Раушан ОРЫНБЕТОВА, дәрiгер-гинеколог: «Қамқорлықты ана мен балаға жасауымыз керек»

Пятница, 13 Май 2016 06:08 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 38467 раз

Әйелдің дені сау кезде ғана сау баланы дүниеге әкелетінін барлығымыз жақсы білеміз. Бұл ретте дәрігерлер де ақыл-кеңестері мен ем-домын аяған емес. Мәселен, қыз-келіншектердің бойында көптеген гинекологиялық аурулардың белгілері байқалмауы мүмкін. Өздігінен дәрігерге тексерілуге келетіндері де өте аз. Әйелдердің денсаулығына зиянын тигізетін ауру түрлері қандай және дені сау бала туу үшін болашақ аналардың нені білгені жөн? Осы орайда Шымкент қаласындағы «Шипа» медициналық орталығының бас дәрігері әрі гинекологы Раушан Орынбетовамен сұхбаттасқан едік.

2YD1XSLV– Раушан Әбдірашитқызы, өз денсаулығына бір сағат уақытын бөле алмай жүрген қыз-келіншектер көп. Соның салдарынан түрлі ауруларға тап болып, сан соғатындар аз емес. Қазіргі таңда әйелдер арасында жиі кездесетін әрі денсаулық үшін қауіпті ауру түрлерін айтып өтсеңіз.

– Дәрігерлер үшін бұл өзекті мәселе болып отыр. Емханаға өзге біреу үшін емес, өзі үшін келетінін ұмытпаса екен қыз-келіншектер. Қазір әйелдердің денсаулығына зиянын тигізетін аурулардың ең жиі кездесетіні – жатыр мойны эрозиясы, кольпит және аднексит. Жатыр мойны эрозиясы диагнозын қойғанда көп әйел таңғалып жатады. Оның себебі, бұл аурудың белгілері әйелді көбіне мазаламайды. Ал бұл ауруды емдемесе, оның қатерлі ісікке айналу қаупі бар. Кольпит көбіне антибиотиктерді дұрыс қабылдамау, жеке бас гигиенасын сақтамауы нәтижесінде пайда болады. Аднексит – анабезі мен жатыр түтігінің қабынуымен сипатталатын ауру. Бұл ауруды да кольпиттің пайда болуына себеп болған микроорганизмдер тудырады. Жіті аднекситтер мен созылмалы түрдегі асқынуларды емдеу стационарда жүзеге асырылады. Уақытылы емделген кезде, асқынулар болмайды.

– Сізге келген емделушілерді көбіне қандай ауру түрлері жиі мазалайды?

– Көп ретте жатыр мойнының эрозиясына шалдыққан қыз-келіншектер келеді. Әйелдер оны сезбейді. Саумын деп жүруі мүмкін. Оны тек гинекологиялық тексерулер мен сараптамалар арқылы анықтауға болады. Жатыр мойнының эрозиясы тек бала босанған әйелдерде ғана болады деген қате ұғым. Жыныстық қатынасқа түскен әйел жылына екі рет дәрігерге көрінуі керек. Оны емдемей, уақыт өткізіп алса, қатерлі ісікке айналады. Аурудың бұл түрі емделеді. Біздің клиникамыздың ашылғанына 8 айдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында 20 әйелді емдедім. Егер жақсылап ем алса, ауру түрі қайталанбайды.

– Негізі 40 жастан соң әйелдің бойында аурудың түрлері жиілей түседі. Солардың бірі – жатырішілік миома. Оның пайда болу себептері қандай?

– Миома дегеніміз – жатырға ет өсу дегенді білдіреді. Оның себептері өте көп. Солардың бірі – әйел ағзасындағы түрлі гормонды өзгерістердің салдарынан немесе жыныстық қатынасқа кеш түсуден пайда болады. Қазір жастар шетелге еліктеп, шаңырақ құруды екінші жоспарға ысырып қойған тәрізді. Миоманы емдеудің бір ғана жолы бар – ота жасау керек. Қазір әйелдер жалған жарнамаға тым сенгіш. Дәрігердің кеңесінсіз неше түрлі шөп дәрілерді және басқа да препараттарды қолдануға әуес. Ал оның қандай зияны бар екенін біле бермейді. Тіпті, маған қаралатын емделушілердің кейбірі миоманы емдету үшін тәуіпке де барып, жарасын үлкейтіп алған. Ультра дыбыстық зерттеу нәтижесінде денсаулығына кері әсер еткенін байқадық. Осы ретте айта кетейін, мен тек гинеколог ғана емес, УДЗ мамандығын да меңгергенмін. Орталықта өзім УДЗ жасап, диагноз қоямын және емдеймін. Ал миома кіші болса, әйел ағзасындағы гормондар қалыпқа келіп, өздігінен жазылып кетеді.


– Екі әйелдің басы қосылса, «киста» деген кесел туралы да жиі айтады. Оның денсаулыққа қаншалықты зияны бар?

