×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Дүниежүзiлiк банк агломерациялық дамуды қолдайды

Среда, 15 Июнь 2016 04:22 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4012 раз

Кеше қала әкімдігінің мәжіліс залында Шымкент агломерациясын дамыту бойынша стратегиялық баяндамалар тыңдалды. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжіліске Дүниежүзілік банк өкілдері Шаолян Ванг, Стив Буджс, сондай-ақ Шымкенттің агломерациялық аумағына қарайтын Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Бәйдібек, Түлкібас, Қазығұрт аудандары мен Арыс қаласы өкілдері және облыстық басқарма басшылары қатысты.

– Агломерациялық даму орталығы ретінде Шымкент қаласының таңдалуы бекер емес. Халқы өте тығыз орналасқан, басқа облыстарға қарағанда демографиялық өсу көрсеткіші жоғары, шаруашылыққа жайлы және ауа райы қолайлы. Агломерациялық даму бағытында Шымкент қаласы тек даму ядросы ғана болып қалмайды. Сонымен қатар, «Ұлы Жібек Жолының» жүрегіне айналу мүмкіндігі де зор, – деді қала әкімі Ғ.Рахматоллаұлы оңтүстіктегі жұмыс күшінің пәрменділігі мен өмір сүру сапасының жыл сайын жақсару тұрақтылығын да алға тартып.

«Орталықтары Шымкент және Ақтөбе қалаларында орналасқан қалалық агломерациялардың стратегиялық және институционалдық жол картасын әзірлеу» бағытын талқылаған жиында ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары С.Жаппарқұлов баяндама жасады. Шымкент қаласының бас жоспарымен және индустриялық аймақтардың жобасымен таныстырды. Ал ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Н.Байғұт агломерациялық даму орталығы болып табылатын Шымкент қаласы мен Арыс қаласын, Сайрам, Төлеби, Ордабасы, Бәйдібек, Түлкібас, Қазығұрт аудандарының арасын жалғайтын жолдардың жағдайын түсіндірді.

Осы орайда, қала әкімі Сарыағаш ауданын да агломерациялық даму аймағына қосуға ұсыныс білдіргенін мәлімдеді.

– Сарыағашта минералды су, шипажайлар, сауықтыру орталықтары, гольф клубы бар. Оның үстіне, Ташкентке жақын орналасқан. Осының бәрін ескерсек, Сарыағаш ауданын да агломерациялық даму аймағына енгізу дұрыс деп ойлаймын, – деді Ғ.Әбдірахымов.
Шымкенттің агломерациялық даму жоспарымен танысқан Дүниежүзілік банк өкілі Шаолян Ванг: 

– Аталған ұсыныстарды тағы да қарастырып, жобаларды қаржыландыру мәселесін талқылайтын боламыз, – деді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.