Әлеуметтiк жоба жастарға серпiн бередi Избранное

Пятница, 24 Июль 2015 05:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6030 раз

«Серпін-2050»  әлеуметтік  жобасы  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстан-2050»  стратегиясында айқындалған  басымдықтарды  жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіреді.  Стратегияға сәйкес,  әлемнің озық  30 елінің қатарына қосылу үшін білікті мамандар даярлау мәселесі өзекті.  Осыған орай ел Үкіметі жастар мәселесіне  арналған «Мәңгілік ел жастары-индустрияға!»  әлеуметтік  жобасын ұсынды. Бұл жоба «Серпін-2050» деп аталады.

IMG 8621Аталған бағдарлама бойынша Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде құжат қабылдау басталды. Университет ауласы құжаттары мен арман-үмітін арқалап жүрген талапкер мен олардың ата-аналарына лық толы. Бәрі де «Серпін» жобасы бойынша студент атанудан үмітті.
Жобаның негізгі мақсаты – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облысының жастарын халық саны аз қоныстанған аймақтарда тегін білім алуына жағдай жасап, жұмыссыздықтың алдын алу. Бұл жобаға қызығушылық көп болғандықтан болар биыл «Серпінге» бөлінген арнайы  грант 3 есеге өсіп, 6200-ге жетіпті.
Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы 19 жоғары оқу орыны мен 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары білім алуға құштар жастарды құшақ жая қарсы алмақ.
Ө. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің өкілі Тұрсынай  Қожанияз  8 техникалық мамандық бойынша талапкерлерді оқуға шақыратынын жеткізді.

– Біз биыл бұл жобаға бірінші мәрте қатысып отырмыз. Геология және пайдалы қазба орындарын барлау, тау-кен ісі, металлургия, көлік, көлік техникасы және технологиялары, электроэнергетика, технологиялық машиналар және жабдықтар, құрылыс, тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау мамандықтары бойынша құжат қабылдап жатырмыз. Талапкерлердің белсенділігі қуантты. Бізге 150 грант бөлінген. Тәуекелшіл,  білімді, біздің өңірде оқып, жұмыс істеуге бел байлаған жастарды қаламызға оқуға түсуге шақырамыз, – дейді Тұрсынай.
Ұзын-сонар кезекте тұрып, өзіне қажетті ақпаратты сұрап жатқандар жетерлік. Кеңес беретін оқытушылар бар білгенін түсіндіріп, бағдарламаның тиімділігі мен мүмкіндіктерін тәптіштеп түсіндіруде.
Кезек күтіп тұрғандардың бірі  - Әсет Ибраев. Қаламыздағы Н. Оңдасынов атындағы №38 мектепті бітірген. 77 балмен қай жоғары оқу орнына құжат тапсырғаны дұрыс екенін сұрап жүр. 

 MG 8613   MG 8614 

– Мақсатым – ақпараттық жүйелер» мамандығына түсу. Бұл мамандықтың балы  жыл сайын жоғары болатындықтан, «Серпін» бағдарламасы бойынша тапсырып көруге бел будым. Егер жоғары оқу орнына грантқа ілігіп жатсам, Қазақстанның қай қаласында болсын, білім алудан қашпас едім, – дейді ол. Бағдарламаның ОҚО бойынша үйлестірушісі Дамир Жүнісов бұл жобаның әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан түлектер үшін таптырмас қолдау екенін айтады.
– Егер талапкер студент атанып жатса, жоғары оқу орнында оқитындарға ай сайын 16 мың 500 теңге, ал колледж студенттеріне 13 мың 500 теңге шәкіртақы беріледі. Жатақханамен, жолақымен, жылына екі рет – қысқы және жазғы демалыстарда ауылына барып қайту үшін қаржылай көмекпен қамтамасыз етіледі. Оған қоса колледж студенттеріне тәулігіне үш мезгіл ыстық тамақ беріліп, қыстық киімі үшін әр студентке 64 мың теңге бөлінеді, – дейді ол.
Талапкерлерді қабылдау комиссиясы 23 шілде мен 1 тамыз аралығында Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы 5, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және А.Байтұрсынов көшесі 13, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимараттарының 1-ші қабатында орналасқан. Ал колледждерге түсу үшін  талапкерлерді қабылдау комиссиясы Шымкент қаласы, Гагарин көшесі 121 орналасқан №3 колледжде (тел:35-08-84, 31-89-01) және Шымкент қаласы, Қ.Жарқынбеков көшесі 13 орналасқан №4 колледжде (56-34-97, 56-31-19, 56-33-69) орналасқан.

Последнее изменение Понедельник, 27 Июль 2015 04:43