Бейбiтшiлiкке ұмтылу – әлемдiк өркениеттiң негiзгi құндылығы Избранное

Среда, 13 Апрель 2016 04:53 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 7276 раз

АҚШ астанасы Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит шеңберінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жария етілген болатын. Елбасымыздың ядролық қарусыз әлем құру, ғаламдық ядролық қауіпті қысқарту саласында халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін үйлестіру маңыздылығы туралы бастамаларының өзектілігін тағы да айқындады. Айта кетерлігі, Елбасы манифесі таяуда БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Манифест барлық мүше мемлекеттерге қолжетімді БҰҰ Хатшылығының электрондық жүйесіне орналастырылды. Бүгінгі таңда әлемнің жетекші сарапшылары мен ғалымдары, сонымен қатар, өз еліміздің жұртшылығы да Елбасының бітімгерлік бастамасына қызу қолдау көрсетуде.

Елбасы манифесі Вашингтондағы Карнеги қорының штаб-пәтерінде АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен өткен кездесуі кезінде жан-жақты талқыланған еді. Онда соңғы 25-30 жыл бедерінде болған аса маңызды оқиғалар мен шешімдер терең талдау жасала отырып мазмұндалып, өткен кезеңге оның адамзат өміріне, бүкіл жер беті халқының қауіпсіздігіне тигізген ықпалына объективті баға берілген болатын. 
Вашингтондағы Президенттің ұсынысы – манифестің өмірге келуі әлемнің бейбіт қалыпта өрістеуіндегі маңызды құжат. Онда әлемдегі ты-ныштықты сақтау жолында не істеу керектігі жайында нақты ұсыныстар, планетадағы өркениеттердің бір-бірімен бейбіт қатынастарда болуы жолында әлемдік азаматтық қоғам мен жаһандағы мемлекет басшыларының неге баса назар аударуы қажеттігі көрсетілген. 
– Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елесі сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс! Жер өркениеті, ғалымдардың есебі бойынша, 15 мыңнан астам соғысты, яғни әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткерген. Оларда жүздеген миллион адам қаза тауып, Жер бетінен қалалар мен елдер жоғалған, мәдениеттер мен өркениеттер жойылған. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады, – деді Елбасы өз манифесінде. 
Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің ғана емес, сондай-ақ, дүниежүзі халқының аңсарын білдіретін баламасыз мәселені төтесінен қойды, қауіптің алдын алуға шақырды. Ал оны оң шешу соғыс ықтималдығын жоққа шығарады, бұл, өз кезегінде, адамзаттың бейбітшілік пен келісім арнасында дамуына мүмкіндік береді.
– Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе. Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр. Соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті. Бұл міндетті әлемдік көшбасшылар жаһандық күн тәртібіндегі өзге проблемалардың аясында абсолютті басымдық ретінде қарастыруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы атап өткендей, ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Бізде мұндай мүмкіндік енді болмайды. Бұлай болмаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың тіршілік белгісі байқалмайтын орасан зор үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз бірегей, бізде мұнан басқа планета жоқ және болмайды да. Елбасы бұл ретте адамзатқа «ХХІ ҒАСЫР: 
СОҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» атты кең ауқымды бағдарлама қажеттігін айтты.

– Бұл жаһандық стратегия ұлттың соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттерін айқындауға тиіс. Бұл құжатта үш басты қағидатты нақты мазмұндау керек. Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлемдік қоғамдастық іс-қимылының тұтастық алгоритмдерін мына бағыттар бойынша осы кешенді негізде түзу керектігін жеткізді.

