Егіншілікті дамытудың бір шарты – ИРРИГАЦИЯ Избранное

Среда, 17 Июнь 2020 05:17 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 1115 раз

b468bd3016f23cfabe41c19ba07c80243ba59411

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» мекемесінің былтырғы талдау, агромелиоративтік зерттеу жұмыстарына сүйенсек, Шымкент қаласындағы жалпы суармалы жер көлемі 25330 гектарды құрайды. Өткен жылы соның 25203 гектары пайдаланылып, қалғаны тыңайтуға қалдырылған.

Егістікті әртараптандыру, шаруашылықты цифрландыру...

Шымкент қаласы аумағының жер қыртысы еңіс болып келеді. Суармалы алқаптардың шамамен 7% тегісте, 76% еңісте орналасқан. Егістіктегі жерасты суы 3 метрден төмен деңгейде болса, тұздылығы 0-3 г/л аралығында. Былтыр 1 мың гектарға тамшылатып суару әдісі енгізілді. Сондай-ақ, 171 гектар суармалы жерге жылыжай салынды.
Қала аумағындағы су нысандары «Қазсушар» РМК ТФ «Бадам-су» өндірістік бөлімі мен «Су метрология» филиалдарының меншігіне қарайды. Сонымен бірге 2019 жылы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының теңгеріміне Текесу (сыйымдылығы 481 мың м3) және Ақжар су қоймалары (сыйымдылығы 723 мың м3) алынды. «Су метрология» филиалына «Сайрам су» су торабы қараса, стратегиялық маңызды 2 су қоймасы Бадам мен Тоғыс және 3 су торабы – Жоғарғы Бадамсу, Төменгі Бадамсу және Қос диірмен «Бадам су» өндірістік бөлімінің иелігінде.
Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарындағы суармалы жерлер заңды немесе жеке тұлғаларға уақытша пайдалануға берілген.
Ауыл шаруашылығын дамытудың түрлі бағдарламаларының және жүргізілген ауқымды реформалардың нәтижесінде 2022 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешеннің табыс үлесі 23 пайызға ұлғаяды деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, өнімділіктің артуына егіс алқаптарын әртараптандыру саясаты өз пайдасын тигізуде. Дәстүрлі дақылдардың орнына мал азығы, майлы, бақша дақылдары көбірек егіле бастады.
— Ауыл шаруашылығы саласында тұқым нашар болса, өнім де төмен болады. Өнімді көбейту мақсатында тұқым сапасын жақсарту жұмыстары қолға алынуда. 2018 жылға дейін еліміздегі 300-ге жуық тұқым шаруашылығы субсидия есебінен қаржыландырылып келді. Бұл жүйе қазір өзгерген. Енді әр тауар өндірушіге егістігінің 4 пайыз жеріне элиталы немесе III репродукцияға дейінгі тұқым егу үшін несие беріледі. Шарт бойынша диқан бір жылдан соң несиенің 30 пайызын қайтарып, бастапқыдағы 4 пайыз егістігін 25 пайызға ұлғайту керек. Сонда 3 жылда фермер III репродукцияға дейінгі тұқымды өзі өндіретін болады.
Сонымен бірге, егіншілікті, оның ішінде жыртылатын жер мен жайылымды цифрландыру іске асырылады. Бүгінгі таңда 54 субсидия түрі болса, соның барлығы да автоматтандырылады. Әр шаруашылыққа соған сай картограмма жасалынады. Онда қожалық туралы бүкіл ақпарат жинақталады. Бұрын шаруалар 64 түрлі субсидия алатын. Қазір оңтайландыру нәтижесінде оның саны 54-ке қысқарды. Алдағы уақытта субсидия алу тәртібін толықтай цифрлы жүйеге көшіру күтіліп отыр.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігі 100 шаруа қожалығын GPS жүйесі арқылы орталықтан басқаруды тәжірибе ретінде сынақтан өткізіп көруде. Осының негізінде келешекте елімізде 2 мың фермерлік қожалық цифрлы жүйеге көшіріледі, — деді «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РМК мекемесінің басшысы Мейіржан Эсанбеков.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Qoldau.kz» порталы арқылы қажет тыңайтқыштарға, аммофос пенаммиак селитрасына электронды өтінімдер бере алады.
Өткен жылғы мәлімет бойынша қалада 18,5 га егістік жер, 118,9 га жайылым, 37,5 га көп жылдық екпелер цифрландырылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
Шымкенттің егін шаруашылығында негізінен астық, жеміс, көкөніс, жүзім өсіруге басымдық берілген. Жылдан-жылға көкөніс, картоп, күнбағыс егілетін алқаптар мен үйіргелік егістік аумағы ұлғайып келеді.
Былтыр жаздық бидай 50 га, жоңышқа 50 га, азықтық жүгері 60 га, бұршақ дақылы 24 га кемісе, жаздық арпа 37 га, дәндік жүгері 125 га, картоп 264 га, көкөніс 258 га, бақша 898 га артқан.

