«Тұрғындардың қауіпсіздігі – ұдайы назарымызда»

Среда, 13 Апрель 2016 05:25 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5014 раз

Бегалы СЕРІКБАЙ, Еңбекші аудандық жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің бастығы:

Шымкентте жергілікті полиция қызметі белсенді жұмыс істеуде. Құрылғанына көп болмаса да, сақшылардың жұмысы нәтижесіз емес. Яғни Ұлт Жоспарының 30-қадамында көрсетілгендей, жергілікті полиция қызметіне жауапкершілік жоғары. Осыған орай, біз Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының Еңбекші аудандық жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің бастығы Бегалы Серікбай мырзаға жолығып, жұрт көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап алған едік.

DSC 0491

– Бегалы Серікбайұлы, Еңбекші халық саны жағынан үлкен аудан. Тұрғын үйлер де, көшелер де көп. Сауда орталықтары да аз емес. Осы орайда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Біздің жергілікті полиция қызмет бөлімшесіндегі қызметкерлерінің басты мақсаты – әкімшілік аумақты қадағалау және қылмыстың алдын алу. Қазіргі таңда учаскелік инспекторлардың міндеті– әкімшілік аумақты қадағалау. Бүгінде учаскелік инспекторлар халықпен байланыс орната бастады. Әкімдік аумағындағы халықпен танысып, сұхбаттар жүргізіп, қылмыстың алдын алуға тырысып жүр. Әсіресе, қоғамдық орындарда жасалатын заң бұзушылық төмендеді. Аптасына Еңбекші ауданы әкімшілігі, аудандық прокуратурамен бірге екі рет жүргізілетін рейдтік іс-шаралар нәтижесіз емес. Бұл жаңа құрылымның бірлескен жұмысының нәтижесі деп ойлаймын.
Ауданда 19 учаскелік полиция пункті бар. Жуырда олардың саны 19-дан 23-ке артпақ. Жергілікті полиция бөлімі 510 көшеге, 630 көпқабатты, 232 306 жеке үйге, 35 мектеп сынды мекемелердің қауіпсіздігі үшін қызмет атқарады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аудан әкімдігімен, аудан прокуратурасымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын сақтау аясында мобильді топтармен ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішу, темекі шегу, қоқыс тастау, белгіленбеген жерлерде сауда жасау, қоғамдық орындағы тәртіпсіздік сияқты ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесу шаралары өткізілді.

– Полицияның міндетіне тек жазалау ғана емес, тәртіпке шақыру және тәрбиелеу де кіреді емес пе?

– Орынды айтып отырсыз. Адамдарды аталған баптармен жазалап, қоғамдық тәртіпті толыққанды реттей алмайтынымыз анық. Тәртіпсіздік деген не? Қандай әрекеттер құқық бұзушылық болып есептеледі? Айыппұлдары қанша? Жолда жүру ережесі қандай? Мұны балалар мен жасөспірімдер біліп өсуі тиіс. Сонымен қатар, азаматтар жеткіншектердің тәртіпсіздігіне «балалық» деп салғырт қарамауы керек.
Ал шара қолдану – қоғамды тәртіпке шақырудың тәсілі. Біз БАҚ арқылы қала, аудан тұрғындарымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында көптеген түсіндіру жұмыстары мен іс-шаралар өткіздік. Азаматтар арасында алаяқтардан, қалта ұрлығынан сақтандыру мақсатында жүргізген жұмыстарымыз өз нәтижесін бере бастады. Мәселен, қоғамдық орындарда темекісін шегіп, тұқылын тастай салатын адамдардың қатары азайды. Бірнеше тәулікке қамалып, айыппұл төлегендер бұрынғыдай емес, тәртіпті бұзбайтын болды.

– Қанша адамға әкімшілік хаттама толтырылды?

– Соңғы рейдте түнгі уақытта 18-ге толмаған 3 жасөспірім ұсталып, 14 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ 2700 адам жауапкершілікке тартылды.

– Аудандағы бейнекамералардың тиiмдiлiгi қаншалықты?

– Пайдасы көп деп айта аламын. Қазіргі таңда Еңбекші ауданында 4 стационарлық бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Соның себебімен 434 құқықбұзушылық іс анықталды. Кінәлі бұрынғыдай «Қайдан білесің? Мен тастаған жоқпын» деп жалтара алмайды.

– Техникалық база жеткілікті ме?