БІРІНШІ. Ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу. Бұл бағыттағы маңызды қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Қазақстан 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жапты. Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға. Жас мемлекет содан соң КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі төртінші әлеуетіне және оны жеткізу құралдарына иелік етуден өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жетекші ядролық державаларды ядролық сынаққа мораторий жариялауға қозғау салды. 20 жыл бұрын БҰҰ аясында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды және қол қою үшін ашық деп жарияланды, бірақ ол осы күнге дейін күшіне енбей келеді. Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды.
Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттердің маңызы аса жоғары.
Енді өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал.
ЕКІНШІ. ХХІ ғасырда өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру қажет. Әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар Антарктиданы, Латын Америкасын, Африканы, Австралия мен Океанияны қоса алғанда, іс жүзінде бүкіл Оңтүстік жарты шарды қамтиды. Олардың ішіндегі ең «жасы» 10 жыл бұрын Семейде өңірдің бес мемлекеті құрған орталықазиялық ядросыз аймақ болып табылады. Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру жөніндегі халықаралық күш-жігерді белсендірек ете түсу керек. 1992 жылы Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға бастамашы болды.
Аталған форум құрлықтың 27 мемлекетінің, БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен жаңа ғасырда табысты түрде институттандырылды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы көпқырлы ынтымақтастық зор маңызға ие. Оңтүстік Америкадағы, Оңтүстік Атлантикадағы, Үнді мұхитындағы Бейбітшілік аймағы айтарлықтай әлеуетті иеленіп отыр. Жинақталған барлық тәжірибені арнайы халықаралық құқық негізінде кең ауқымды Бейбітшілік Ареалдарын құру үшін қолдану қажет. Оларда, әрине, соғыстар мен жанжалдарға орын болмауы керек. Бейбітшілік Ареалдарындағы қауіпсіздік пен даму мәселелеріне БҰҰ-на мүше барлық мемлекеттер, сондай-ақ, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі кепілдік бере алады.
ҮШІНШІ. ХХІ ғасырда милитаризмнің жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп, кең ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін әскери блоктар секілді рудиментін еңсеру керек. Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок бар болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық. Күш қарсы күшті тудырады. Әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздікке өзінің жауапкершілігін әркез сезіне бермейтін түрлі мемлекеттер де еніп отыр. Оның үстіне, әскери блок зонттарын, өздерінің тікелей көршілерін қоса алғанда, үшінші елдермен өзара қарым-қатынасында басымдық алу үшін пайдалануға әрекеттенушілік те жоқ емес. Осылайша қарсы тұру ахуалы жекелеген өңірлерде, сондай-ақ, бүкіл жаһандық кеңістікте шексіз жалғаса беруі ықтимал. Бұған қоса, өткен соғыстар мен жанжалдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өзіңнің қауіпсіздігіңді өзге мемлекеттердің қауіпсіздігіне қысым жасау есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан әскери блоктарға БҰҰ туы астында Мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолы үшін жаһандық коалициясын қарсы қою қажет. Таяудағы онжылдықтың жалпыға ортақ міндеті Ауғанстандағы, Ирактағы, Йемендегі, Ливия мен Сириядағы, Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палестина-Израиль текетіресін тоқтату болуға тиіс. Корей түбегі, Оңтүстік-Қытай теңізі акваториясы және Арктикадағы ахуалдың қаупінің әлеуетін азайту міндеті тұр.
ТӨРТІНШІ. Халықаралық қарусыздану үдерістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу маңызды. Зымыранға қарсы жүйелер мен кәдімгі қару-жарақ жөніндегі бұрынғы уағдаластықтар кезіндегі алысты болжай алмаушылық Еуразия кеңістігін саяси милитарландыруға алып келді. Бұл, тіпті, қорғанысты басқарудың электрондық жүйесінің ықтимал ақауына байланысты жаһандық соғыстың басталу қаупін күшейте түседі. БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің жаңа стратегиясы қажет. Алдымызда мүлде жаңа қатер – терроршылардың қолындағы аса қауіпті қаруға айналуы мүмкін киберқылмысты жоюмен айналысу міндеті тұр.
БЕСІНШІ. Соғыссыз әлем – бұл, бірінші кезекте, халықаралық қаржы, сауда-саттық және даму саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмасы. БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстан Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045 Жоспарын жасау бастамасын ілгерілетті. Бұл Жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюды көздейді. Барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға теңдей және әділетті қолжетімділігі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызды. Оны БҰҰ-ның 100 жылдығы мерейтойына қарай жүзеге асыру ұсынылып отыр. Қазақстан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады. Оның барысында ХХІ ғасырда қиратып-бүлдіруге әкеліп соқтыратын соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында халықаралық құқықтың қағидаттарын қуаттаған жөн. Ақыл мен үнқатысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақыру әректі жаһандық әлем қарсыластарының ақпараттық шабуылдарының құрбандықтарына айналмауға тиіс.
Елбасы Н. Назарбаев қорытынды пікірінде ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керектігін, адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керектігін ерекше атап өтті. 
– Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ, – деді Елбасы.

