытып, кәдімгі жүгері мен бидайдан ашытпа көже пісіріп әкелгендер де бар. Бірақ, осынша үйден келген ас-ауқаттың бәрі бір қазанда араласып кетті. Әжем өзін жағалап жүрген 3-4 келінге «Жақсылап араластырып, құя беріңдер ендігі. Балалар да келіп қалды» деді де қыр басына жайылған алашаның төменгі жағындағы құрақ көрпешеге жайғасты. 

– Анау апаның көжесін неге араластырасың? Ішпейм енді көжені! – деп бұрқ ете қалдым.

Келіндер жағы:
«Ауылымыз аралас,
Үйіміз қоралас,
Бауырымыз бірге,
Алғанымыз жүлде болсын!
Қазанымыз майлы,
Өміріміз жайлы,
Арқа сүйер азаматымыздың

Ер-тұрманы сайлы болсын!» деп қазандағы көжені жақсылап араластырды.

Кесе-кесеге құйып, әуелі ақсақалдарға, сосын шөлдеп, шөліркеп жеткен әке-ағаларымызға ұсынды. Жұртты тамсандырған көженің бір кесесі маған да жетті. «Ішпеймін» деп тұра бергенімде қиқарлығымды байқаған әжем мырс етіп күліп жіберді де қайта отырғызды.

– «Елде бейбітшілік болсын, ағайын арасындағы алауыздықтан арылайық. Бір-бірін сыйласын, бауырмашыл болсын» деп әдейі араластырдым. Тыныштық пен татулық орнасын десең, сен де ол апаны әжеңдей көріп, көжеден бір кесесін ішіп қой. Мынаның ішінде жеті түрлі дән мен жеті түрлі дәм бар. Қасиетті. Тауысып қойсаң, келесі жылға дейін тоқ жүресің. Аштық біздің үйден айналып өтеді, – деді.

Ол жылдары «молшылық», «тоқшылық» сөзінің қадірі өтіп тұрған кез емес пе? «Аштықтан Құдай сақтасын» деп көжені алдым. Таңдайым тақылдап, тағы бір кесе сұрағанымды да байқамай қалдым. Ел де мейірлене қалыпты. Біріне бірі тәттісін ұсынса, екіншісі майлысы мен жұмсағын үлестіріп жүр. Біреуді біреу сынап, не қабағы ашылмай бөлектеніп отырған бір адам жоқ. Бәрі әдемі болып кеткен. Ақсақалдар жайғасқан төрден бері қарай әке, ағалар, сосын ақ жаулықты әжелер немерелерімен, сосын келіндер қырдың сонау басынан созыла жайылған бір дастарханға жайғасқан. Бұл да бір ырым екенін есейіп ес кіргелі ұғып жүрмін. Кешкісін атам, ағам мен әпкем үшеуіміз түн ортасы ауғанша «Ханталапай» ойнаған едік.

...Мейірім мен шапағатқа толы сол күнгі қаттаманың иісін әлі ұмытқаным жоқ. Тіпті, бүгінгінің дастарханы мол болса да әжемнің араластырып берген Наурыз-көжесін сағына беремін. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлағанда, әр үйден келген көжені тілек пен ниетті біріктіргендей араластырып, елге «Тілеулес болыңдар, молшылық бәріңе ортақ болсын» деп үлестіретін ақ жаулықты әжелерді көргім келеді...

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.