Ұлы Дала ұрпақтарының мақсаты – мемлекеттi Мәңгiлiк Ел жасау Избранное

Пятница, 18 Сентябрь 2015 05:30 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 20354 раз

Астанада мерейлі мерекеге арналған салтанатты жиын өтті

Биыл қазақтың тарихы қайта жаңғырып, өткенге салауат айтып, болашаққа тағы бір қадам жасаған ерекше жыл. Нақтырақ айтсақ, қазақ мемлекеттілігінің негізі болған – Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып отыр. Бұл – торқалы той, мерейлі мереке. Өткенге үңілсек, қазақтың тамыры тереңде. Олай болса, бабалар жүріп өткен сүрлеуі мол соқпақты жолды жадымызда тоқу – әрбір қазақтың парызы.

uly dala 38

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шара еліміздің бас қаласы – Астана шаһарынан бастау алды. Тәуелсіздік сарайында өткен мәртебелі жиынға Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз  Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Салтанатты жиынға қатысушылар алдында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.
– Қазақ хандығының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі торқалы  тоймен шын жүректен құттықтаймын! – деп бастады Елбасы өз сөзін. – Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр. Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын.

Елбасы өз сөзінде «Тәуелсіздік» атты киелі дүниеге тәу ете отырып, оның ұлтымызға бергенін әлі де беретіні мол екенін алға тартты.  «Тәуелсіздік – қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұлан-ғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынның арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты», – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы ұлтымыздың сан ғасырлық тарихына тағы да назар аударып, бабалар мұрасының даңғыл жолына тоқталды. Елбасының айтуынша, Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды.
– Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды, – деді Н. Назарбаев.
Салтанатты шарада Елбасы түркі мемлекеттерінің бірлігі туралы да сөз қозғап, әрдайым бірлікте, ынтымақта болуға шақырды. «Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік - біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады», – деді Н. Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректеріне сүйене отырып, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде болған тарихи оқиғаға да тоқталды. «Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұлан-ғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді», – деді Н. Назарбаев.
Айта кетерлік жайт, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрын: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген еді. Салтанатты жиында сол сөзінің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» деп бөлісті.
– Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы торқалы тойға қатысты өзінің жүрекжарды тілегін де білдірді.
– Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол – қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың аруағы жар болсын! Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын!» – деп түйіндеді сөзін Елбасы.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.