«Ақмешiттiң» денсаулық «фабрикасына» айналатын мүмкiндiгi бар

Пятница, 08 Апрель 2016 04:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4757 раз

Мұсатіллә ТОҚАНОВ, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

aqmeshit-5Ғылым – тазалықты, адалдықты қажет ететін сала. Бір мақсатты көздедің екен, оған жетуде бар ғұмырыңды сарп етесің. Бастысы, қажырлы еңбек пен төзім керек. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Агроөнеркәсіп кешені мен су қоры мәселелері» ғылыми-зерттеу институтының директоры Мұсатіллә Тоқанов өмірін ғылымға арнаған жан. Бұған дейінгі мәлімдемелері, ғылыми жаңалықтары баспасөз беттерінде талай рет айтылып, жазылды да. 1982 жылдан бері бар күшін білім-ғылым саласына жұмсауды мақсат еткен. Соңғы үш жылдан бері М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ғылыми-зерттеу институтына басшылық етеді. Ғалымның түйе сүті сусамыр (қант диабеті), обыр (рак) ауруларына қарсы бірден-бір ем екенін шырылдап айтып жүргеніне біраз уақыт болды. Жердің геомагнитті толқындары жайлы да дүркін-дүркін мәлімдемелерінен көпшілік хабардар. Соңғы кездері Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірін экотуризмге айналдыру мәселесін көтеріп жүр. Естір құлақ болса дейсің. Қолдау болса, бірқатар бизнес-жобалар іске асуға дайын тұр. Әзірге, қаражат мәселесі шешілер емес. Біздің әңгімеміз де ғалымның соңғы ізденістері мен айтар ұсыныстары, жоспарлары жөнінде өрбіді.

aqmeshit– Мұсатіллә Тоқанұлы, «Ақмешіт» үңгірін кәдеге жаратайық деп мәселе көтеріп жүрсіз. БАҚ беттерінде академик Мырзатай Жолдасбековтың үңгірді көріп, таңырқап кеткені жазылған еді.

– Рас, ол кісі таңданысын жасыра алған жоқ. «Мен дүниеде көп нәрсені көріп едім, мынау нағыз ғажайып екен ғой» деді. Бұл орынды дұрыс пайдаланып, келешекте экототуризмге айналдыруымыз керек деген пікірін де айтты. «Ақмешіт» үңгірінің тереңдігі – 35 метр, ені – 70 метр, ұзындығы 100 метрден асады. Кәдімгі футбол алаңы іспетті. Былай қарасаң күмбезді шаңыраққа келіңкірейді. Бірде геомагнитті толқындардың бар-жоғын тексеріп көру үшін, серіктеріммен бірге үңгірге түстім. Оның іші тап-таза. Жанымдағылардың қан қысымын алдын ала тексеріп алғанмын. Жарты сағаттай серуендеп, сыртқа шыққанымызда 160 болып тұрған қан қысымы 130-ға бір-ақ түсті. 20-30 деңгейге төмен түсетінін анықтадым.
Қазақтың киіз үйі де күмбезді шаңырақты. Ақордамыз да сондай. Мұндай пішіндегі нысанның ішінде ауа иондары өзгеретіндіктен, қауіпті бактерия, вирустар болмайды. Керісінше, адам ағзасына жайлы әсер етіп, келеңсіз энергияны өзіне тартып алады. Сіз күмбезді шаңырақты ғимараттың ішіне көңіл күйіңіз төмен болып кірсеңіз, мамыражай күйге еніп, ашу-ызаның қайда қалғанын ұмытасыз.
Мәселен, тіл-көз, дуа тиген адамның ұнжырғасы түсіп, мазасызданып жүреді. «Ақмешітке» кіргендердің бәрінің биоөрісі қалыпты жағдайға түсіп, иммундық күш-қуаты көтеріледі.

aqmeshit-2

Өзім биофизик ғалым ретінде, бес-алты адамның биоөрісін реттей аламын. Ал ары қарай шамам келмейді, өйткені оған көп энергия жұмсалады. Ал «Ақмешітке» мыңдаған адам түссе, бәрі де ауруынан айығып, қуаттанып шығады. Яғни, бұл мекен болашақта денсаулықтың «фабрикасына» айналуы мүмкін.
Біз қолда барды пайдалануымыз керек қой. Сол жерде шипажай ашылуы керек деген ұсынысымды айтқанмын. Үңгірдің аймағында демалыс-сауықтыру шипажай орынын салсақ... Кәдімгі «Манкент», «Сайрам», «Сарыағаш» сияқты. Шипажайды қымыз бен шұбатпен қамтамасыз етсе. Сол жерде адамдар ем алатын болса, одан кейін «Ақмешітке» күніне 2 сағат кіріп-шықса, нағыз иммунды күш-қуатты арттыратын бірден-бір орын болмай ма?! Сол себепті бұл үңгір келешекте дүниежүзілік экотуризм аймағына айналарына сенім мол.

