Әлеуметтiк саланың әлеуетi артқан

Пятница, 23 Январь 2015 05:39 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4543 раз

Өткенге көз жүгіртіп, жұмысты екшеп алғанда ғана жұмыс жанданбақ. Әкімдердің жыл бойы атқарған жұмысын талдап, бағасын берер сәт те келді. Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов ел алдында есеп беріп, өткен жылды қорытты. Рас, әкімнің  жұмысын бағалайтын халық.

enbekshi otchetyҚалалық мәслихаттың 20.03.2014 жылғы №33/214-5с шешіміне сәйкес, аудан аумағына 21 елді мекен қосылып, Еңбекші ауданының жалпы халық саны 322 мыңнан асты. Аудан әкімі Ғалымжан Молдабайұлының ел алдындағы есеп беру жиыны алдымен «Оңтүстік» тұрғын алабындағы №127 мектепте өтті. Оған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қала бөлімінің басшылары, аудан тұрғындары, үй-көше комитетінің төрағалары қатысты. Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов та шақырылған.  
Ел назарына әуелі межеленген жұмыстар баяндалған  бейнеролик ұсынылып, әрі қарай аудан әкімінің баяндамасы тыңдалды. 2014 жылдың есебіндегі жұмыстарды саралаған аудан әкімі бірқатар азаматтарға алғысын айтты. Әсіресе, олардың әлеуметтік салаға қосқан үлесі зор.
Енді, баяндамадағы мәліметтерге сүйене отырып, өткен жылы межесіне жеткен жұмыстардың негізгілерін айта кетсек. Аудан аумағында 194 өндірістік өнеркәсіп болса, былтыр индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 9 өндіріс іске қосылды. Олар – «Фирма Дана» ЖШС (әйнекті қайта өңдеу), «Назар Текстиль» ЖШС (кілем өндірісі), «Каzbiolife» ЖШС (гофрокартон өндірісі), «Tektum Engineering» ЖШС (түрлі-түсті шифер өндіретін зауыт) т.б.
Аудан аумағында  2014 жылы заңсыз сауда орындары мен жарнама тақтайшаларын жою бойынша 56 іс-шара ұйымдастырылып, 426 заңсыз жарнама мен штендерлер алынды. Қалалық әкімдік қолға алған «Таза ниетпен, таза қалаға» байқауы бойынша «Үлгілі аула» номинациясына ауданнан 57 көпқабатты тұрғын үй қатысқан.
Аула алдындағы жолдарды кеңейту, көлік тұрағын орнату, ирригациялық жүйелерді қайта құру, балалар ойын кешені, кіреберіс алдындағы декоративтік қоршаулар орнату секілді жұмыстар да жетерлік.  Мәселен, Цементшілер және 11  шағынауданындағы 69 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы (478, 7 млн. теңге) орнатылды.
Жалпы, қала тұрғындарының жиі шағымданатыны – табиғи газ, ауыз су және автокөлік жолдарын жөндеу мәселелері екені белгілі. Бұл салада да ауданда ілкімді істер бар. Былтыр  «Шаңырақ» (213,5 млн. теңге) және «Бадам» шағынауданы бойынша (40,0 млн. теңге) табиғи газдың, «Тассай» шағынауданында (260,2 млн. теңге) электр қуатының, «Бадам – 1» тұрғын алабында (95,0 млн. теңге) ауыз су жүйелерінің құрылыстары жүргізілген.
16, 343 шақырым 33 көшені орташа жөндеу, 2, 918 шақырымды 3 көшеге аяқ жол салу, ұзындығы 14,9 шақырымды 24 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Аудан әкімдігі Сайрам, Төлеби аудандарынан қосылған  21 елді мекеннің автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге, асфальт қабатының тозығы жеткен көшелерді орташа жөндеу және шағал тас төсеу жұмыстары бойынша 2014-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспарын жасапты.

