"Ана үйін" паналап...

Пятница, 05 Февраль 2016 08:59 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 21198 раз

«Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған...» Жарық дүние есігін алғаш ашқан сәттен бастап, маңдайынан сүйіп, аялы алақанымен әлдилейтін ананың болғаны қандай жақсы. Өкінішке қарай, дүниеге келісімен-ақ, қажетсіз зат секілді тастанды атанатындардың қатары аз емес. Осылайша, еліміздегі сәбилер мен балалар үйлерінде көздері жәутеңдеп, тәрбиешілерін «мама» деп жүрген кіп-кішкентай ботақандарды көргенде жүрегіңіз ауырады. Осындай өкінішті жағдайларды болдырмау үшін, әр баланың өз анасының бауырында бақытты балалық шақты сезіну үшін қазақстандық кәсіпкерлер бірнеше жылдан бері құптарлық жобаны қолға алды. Ол «Ана үйі» деп аталады. Еліміздің барлық ірі қалаларында осындай үйлер жұмыс істеп жатыр. Олардың түпкі мақсаты – қандай жағдай болмасын, анасының туған баласынан бас тартпауына ықпал ету әрі жағдай жасау.

«Ана үйiнде» кәмелеттiк жасқа толмағандар бар

DSC 0486Бірнеше жылдан бері қазақстандық кәсіпкерлер «Ана үйі» деген жобаны қолға алған. Еліміздің 17 қаласында осындай 26 кризистік орталық бар. Олардың алғашқылары Астана мен Алматы қалаларында ашылған. Жобаның мақсаты – жақындарынан қолдау таппаған жас аналардың балаларынан бас тартпауы үшін жағдай жасау. «Ана үйін» 15-34 жас аралығындағы қыз-келіншектер 1-1,5 жылға дейін паналайды. Онда кәсіпкерлердің қолдауымен ана мен бала үшін барлық жағдай жасалған. Жатын орны мен тамағы тегін. Әйел мен балаға қажетті құжаттарды түгендеп, рәсімдеп, арнайы курстарды оқытып, тіпті жұмысқа тұруына ықпал жасайды. Қазір бұл қор Қазақстанда балалар үйі мен сәбилер үйінің санын азайту мақсатындағы Президент бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. 2014 жылы дәстүрге айналған «Мерейлi отбасы» байқауында Елбасы
Н.Назарбаев осы жобаны қолдау қажеттігін айтқан еді.
Еліміздегі «BI-Group» холдингінің жетекшісі Айдын Рахымбаевтың және оның жарының бастамасы бойынша жүкті және сәбилі болған әйелдер үшін күйзеліс орталықтары желісі құрылған болатын. Жетім балалар санын азайту мақсатында үйсіз-күйсіз, қолдаусыз қалған аналар үшін «Ана үйі» күйзеліс орталықтары ашылды. Онда бастапқыда өз сәбиінен бас тартпақшы болған әйелдердің барлығына ойлануға, дұрыс шешім қабылдауына көмек көрсетіледі. Алғашында баласынан бас тартпақ болған әйелдердің сәбиін бауырына басқан кезде ана бақытын сезінуге мүмкіндік алады. Бұл әлеуметтік жоба қоғамда қолдауға ие болып, қаржылай көмек беру мақсатында көптеген қазақстандық кәсіпкерлер де атсалысуда.
Шымкент қаласында екі «Ана үйі» ашылған. Қазір онда 31 әйел балаларымен тұрып жатыр, олардың 6-ы жүкті. Өкініштісі сол, мұнда кәмелеттік жасқа толмай, жүкті болған немесе бала босанған қыздардың келуі көбеймесе, азайып отырған жоқ. Олардың көпшілігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан. Солардың бірі – Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылынан келген Рано (есімі өзгертілген). Ол он алты жасында жүкті болып, жігіті оған үйленуден бас тартыпты.
– Басында жігіт үйленетінін айтқан. Алайда, анамның араққа сылқия тойып алған сәттеріне куә болған оның ата-анасы мені келін етіп алудан бас тартты. «Шешеңнің жағдайы мынадай, саған қайбір тәрбие берді дейсің? Түсік жасат!» деп ұлының да маған деген ойын бұзды. Қазір қызым бір жасқа келді. Өзім балабақшаға жұмысқа тұрдым, қызымды да орналастырдым. Осында аспаздықты да меңгеріп алдым. Мен қазіргі жағдайыма өкінбеймін. Өйткені, кейбір қыздар секілді ішімнен шыққан баланы көшеге лақтырып немесе түсік жасатқан жоқпын, – дейді Рано.
«Ана үйінің» тұрғыны Альбина 18 жасында балалы болды. Осы халге жеткеніне ол тек өзін ғана кінәлайды. Жастықтың буына масайрап, шоқ басқанын мойындайды. Енді жауапкершілік жүгін арқалап, қызына дұрыс тәрбие беруді мақсат етіп отыр.
– Жігітім менен бас тартса да, қызын өзінікі екенін мойындап, көмектесетінін айтқан еді. Бірақ, ат ізін салмай кетті. Жүкті кезімде маған «балаңды алдырт, әлі жассың ғой» деп «ақыл» айтқандар болды. Қимадым. Қазір қызымды көрген сайын, өмір сүруге талпынысым артпаса, кеміген емес, – дейді Альбина.
Кризистік орталықта тек жүкті немесе аяғы ауыр әйелдер ғана емес, сонымен қатар, отбасында зорлық-зомбылыққа тап болғандар да бар. «Ана үйінің» үйлестірушісі О.Браткованың айтуынша, «Сана-Сезім» қоғамдық бірлестігімен де тығыз жұмыс істеуде. Соңғы кездері отбасынан теперіш көрген әйелдерді де қабылдай бастапты. Диляра – солардың бірі. Тұрмысқа шығып, үш айдан соң күйеуінен ажырасып кеткен. Жары мен оның шешесі күн бермей, ұрып-соққан. Тіпті, енесінің моншада ыстық суға күйдіргеннен денесінде қалған тыртықтарын көрсетіп, көзіне жас алды. Төркініне қашып барғанда да қолдау таппапты. Перзентханада қызын босанғанда ондағы дәрігерлер Шымкентте «Ана үйінің» барын және сол жерден қолдау табатынын айтқан екен. Қызының босанғанын естіген анасы тіпті қолындағы қызын өзге біреуге беріп жібермекші де болыпты. Диляра «көшеде қалсам да, баламды өзім бағамын, өсіремін» деп отыр.
Зәуре де Дилярамен тағдырлас. Ол да күйеуінен таяқ жеп, қор болған. Бір күні күйеуі тістеріне дейін сындырып, өлімші етіп сабап тастаған соң, қызын алып кетіп қалады. Зәуре төркінінде жатқан кезде де күйеуінің тыныштық бермегенін, жиі келіп, айқай-шу шығаратынын айтады. Мұнда күйеуі мен оның туыстарынан жасырынып, өзіне келу үшін қызымен бірге тұрып жатыр. Өйткені, мұнда психологтар пана іздеп келген әрбір жас анамен сөйлесіп, тиісті көмек береді.