– Түйе сүтін зерттеп жүргеніңізге он бес жылдан асты. Инновациялық 8 патентін иелендіңіз. Шұбаттың қасиетін әлі біле алмай жүрміз бе?

– Түйе сүтінде адамға пайдалы дәрумендер көп. Білсеңіз, бір литр шұбат адам ағзасына тәуліктік қажетті А, С, В1, В2, Д, Е дәрумендерімен, кальциймен және басқа да микроэлементтермен қамтамасыз ете алады.
Шұбат жылқы сүтінен дайындалған өнімдерге қарағанда күш-қуаты молырақ. Бір литр түйе шұбатының қуаттылығы – 911 ккал, жылқы қымызының қуаттылығы 528 ккалға тең. Ал «лактоферин» деген фермент сиырдың сүтінен 30 есе құнарлы. Одан ракты емдейтін препарат шығаруға болады. Яғни, ферменттің адам ағзасындағы бактериялар мен вирустарды жоятын қасиеті бар. Бір жағынан түйе сүті ана сүтімен құрамдас.
Шұбаттың адамның тыныс жолдарының, ас қорыту мүшелерінің, бауырдың, өт шығару жолдарының, қант диабетті (сусамыр), ракты (обыр) емдеуде күшті пайдасы барына құлақ аспай жүрміз.
Біз шұбатты төрт айға, құрғақ шұбатты екі жылға дейін сақтаудың және түйе сүтінен таблетка, иогурт, балқаймақ, шұбат сусындарын жасаудың технологиясын дайындадық. Тағамтану академиясында сараптамалық тексерулерден өткен. Жасақталған технологиялар Қазақстанның 8 инновациялық патентімен қорғалған. Шұбат жасау технологиясы Женевада халықаралық патенттік ұйымда алтын медальға ие болды.

– Идеядан іске көшетін уақыт жетті дедіңіз. Оған бизнес-жоспарыңыз бар ма?

aqmeshit-3– Бар. Әлгінде айтқан 50 түйе, 50 жылқы ұстайтын кешенді Жолғабас елдімекен жанында орналастырып, одан кейін Шымкентте түйе сүтін өңдейтін және ұнтақ шығаратын зауыт салу үшін, менің есебім бойынша 472 млн теңге қаражат қажет. Егер тек шұбат пен қымыз шығаратын болсақ, алған несиені он жыл бойы өтейді екенбіз. Оған қай бизнес өкілдері қолдау көрсетеді дейсіз. Ал егер құрғақ ұнтақ шығаратын болсақ, несие қаражатын жарты жылда қайтаруға мүмкіндік бар.
Бүгінде ұсынысын айтып, бірлесе жұмыс істейік деп хабарласушылар жетерлік. Олардың көбісі шетелден. 2010 жылы Жапониядан «Эн-Эйч-кей» телекомпаниясының өкілі Эри Акада деген азаматша бізді арнайы іздеп келіпті. Олар: «Бізді дүниежүзінде электроникамен ешкім таңдандыра алмайды. Автомобиль жасаумен де. Ал сіздің жұмысыңыз бізді қызықтырды. Бізде түйе шаруашылығы жоқ. Берсеңіздер қуана аламыз», – дейді.
Таяуда Австрияның Ричард деген кәсіпкері ұсыныс айтты. «Біз қазір дүниежүзіне түйе, сүт өнімдеріне көтерме сауда жасаушылармыз. Бізге аптасына 40 тонна ұнтақ керек», – дейді. Ондай көлемдегі ұнтақты бүкіл Қазақстаннан жинай алмайсыз. Ал менің жоспарым бойынша тек бес тонна ұнтақ шығаруға шамам келеді.
Қытай, Израиль, Моңғолиядан да бірлесе жұмыс істейік дейтіндер бар. Қаражаты болса, бұл саланы тез қолға алып, дамытып жатқандар да баршылық. Ал біз тек зерттеу жұмыстарымен ғана қалып тұрмыз. Мәселен, қытайлар, моңғолдар таблетка шығаруды бастап кетті.
Бұл – үлкен, кешенді жұмыс. АҚШ-та бір идеясы бар адамға 25 адамды қосады екен. Жобаны іске асыруға биофизик, биохимик, конструктор, маркетологы т.б, бәрі жұмыла кіріседі. Өкінтерлігі, бізде физик, химик, биолог, микробиологтың қызметін жалғыз өзің атқарасың. Бұл мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес жағдай. Әйтеуір, кейде жобалап істеуге тура келеді. Менің қасымда жұмысқа серпін беретін азаматтар болуы керек.
Ректорымыз Жұмахан
Мірхалықов менің жұмысыма қызығушылық танытып, Мемлекеттік тапсырыс бойынша 38 млн теңгелік 5 келілік ұнтақ шығаратын қондырғыны алып бермекші. Құрылғылар Қытайға, Германияға тендер арқылы тапсырыс берілді. Соның келуін күтіп отырмын. Біз өнім шығаруға дайынбыз.

