Коммуналдық шаруашылық - көпшілік көкейіндегі мәселе

Пятница, 23 Январь 2015 05:20 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3864 раз

Шымкентте аудан әкімдерінің халық алдында бір жыл бойы атқарған жұмыстары туралы есеп беру кездесулері өтуде. Әл-Фараби ауданының әкімі Қалжанов Бауыржан Ахметәліұлының алғашқы кездесуі  «Айқап» шағынауданындағы №62 орта мектепте өтті. Оқу ордасының акт залына «Бозарық» саяжайы, «Отырар», «Айқап», «Спорт», «Самал-1», «Самал-2», «Наурыз», «Түркістан» шағынаудандары мен көше  басқарушылары, орам басшылары, қалалық автомобильді жолдар және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жарқынбек Құрманбек, сонымен қатар сала мамандары қатысты. Аудан әкімінің баяндамасы тыңдалған соң, жергілікті тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Әсіресе, жарық пен жол мәселесіне қатысты сауалдар көп қойылды.

Өткен жылы шешімін тапқан тірліктер көп

al-farabi-akimiАумағы 23 мың 868 гектар жерді алып жатқан ауданда ауданда 219 мыңнан астам халық тұрады. Өткен жылы аудан әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан 705 өтініш келіп түссе, соның 424-і коммуналдық мәселелерге қатысты. Қалғаны әлеуметтік, кәсіпкерлік, көлік және коммуникация, төтенше жағдайларға байланысты және өзге де мәселелерді құрайды. Облыс әкімі тарапынан берілген 18 тапсырманың 9-ы орындалған, ал 9-ы тұрақты бақылауда. Облыс әкімі орынбасарлары тарапынан 13 тапсырма түсіп, 11-і орындалса, ал 2-і тұрақты бақылауға алынған. Қала әкімінен 42 тапсырма түсіп, 32-сі орындалыпты. Өткен жылы елді мекендердің санитарлық жағдайын ретке келтіру үшін қалалық бюджеттен 109 миллион теңге бөлінген. Ауданның тазалығына 6 компания жауапты. Қала құрамына кірген Тассай, Таскен, Мәртөбе, Текесу, Достық елді мекендерінің санитарлық тазалығын қамту үшін 42 миллион 871 мың теңге және ағаштарды қырқып, қурағандарын бұтау үшін 5 миллион 16 мың теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ, аудан әкімі өз баяндамасында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың 2011-2020 жылға дейінгі» бағдарламасы негізінде 12 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілгенін атап өтті. Биыл 30 көпқабатты үйге жөндеу жасалады деп жоспарлануда. Әл-Фараби ауданын газбен қамтамасыз ету үшін 2014 жылы 568,3 миллион теңге бөлініп, 60,7 шақырым газ құбырының құрылысы жүргізілген. Сонымен қатар, электр жүйелерімен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Бозарық» шағынауданына 266,8 миллион теңге бөлініп, 1,1 шақырым электр желісі тартылған. Аудандағы 398 көшенің 37 көшесі жөндеуден өткен. Шалғайда орналасқан шағынаудандардың жолдарына шағал тас төселді. Көпқабатты 79 үйдің 52 ауласына балалар ойын алаңшалары орнатылып,  абаттандырылды. Сонымен қатар, 24 спорт алаңшасы орнатылған.