Белсендi күрес қажет

Шымкенттегі «Ана үйін» 2013 жылдан бері 111 қыз паналап, оның 80-і өз отбасына оралған. Оның ішінде баланың әкесімен, бұрынғы күйеулерімен табысқандары бар. Төркініне қайтып барғандар да жоқ емес. Тіпті, «Ана үйіне» «күйеу жігіттердің» өздері іздеп келіп, сөздері жарасып, үйленгендері де бар. Мәселен, жеті әйел осы орталықтан ұзатылған екен.
Қазіргі уақытта Түлкібас, Қазығұрт аудандары мен Жаңатас қаласынан келген кәмелеттік жасқа толмаған қыздар бар. Оларға психологтар мен социологтар жан-жақты көмек көрсетуде. Сонымен қатар, олар жедел түрде оқуын бітіріп, қолдарына аттестат та алатын болады. Орталықта аспаз, тігінші, шаш шебері, компьютер, бухгалтерлік, қонақүй бизнесі курстарын бітіріп, жұмысқа орналасуда.
– Бізге келген қыздар баласынан да айырылмайды, оқуынан да қол үзбейді. Баласы мен анасына тиісінше көмек көрсетуге тырысамыз. Ең бастысы, олар баласынан бас тартпаса, жетімдердің қатарын көбейтпесе болды. Құжаттарды түгендеу, тіпті алиментті өндіріп берумен де айналысамыз. Бір қызды суицидтен аман алып қалдық. Онымен психологымыз жұмыс жүргізді. Қазір өзін жақсы сезінеді. Медбикеміз де бар. Мұнда келген қыздар алғашында макарон пісіруден басқаны білмеуші еді. Қазір тағамның түр-түрін жасауды үйренді. Өз үйінде жүргендей сезініп, осындағы бар жұмысты бірігіп атқарады. Айта кетейін, Шымкентте үшінші «Ана үйін» ашу жоспарымызда бар, – дейді О.Браткова.
Қазақстан бойынша, 1200 сәби осындай орталықтардың көмегімен балалар үйіне тапсырылмай, өз аналарының жанында қалыпты. Енді статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек. Қазақстанда 188 балалар үйі бар. 2014 жылы 9198 жетім бала болса, оны асырап алу үшін 2509 адам кезекке тұрыпты. Ал өткен жылы балалар үйіндегі жетімдердің саны 1414-ке азайған. Асырап алуға ниет білдіргендер 8842-ге жеткен.
Ал Шымкенттегі «Сәбилер үйіне» өткен жылы 59 бала түскен екен. Биыл жыл басынан бері алты нәресте қабылданыпты. «Сәбилер үйінің» бас дәрігері Раушан Исраилқызының айтуынша, балалар әртүрлі жолмен келеді. Бірі перзентханадан, енді бірі ауруханалардан, тіпті үйінен де әкеліп тастайтындар бар екен. Айта кетейік, өткен жылы 18 бала асырап алынса, оның екеуі патронаттыққа, ал тағы екеуі қамқорлыққа алынған. Биыл бірде-бір сәби әзірге асырап алынбаған. Осындайда туған баласын әр жерге лақтырып, тастап кеткеннен гөрі, күтімі мен тамағы тоқ болатын орынға денсаулығына нұқсан келтірілмей, аман-есен қабылданғаны да жөн бе деген ойға қаламыз.
«Жерде бір жетім жыласа, көкте мың періште күңіренеді» дейді халық даналығы. Қазақстандық кәсіпкерлердің қорғансыз қалған аналар мен балаларды қанатының астына алып, қамқорлық көрсетуі сауапты іс. Бірақ, паналайтын жер бар екен деп, қоғамға кесірін тигізген бұл әдетке алаңсыз қарауға тағы болмайды. «Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден салынатын тыйымды» тым әлсіретіп алған жоқпыз ба? Сіз бұған не дейсіз, ата-ана?!

Последнее изменение Пятница, 05 Февраль 2016 10:32
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: « Жарқын бейне ұмытылмайды Тұмаудан сақтаныңыз »