nazarbaev mektebin3ng direktoryТалантты оқушыларды топтастырып, халықаралық талаптарға сай білім беру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің әр аймағында 2009 жылдан бастап ашыла бастады. Елбасы бұл білім ордаларының қызметіне ерекше мән беріп келеді. Өзінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында Н. Назарбаев олардың тәжірибесін бүкіл білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне шығару керек екенін айтқан болатын. Елбасы жоғары бағалаған білім ордаларының бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымовпен сұхбаттасқан едік.

– Әңгімемізді мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ. Зияткерлік мектептердің жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда оқыту мазмұны мен сапасында қандай айырмашылық бар?

– Біздің білім ордамыз 2013 жылдың наурыз айында ашылды. 640 оқушымыз бар. Олардың 30 пайызы ауылдан келген балалар. Арнайы оқу бағдарламасы бойынша білім алған біздің түлектер Ұлттық бірыңғай тест емес, Кембридждің емтиханын тапсырады. Егер бала тілдік пәндерден емтихан тапсыратын болса, міндетті түрде төрт тілдік дағды, яғни жазылым, оқылым, тыңдалым, айтылымы тексеріледі. Көп оқушылар грамматиканы жақсы білгенімен, сөйлегенде ойын дұрыс жеткізе алмайды. Сол себепті біз оқушының жан-жақты білімін тексереміз. Алған білімін өмірде қолдана алуын, қиындықтармен бетпе-бет келгенде қалай шешім қабылдау керектігіне мән береміз. Тоғызыншы сыныпқа дейін барлық пәнді оқиды да, одан кейін таңдаған мамандығына қатысты пәндерді ғана оқиды. Басты мақсатымыз – сапалы білім беріп қана қоймай, әр баланың бойына жауапкершілік, адалдық, мейірімділік, ұлтжандылық сынды құндылықтарды сіңіру. 120 балаға лайықталған жатақханамыз бар. Үйден қатынап оқитын балалар 3 мезгіл, ал жатақхананың балалары 5 мезгіл, тегін тамақтанады. Сондай-ақ, оқу құралдары, мектеп формалары мен спорттық киім де тегін беріледі.

– Мектептеріңізде қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Қызықты, көптеген жобамыз бар. Айталық, аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері белгілі бір уақытта оқушылар, қызметкерлер жапатармағай кітап оқуға кіріседі. Сосын оны талқылаймыз. Демалыс күні кітап дүкендеріне барсам кітап алып жүрген өзімнің оқушыларымды жиі кездестірем, сол кезде дұрыс нәрсе жасап жүрген екенміз ғой деп ойлаймын. Олардың бірте-бірте кітап оқуға деген ынта-ықыластары артып келеді. Өзім де көлікте жүрсем, радио емес, аудиокітап тыңдайтын болдым, аптасына кем дегенде бір-екі кітап тыңдауға болады екен. Сондай-ақ, біздің оқушылар укипедияға қазақша мақалалар жазып жүр. Интернеттен мәлімет іздегенде керек нәрсең «Ашық энциклопедиядан» қазақша шыға бермейді. Сол себепті оңтүстіктің балалары жазбаса қазақшаға шорқақ солтүстіктің балалары жаза қоймас деген оймен мақсат етіп қойдық. Бүгінде біздің оқушылар 4 мыңнан астам мақала жазып, өңдеп, қазақ интернетінің дамуына өздерінің үлестерін қосуда. Ал ай сайын сапалы мақала жазған баланы марапаттап, ынталандырып отырамыз. Бұдан бөлек «Қазақтың 100 әні» деген жобамыз бар. Кейде балалармен басқа қалаға немесе шетелге жол жүргенде бірге ән айта қояйық десек, өзіміздің әндердің сөзін жатқа білмейді екенбіз. Ал осы жобада біз апта сайын бас қосып, әннің сөзін, тарихын жаттап жатырмыз. Сондай-ақ, әрбір азамат оңтүстіктің дамуына үлес қосуы керек деп есептеймін. Біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыз үлкен бір жобаны бастап жатыр. Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында орын тепкен Қажымұқан мұражайындағы әрбір жәдігерді жеке-жеке суретке түсіріп, 3д тур-саяхат жасайтын сайт жасап жатыр үш тілде. Еліміздің өзге өңірлерінен, шетелдік қонақтар Оңтүстікке ат басын бұрғанда оларға көруге тұрарлық жерлерді насихаттау, туризмді дамыту мақсатында осындай жобаларды жүзеге асыру ойымызда бар.
Тағы бір жақсы үрдісіміз жазда балалар ата-ана қызметімен танысу мақсатына 10 күн олардың жұмысында өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Ата-анасының таңнан қара кешке дейін қалай еңбек етіп, оларды асырап жатқанын көзбен көріп, көңілдеріне түйеді. Бұдан басқа техникалық, спорттық, шығармашылық бағытта 34 үйірме мен оқушылардың өздері жүргізетін 17 клуб жұмыс істейді. Оған балалар 100 пайыз қатысады.

