Жарқын бейне ұмытылмайды

Пятница, 29 Январь 2016 06:39 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3912 раз

Жуырда «Оңтүстік Цирк» ғимаратында сахна саңлағы Икрам Ниязовты еске алу кеші өтті. Цирк ардагері өткен жылы 76 жасқа қараған шағында дүние салған еді.

tsirkЖиынға әртiстiң жары мен ұл-қыздары, шәкірттерi қатысып, ерекше ғұмыр иесі жайында сыр шертті. Ел біле бермейтін естеліктерімен бөлісті. Көзі тірісінде көпшілікті қызықты нөмірлерімен таңқалдырған әртісті ұмыту мүмкін бе? Күш атасы Қажымұқанның ізбасары атанған әртістің цирк өнеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Оңтүстік Цирк» ашылғанда өнерлі жігіттерді сахнаға баулуға атсалысты. Таңсық салаға дем берген тұлға тәжірибесімен бөлісіп, жастарға жол көрсетті. Жуан темірлерді шыбықша иетін, үлкен салмақтағы зілтемірлерді оп-оңай айналдырып, көлікті қиынсынбастан көтеретін балуанның өнері ел есінде қалды. Икрам Ниязовтың жары Гүлжаһан Ниязова да қазақтан шыққан акробатшы әйел. Саналы ғұмырын жолдасымен бірге цирк өнеріне арнаған.
– Мен филармониядағы алғашқы жұмысымды, арқан үстінде жүруші болып бастадым. Металлургтер мәдениет сарайында да қызмет еттім. Икрам екеуміз талай рет бір сахнада, акробатта өнер көрсеттік. Аудан-қалаларды гастрольдік сапармен бірге араладық. Жасым ұлғайған кезде иллюзия өнеріне ауыстым. Біздің циркке деген бетбұрысымыз өз биігінен танған жоқ. Зейнетке шықсақ та, цирк манежінен алыстамадық. Икрам Ниязов сахна төрінде 25 жігітті еркін көтеріп, көпшілікті тәнті етсе, мен фокус көрсеттім, – дейді Г. Ниязова.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және «Оңтүстік цирк» мекемесінің 5 жылдығына орай өткізілген кеште әртістің жары Гүлжаһан Ниязоваға ерекше сый-сияпат көрсетілді. Цирк өнерінің негізін қалаған ардагердің жарқын бейнесі ұмытылмайды. Өнер жолының өрлеуіне үлесін қосқан азамат халық жадында мәңгілікке қалмақ.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Биік абырой-беделдің иесі "Ана үйін" паналап... »