 

precision irrigation headvisual-graded

 

Жылыжайға – инвестиция, Каналдарға – механикалық тазалау

– Ауыл шаруашылығы саласына заманауи агротехнологиялар енгізбей, жетістікке жету өте қиын, - дейді М.Эсанбеков. — 2019 жылы жаңа технологиямен 25 га қарқынды бау және 5,5 га жүзімдік егілді. 2015-2019 жылдар аралығында қарқынды бау көлемі 275,54 га жеткізілді.
Былтыр ЖК «Шарипов» фирмасы 2 гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай салды. Жылына 600 тонна көкөніс өндіруді жоспарлап отыр. Жобаға жұмсалған қаражат 600 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, «Оңтүстік FOOD» 3 га жылыжай кешенінде жылына 800 тн көкөніс өсірмек (жоба құны – 750 млн теңге), «AltCompanyInvest» 5 га жылыжай кешенінде жылына 1000 тн көкөніс өсірмек (жоба құны – 700 млн теңге), «Арман Групп» 3 га жылыжай кешенінде жылына 800 тн көкөніс өсіреді (жоба құны – 700 млн теңге), «Altcompanyinvest» ЖШС және «Колесников»ЖК, «Мажитова» ЖК, «Зәуре» ШҚ секілді агрофирмалар өнеркәсіптік жылыжай жобаларын жүзеге асырмақ. Олардың қатарында Мәртөбе ауыл округінде орналасқан өнеркәсіптік деңгейде жылыжай шаруашылығын алғашқылардың бірі болып қолға алған «КазАгроном» ЖШС де бар.
Өз кезегінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өнеркәсіптік жылыжай салуға – 4 086,8 млн теңге, жеміс шырынын өндіруге – 21,5 млн тг, көктемгі дала жұмыстарына 10 млн теңге арзандатылған несие бөлген. Инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу үшін республикалық бюджеттен 236,1 млн теңге қаражат субсидияланды.
Сонымен қатар қала аумағында 2,5 мың гектар жер терең қопсыту технологиясымен өңделді.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 3 288,8 млн теңге бөлініп, оның 2285,7 млн теңгесі 8 бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге таратылды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 30 жобаның тізбесі жасалып, 5 жоба «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несие алды. Мәселен, аталмыш бағдарламамен «Alt company invest» ЖШС 4 га өнеркәсіптік жылыжайға 950 млн теңге, «Зәуре» шаруа қожалығы» фирмасы 4 га құрайтын жылыжай құрылысына 850 млн теңге инвестиция тартты.
Суармалы жерлердің ауданы мен өнімділінің азаюына ирригациялық жүйелердің нашарлауы мен топырақтың тозуы да тікелей әсер етеді. Ирригациялық жүйенің бұзылуына канал арналарының деформацияға ұшырауы, жан-жағын қамыс пен жабайы өсімдіктердің басуы секілді себептер кіреді. Осылардың кесірінен каналдардың су өткізгіштік қабілеті төмендетіп, ағын су шығынының мөлшері артады.
2019 жылғы жоспарға сәйкес тағы да 82,1 км канал механикалық жолмен тазаланып, 269 текше метр қоқыс лай-ұйықты тазаланды, қоқыс полигонына шығарылды. Оның ішінде: Еңбекші ауданында – 46 км (Көк, Темір, Чумчак, Текесу, Янгибай, Шымкент), Қаратау ауданында – 17км (Өтеміс, Бозарық), Абай ауданында – 19,1 км (Қызыл сеңгір, Гүлдіреуін-1, Гүлдіреуін-2, Гүлдіреуін-3 және Сасық) каналдары механикалық тазалаудан өткізілді.
2019 жылдың II жарты жылдығында тағы да 5 каналды күрделі жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға 36 795 мың теңге қаржы бөлуге ұсыныс берілді. Каналдарға тоқталсақ, олар Еңбекші ауданындағы БМК, Абай ауданындағы Сасық-1, және
Қаратау ауданындағы Чинат-1, Улух, Ханка каналдары.
Қала аумағындағы ауыл шаруашылығы егістігі жерлерін ағын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Сайрам су өзенінің бойынан Балдыберек, Сайрамсу және Қасқасу өзендері тоғысатын жерден Сұлтанбек су қоймасын салу жөнінде тиісті басқармаға ұсыныс жолданды. Аталмыш жоба іске асырылса, қаладағы суармалы алқаптар шілде-тамыз айларында ағын су тапшылығына ұшырамайды, нәтижесінде шаруа қожалықтары жерді тиімді игеріп, мол өнімге қол жеткізеді.
2019 жылға белгіленген жоспарға сәйкес 82,1 шақырым канал механикалық тазалаудан өткізілді. Сонымен қатар, Жаңа Оңжағалау Сайрамсу каналының 150 метр жері бетонмен қапталды. Көк каналындағы жарамсыз күйге түскен 6 бетон лоток қайта құйылып, қалпына келтірілді. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде каналдардағы судың ағыс көлемі 80-85 пайызға артты.
Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы, топырақтың құнарлылығы, өсірілген дақылдардың өнімділігі су сапасына да байланысты. Осы ретте негізгі су көздері – Сайрам су, Бадам су қоймасы және Бадам өзенінен тарайтын магистралды каналдан 20 су үлгісі (суару кезеңі алдында, вегетация кезеңінде және суару кезеңінен кейін) алынып, зертханада талданды. Сараптама нәтижесінде ағын судың сапасы жоғары деген қорытынды берілді.