– Екі жылда қандай жетістікке жеттіңіздер?

– Биыл 129 бала бітірді. Қырық оқушымыз Астанадағы Назарбаев университетіне түсті. 86 оқушымыз медициналық мамандықты таңдады. Математик болсам да бес-алты жылдан кейін медицина саласына 86 мықты маман келетініне қуанамын. Республикалық, халықаралық білім сайыстарынан, спорттық додалардан топ жарып, жеңімпаз атанып жатқан шәкірттеріміз көп. Бүгінде қаламыздағы 37 мектеп ұжымымен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Аптасына мыңнан астам мұғалім келіп, біздің ұстаздар балаларға не үйретіп жатқанын көреді, тәжірибе алмасады. Сондай-ақ, басқа мектептерде білім алатын оқушылар да келіп, біздің үйірмелерге, клубтарға қатысып жатыр. Арнайы кесте бекітілген. Ұстаздарға қосымша жүктеме жүктеп, қоғамға қызмет етіңдер деп жатырмын.

– Кез келген ата-ана ұл-қызының сапалы білім алуын қалайды. Зияткерлік мектепке қабылданудың ережесі қандай?

– Мектепке қабылдау ақпанның соңы мен наурыздың басында өтеді. Алтыншы сыныпты бітірген ұл-қыздар құжат тапсыра алады. Олар екі кезең бойынша бақ сынайды. Сондай-ақ, орын болса басқа сыныптарға да қабылдауға конкурс өткізіледі. Ата-аналар мен оқуға түскісі келетін оқушылар керек мәліметті мектебіміздің сайтынан қарап жүрсе болады.

– Тұңғыш Президент күні мерекесінің маңыздылығын қалай бағалайсыз және қалай атап өтіп жатырсыздар?

– Еліміздің еңсе көтеріп, дамуы, халықаралық аренадан ойып тұрып орын алуы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Мерекеге байланысты мектебімізде ауқымды шаралар өткізіліп жатыр. Ондағы мақсат – Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатын қолдау, бұл атаулы күннің мәнін дәріптеу. Жақында еліміздегі барлық зияткерлік мектебінің оқушылары бір уақытта «Алға Қазақстан» деген флешмоб биін биледі, ал енді 28 қараша күні «Мега Planet» орталығында Шымкенттегі екі зияткерлік мектептің 60 оқушысы күй тартады.