Су спорты мектебінің құрылысы – елеулі оқиға

enbekshi otchety111Ұдайы мемлекеттің қамқорлығында болатын саланың бірі – білім және медицина. Ауданда өткен жылы 1115 орындық 6 жекеменшік балабақшамен қатар, Еламан көшесіндегі 1200 орындық мектеп ел игілігіне берілген.
Ауданда ел қуанған істердің тағы бірі – «Елтай» тұрғын алабында күніне 20 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның  пайдалануға берілуі. Ал Тоғыс тұрғын алабында 100 адамды қабылдайтын «Қазығұрт» дәрігерлік амбулаториясының құрылысы да біткен.
Расын айту керек, «Маятас» тұрғын алабында басталған ОҚО су спорты мектебінің құрылысы елеулі оқиға. Оған облыстық бюджеттен 617,8 млн.теңге бөлінген. 2015 жылы аяқтау жоспарда.
Аудан әкімінің ел алдында  баяндаған жұмыстары көптің көңілінен шықты. Мұны жарыссөзге шыққан облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары да ашық айтты. Бірінші сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Бахрам Абдукаримов «аудан әкімімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Шешімін тапқандар да, шешетін мәселелер де жетерлік. Аудан әкімінің атқарған жұмысына оң баға беремін. Әрі қарай да  бірге жұмыс істейміз», – деді.
Қалалық мәслихат депутаты Оразбек Ешімбетов те жұмыстарды жоғары бағалайтынын айта келе, «Зеленая балка»  мәселесін шешуді өтінді: «Әлі де алда атқарар жұмыстар көп. Алматы жақтан келе жатқанда «Зеленая балканың» жағдайы көзге оғаш көрінеді. Егер бір үй өртенетін болса, барлық үй отқа орануы мүмкін. Одан кейін тұрғындардың үйіне кіріп шығатын жол жоқ. Осыны назарға алсаңыздар. Соны басқа жаққа көшіріп немесе инвесторларға жер беріп, көпқабатты тұрғын үй салып, мәселені тезірек шешсек».  
Есеп барысында тұрғындар жазбаша, ауызша сұрақтарын да қойды. «Тоғыс» ауылының тұрғыны Ермахан Түктібаев салық төлеу, құжаттандыру мәселесі шешімін тапса дейді. «Біздің ауылдың негізгі күн көрісі – ауылшаруашылығы. Бізді қинайтыны – «Қазығұрт» тұрғын алабы бөлімшесінде төрт қызметкер ғана жұмыс істейді. Штатты көбейтуді сұраймыз. Қызметкерлер үлгермей жатыр. Одан кейін сол бөлімге қызметтік көлік қарастырылса», деген  уәжіне аудан әкімі байыппен жауап берді. «Штаттың саны көп болғаны жақсы. Бірақ, ол келешек те шешілер. Қалаға берілген лимиттің көлемінде жұмыс істеп жатырмыз. Үкіметтің бекіткен қаулысына сәйкес, аудан әкіміне екі автокөлік қарастырылған. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына өтінішпен шыққанбыз», – деді Ғалымжан Молдабайұлы.
Қаратөбе тас жолы бойындағы №36 көше комитетінің төрайымы Білімжан Боташова да «Зеленая балка» мәселесін көтерді. Ол теміржол бойымен жүретін балалардың жағдайын айтып, аяқ жол салып беруді сұрады. Сонымен бірге,  Нұрлыбаев көшесіне жарықтандыру жүргізіліп, бейнебақылау қойылса.
Жиынның соңына қарай аудан әкімі әрбір айтылған ұсыныстар мен сұрақтарға жауап берді. Ауызша, жазбаша қойылған сұрақтардың бәрі де бақылауда болатынын айтты. «Зеленая балканың» жағдайы расында да  өзекті екенін жасырған жоқ. Аудан әкімінің айтуынша, ондағы әрбір үйді зерттеп, халықтың нақты санын білу мүмкін емес. «Біз кәсіпкерлерге де шығып көрдік. Бірақ темір жолдың жақын болуына байланысты көпқабатты үй салудан бас тартады. Біздің ұсыныстарымыз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде жатыр. Қала бөлімінің басшысын сол жерге ертіп барып, көрсетеміз», – дейді ол.

