Тұмаудан сақтаныңыз

Пятница, 05 Февраль 2016 09:06 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4183 раз

Шымкентте 22 қаңтардағы мәлімет бойынша H1N1 тұмауымен 37 адам науқастанған. Олардың ішінде 10-ы жүкті әйелдер, ал 17-сі 14 жасқа дейінгі балалар. Облысымызда 2015-2016 жылдардағы маусымдық кезеңде өткір респираторлы вирустық инфекцияның 4355 жағдайы тіркелген. Олардың ішінде 1216-сы бір жасқа дейінгі балалар, ал 377-сі жүкті әйелдер.

kak-v-rossii-609-4456472Қазіргі кезде халық арасында «доңыз тұмауының» өршігені және өте қауіпті екені туралы хабарламалар WhatsApp желісі арқылы тез тарап кетті. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Сапарғалиева мен ОҚО Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары Жұмағұл Медетов арнайы баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Мамандардың айтуынша, бұл арандатушылық және «доңыз тұмауы» деген терминді қолдану да орынсыз. Оның ресми атауы – H1N1 деп аталады және әлдеқашан маусымдық сипатқа ие болған. Жалпы, дәрігерлердің мәлімдеуінше, аса қауіпті деу қисынсыз көрінеді.
ОҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Сапарғалиеваның айтуынша, екі айдың ішінде қалалықтардың 37-нен осы вирустың штамы анықталыпты.
– «Доңыз тұмауы» деген шартты атау халық арасында кеңінен қолданылып жүр. Тұмаудың бұл түрі емделеді. 2010 жылдан бастап дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде H1N1 тұмауының вирусы пандемиялық емес, керісінше, маусымдық тұмау түріне еніп отыр. Біз айтқан 37 адамның бірде-бірі тұмауға қарсы вакцина ектірмеген,– деп түсіндірді А.Сапарғалиева.
Қазіргі кезде Шымкенттегі барлық емханаларда дәрігерлер мен келушілерден бетперде кию талап етіледі. Өйткені, тұмау мен жедел респираторлы вирусты инфекция маусымы жүріп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ол қазан айынан басталып, сәуірге дейін созылады. Қаладағы №8 емхананың жұқпалы аурулар дәрігері Батпа Бейсетаеваның айтуынша, емханаға қарасты учаскелерде аурушаңдықтың көрсеткіші азайып отыр. Биыл қаңтар айында 345 адам тұмаумен тіркелсе, өткен жылдың сәйкес мерзімінде науқастардың саны 640-ты құрапты. Жалпы өткен жылы 2 мың 450 адам науқастанып, дәрігерлерден көмек сұрап келген.
Сондай науқастардың бірі – Фируза Садықова. Тұмаумен ауырғанына екі күн болыпты. Алғашында буындары қақсап, басы ауырған және дене қызуы көтерілген. Көп күттірмей, дәрігерлерге көрінуге келген. Қазір тиісті емін алып жатыр. Фируза дер кезінде тұмауға қарсы вакцина салдырғанда, осынша қиналмайтынын айтты.
Вакцина демекші, №8 емханада осал топтағыларға былтыр қазан айынан бастап 6 мың 810 адамға екпе тегін жасалған. Олардың басым бөлігі жас балалар мен 65 жастан асқан қарттар және диспансерлік есепте тұратын науқастар. Сонымен қатар, 32-сі жүкті әйелдер. Күнделікті науқастармен тікелей қарым-қатынаста болатындықтан, емхана қызметкерлеріне де вакцина егілген. Айта кетейік, емханада 37 мың 183 адам тіркелген.
Тұмау жұқтырған адамның ең алдымен дене қызуы көтеріліп, буындары қақсайды және дененің ауырсынуы байқалады. Ал жедел респираторлы вирусты инфекцияда дене қызуы бірден көтерілмегенімен, тамақтың бітуі жиі байқалады.
– Тұмаудың белгілері бірден басталады да, жасырын кезеңі бірнеше сағатқа созылады. Дене қызуы бірден көтеріледі. Осындай белгілер байқалған сәтте емханаға алып ұшпай, учаскелік дәрігерді үйіне шақыртуы тиіс. Біздің емхананың дәрігерлері таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Тіпті, шұғыл жағдайлар үшін арнайы бөлінген балалар дәрігері де бар. Ол шақырту болған жағдайда кез келген сәтті науқастың үйіне баруға әзір. Айта кететін нәрсе, H1N1 тұмауы мезгілді тұмауға қарағанда тез асқынып, тіпті соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Өкпе қабынып, тыныс алу қиындайды. Ол небәрі 2-3 күннің ішінде асқынып кетеді. Сондықтан, аурудың белгілерін байқаған жағдайда дәрігерге көрініп, ем алу қажет, – дейді Батпа Бейсетаева.
Тағы бір айта кетерлігі, тұмаумен науқастанғандар міндетті түрде үйінде жатып, ем алуы тиіс. Емханаға келмей-ақ, жұмысқа жарамсыздық парағын аштыра алады. Осы уақыт ішінде науқас дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмек және сұйықтықты көптеп ішу керек.
Облысымызда тұмауға қарсы 450 мыңға жуық адамға вакцина егілді. Ал H1N1 вирусы Оңтүстік үшін таңсық емес. Өйткені, 2009 жылдан бастап жыл сайын вирустың осы түрі тіркелуде. Өткен жылы 43 адам науқастанса, 2012 жылы екі адам көз жұмған.
Барлық вирустық инфекциялардан сақтанудың бірден –бір жолы вакцина ектіру. Сонымен қатар, күнделікті дәрумендерді қабылдап, медициналық бет-перде киіп жүрген жөн. Бөлмені жиі желдетіп тұру қажет. Ал ең бастысы өз бетінше ем алудан сақ болыңыз.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.