Сұхбаттасқан
Әйгерім Бегімбет

Өзгенікінен өз өніміміз артық

Пятница, 06 Ноябрь 2015 04:55

Бір кездері тоқырауға ұшыраған тоқыма-тігін өнеркәсібі аяққа тұра бастаған секілді. Киім таңдауда өз елімізде тігілгендерін іздей бастадық. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту, әсіресе оңтүстік өңірде белсенді қолға алынуда. Оған алғышарттар да жоқ емес. Шымкентте мақта өңдеп, мата-жіп шығаратын кәсіпорындар жұмыс істеуде. Ал, Ақсукент елді мекеніндегі  «Алтын адам» тігін фабрикасының өнімдері бүгінде елімізге кеңінен танылып үлгерді. Фабриканың өнімдері туралы әр жақтан «тігісі жатық», «матасы жұмсақ», «сапасы шетелден келіп жатқан костюм-шалбардан кем емес» деген мақтау, жылы сөздерді ести бастадық. Жақында фабриканың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Ақсукентке арнайы барған едік. Кәсiпорын басшысының орынбасары Балжан Халмұратова әңгімесін әріден бастады.

photo-640x426– Бір танысым Өзбекстаннан костюм-шалбар әкеліп сататын. Сол ой тастады. Зерттеп қарасам, базарлар мен сауда орталықтарында «түрік костюмі» деп сатылып жатқандардың барлығы Өзбекстаннан әкелінеді екен. Олардың
кәсіпорындарына бірнеше рет барып, осы істің қыр-сырына қаныға түстім. Наманган облысының  өзінде тек костюм тігетін 24 зауыт жұмыс істеп тұр. Оның 20-сының шығарып жатқан өнімі біздің Шымкентке келеді. Сосын басқа қалаларға таралады. Ойлана келе, өзімізде де осындай тігін фабрикасын ашып, отандық киім өндірісін қолға алмақ болып шештім, – дейді ол.
Нақты шешім қабылдаған кәсіпкер бизнес жобасын жасап іске кіріскен. «Даму» бағдарламасы бойынша 110 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, Түркиядан арнайы құрал-жабдықтар алдыртады.
– Қолымызға мемлекет бөлген қаржы тигенде доллар бағамы 150 теңгеден 180 теңгеге шарықтап кетті. Шегінерге жол жоқ. Бар ақшамызды осы іске құйдық. Соңғы үлгідегі қондырғылар мен техникаларды сатып алдық. Өкініштісі сол, классикалық үлгідегі киімдер тігетін тігіншілер тапшы. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін шетелден мамандар алдырып, қызметкерлерді оқытуға кірістік. Сөйтіп, 2013 жылдың наурыз айында тігін фабрикасы өз жұмысын бастады, – дейді
Балжан Оразалықызы.
Бүгінде 200-ге жуық адам еңбек ететін тігін фабрикасында күніне 500 костюм-шалбар тігіледі. Отандық костюмдерге лауазымды қызметтегілер де қызыға бастады. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Сайрамға барған сапарында арнайы барып,  «Алтын адам» маркалы костюмін сатып алған болатын. Көп ұзамай Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің де гардеробы осы костюммен толықты. Бұдан бөлек инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, ауылшаруашылығы министрі  Асылжан Мамытбеков, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов және ҚР Парламентiнiң бiрнеше депутаты бүгiнде осы фабриканың костюмдерiн киiп жүр. Дегенмен...