Бірлікпен татулықты дәріптейтін іс-шараларға басымдық беріледі

Еңбекші ауданы әкімдігінің тұрғындарға есеп беру кездесуі «Сайрам» тұрғын алабындағы облыстық өзбек драма театрында жалғасты. Мәдениет үйіне халық көп жиналыпты. Мұнда да аудан әкімінің баяндамасы тыңдалып, жыл бойы атқарылған жұмыс таразыланды. Тұрғындардың ұсынысы, сауалдары да жетерлік.  
Жарыссөзге шыққан Еңбекші аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бердіқұл Садықов әкімнің жұмысына рахметін айтып, барлық салада алға ілгерілеушілік барын мәлімдеді. «Сайрам» тұрғын алабының төбе биі Құрбанбай Шәмшіметовтің те пікірі осындай. Өркенді өзгерістер баршылық. Білім нысандары көптеп ашылды.
Тұрғындардың қойған сұрақтарының дені қоғамдық көлік, автомобиль жолдарын тәртіпке келтіруге қатысты. Мәселен, «Шапырашты» ауылының тұрғыны Орынбасар Жолдасмұратов  «Қоғамдық көлік мәселесін шешсеңіздер. Оны жүргізгенмен, бақылау жоқ. Графикпен жүрмейді көбісі. Бұл мәселе бойынша қала әкіміне де ұсыныспен шықтық. Оң шешімін табады деп сенім білдірген. Аялдамалар да орнатылды. Қоғамдық көліктердің кесте бойынша жүрмейтіні халықты қинайды», деген уәжін жеткізді.  Ал Бадам тұрғын алабы көше комитетінің төрағасы Әбдірахман Әбдірашитов былай дейді: «Бадам ауылында екі мектеп бар. Қазақ және өзбек мектебі. Ленгір тас жолы бойында орналасқан мектептің жанынан автокөліктер зулап өтеді. Осы мектептің тұсынан бағдаршам қойып берсе екен. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін».
Осындай қоғамдық көлік мәселесі мазалаған тұрғындарға қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев жауап берді. Оның мәлімдеуінше, «Шапырашты» ауылына №140 бағытта шағын автобус жүріп жатыр. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, графиктер санын көбейту бойынша келіссөздер де жасалуда. Осы айдың соңына қарай бұл мәселе шешімін таппақ.  Ал 2016 жылға қарай он алты бағдаршам орнату бойынша бюджетке ұсыныс берілген. Қаржы бөлінсе, бұл мәселе де шешіледі.
Аудан әкімі Ғалымжан Ильясов бұл мәселеге былай пікірін білдірді: «Аялдамалар қою, жарықтандыру жұмыстары әлі біткен жоқ. Ленгір тас жолы бойындағы №105 мектептің қасына бағдаршам орнатуды біз 2013 жылдан бері айтып келеміз. Жақында жаяу жүргіншілер жолағы жасалды. Бұдан қала әкімі де хабардар. Ақпан айында бюджетті нақтылау болады. Сол кезде балалардың қауіпсіздігі үшін осы мәселені қоямыз».  
Есептің соңында аудан әкімі 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70  жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекелерін жоғары деңгейде атап өту қажеттігінен де құлағдар етті. 2015 жыл – Қазақстан халқы ассамблеясы жылы деп жарияланғандықтан елдің бірлігі мен татутылығын дәріптейтін іс-шараларға басымдық беріледі.
Сондай-ақ, аудан аумағын абаттандыру мен санитарлық  тазалық сақтау күнделікті бақылауда болатын мәселе.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.