Тұрғындар жарық пен жол мәселесіне алаңдаулы

DSC 0118Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Ахметәліұлының баяндамасынан соң, жарыссөзге шығып, пікірлерін ортаға салған азаматтар аз болмады. Бірі алғысын жаудырса, енді бірі ұсыныстарын  жеткізді. Жарыссөзге шыққандар 2014 жылы мардымды тірліктердің жүзеге асқанын айта келе, әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін алға тартты. Мысалы, 310 орамның басшысы Қуандық Оразбаев осы елдімекенде жол салынып, көшелерге жарық берілгенін, «Айқап» шағынауданындағы бірнеше көшелерге асфальт төселгенін айта келе, алдағы уақытта да «жол мәселесі шешімін тапса» деген пікірін айтты. «Бозарық» саяжайы  тұрғындарының атынан Алтынкүл Бөлтірікова су мен жарық беріліп, газ құбырларының жүргізілгенін және биылғы жаңа оқу жылында  балалардың жаңа мектепте білім алатынын жеткізді. Дегенмен, саяжайда да көкейтесті мәселелер толығымен шешілмепті.  Тұрғындарды көлік мәселесі қинайды. Қала мен саяжайдың арасында қатынайтын қоғамдық көліктер аз. Дулати көшесінің басқарушысы Темірхан Жүзбаевтың айтуынша, жаяу жүргіншілер жолы жоқ. 351-орам мен «Түркістан» шағынаудандары ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдірашит Әбиев №24 автобус пен  №21 бағыттағы көліктердің жұмысын сынға алды.
– №24 автобустың тоқтап қалған кездері де болды. Сенбі, жексенбі күндері өте аз жүреді. «Нұрсәт» шағынауданындағы № 3 емханаға баратын қоғамдық көлік жоқ. Ақсақалдардың онда жетуі қиынға соғуда. Осыған орай, №24, №21 автобустардың бағытын емханаға дейін созып берулеріңізді сұраймыз, – деді Ә.Әбиев.
Қалалық көлік және автомобильді жолдар бөлімінің бас маманы Хамит Тулембаевтың айтуынша, «Экспресс» ЖШС-не қарайтын №24 бағыт бойынша алты автобус қызмет көрсетуде. Автобустардың рейске шықпай қойған кездері болған. Ал, №21 бағыт бойынша бір аптаның ішінде 7 минут арақашықтықпен жүру туралы талап қойылды. Оны орындамаған жағдайда келісім-шарт бұзылады.
Аудан әкіміне жазбаша түрде 20-ға жуық сұрақтар келіп түсті. Оның басым бөлігіне нақты жауаптар беріліп, кейбірі Бауыржан Ахметәліұлының назарына алынды. «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғындары «электрмен қамтамасыз ету құрылғылары жекенің қолында және сапасыз, мемлекеттің меншігіне қашан өтеді?» деген сауал жолдапты. Қалалық автомобильді жолдар және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы  бөлімінің басшысы Жарқынбек Құрманбек бұл мәселе бойынша жобалық-сметалық құжаттар сараптамадан өтіп, 300 миллион теңге қаралғанын және келесі жылы шешімін табатынын айтты. «Айқап» шағынауданының тұрғындары ирригация мәселесінің өзекті екенін жеткізді. Ж.Құрманбек қаржы бөлінген жағдайда ирригация мәселесінің шешілетінін және бұл ретте ұсыныс берілгенін тілге тиек етті. Байтұрсынов көшесі №73 үйдің тұрғыны Қайрат Құптанов ауланың елеусіз қалғанын және жолдар ескіріп, балалар алаңшасының жоқтығын айтты. «Аудан бойынша барлығы 451 аула бар және биыл оның 200-ге жуығын абаттандыруымыз қажет. Ол үшін бюджеттен тиісті қаржы қаралды. Сметалар дайындалды. Енді бюджеттің қайта есептелуін күтіп отырмыз. Қашан жөнделетіні сол кезде мәлім болады», – деп жауап берді аудан әкімі. Ал, Түркістан көшесінің тұрғындары бөтен адамдардың көлігінен мезі болған. Аулаларында өздерінің көліктерін қояр жер жоқ. Осыған орай, олар «аулаға кіреберіске шлагбаум қойылса екен» деп сауал жолдады. Ортақ пайдаланудағы жер болғандықтан, әкім онда шлагбаум қоюға болмайтынын ескертті.

Қалаға қосылған елді мекендер мәселесі шешілуде

Әл-Фараби ауданы әкімінің кезекті есебі «Тассай» тұрғын алабындағы №116 мектепте жалғасын тапты. Онда қаланың құрамына өткен елді мекендердің тұрғындары көптеп жиналды. Бұл кездесуге қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов та қатысты. «Таскен» тұрғын алабының  тұрғыны Тәжібек Аблаев өткен жылы жолдарға асфальт төселіп, халықтың қуанғанын, бірақ әлі де жөндеу көрмеген жолдардың бар екенін алға тартты. Сонымен қатар, жарық, газ мәселесі қинайтынын айтты. Бауыржан Ахметәліұлы «қалаға қосылған елді мекен тұрғындарының барлық коммуналдық мәселелері шешімін табады» деп жауап берді. Ал, Елубай Нұрлыбаевтың айтуынша, қала құрамына кіргелі бері шаһардағы емханаларға жету қиындапты.
– Бұрын Ақсукенттегі емханаға бару үшін қиналмайтын едік. Автобус та жүреді, жол-жөнекей көліктер де зымырап тұр. Қалаға қосылғалы бері қаланың әр шетіндегі емханаларға бөлген. Онда бірнеше автобуспен жетуге мәжбүрміз. Балалы әйелдер, қарт кісілер бар. Соларға қиын болды. Көлік мәселесі шешілсе екен, – деді Е. Нұрлыбаев.
 Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов «бұл мәселе шешімін табады, қосымша бағытта көлік жүргізу үшін көлік компанияларымен ақылдасудамыз», – деп жауап берді.  
Қала құрамына қосылған елді мекенге қатысты әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер жеткілікті. Мәселен, үйдің  атына мемлекеттік акт алу, балабақша, жол мәселелері өзекті. Бұл ретте Б.Жанбосынов «Тассайда» балабақша ашу үшін құжаттар дайындалып жатқанын және «Таскенде» болашақта тағы бір мектеп салу қажеттігін айтып өтті. Сонымен қатар, тұрғын алаптарының арасы алыстау болғандықтан, шағын автобустар жүргізіледі деген жаңалығымен бөлісті. Тұрғындардың қоқыс шығаруға қатысты көтерген мәселесіне орай, бұл аумақта  қоқысты қай компанияның  шығаратыны әзірге белгісіз, шешілу үстінде екен. Алдағы уақытта қаладағыдай заманауи қоқыс жәшіктері қойылады.
Кездесу соңында аудан әкімі Бауыржан Ахметәліұлы қалаға қосылған елді мекендердің мәселелері арнайы түзілген коммуналдық кесте негізінде шешімін табатынын мәлімдеді.
Ал, халық тарапынан әкімнің есебіне оң баға берілді. Биыл да еңбегіне жеміс тілеп, кездесуде айтылған су, газ, жол, жарық мәселелерінің  шешілетініне сенім білдірілді.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.