Көршi елден таситындар көп

Екі жылдан аса уақыт нарыққа шыққан «Алтын адамның» костюмдерін бүгінде еліміздің әр түкпірінен табуға болады. Өзге елдің тауарларымен бәсекеге түсуге де қауқарлы.
– Бізбен бәсекелес болатын тек Өзбекстанның кәсіпорындары ғана. Ол жақтан келіп жатқан өнімдердің бағасы айтарлықтай төмен. Өйткені, олардың жеңіл өнеркәсіп саласында салық аз. Сондай-ақ, ол жақтан таситын кәсіпкерлер шекарадан асырғанда құжатына «мата әкеліп жатырмыз» деп көрсетеді. Матаға салық төмен ғой. Ал шынтуайтына келгенде елімізге күніге он мың дана костюм кіріп жатыр. Осыны тиісті орындарға айтып, хат жазып жатырмыз. Саудагерлердің Өзбекстаннан костюм-шалбар әкелгеніне қарсы емеспін. Тек барлық әрекеттерін заңды түрде растаса екен. Сонда бағадан ұтылмас едік. Өзге елдің  тауарын әкеп, өзіміз шығарып жатырмыз деп сатып жатқандар да бар. Ал менің ар-ұятым жібермейді. Осы саланы дамытып, аяғынан тұрғызу үшін адал еңбек етемін – дейді Б.Халмұратова.
Кәсіпкер өз ісін дамыту мақсатында тігіншілікті арнайы оқымаса да, тірлікке ебі бар қыз-жігіттерді жанына жинап, автоматтандырылған жүйені оқытып, үйретіпті.
– Өзбекстанның тігін фабрикасында еңбек ететіндердің 90 пайызы ер адамдар. Ал бізде керісінше. Жігіттер бұл қызметті қол көрмейді. Оқу орындарында осы салада білім алып жүрген де қыздар. Олар ертең тұрмысқа шығады, балалы болады, содан кейін көпшілігі үлкен тігін фабрикаларына аяқ баспайды. Түркиядан арнайы шақырылған білікті тігіншіден тәлім алып қалсын деп, он шақты жігітті жұмысқа қабылдадық. Компьютерді жетік меңгерсе болды. Соңғы үлгідегі техникалар болғасын, оған тек нұсқау беріп отыру керек. Ол қисық тікпейді. Қиыс қырықпайды, – дейді кәсіпкер.

Қолдауды қажет етедi

 MG 7172Жақында бірнеше сайтта Елбасы Н.Назарбаевтың отандық костюмдi киiп түскен суреттерi жарияланды. Ақпараттарда Шымкенттен шыққан костюм екені де айтылды.
– Біз астаналық дизайнер Айжани Нұрланованың үлгiсiмен бірнеше костюм тігіп, елордаға жібергеніміз рас. Елбасы: «Бұл қазақстандық жеңіл өнеркәсіп зауытының өнімі»,–  деді. Сондықтан, еншілемеймін, отандық өнім ортақ қуанышымыз, ортақ табысымыз, – дейді Б.Халмұратова.
Тігін фабрикасынан шығатын костюмнің мата мен жібі Түркиядан жеткізіледі екен. Ал түйме шымкенттік «KazPlast» компаниясының өнімі. Зауыт қызметкерлері бүгінгі күнге дейін тұтынушылар арасында сапасының мінін теріп, шағым айтып келгендердің болмағанын айтады. Тігін фабрикасына жапсарлас орналасқан фирмалық дүкенінде бір күнде 20-30 костюм-шалбар сатылады екен. Енді кәсіпорын еліміздің басқа өңірлерінде де сауда дүңгіршектерін ашуды жоспарлап отыр. Бірақ қаржы қолбайлау.
– Бір облыс орталығынан дүкен ашу үшін миллиондаған қаржы керек екен. Ал оған біздердің мүмкіндігіміз жоқ. Бір-екі жыл аяқтан тұрып алғанша сауда орнын тегін берсе ашуға дайынбыз. Жақында Қарағанды облысының әкімі сауда орнымен келісіп беруге уәде берді. Отандық өнімді қолдау сөз жүзінде емес, нақты істермен көрсетілсе екен деген тілегіміз бар. Биыл біз оқушыларға арнап мектеп формаларын тіктік. Біздің өнімге қолдау көрсетіңіздер деп білім ордаларының басшылары мен ұстаздарға шықсақ, олар әкімшілік тараптан немесе білім бөлімінен ұсыныс хат алып келу қажеттігін айтады. Міне, осындай қағазбастылық кедергілер әлі де бар, – дейді Б.Халмұратова.
Тігін фабрикасының тұтынушыларға тағы бір жағымды жаңалығы бар. Олар қыз-келіншектерге де арнап костюм тігуді қолға алды.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, ел тұрғындары жылына шетелден 2 млрд долларға киім-кешек сатып алады екен. Қытай, Түркия, Қырғызстан секілді мемлекеттерден тоқыма-тігін өндірісі алпауыттарының өнімдері ағылғанда, еліміздің жеңіл өнеркәсібін дамыту оңай болмасы анық. Дегенмен, қиындыққа қарамай, өз ісін ашып, отандық киім өндірісіне үлес қосу жолында еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерлеріміз баршылық және олар қолдауды қажет етеді.