– Геомагнитті толқындар бойынша да қаланың картасын жасадыңыз. Оған құлақ асып жатқандар бар ма?

– Ата-бабаларымыз геомагнитті толқындардың әсерін толық түсінбесе де, білген. Қыстақтан жаздық жайлауға көшкенде қойдың қай жерге үйірілгеніне мән берген. Бақылап келгенде қой қыраттау жерге тұрақтайды. Ал сай-саланың көбісі жердің жарылысы, ойлы болған жерлер. Қыр, тегіс жерлерде геомагнитті толқын болмайды.
Шымкент қаласының жолдарына келер болсақ, М.Х.Дулати, А.Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Республика көшелері мен Тәуке хан даңғылы толық геомагнитті толқында орналасқан. Темірлан даңғылының жартысы сондай. Менің зерттеулерім бойынша, жол апатының көптігі жөнінен бірінші орында Тәуке хан, екінші Т. Рысқұлов, үшіншісінде А. Байтұрсынов көшелері тұр. Бұл да сол геомагнитті толқынның әсерінен. Біз әлі оған назар аудармай келеміз.

– Қазір допинг мәселесі спортшылардың бас ауруына айналған. Түйе сүтінен, жалпы, ұлттық сусындардан спортшылар үшін допинг жасауға бола ма?

– «Лактоферин» деген фермент спортшылардың күш-қуатын арттыратын бірден-бір дәрумен. Ғарышкерлерге, спортшыларға, ұзақ экспедицияларға шығатындарға нағыз допинг осы дәрумен. Спортшылар да мұндай «ғажайып» күшті білмей жүр ғой. Ондай препараттың құны 2000-3000 АҚШ доллары тұрады. Лактоферин ол адамның денесіне толық сіңіп кетеді де, жағымсыз қасиеттері жоқ. Өйткені, түйе сүті ана сүтімен септес болғандықтан адам ағзасына толық сіңеді. Кері әсері жоқ деген сөз.
Африкада Сахара шөлінде мынадай бір оқиға болған. Бір америкалық ғалымдар зерттеу үшін әйгілі мекенді кесіп өтпекші болған ғой. Су болмағандықтан, бұл мақсаттарына жете алмай жүрген. Бір бәдәуи сонда айтқан екен: «Жолға төрт түйе алыңдар. Екі сауын түйе, екеуі жүк таситын түйе. Жүк таситын екі түйеге жүктеріңді, суларыңды артыңдар, ішетін суды түйелерге беріңдер. Ал ана екі түйені сауып, соның сүтін ішіңдер. Осылай істесеңдер, өтесіңдер» деп. Зерттеушілерге түйенің сүті әрі тамақ, әрі сусын болған. Ал суды түйеге берген. Сөйтіп, әлгілер толық зерттеп, Сахарадан өткен екен.
Түйе сүтінен спортшыларға әлі допинг жасалған жоқ. Оны шығару үшін де ақша керек. Мен бұны да айтқанмен, қаражат болмаса ол да іске аспай қалары анық. Дегенмен, ол да келешекте іске асатын жобалардың бірі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.