Жаңарған мәслихат жұмысын бастады

Среда, 30 Март 2016 05:38 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3795 раз

Алтыншы шақырылымдағы Шымкент  қалалық мәслихатының бірінші сессиясы өтіп, жаңадан сайланған депутаттарға жаңа міндеттер жүктелді. Сессия жұмысына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

56f5165488fe3Алдымен Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Марс Елекеев жаңарған мәслихаттың депутаттарына төсбелгі тапсырды. Одан кейін депутаттар бірінші сессияның төрағасын сайлады. Көпшіліктің қолдауымен бұл міндетті атқаруға Еркін Сатқанбаев лайық деп танылды.
Әрі қарай күн тәртібіндегі негізгі мәселелер – жаңадан жасақталған мәслихаттың хатшысын сайлау, тұрақты комиссиялар құрып, олардың төрағалары мен мүшелерін сайлау еді.
Алтыншы шақырылған қалалық мәслихаттың хатшылығына ұсынылған Нұрлан Бекназаровтың кандидатурасы да бірауыздан қолдау тапты. Нұрлан Құдиярұлы өткен шақырылымда бұл қызметті абыроймен атқарған. Өз кезегінде мәслихат хатшысы тұрақты комиссиялардың кеңейгенін, жұмыс ауқымының артқанын айта келе, сенімді ақтауға барын салатынын жеткізді.
Сессия барысында мәслихаттың тұрақты комиссиялары да құрылды. Қаланың әлеуметтік-даму мәселелерін шешуде жұмыс істейтін бес комиссия
– бюджет және басқару, экономикалық даму мәселелері, әлеуметтік саланы дамыту, жергілікті өзін-өзі басқару, заңдылықты сақтау және депутаттық этика, әкімшілік-аумақтық мәселелер комиссиялары. Олардың төрағалары да белгілі. Сондай-ақ, депутаттардың бәрі де тұрақты комиссиялардың мүшелігіне сайланды.
Сессия жұмысына қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов барша депутаттарды жеңісімен құттықтады.
– Маңызды шешімдер қабылданып отыр. Мақсатымыз айқын. Әрі қарай да «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыруға күш саламыз. Одан бөлек, қаланың даму концепциясын іске асыру міндеті тұр. Барлықтарыңызға жемісті жұмыс тілеймін, – деді қала әкімі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.