Тазалыққа жаны құмар азаматтар көп

Пятница, 18 Сентябрь 2015 07:32

Қаратау ауданының тұрғындары биыл бұл акцияға бірінші рет қатысып отыр. Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалдыбаевтың айтуынша, «Үздік аула» номинациясы бойынша 22 аула, ал «Үздік көше» номинациясы бойынша 27 көшенің төрағасы мен тұрғындарынан өтінім түскен.

tazalikka 38Комиссия мүшелері алдымен «Нұрсәт» шағынауданындағы №75 бес қабатты үйдің ауласынан бастады. Бұл үйдің төрағасы Жанғали Тасбаев ауланы көріктендіру үшін тындырымды тірліктер атқарыпты. «Әрбір адамның туған  қаласына деген сүйіспеншілігі тазалықтан бастау алу қажет. Айналамыздың тазалығына, жасыл-желекке қатты мән береміз. Бұл үйде 20 пәтер бар. Өзім 2006 жылы көшіп келдім. Сол жылы еккен теректерім бүгінде бесінші қабатқа жетті. Әрине, бастапқы кезде су тасып құю қиын болды. Кейін оның да жолын таптық. Сусыннан босаған ыдыстарға су толтырып, тамшылатып суару әдісімен жайқалттық», – дейді Жанғали аға.
Ал №142 үйдің төрағасы Зайнулла Баймұханбетов әрбір істі көршілерінің  ұйымшылдықпен атқаратынын жеткізді. Өз қалталарынан ақша шығарып, есік алдына жарық шамын орнатқан. Бірер жылда «Нұрсәт» шағынауданындағы тал-дарақтар бой көтеріп, жасыл желекке айналады, – дейді тұрғындар. Содан кейін «Асар» шағынауданына бет алдық. Мұнда №9 көшенің құлпырған гүлдері, жасыл желекке көмкерілген көгалы алыстан көз  тартады. Көгалдандыруды қадағалаушы бас маман Әбдікәрім Көбенұлы келесі жылы «Асардағы» барлық көшенің бойына гүлдер егіліп, гүлді шағынауданға айналатынын жеткізді.
Ал «Достық» шағынауданындағы бірнеше көше қоқыстан тазартылып, ретке келіп қалыпты. Сондай-ақ, «Тассай» шағынауданындағы Ө. Әбдіразахов, Ш. Уәлиханов көшесі, «Сайрам» шағынауданындағы Ә. Науай көшесінің тазалығы да көңіл қуантты.

Мызғымас достықтың символы

Пятница, 07 Август 2015 04:51

Альпинистер 3535 метрлік шың басына ту тікті

Өгем тау жотасының бұған дейін аты болмаған ақбас шыңына «Ассамблеяның 20 жылдығы шыңы» атауы берілді. Бұл «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінде ұйымдастырылған «Бұл – біздің таулар» атты фестиваль аясында жүзеге асырылды.


 MG 9471 32Кәсіби альпинистерден тұратын топты салтанатты шығарып салу рәсіміне ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Розақұл Халмұрадов, облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтаханов пен БАҚ өкілдері, т.б. қатысып, спортшыларға сәт-сапар тілеп, туды табыс етті.

«Халықтың бірлігі мен ұлтаралық татулықтың арқасында еліміз толағай табыстарға қол жеткізді. Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы жер-жерде кең көлемде аталып өтуде. Бұл ұйымдастырылып отырған іс-шара соның бiр айғағы. «Ассамблеяның 20 жылдығы шыңы» әрқашан мызғымас достықтың символына айналсын», – дедi депутат Р. Халмұрадов.

