Байдулла ҚОНЫСБЕК: «Басты қағидам – үлкенге құрмет, кiшiге iзет»

Среда, 29 Июнь 2016 05:38 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8481 раз

Оңтүстік журналистикасының ардагері Байдулла Қонысбекұлының бойы да, ойы да сергек. Облыс баспасөзінің дамуында жанкешті еңбек еткен Бай-аға биыл жетпіс бес жасқа толады. Қаламы әлі қолында. Зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әліге дейін қаламының қуатын байқатып келеді. Бірнеше жылдан бері ОҚО Әділет департаментінде абыройлы еңбек етіп жүр.
Ардагер қаламгер биылғы БАҚ өкілдерінің бәсекесінде бойдағы күш-қуатын да байқатқан. Тастаяқ бәсекесінде қарсыластарын бірінен кейін бірін жеңіп, бас жүлдені иеленді. Осы бәсекеге біз де тәп-тәуір дайындалғандай едік. Екінші турда ардагер қаламгермен жолымыз түйісіп, сыналар сәт туған. Барымызды салып, жеңуге тыраштанғанымыздан түк шыққан жоқ. Республикалық турнирлерде әбден ысылған ағамыз кәсіпқой спортшылар секілді ойсырата ұтты.
Ардагер журналисті мерекемен құттықтай барып, аз-кем әңгімелескен едік. Баспасөздің ардагері ретінде бірқатар мәселелерді қозғап, өз ұсыныс-тілектерін айтты.

DSC 0748– Байдулла Қонысбекұлы, БАҚ қызметкерлерінің мерекесі де келіп жетіпті. Таяуда Спартакиада ойындары өтіп, өзіңіз бильярд бәсекесінде бас жүлдені иелендіңіз. Жалпы, биылғы бәсеке қалай өтті? Өзіңіз ашылу рәсімінде айтқандай, БАҚ қызметкерлерінің спартакиадасының бастау алғанына жиырма жылдан асыпты...

– Журналистердің Спартакиадасы жыл сайын мерекелік жағдайда өтіп, қаламгерлер ынтымағының беріктігін дәлелдей түскендей болады. Саусақ біріксе – жұдырық. Ал онымен соққы берсең, кез келген қарсыласты құлатуыңа мүмкіндік бар. Демек, журналистер тастүйіндей жұмырланса, оның алпауыт күші кімді болса да есеңгірете алатыны даусыз шындық. Мен журналистердің осындай іс-қимылынан жаңа қуатты күшті, саяси сенімділікті, Отанына деген сүйіспеншілік көремін.
Көңіліңді көтеретін, шығармашылығыңды шыңдайтын, ырысыңды молайтатын, татулығымен ортаны тамсандыратын Спартакиаданың бізге берер тәлімі мен тәртібі жоғары. Мәселен, жеңу де керек шығар. Алайда мұндай спорт мерекесінде жеңілістің өзі жеңіс, той.
Биыл Спартакиадаға қатыспай, тамашалау ойда бар еді. Қолқалаудың әсерімен кірісіп кеттім, ал жас қаламгерлердің қошеметтерінің арқасында жеңімпаз да атандым. Бұл жеңіске үлкенге құрметтің, кішіге ізеттің арқасында, қаламгерлер қауымындағы сыйластықтың нәтижесінде қол жетіп отыр. Сонау бала кезден «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету» – басты қағидам. Алдағы кезде жарыстарды қойып, тамашалаған дұрыс шығар, біздің жастағыларға. Әйткенмен, деннің саулығы үшін оқта-текте қолға тастаяқ ұстауды ұмыта қоймаспын.

– «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін қазақ күресінен сайыс өткізу дәстүрге айналған. Биыл Арыста өткен сайысқа өзіңіз де қатыстыңыз. Жарыстың бастамашыларының бірі де өзіңіз. Облыстағы газеттердің беделін арттыруда, ұлттық спортты насихаттауда тағы қандай жобаларды қолға алуымыз керек?

– Қазақ күресі – «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының бәсекесі. «Южный Казахстан» ұзақ жыл жеңіл атлетиканы дамытуға үлес қосты. Облыстық телерадио кикбокстың беделін арттыруға әрекеттенді. Бірақ, кейін жалғастырылмады. Тегі ұлттық спорт түрлерін әрбір басылым иеленіп, жарыс өткізіп, тұрса қанеки! Мәселен, «Замана», «Айғақ», «Шымкент келбеті» ұжымдарының мұндай игі істерді жүзеге асыруы қолдарынан келеді-ау деп ойлаймын.

– Ардагер журналист ретінде айтыңызшы, қазіргі облыстағы БАҚ-тың дамуы қалай? Газет-журналдардың, телеарналардың саны көп екені әуелден белгілі ғой. Сапасы қалай болып жатыр?