  Пікір

Дер кезiнде жарияланған құжат

иссамуддинИсамудин РЫСБАЙ, 
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Ешкімге жасырын емес, жаһандық мәселелердің ішінде әртүрлі сипаттағы соғыстар кейінгі ұрпақтың өсіп-жетілуіне тікелей әсер ететіні анық. Бұл тұрғыда, Елбасы өзінің үндеухатында түрлі қатерлі аурулардың тамырына балта шабылғанымен, соғыс вирусына төтеп беру қиынға соғып жатқанын айтты. Елбасы көтеріп отырған мәселе тек бір ғана аумақты емес, бүкіл дүниежүзінің болашақтағы өмірін айқындайды. Аталған қауіп-қатерлердің дер кезінде шешімі табылмаса, жер шарындағы адамзат баласының жойылып кету қаупі бар екені анық. Қабылданған манифест бойынша әлемдік қоғамдастық іс-қимылының негізгі қауіп-қатерлердің алдын алуына бірнеше амал-әрекеттер қарастырылған. Олар арқылы дүниежүзіндегі тепе-теңдікті сақтап тұруға толық сенім бар.
Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында барлық елдің қатысуымен терроризмге қарсы күрестің жаһандық желісін құру қажеттілігінің де пісіп-жетілгендігін алға тартуы бүгінгі үрейлі әлемнің жарияланбаған соғыстан жеңіліс таппауын алдын ала ойлағандығы еді. Себебі, мұнда жалпы адамзаттың тағдыры жатыр.
Өз басым, Елбасы бұл манифесін дер шағында, нағыз қажет кезде жариялады деп білемін. Себебі, бүгінде әлемдегі геосаяси жағдайдың қандай деңгейде екені баршамызға мәлім. Қазір әлемдік қауымдастық дауласқанды татуластыратын, жауласқанды жақындастыратын салиқалы сөз, салмақты ойға мұқтаж. Ал бейбітшілікке шақырған біздің Президенттің үндеуі сол талаптардың үдесінен толығымен шығып отыр. Сондықтан да, әлемдік ақпарат құралдары мен белгілі саяси тұлғалар Қазақстан басшысының манифесіне ерекше мән беруде.


Бейбiт өмiрдiң дара

жолын көрсеттi

Ахметбаев-ГаниҒани АХМЕТБАЕВ,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Әлем халқы үшін ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің маңызы аса жоғары. Әлем мұндай жиындарға абыройлы жолы, айтар байламды сөзі бар мемлекеттердің қатысқанын қалайды. Келелі сұхбат алаңына айналған Вашингтон саммиті осы ойымызды айғақтай түсті.
Саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіләлемдік саммитте ядролық қаруланудың, соғыс өртін өршітудің жаһандық зардаптары жөнінде айта келіп, жер жүзіндегі саяси, қоғамдық қайраткерлерді, мемлекет, белгілі ұйымдар басшыларын оған қарсы әрекет етуге шақырды. ХХІ ғасырды соғыссыз ету үшін арнайы бағдарлама жасау керектігін айтты. Елбасы бұл үрдістің қауіптілігін түсіндіріп қана қойған жоқ, батыл да нақты ұсыныстарын ортаға салып, болашақтың бейбіт дидары қандай болуы керектігін дәлелді сөзбен дәйектеп берді.
Мемлекет басшысы әлемде бейбітшіліктің берік орнығуы жолындағы көптеген істерге бастамашы болды. Шын мәнінде, тәу етер тәуелсіздігімізді тарихтағы тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыруға толық хақымыз бар. Елбасы сол бейбіт өмірге ұмтылған дара жолын әлі жалғастырып келеді. Сондықтан ХХІ ғасырда әлемге тыныштық тілеп, үлкен мәселе көтерген Елбасының бұл манифесі өте маңызды. Бүкіл әлем бейбітшілік үшін күресу керек.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.