Туды кәсіби альпинист Виктория Воробьева мен Шамиль Рафиков қабылдап алды. Сосын 20 кәсіби альпинист Өгем шатқалының шығыс жақ бетінде орналасқан биіктігі 3 535 метрлік шыңның басына көк туымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының туын тігу үшін жолға шықты.

– Бұл таудың о бастан атауы болмады. Тек альпинистер арасында «басында ақ тасы бар тау» деп аталып кеткен. Биік шыңға ту тіккенге тек тәжірбиелі альпинистер ғана аттанды. Өйткені, тау-тасы көп шатқалмен жүру өте қауіпті, – дейді спорттық-экологиялық туризмдi дамыту және экологиялық тәрбие жөнiндегi қоғамдық кеңес төрағасы Кеңес Исмаилов.

Альпинистер «Сазан ата» шатқалымен үлкен балалар жазығына жетіп, сонда түнеп, ертеңіне еліміздің көк байрағы мен Ассамблея туын желбіретті.

 MG 9515 32Сондай-ақ, «Бұл – бiздiң таулар» фестивалiнiң аясында кешкісін алау басында «Жүрегiмдi тауларда қалдырдым» атты авторлық әндер кеші өтті. Суретшiлер байқауы мен туристiк маршруттар бойынша серуен ұйымдастырылды.  Тау бөктеріндегі іс-шараның ойдағыдай өтуіне облыстық кәсiпкерлiк, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы, ОҚО әкiмi жанындағы спорттық-экологиялық туризмдi дамыту және экологиялық тәрбие жөнiндегi қоғамдық кеңес пен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ұйытқы болды.

Қош бол, ретсіз сауда

Пятница, 07 Август 2015 04:47

Шымкентте заңсыз қызмет етіп келе жатқан 102 дүңгіршек жойылды

Қара базардың күні өтті дегенімізбен, онымен қоштаса алмай жүргендер аз емес. Бүгінде шаһар басшылығы қала тазалығына нұқсан келтірген жабайы сауда орындарымен заңсыз қызмет көрсетіп келе жатқан дүңгіршектерге қарсы күрес жұмыстарын күшейтуде.


 MG 0453Қаратау ауданы бойынша ретсіз сауда орындары мен дүңгіршектерді жою мақсатында арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде бірер сағатта  балмұздақ, сусын сататын үш дүңгіршек көше бойынан алынды. Ал бұған дейін 42 дүңгіршек алынып, олардың заңсыз сауда жасауына тосқауыл қойылған.
– Сәуір айынан бері аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізудеміз. Тұрақты тексерудің нәтижесінде 102 ретсіз сауда орыны жойылды. Жұмыстар әлі де жалғасады. Аудан тұрғындарын, сауда орындарының иелерін қаламыздың көркін бұзбай, тиісті орындарда сауда жасауға шақырамыз, – дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков.
Енді ауданға қарасты 32 заңсыз орналасқан дүңгіршек бар. Оларды жыл аяғына дейін алынады деп сендіреді әкімдік қызметкерлері. Заңсыз орналасқан дүңгіршектердің басым бөлігі жаңадан қосылған «Сайрам» шағынауданында орналасқан.

«Серпін-2050»  әлеуметтік  жобасы  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстан-2050»  стратегиясында айқындалған  басымдықтарды  жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіреді.  Стратегияға сәйкес,  әлемнің озық  30 елінің қатарына қосылу үшін білікті мамандар даярлау мәселесі өзекті.  Осыған орай ел Үкіметі жастар мәселесіне  арналған «Мәңгілік ел жастары-индустрияға!»  әлеуметтік  жобасын ұсынды. Бұл жоба «Серпін-2050» деп аталады.

