Гаухар УКБАЕВА: «Дәрігерлеріміздің жетістігі артып келеді»

Пятница, 01 Июль 2016 06:25 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5955 раз

Балаңыз науқастанып, мазасы кеткенде ең алдымен көмекке келетін білікті дәрігерлер. Осындай мамандар «Асар» шағынауданында орналасқан №1 қалалық балалар ауруханасында  жетерлік. Көп салалы қалалық балалар ауруханасы болғандықтан, онда жасөспірімдерге жоғары білікті мамандар қызмет көрсетуде. Өткен жылы ақпан айында пайдалануға берілген аурухана жұмысында оңды өзгерістер көп. Жаңа қонысқа көшкелі бері ауыз толтырып айтар жаңалықтары да бар. Осы ретте балалар ауруханасының бас дәрігері Гаухар Укбаевамен сұхбаттасқан едік.

DSC 8432– Гаухар Сапартайқызы, бұл аурухананың өзге ауруханаларға қарағанда қандай артықшылығы бар?

– Біздің ауруханамыз көпсалалы емдеу мекемесі «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Құрылысы 2008 жылы басталып, 2014 жылдың соңғы айында тапсырылды. Өткен жылдың ақпан айында пайдалануға берілді. Ғимарат екі корпустан тұрады. Жалпы аумағы 2246 шаршы метрді құрайды. Бастапқыда аурухана 200 орынға арналып салынғанымен, қазіргі таңда 270 орынды қамтимыз. Ал қыс айларында эпидемиологиялық маусым кезінде 400-ден астам бүлдіршін келіп түседі. 12 емдеу бөлімшеміз бар. Атап айтар болсам: қабылдау бөлімі, хирургия, жарақат, ота жасау бөлімі, кардиоревматология, неврология, пульмонология, жаңа туған нәрестелер патологиясы, жан сақтау бөлімі, функционалды диагностика, клиникалық-диагностикалық, бактериялогиялық лаборатория, оңалту бөлімдері бар. Бізге келіп түсетін балалардың басым бөлігі тыныс алу жолдарының қабынуымен келеді. Бізде өткен жылы 10 мыңнан астам бүлдіршін ем алды. Қазіргі таңда 268 бала ем қабылдауда. Ауруханада 15 жасқа дейінгі 10 мыңнан астам науқас балалар жатып ем алуына мүмкіндік бар. Жалпы дәрігерлер мен орта және кіші буын қызметкерлерін қосқанда 360-тан астам адам жұмыс істейді.

– Аурухананың медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы қандай?

№1 Шымкент қалалық балалар ауруханасы науқас балаларға шұғыл және жоспарлы түрде көмек көрсетеді. Ауруханамыздың қажетті медициналық құралдармен жабдықталуы 92 пайызды құрайды. Атап айтар болсам, компьютерлік тамограф, стационарлық және жылжымалы рентген аппараттары, стационарлы және портативті УДЗ аппараты, цифрлік рентген-диагностикалық жүйе, ЭЭГ, РЭГ, ВЭЭГ, ЭФГДС, соңғы үлгідегі лапороскопиялық ота жасау аппараттары, ИВЛ және т.б. аппараттармен жабдықталған. Жаңа аурухананың жабдықталуы – балаларға шұғыл түрде травматологиялық және хирургиялық көмек беруді кең көлемде көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауруханада жарақат және ортопедия бөлімшелерімен жарақат бекеті науқастарға жедел көмек, ал неврология, ортепедия, травматология бөлімдері науқас балаларға оңалту емін көрсетеді. Кардиоревматология және хирургия бөлімдерінің төсек орны кеңейтілуде.

– Қазір дәрігерлер науқасты емдеуден бөлек, әрдайым ізденісте болуы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Осы орайда, аурухана қызметкерлері тәжірибе алмасу, біліктілігін шыңдау секілді семинарларға жиі қатыса ма?

– Ауруханамызда жұмыс істейтін дәрігерлердің 56 пайызының біліктілігі жоғары. Көпсалалы балалар ауруханасы болғандықтан, сапалы медициналық жәрдем көрсету – басты мақсатымыз. Ал ол үшін барлық қызметкерлердің білімді болуы және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Қазіргі уақытта екі хирург пен 2 реаниматолог Беларуссияда хирургия сұрақтары бойынша білімдерін жетілдіруде. 2016 жылы мамыр айында Астана қаласының «Ана мен бала» Республикалық орталығының мамандары біздің медбикелерді бала күтімі бойынша оқытып, тәжірибесін арттырды, сонымен қатар аурухана базасында Алматы, Астана қалаларынан келген мамандар шеберлік сабақтарын өткізді. 2015 жылы желтоқсан айында дәрігер-реаниматологтар мен аға медбикелер Алматы қаласындағы «Педиатрия және балалар хирургиясы Ұлттық ғылыми орталығына» барып, тәжірибе алмасып келген болатын. Бізде медбикелерге де талап жоғары.

20160622 170339

– Кез келген салада еңбегімен, жаңашылдығымен, ізденімпаздығымен көзге түскен мамандар жеткілікті. Сіз кімді мақтан етер едіңіз?

