Қаратау ауданы әкімдігінде мүлікті жария ету бойынша құрылған комиссия халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Комиссия мүшелері өткен аптада «Ақжайық», «Достық-2», «Асар-2» шағынауданының тұрғындарымен кездесті.

mulikti zharia etu– Тұрғындардың көпшілігі нақты нені жекешелендіруге болатынынан бейхабар. Сондықтан ауданға қарасты елді мекендерде, орамдарда, шағынаудандарда осындай түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мүлікті жария етудің тиімді жолы тұрғындар әр мекемеге барып, әуре-сарсаңға түспейді. Тек бізге құжаттарын алып келіп, өткізсе болғаны. Үй, қосалқы шаруашылық құрылыстарын осы науқан аясында еш қиындықсыз өз меншігіне рәсімдей алады. Өтініш берілген сәттен бастап 30 күн ішінде комиссияда қаралады. Бүгінгі күнге дейін біз алты мүлікті жария етіп, үйлері толық бітпеген төрт құжатты кері қайтардық, ал 25 құжат жақында комиссия отырысында қаралады, – дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Балмаржан Нарбекова.

Ұлттық сусындарымыздан жасалған балмұздаққа бұл күнде сұраныс артқан. Шымкенттегі «Ладушки» кондитерлік дүкендер желісінің технологы Наиля Махиянова қымыз бен шұбаттан балмұздақ дайындау идеясы осыдан 2 жыл бұрын туғанын айтады.

 MG 7859– Бүгінде жеміс-жидек, жаңғақ, шоколад, не болмаса кофе қосылған балмұздақпен ешкімді де таңғалдыра алмайсыз. Сондықтан ұлттық сусындарымыз, қымыз бен шұбатты қоса отырып, балмұздақ жасау туралы ой келді. Бұл сусындар ақуыздар мен дәрумендердің алмасуын реттеп, ағзаны күшейтеді, жүйке жүйесін нығайтады. Мұндай балмұздақты консервант қоспастан ұзақ мерзімге сақтауға болады, – дейді Наиля Махиянова.
Балмұздақ құрамына  43-45 пайыз қымыз немесе шұбат, 35 пайыз қаймақ, сондай-ақ қант ұнтағы мен жұмыртқаның ағы да қосылады екен. Сан түрлі балмұздақ сөреде самсап тұрғанымен, ұлттық сусыннан жасалған өнім тез таусылып кетіп жатыр.

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті ІХ пленумы өтіп, онда Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілген іс-шаралар қорытындыланды. Пленумға қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты.


 MG 7431– Біз мерекеге дайындықты екі жыл бұрын бастадық. Бастауыш ардагерлер ұйымдарын көптеп құруды қолға алдық. 2013 жылы олардың саны 153 болса, бүгінде 206-ға жетті. Сол бастауыш ұйым қызметкерлерінің арқасында 193 соғыс ардагерімен, 7 майдангер жесірімен, 27 соғыс ардагеріне теңестірілгендермен және 7 мыңнан астам тыл еңбеккерлерімен толық байланыс орнатылды. Олардың 5-нің пәтері күрделі жөндеуден өткізіліп, 63-нің баспанасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – дейді Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай.
Сондай-ақ  «Мастер Дент» тіс емханасы 25 соғыс ардагерінің тісін емдеп, жаңадан протез салып беріпті. 35 ардагер соңғы екі жылда пәтер кілтіне қол жеткізген. Бұдан да басқа ардагерлерге көрсетіліп жатқан қамқорлық аз емес.
Жиын барысында қала әкімнің орынбасары Қайрат Нұртай мерекенің маңыздылығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің атына көше атауын беруге рұқсат берілгенін жеткізіп, іс-шараларды өткізуде белсенділік танытқан Шымкент қалалық ардагерлер кеңесіне алғыс айтты.