– Кистаның түрлері өте көп. Ағзадағы түрлі гормоналдық өзгерістердің нәтижесінде пайда болады. Ұзақ емделмей жүрсе, оның көлемі де үлкейе береді. Соның салдарынан тек ота жасау арқылы ғана емделеді. Осы ретте, ерте баста анықталғанда-ақ, емдеуге көшу керек. Айта кетер жағдай, кистаның көлемі кішкентай кезде әйел бала көтерсе, ол өздігінен жойылып кетеді. Өйткені, ағзада прогестерон деген гормон түзіліп, оның өсуіне жол бермейді.

– Соңғы уақытта бедеулік деген өзекті мәселеге айналды. Талай шаңырақ нәрестенің иісіне зар. Осы тұрғыда не айтасыз?

– Ана болу – кез келген әйелдің арманы. Алайда, біреуге уақытылы, енді біреуге тағдырдың жазуымен кеш берілетін бақыт. Бала туу жасындағы әйелдердің жүкті бола алмауын бедеулік дейміз. Өкінішке қарай, осының салдарынан қаншама отбасы ажырасып жатыр. Бедеулік әйелге ғана тән деген түсініктен арылатын уақыт келді. Қазір ер азаматтардың бойында да бұл ауру түрі кездеседі. Егер әйел тұрмысқа шығып, бір жылдың ішінде жүкті болмаса, мұны медицинада бедеулік дейді. Мұндай жағдайлардың 30-40 пайызында әйелдің жатыр түтікшесі болмайды немесе дұрыс жұмыс жасамайды. Тағы бір себеп бар – жатыр түтікшесі бітеліп, бала көтеруге кедергі болады. Міне, осындай кезде, жатыр түтікшесін медициналық түрлі тәсілдермен дәрі жіберу арқылы ашуға болады. Осындай процедуралардан соң, әйелдің бала көтеру мүмкіндігі артады. Яғни, мұндай гисталогиялық тексерулер кезінде оңай емделетіндері болады. Сондай-ақ, арнайы ота жасау арқылы да жүзеге асыруға болады. Қазіргі кезде кеш тұрмыс құрған қыздардың бала көтеру мүмкіндігі азайған. Айтарым, медицинаның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, бала көтеруге қамданған жөн. Өйткені, бедеулік мәңгі емес. Құрсаққа кеш біткен баланы 9 ай көтеріп, жарық дүниеге әкелу де оңай шаруа емес. Болашақ аналар бұған үлкен жауапкершілікпен қараса деймін.
Гинекологияда «жетілмеген жатыр» («детская матка») деген ұғым бар. Яғни, әйелдің жатыры дамымай қалады. Өкінішке қарай, бұл жағдайда бала көтеру мүмкін емес. Туа біткен ақау болғандықтан, ол емделмейді. Бұл қызға білінбейді, ауырмайды, оны тек ультрадыбыстық зерттеу кезінде анықтаймыз.

– Раушан Әбдірашитқызы, 40 жастан асқан әйелдердің бала сүйгісі келетіндері бар. Осы жасқа келгенде аналық махаббаты ерекше болатын сияқты. Аман-есен босанып, дені сау ұл-қызын бауырына басып, мейірімге бөленіп отырғандары жоқ емес.

– Мен 41 жасымда үшінші перзентімді дүниеге әкелдім. Қазір тәтті қызымның қылығына тоймай отырған жағдайым бар. Әрине, кеш босану әйел үшін оңай емес. 40 жастан асқан әйелдердің етегіне бала біткен сәттен бастап, гинекологтың жіті бақылауында болуы шарт. Дер кезінде сараптамаларын тапсырып, дәрумендерін ішіп тұрса екен. Ал бізде кей әйелдердің бойына бала бітеді де, дәрігерге қаралмай, босанатын кезде бір-ақ келеді. Осылайша, олар өзінің де, сәбидің де денсаулығын қатерге тігеді. Яғни, қыз-келіншектерге айтарым, жоспарлай біліңіздер. «Менің денсаулығым тағы бір баланы дүниеге әкелуді көтере алады ма? Мен сау бала босана аламын ба? Оны менің жағдайым көтереді ме?» деген сауалдарға жауап іздесе екен. Бұл жаста бала туу қатерлі болады. Өйткені, әйелдің бойындағы түрлі созылмалы аурулар пайда бола бастайды. Егер күтінбесе, өмірге келетін сәби анасының бар ауруының «мұрагері» болады. Мәселен, 40 жастан асқан әйел дүниеге Даун синдромы бар баланы әкелуі мүмкін. Сол үшін де түрлі сараптамаларды тапсыртып, жіті тексеруден өткізетіні де сондықтан. УДЗ-дің көмегімен жүктіліктің 10-14 аптасында және 20-24 аптасында жүргізілетін скринингтің көмегімен баланың ағзасының қалай дамып жатқанын көруге болады. Егер қандай да бір ақау байқалса, онда жүктілікті үзуге мәжбүр болады. Демек, бүкіл патологиялық өзгерістерді анықтауға қазір медицинаның мүмкіндігі жетеді. Біздің мақсатымыз да осы – әрбір ана дені сау баланы бауырына басса екен дейміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира АЙНАБЕКҚЫЗЫ

Последнее изменение Пятница, 13 Май 2016 08:54
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.