– Жұмыс жоспарымызды жергілікті билік өкілдерімен бірге жұмыс істейміз. Барлық учаске техикалармен жабдықталған. 11 учаскелік пунктіне көлік бар. Және қосымша учаске бөлімінің ашылуына орай, 9 автокөлікке ұсыныс берілді.

– Заңсыз сауда орындарымен күрес қалай жүргізілуде?

– Еңбекші ауданы аумағында заңсыз сауда орындарымен күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Қаланың шырайын кетіретін сауда орындары мен дүңгіршектер талапқа сай келмегендіктен жұмысы тоқтатылды. Мәселен, «Исатай» базары маңындағы жабайы сауда қатары алынып тасталды. Сондай-ақ, заңсыз әрекетке жол берген Аймауытов көшесіндегі велосипед сатылатын орын қатары да жойылады. Заңсыз орын жоспарымызға енгізіліп, сол бойынша жұмыс жасап жатырмыз.

– Қылмыстың ашылу деңгейі қандай?

– Тіркелген қылмыстар саны салыстырмалы түрде артқанымен, қылмыстың ашылу деңгейі жақсарып келеді. Оның басты себебі – штат бірлігі көбейіп, көше тәртібін қадағалау күшейтілді. Жуырда облыс әкімі Б. Атамқұловтың тапсырмасымен ізбасар еріктілер жұмысқа алынады. Себебі, Шымкентте жан-жақтан келгендер өте көп. Полицияның қылмыстың алдын алу барысында қойған мақсаты өте жоғары. Соңғы уақытта тұрғындардың белсенділігі жоғарылады. Сақшыларға көмектесіп, қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алып жүр. Айта кету керек, шетелдерде азаматтар полициядан емес, жергілікті халықтан қаймығады. Оларда тұрғындар құқықтық тәртіпке немқұрайлы қарамайды.

– Еріктілер жұмысқа қалай қабылданады?

– Еріктер штабқа келіп, өтініш беруіне болады. Қазіргі таңда 20 ерікті көмекші жұмысқа алынып жатыр. Әр учаскеге 6 азаматтан бекітіледі. Полицияның қызметіне өз үлесін қосып, өмірін қатерге тігіп, ерлік жасаған ерікті азаматтар қаржылай сыйлықпен марапатталады. Оларға 30-35 мың көлемінде айлық төленеді. Айта кету керек, жуырда тұрғындар учаскеге қоңырау шалып, «Қайтпас» шағынауданында тұратын А есімді азамат бетон плиталарын жасырын артып кетпекші болғаны туралы учаскеге хабарлады. Ол меншігіндегі кранымен рұқсатым бар деп, плиталарды көлігіне тиеген. Келтірілген шығын көлемі анықталып, айыпты жазаға тартылды.

– Дегенмен кейбір тұрғындар учаскелік инспекторлардың орындарынан кездестірмейтінін айтады.

– Негізінен учаскелік полиция талапқа сай, халықпен тығыз байланыста болуы керек. Әрбір инспектор тұрғындардың үйін, жағдайын жақсы білуі тиіс. Егер халық ақпарат бермесе, жұмыс қалай жүреді? Нәтиже болмаса, халық жұмысыңды бағаламаса, ешкімге пайдасы тимесе, елдің тыныштығын қамтамасыз етпесең, не үшін полиция қызметкерісің? Полиция учаскесі күн сайын кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал шақыруларды ұялы телефон арқылы тәулігіне 24 сағат бойы қабылдайды.

– Әлі де полицейлерге сенімсіздікпен қарайтын тұрғындар бар. Дегенмен түсіндіру жұмыстарынан соң, олардың көзқарасы өзгерген шығар....

– Бұрынғыдай емес, халықтың көзқарасы жақсарды. Біздің де адамдарға қарым-қатынасымыз сондай. Азаматтар барлық талапты орындаса... Шындығында тұрғындар да, жасөспірімдер мен балалар да заңның бәріне бірдей екенін түсіне бастады. Жол қиылысында жол полицейлерінің, пункттерде учаскелік инспекторлар мен сақшылардың не үшін тұратынын жақсы біледі. Қоғам үшін жұмыс істейтінін айтпай-ақ түсінеді. Біз қай жерде түйткіл, оқиға болса сондамыз. Біздің мақсатымыз қаланы қауіпсіз қалаға айналдыру және ең бастысы, жергілікті полиция адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде барлық талап үдесінен табылуы тиіс. Біз бұл міндетті сөзсіз орындайтын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Последнее изменение Среда, 13 Апрель 2016 06:33
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.