Қала әкімі білім
ошақтарындағы құрылыс
жұмыстарымен танысты

Қала мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық жаздың алғашқы күндерінен-ақ басталған. Бүгінде 6 білім ордасы мен 7 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


 MG 7452Білім ошақтарындағы құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Құрылыс сапасы, барлық деңгейдегі жұмыстардың белгіленген кестеге сай жүргізілуі басты назарда. Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептерді аралап, құрылыс жұмыстарының жай-жапсарымен танысты.
Қала әкімі алдымен А.П. Чехов атындағы №21 жалпы орта мектепте болды. Құрылысшылар қызу жұмыс үстінде. Мектептің іші мен сыртқы қабырғалары сыланып, едені мен есік-терезелері ауыстырылуда. Жөндеу жұмыстарына жауапты компания басшылығы атқарылып жатқан іс бойынша баяндап, құрылыс сапасына ерекше мән беріліп жатқанын мәлім етті. Сондай-ақ, келесі нысан – 1974 жылы  пайдалануға берілген Б. Момышұлы атындағы №44 мектепте де күрделі жөндеу жұмысы қарқын алған.
– Мектептің жөндеу жұмысына 289 миллионнан астам теңге бөлінген. Мердігер компания – «Стройсервис Ernur-К» ЖШС-і. Қазір мұнда 170 жұмысшы бар. Құрылыс жұмыстарының ауқымы үлкен. Негізі тамыздың 25-іне дейін аяқтау жоспарланған. Мердігер компания қажет болған жағдайда  жұмысшыларын түнгі ауысымға шығарып, аяқтауға уәде беріп отыр, – дейді мектеп директоры Зүлфия Серікқызы.

 MG 7462Қала әкімі сондай-ақ, Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында, Т. Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясында, А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейде болып мердігер компания басшылары мен мектеп директорларына жұмысты сапалы атқарып, қажет болса жұмысшылардың санын арттыру жөнінде тапсырма берді.
– Ең бастысы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуына мән беру керек. Егер бұл талаптар мердігер компаниялар тарапынан орындалмайтын болса, біз түзілген келісім-шартты бұзуға мәжбүрміз, – деді Дархан Амангелдіұлы жұмыстың маңыздылығын түсіндіріп.
 Өткен жылы Шымкент қалалық білім бөліміне қарасты 29 мектеп пен 8 балабақша күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен болатын. Биыл да мұндай жұмыстар қала әкімінің қатаң қадағалауында тұр.
– Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Барлық мектеп пен балабақшалардағы жұмыстар 25 тамызға дейін бітіп, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайын болуы тиіс, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев журналистерге берген сұхбатында. 

Бiз Елорданы бiрге көркейтемiз!

Пятница, 03 Июль 2015 07:35

Астана – жалынды жастардың қаласы, жарқын болашақтың ордасы. Асыл мұраттар мен биік мақсаттардың тоғысқан жері. Он жеті жыл ішінде еңсе тіктеп, кемел келешекке қол созып, күллі қазақтың мақтанышына айналды.  Есілдің жағасында бой түзеген әсем шаһардың  көркейіп, гүлденуіне үлес қосуға аттанған Оңтүстіктің ұландары әртүрлі салаларда абыройлы еңбек етіп жүр. Олар өздерінің асыл армандарын Астанамен байланыстырады.

100


Заңғар Орманша,elorda 1 
Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті:

– Үш жыл бұрын ауылдан, ата-анамнан жыраққа кеткенімде бойымды қимастық пен қорқыныш билеген. Ал қазір Елбасымыз Н. Назарбаев негізін қалаған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алу бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Жақында өткен Елбасы сайлауында  №4 сайлау округінде үгіт-насихат тобын басқардым. «Жас Отан» ЖҚ Астана қаласындағы филиалында қызмет еткенімде Елордамыздың көшбасшыларымен бірге көркем қаламыздың жастар саясатын дамытуға үлес қостым. Өз оқу орнымның «Жастар саясаты» орталығының төрағалығына сайланғанымда бұл шаһарда армандар орындалып, мақсаттар айқындалатынына, болашағымның  жарқын боларына көзім жетті. Астана – болашақтың қаласы. Армандар мен тілектер орындалатын ұлы мекен.

elorda 2Нұрасыл Мұса,
құрылысшы:

– Астанаға келіп, жұмыс істей бастағаныма алты айдан енді асты. Аз уақыттың ішінде көркемділігімен, сұлулығымен баурап алды. Күн сайын қаншама биік ғимараттар бой көтеруде. Сол ғимараттардың ішінде біздің қолымызбен тұрғызылған нысандардың бар екені, ертең оларда арманы асқақ жас отбасылар қоныстанып, бақытты өмір сүретінін ойласам, бойымды қуаныш пен мақтаныш кернейді. Астана – әр қазақтың мақтанышы деп ойлаймын.  Болашағы кемел. Еңселі қала. Тәуелсіз елдің төрінде орналасқан Астананың әлі де абыройы асқақтайтынына сенемін.

