Шағын цех ашқан шеберлер

Пятница, 02 Сентябрь 2016 10:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5789 раз

Шымкенттіктер жергілікті ағаш шеберлері Ерболат Исмаилов пен Сейітжан Әлібаевты интернет желісі арқылы таныды. Олар қолдарынан шыққан ағаш бұйымдарды билеп жүріп, көрерменге таныстырды. Елең ететіндей-ақ, көрініс. Өйткені, олар трансформер үстелді шымкенттіктердің арасында алғаш рет жасап отыр.

DSC 9184

Шеберлер жасаған қолынан шыққан бұл бұйым расында да қызығушылық тудырады. Үстел аулада немесе бөлмеде көп орын алмайды. Тамақтанып болған соң, жинап қоясыз. Ал қажет кезде оп-оңай аша саласыз. Ал үйіңізге қонақ немесе көршілеріңіз келіп жатса, қосымша жасалған орындықтарды қоюға болады. Үстел мен орындықтарды бөлек-бөлек жинап, әуреге түсудің де қажеті жоқ. Мұндай үстелді шебер жігіттер алғаш рет бір ай бұрын жасай бастапты. Осыған дейін ағаш шеберханасында жалданып жұмыс істесе, қазіргі уақытта өздері шағын цех ашқан. 

DSC 9201   DSC 9205

– Біз трансформер үстелдің қалай жасалынатынын интернеттен көріп, үйрендік. Мұнан соң, «жасап көрейік» деп, іске кірістік. Алғашқы екеуі сәтті шықты. Оның арқа сүйейтін жеріне қыран құстың бейнесін қолмен ойып салдық. Сол қуанышты сәтімізбен бөліскен досымыз, оны интернетке жүктепті. Содан бастап, біртіндеп тапсырыстар келді. Оған қоса, базарға да шығардық. Осы күнге дейін 15-ін жасадық. Алушылар қызығып, алғыстарын жаудырып жатыр, – дейді Ерболат Исмаилов. 

Шеберлер үстелді қарағайдан жасайды. Әдеттегідей, шеге мен бұрама шеге қолданылады. Бірақ технологиясы басқаша. Олардың қолынан шыққан бұйымдардан қазақилықтың иісі аңқиды. Өйткені Ербол мен Сейітжан үстелдің бетіне қазақтың түрлі ою-өрнектерін ойып салады. Ағаш ұсталары материалдан таршылық көрмейтінін, базарда керек-жарақтарын оңай табатынын айтты. Ал екеуінің бұл өнерге деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ басталған. 

– Мектепте еңбек сабағынан көп нәрсе үйрендім. Сонымен қатар, үйде балта, орақ қажет болса соның саптарын жасайтынмын. Қазір Астана, Алматы және Маңғыстаудан тапсырыстар келуде. Бірақ бізге оны жеткізіп беру жағы қиындау. Сондықтан, тек шымкенттіктердің ғана тапсырысын орындаудамыз, – дейді Сейітжан Әлібаев. 

Ағаш ұсталары осы күнге дейін ерінбей ізденудің арқасында әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға арналған фотоальбом жасады. Бұдан бөлек, шеберлердің қолынан Қ.А. Ясауидың кесенесі мен әдемі үйдің макеті жасалған. Олар лезде өз иесін тауыпты. Қос ұстаның айтуынша, Қазақстанда темір трансформер үстел бар болғанымен, оның ағаш түрін шымкенттіктер ұсына бастады.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.