IMG 8621Аталған бағдарлама бойынша Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде құжат қабылдау басталды. Университет ауласы құжаттары мен арман-үмітін арқалап жүрген талапкер мен олардың ата-аналарына лық толы. Бәрі де «Серпін» жобасы бойынша студент атанудан үмітті.
Жобаның негізгі мақсаты – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облысының жастарын халық саны аз қоныстанған аймақтарда тегін білім алуына жағдай жасап, жұмыссыздықтың алдын алу. Бұл жобаға қызығушылық көп болғандықтан болар биыл «Серпінге» бөлінген арнайы  грант 3 есеге өсіп, 6200-ге жетіпті.
Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы 19 жоғары оқу орыны мен 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары білім алуға құштар жастарды құшақ жая қарсы алмақ.
Ө. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің өкілі Тұрсынай  Қожанияз  8 техникалық мамандық бойынша талапкерлерді оқуға шақыратынын жеткізді.

– Біз биыл бұл жобаға бірінші мәрте қатысып отырмыз. Геология және пайдалы қазба орындарын барлау, тау-кен ісі, металлургия, көлік, көлік техникасы және технологиялары, электроэнергетика, технологиялық машиналар және жабдықтар, құрылыс, тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау мамандықтары бойынша құжат қабылдап жатырмыз. Талапкерлердің белсенділігі қуантты. Бізге 150 грант бөлінген. Тәуекелшіл,  білімді, біздің өңірде оқып, жұмыс істеуге бел байлаған жастарды қаламызға оқуға түсуге шақырамыз, – дейді Тұрсынай.
Ұзын-сонар кезекте тұрып, өзіне қажетті ақпаратты сұрап жатқандар жетерлік. Кеңес беретін оқытушылар бар білгенін түсіндіріп, бағдарламаның тиімділігі мен мүмкіндіктерін тәптіштеп түсіндіруде.
Кезек күтіп тұрғандардың бірі  - Әсет Ибраев. Қаламыздағы Н. Оңдасынов атындағы №38 мектепті бітірген. 77 балмен қай жоғары оқу орнына құжат тапсырғаны дұрыс екенін сұрап жүр. 

 MG 8613   MG 8614 

– Мақсатым – ақпараттық жүйелер» мамандығына түсу. Бұл мамандықтың балы  жыл сайын жоғары болатындықтан, «Серпін» бағдарламасы бойынша тапсырып көруге бел будым. Егер жоғары оқу орнына грантқа ілігіп жатсам, Қазақстанның қай қаласында болсын, білім алудан қашпас едім, – дейді ол. Бағдарламаның ОҚО бойынша үйлестірушісі Дамир Жүнісов бұл жобаның әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан түлектер үшін таптырмас қолдау екенін айтады.
– Егер талапкер студент атанып жатса, жоғары оқу орнында оқитындарға ай сайын 16 мың 500 теңге, ал колледж студенттеріне 13 мың 500 теңге шәкіртақы беріледі. Жатақханамен, жолақымен, жылына екі рет – қысқы және жазғы демалыстарда ауылына барып қайту үшін қаржылай көмекпен қамтамасыз етіледі. Оған қоса колледж студенттеріне тәулігіне үш мезгіл ыстық тамақ беріліп, қыстық киімі үшін әр студентке 64 мың теңге бөлінеді, – дейді ол.
Талапкерлерді қабылдау комиссиясы 23 шілде мен 1 тамыз аралығында Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы 5, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және А.Байтұрсынов көшесі 13, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимараттарының 1-ші қабатында орналасқан. Ал колледждерге түсу үшін  талапкерлерді қабылдау комиссиясы Шымкент қаласы, Гагарин көшесі 121 орналасқан №3 колледжде (тел:35-08-84, 31-89-01) және Шымкент қаласы, Қ.Жарқынбеков көшесі 13 орналасқан №4 колледжде (56-34-97, 56-31-19, 56-33-69) орналасқан.

Елбасы Н. Назарбаевтың «100 нақты қадам» бағдарламасы жайлы сот саласының мамандары халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. «Су арнасы ресурстары» мекемесінде өткен басқосуды Әл-Фараби ауданы сотының төрағасы Маратәлі Бекназаров жүргізіп отырды. Сот жүйесіне енгізілетін жаңалықтар туралы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ғани Байарыстан жиналғандарға жіті түсіндірді.