elorda 3Максим Рожин,
әуесқой фотограф:

– Астанаға алғаш рет 2003 жылы келдім. Қонақ болып, студентпін. Ол кезде Бәйтеректің айналасы жазық дала еді. Соның өзінде мені өзіне ғашық етті. Осында келіп, жұмыс істеймін деп мақсат қойдым алдыма. 2006 жылы арманым орындалып,  жұмыс бабымен қоныс аудардым. Ал 2012 жылдан бері қолыма фотоаппарат алып, Астананың айшықтарын, күн сайын өзгерген келбетін кадрге іліп келемін. Жақында Мәскеуде әйгілі ВДНХ көрме алаңында «Халықтар достығы» атты фотокөрмеге екі фотосуретім қойылмақшы. Сондай-ақ, қыстан бері ЭКСПО-ның құрылыс алаңындағы тіршілікті бақылап, суретке түсіріп жүрмін. Күндіз де, түнде де құрылыс қызу қарқын алып, ғимараттар бой көтеріп жатыр. Астана жұмыс істеймін деген кез келген жанға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Тек кілтін табу керек.

elorda 4Марат Айтымбай,
әнші:

– Бір жылдан бері Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясында ән саламын. Шырайлы Шымкентті қимағанмен, ару Астанаға тез бауыр басып үлгердім. Астана – сан түрлі арман қиялдарды жүзеге асырып,сан қилы тағдырларды тоғыстырған көркем қала. Мәдениет пен руханияттың қайнаған қазаны десек те болады.  Шетелге іссапармен барғанымызда «Қазақстаннан келдік» десек, олар бірден Астананы айтады. Елбасымыздың ұстанған сындарлы саясатының арқасында Астананың абыройы асқақтап, еліміз қарыштап дамуда. Біз Елорданы бірге көркейтеміз!

Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәрсен Пернебеков «Оңтүстік» ақпарат орталығында бес айда атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді.

sarsen pernebekovБұл ауруханада екі жылдан бері корейлік және беларустық мамандардың қатысуымен 45 бүйрек ауыстыру отасы жасалған. Ал былтырғы жылдың желтоқсанында ОҚО тарихында алғаш рет беларустық мамандардың қатысуымен бауыр алмастыру отасы сәтті аяқталды. Ал екінші рет осы жылдың мамырында бауыр алмастырылған. Сондай-ақ, 13 дәрігер еліміз бен алыс-жақын шетелдерде «Бауыр трансплантологиясы», «Жедел жағдайлардағы жансақтау және қарқынды терапия», «Клиникалық зертханада иммуноферменттік талдау жасаудың диагностикасы», «Ангиохирургия», «Бас-ми жарақаты кезіндегі жедел жәрдем және хирургиялық емдеу диагностикасы», «Эндоскопиялық көмектің жаңаша тәсілдері» тақырыптарында білімін жетілдіріпті.  – Бүгінгі таңда ауруханамызда 425 төсек-орын бар. Оның 317-сі хирургиялық, 108-і терапиялық салаға арналған. Облыс халқына тәулік бойы хирургия, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық, терапиялық салалар бойынша және жедел, жоспарлы медициналық көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, аурухана базасында аяғы ауыр және жаңадан босанған әйелдерге мамандандырылған хирургиялық көмек көрсететін орталық жұмыс жасайды. Ал «Stealth Station S7» нейронавиягациялық кешен алынғалы бері 14 рет бас миға ота жасалды, – дейді Сәрсен Маханбетұлы

91 егiз, 4 үшем

Пятница, 12 Июнь 2015 06:09

Облыстық №1 перинаталдық орталыққа биыл – 80 жыл. Осы жылдар аралығында бұл перзентханада 300 мыңнан астам сәби дүние есігін ашыпты. Бұл туралы бас дәрігердің орынбасары Ақмарал Елмұрзаева «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

akmaral elmurzaevaПеринаталдық орталықта облысымыздағы 12 ауданнан келген өздігінен босануы қауіпті әйелдер немесе ауыр жағдайда босанған әйелдер,  сондай-ақ аз салмақпен туылған нәрестелер мамандандырылған медициналық көмек алады. Үшінші деңгейдегі мекеме болғандықтан жүкті әйелдердің 22-24 пайызы ота жасау арқылы босандырылады екен.
– Біздің орталықта жыл сайын 10 мыңнан астам әйел босанады. Биылғы жылдың бес айында 4192 сәби өмірге келді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 166 нәрестеге артық. Олардың 91-і егіз, 4-уі үшем. Сегіз жылдан бері бізде «АИТВ инфекциясының баладан анаға берілуінің алдын алу» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде вирустық инфекцияның анадан балаға жұқтыру қатері 2 пайыздан да төмен деңгейде, – дейді Ақмарал Тасмырзақызы.