– Санын да көбейте отырып, сапасын да жақсартар болсақ, біздің өңірдің айы аспанда үнемі жарқырап тұрар еді. Бес саусақ бірдей еместі бәріміз де жақсы білеміз. Бәсеке әрине, керек. Бірақ ынтымақ, береке, бірлік болса, одан әрі алға қарай дамып, өркендеп, өсетінімізді кей басылым басшылары түсінсе деймін. Бір-бірімізді дос, жанашыр, тілектес, ниеттес санасақ, ұтарымыз да, қоғамға тигізер пайдамыз да молая түспек.
Қазір – зейнеткермін. БАҚ ұжымдарының ішкі ісіне араласа бермеймін. Бүгінгі күн – компьютердің заманы. Оның үстіне БАҚ-қа едәуір еркіндік берілді. Қаламының ұшы емес, саусақтары қай әріпті басса, солай қарай жөңкіле түседі. Еркіндік тасты жарады, кейде басты да жаралайды. «Таяқтың екі ұшы бар» деген осы. Бұрынғы кездері газет бетінде сыналған мемқызметкер қызметінен кететін. Қазір олай емес. Біз құқықтық дәуірге қарай қадам басып келеміз. Дау-дамайды шешетін құзырлы мекемелер бар. Төрелігін айтатын сот алқалары бар. Жариялымға риза еместер осы органдар арқылы сұрақтарына жауап ала алады. Алып та жүр. Қай басылым болсын, халық үшін қызмет етуі керек.

– Таяуда ғана «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Қандай да құрметке лайық азамат» деген мақалаңыз шықты. Қарашаңырақ басылымды 22 жыл үздiксiз басқарған Әмiрсейiт Әлиевтің атына көше беру қажеттігін құптайтыныңызды мәлімдедіңіз. Бұл мәселе шешімін тауып жатыр ма? Жалпы, біз БАҚ саласында қыруар еңбек еткен азаматтарды қадірлей алып жүрміз бе?

– Әмірсейіт Әлиев – журналистиканың тарланбозы, қара нары, шамшырағы. Өткен ғасырдың 50 жылы – Әбекеңнің еңбек жолы. Нәмет Сүлейменов, Қарауылбек Қазиев, Қаныбек Мейірбеков, Жұмамұрат Тұяқбаев, Пайзулла Кәдеев тағы басқа қаламгерлерге көше аттары берілді. Бәрі де Әбекеңнің қол астында, басшылығымен еңбек етіп, өңірімізді өркендетуге үлес қосты. Әбекеңнің бір-ақ кемшілігі, осылардан кейін қайтыс болуы.
Облысымыздың айнасы «Оңтүстiк Қазақстан» газетi – осы өңiрден қанат қаққан күллi қаламгер атаулының қарашаңырағы ғой. Әмiрсейiт Әлиев ағамыздың орны мен үшiн ерекше. Сонау бiр жылдары Әбекең редактор, мен жауапты хатшы болып талай жыл бiрге қызмет еттiк. Бүгiнде оның шәкiрттерi елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде абыроймен қызмет етуде. Сол себепті де журналистика тарланына қандай құрмет көрсетілсе де жарасар еді.

– Қазіргі журналистерде ұлттық сүзгі бар ма? Қаншалықты мемлекетшіл?

– Журналисте ұлттық сана болмаса, қалам ұстауы қиянат. Қазақ журналистерінің тұла бойы ұлтжандылыққа шомылып тұруы тиіс. Сонда ғана қазақ елінің рухының жоғары, арманының асқақ, мәртебесінің биік болуына қызмет жасай алады.
Тәуелсіздік бізге не берді? Тәуелсіздікке біз не бердік? Осы екі сұраққа нақты жауап бере алатын журналистер де, жастар да, басқа да қолын жүрегінің тұсына ұстаған отаншыл азаматтар да еліне, халқына қызмет жасауды мұрат ететіндер.

– Слам Нұрмағанбетұлы ағамыз «Қаламгерлер қалжыңы» деген кiтапты оқырмандарға ұсынып еді. Бүгінгі журналистер қаншалықты қалжыңдасып, қаншалықты сөздің қадірін, қуатын біліп жүр?

– Жақсы сөз жаныңды семіртеді. Әдемі әзіл көңіліңді көтереді. Әзілді жақсы көремін. Қатарларым кемшін. Үш-төрт жас кішілермен, үлкендермен әзілдескенде әліме қараймын. Ал сөз зергері Мархабаттың мені шаншитын әзілдері көпшілікке кеңінен мәлім. Кейде мен де оны шырылдатып, шанышқыға іліп ала аламын. Зілсіз. Боямасыз. Мен де, ол да ренжімейміз. Қайта рахаттана күлеміз.

– Биыл қыркүйек айында 75 жасқа толасыз. Жетпістен асып, сексенге таясаңыз да әлі санаңыз да, дене әлеуетіңіз де сергек. Ширақ қимылдайсыз. Бұның құпиясы неде?

– Алла Тағаланың берген әл-қуатының, отбасы мен туған-туысқандардың, достар мен жора-жолдастардың игі тілектерінің арқасында санам да сергек, қимылым да ширақ.
Департамент басшылары мен ұжымына мың да бір рахмет! «Осы қариядан бізге келер зиян жоқ» деп, қадірлеп, қастерлеп, құрметтеп орталарында ұстап келеді.

– Тағы бір айта кетерлігі, Елбасымен үш рет қол алысып, дидарласқаныңызды көпшілік біледі. Елбасымен тағы кездесер болсаңыз, қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Елбасымен әр кездескенде мен ерекше толғаныста боламын. Жаны жайсаң, мінезі майсаң, жүзінен нұр тамып тұратын ерекше жаратылған қазағымның нар тұлғаларының бірі ғой. Тағы кездесер болсам: «Қазақ халқының бағы үшін деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болсын!» дер едім.

– Әңгімеңізге рахмет аға!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.