 MG 787644- Бұл бағдарламада сот жүйесінің ашықтығына ерекше мән берілген. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, «Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек»  деген міндеттер қойылған. Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту; судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау және т.б. мәселелері де Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамда» көрсетілген, – дейді Ғани
Доғдырбайұлы.
Сондай-ақ, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті  «Саясаттану және халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты С. Мәжінбеков, Ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары А.Сәрсеева жиналғандарға бағдарламаның мән-мағынасын түсіндіріп, негізгі бағыттарына тоқталып өтті.

Жеңiмпаз аула өзгелерге үлгi

Пятница, 24 Июль 2015 04:58

Шымкенттегі Республика даңғылындағы 20 «а» үйдің ауласына тап болсаңыз, сұлулығымен баурап алады. Бес қабатты үйдің тұрғындары бес-алты жылдан бері аулаларын қызылды-жасылды гүлдерге көмкеруді қолға алған. Тұрғындар ерте көктемнен қара күзге дейін қолдарынан кетпен, күрегін тастамайды.

 MG 7876Жұмыстан бос уақыттарында арамшөптерін отап, түбін қопсытып, суғаруға кіріседі. Міндетсінбейді. Ал осындай өнегелі істің бастамашысы болып жүрген осы үйдің төрайымы  алпысты алқымдаған, қазақшаға судай  Софья Пархомцева.
Бұл аула әсемдігімен әйгілі. Өткен жылы аулалар арасында ұйымдастырылған «Таза ниетпен – таза қалаға» байқауында жүлдегер атанып, 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болдық. Ол қаржыға алаңқайға жөндеу жұмыстарын жүргізіп,  подъездің есігін ауыстырдық. 150-200 дана раушан гүлінің көшеті мен қайың ағаштарын отырғыздық. Суаруға арналған құралдар сатып алдық. Биыл да байқауға қатысуға өтініш бердік. Егер жеңіске жетіп жатсақ, гүлдер мен бұталарды отайтын, ретке келтіретін құрал-жабдықтар сатып аламыз. Әйтпесе, біздің жайқалған жасыл желектеріміз бағынбай барады, – дейді Софья апай.  

 MG 7868Айтпақшы, жеңімпаз үйдің жетістігі басқа да көршілес үйлердің тұрғындарына үлгі. Айналасындағы бірнеше үй өз аулаларын абаттандырып, биылғы конкурсқа қатысуға өтініш білдіріпті.
– Өткен жылы конкурсқа 37 көпқабатты тұрғын үй мен 28 көше қатысқан. Биыл қатысушылардың санын 100-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде 30-дан аса өтініш келді. Ал, біздің аудандағы тұрғын үйлердің саны – 400. Өтінім қабылдау жалғасып жатыр. «Үздік аула», «Үздік көше» номинацияларының әрқайсысы үшін 12 жүлделі орын бар. Айтпақшы, өткен жылғы жеңімпаздар: 8 шағынаудандағы №6 үй, 3 шағынаудандағы №6 үй, Мамытов, Табынтаев, Жандарбеков көшелері жүлденің қаржысын өз аулалары мен көше бойын көгалдандыру, әсемдеу, ретке келтіру сынды мақсаттарға жұмсады, - дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.
– Ұл-қыздарымыз кішкентайынан үлгі-өнеге алып, сұлулыққа құштар болып өссе, жаман істерге қадам баспайды. Айналаның өзі әсемдікке толып, шуақ сыйлап тұрғаны жақсы емес пе? Әр азамат қаланың тазалығы мен гүлденуіне атсалысуы керек. Қоғам өзгереді. Қала гүлденеді, – дейді тазалық жұмыстарына білек сыбана, белсене қатысатын ұйымшыл тұрғындар. Әр ауланың, әр көпқабатты үйдің тұрғындары осылай ойлап,  қаламыздың келісті келбетінің айшықтала түсуіне үлес қосып жатса, қанеки?!

Страница 13 из 15