ҰБТ – шынайы бiлiм көрсеткiшi

Пятница, 12 Июнь 2015 05:50

Шымкент қаласы бойынша орташа балл – 81,8

"Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап" (Абай). Биылғы мектеп түлектерінің барлығы дана Абайдың тәрбиелік мәні зор өлеңдерін оқығаны анық. Алайда, өлеңнен өнеге алып, жадында сақтағандары аз секілді... Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша газетімізде жарияланған сараптамалық мақала осылай басталған екен. Арада жыл өтсе де ұлы Абайдың ұлағатты сөзін мектеп оқушыларының есіне жиі салып отыру қажет-ау, деген ойға келдік.

ubt11Өйткені, басты білім сынағы кезінде ұялы телефонның, «шпаргалка» аталатын көмекші құралдың, есептегіш, тіпті рация көмегін пайдаланғысы келгендердің әлі де көп екені мәлім болды. Дегенмен, тестілеу орталықтарындағы арнайы қондырғылар оларды қолдануға мүмкіндік бермеді. Бүгінде ҰБТ бойынша толық қорытындылар жария етіліп, оқушылардың білім деңгейі бойынша көрсеткіштер жария етілді. Мысалы, республика бойынша орташа балл-79,4 болды, яғни 2014 жылмен салыстырғанда (76,9) 2,5%-ға жоғары. Сондай-ақ, осы жылы 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар саны 2,4%-ға өскен, олар-14 420 (17,4%), 2014 жылы – 13 137 (15%). 50 балдық шекті деңгейлік балды жинаған түлектер саны 4,5%-ға көбейді, яғни 67 497 оқушы (81,4%), ал 2014 жылы олардың саны 67357 (76,9%) еді. ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары 125 балды 5 оқушы алды. Олардың арасында Түлкібас ауданының үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі Лаура Абдазимова да бар.
Оңтүстік Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша 604 үміткер «Алтын белгі» иегері атанды. Биылғы жылы 30982 мектеп бітірушінің 71 пайызы тест тапсырған. Орташа балл – 78,7. Оның ішінде 16924 бітіруші немесе бітірушілердің 93,5 пайызы шектік деңгейден өтіп жоғары оқу орнына түсуге толық мүмкіндік алса, 3398 бітіруші 100 балдан жоғары көрсеткішке ие болған. 124 балды - 5 оқушы, 123 балды - 22 оқушы жинапты. Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Елшиеваның мәлімдеуінше, ҰБТ қорытындысы бойынша Кентау, Түркістан қалалары мен Созақ ауданының түлектері жоғары нәтиже көрсетіп, үздік үштікке еніп отыр. Жалпы өңірдегі білім сапасын арттыруда ілгерілеушілік бар. Мысалы, соңғы төрт жылда облыстың орташа балы 11,8 балға жоғарылап, «Алтын белгі» саны 366-ға артқан. Тест тапсыруға ниет білдірген 18112 бітірушінің 96-сы халықаралық олимпиада мен ғылыми жобалар жарысының жеңімпаздары ретінде тест тапсырудан босатылған.
Шымкент қаласындағы мектептер де білім беру сапасын арттыруды басты міндет етіп айқындағаны анық. Әзірге бізге берілген мәліметтерге жүгінсек, Шымкент қаласы бойынша 3949 түлек бақ сынаған. «Алтын белгіге» үміткер 156 оқушының 80-і білімдерін растаған. Айта кетелік, өткен жылы Шымкент қаласы бойынша «Алтын белгіге» үміткер 213 оқушыдан өз білімін 99 оқушы дәлелдеген болатын. Сондай-ақ, биыл 41 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Орташа балл – 81,8, бұл көрсеткіш өткен жылы 80,1 еді. Қала мектептерінің арасында №7, 23, 38, 47, 65, 90 білім ордалары үздік нәтиже көрсетті.

Страница 14 из 15