– Мен ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлерді бөліп-жарғым келмейді. Барлығының орны бөлек. Өз ісіне берілген жандар. Әсіресе, мен жас дәрігерлерге ризамын. Көп оқиды, көп үйренгісі келеді. Ғаламтордың және техниканың соңғы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланады. Бізде 30 жасқа толмаған бөлім меңгерушілері бар. Жастар көп. Ауруханада балалар травматолог-ортопед дәрігері Еркебай Бектаев туралы айтпай кетуге болмас. Ол «майтабан» ауруын емдеудің жолын ойлап тапты. Еркебай Тәліпбайұлы табан сүйектері арасына имплант ендіріп, ота жасауды қолға алып отыр. Отадан кейін науқас үш күн ішінде жақсарып, бір айдан соң бала аттай жазылып кетеді. Бір ипланттың құны – 9 мың теңге. Бүгінгі таңда жыл басынан бері 15 балаға ота жасалды.

– Ауруханаға қандай диагнозбен келген балалар міндетті түрде жатқызылады?

– «Денсаулық» бағдарламасы бойынша, ауруды алдын алуға басты көңіл бөлінуде. Осыған орай, ауруханада емдеуді қысқарту талап етілуде. Өйткені, оны қаржыландыру қымбатқа түсуде. Сондықтан бірқатар аурудың жеңіл түрімен ауырған науқастар үй жағдайында емделуі тиіс. Ауруханада ауруы асқынғандармен, ауыр науқастар емделеді. Үй жағдайында емделуге болатын науқас балаға аурухананың қабылдау бөлімінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, амбулаториялық жағдайда емделуге кеңес береміз. Ал ата-аналар бұл жағдайды дәрігерлер қарамай жатыр, жатқызудан бас тартуда деп түсініп, олардың тарапынан түсінбестік орын алады. Тұрғылықты жері бойынша тіркелген науқасқа емхана олардың емделуі үшін тегін дәрі-дәрмек бөліп, қадағалайды. Өкінішке қарай, біз үйіне қайтарып жіберген балалар көп ұзамай, ата-анасының уақытылы қарамауы салдарынан ауруханаға кеселін асқындырып түсетін жағдайлар аз емес. Бұл жерде ата-ананың салғырттығын да айта кетуіміз қажет.

– Қазіргі кезде жас балалар мен ересектерді бір дәрігер қарайды. Оны – жалпы тәжірибелі дәрігер деп атап жүрміз. Педиатрлар жеделдетілген бірнеше айлық курсты оқып, жалпы тәжірибелі дәрігердің қызметін атқарып, жұмысын жалғастырып жүр. Сіздің пікіріңізше, мұның қандай дұрыс жақтары басым?

– Денсаулық сақтау министрлігі жүргізіп отырған реформаны қолдаймын. Өйткені, жалпы тәжірибелі дәрігер тек жас баланы ғана емес, басқа да отбасы мүшелерін де емдеп, қадағалайды. Ол бүкіл отбасына қарайтын, олардың қандай созылмалы аурулары барын, жалпы психологиялық жағдайын жақсы білетін маман. Қажет болған жағдайда дер кезінде науқасты тиісті мамандарға жібереді. Болашақта барлық емханаларда жалпы тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейтін болады. Олар алдын алу жұмыстарымен, скриннингпен, екпе салумен айналысады. Қазір жалпы тәжірибелі дәрігерлер жақсы жағдай жасалынған және осы дәрігерлерге артылған сенім орасан зор.

– Біздің бала кезімізде аурухана қабырғалары тұстастай ақ немесе көк түске боялушы еді. Ал сіздерде тіптен басқа, ғимарат іші түрлі-түсті небір әдемі суретке толы. Ауырып келген бүлдіршін бір сәтке болса да жылағанын қойып, көңіл күйі көтерілетін секілді.

– Иә, бұл – халықаралық стандарт бойынша баланы эмоционалдық тұрғыда қолдау деп аталады. Дәрігерлер балаға күн сайын қараумен қатар, оның көңіл күйіне жағымды әсер ететін орта жасалуы тиіс. Яғни, бала ауруханаға түскен соң, тек палата ішінде жатуы міндетті емес. Мәселен, бөлімшелердің қабырғаларына олардың сүйікті ертегілері мен мультфильмдерінің кейіпкерлері бейнеленген. Науқас бала соны көрген соң, көңілі көтеріліп, бір сәтке болса да ауруын ұмытады. Сондай-ақ, бөлімшелерде көп гүл өсіреміз, торда құстар, аквариум ұстаймыз. Бүлдіршіндердің бос уақыттарында жазу жазып, сурет салуы және кітап оқуы үшін арнайы жабдықталған бөлмелеріміз бар. Оның іші де баланың зерікпесі үшін түрлі түсті түспен боялған. Ойын бөлмелері де қарастырылған. Монтессори кабинеті жұмыс істейді. Балалар күні мерекесінде «Мейірімді дәрігер» атты флэш-моб өткіздік. Цирк әртістерін шақырып, асфальт бетіне сурет салды. Біздің міндетіміз – тек емдеп қана қоймай, олардың қаяу көңіліне демеу болу.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.