Тоғыста жол мәселесін тезірек шешу қажет

Пятница, 19 Январь 2018 06:08 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 361 раз

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясовтың халыққа есеп беруінің кезекті кездесуі «Тоғыс» тұрғын алабындағы № 120 мектепте өтті. Есептік жиынды қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, мәслихат депутаттары, құрылымдық бөлім басшылары мен аудан тұрғындары тыңдады. Атқарылған істер ауқымды. Шешімін күткен мәселелер де аз емес. Негізінен, бұл аумақтағы тұрғындарды жолдарды асфальттау, жарықтандыру, ағын су және жер мәселесі қинайды.

IMG 20180118 115758

Аудан әкімінің есебіне көпшіліктің пікірі оң. Бәрі де ризашылық танытты. Дегенмен, әлі де болса жұмысты жандандыра түсу керек. 

Алдымен жарыссөзге шыққан қалалық мәслихат депутаты Марат Тамабаев та осыны меңзеді. 

– Өте жақсы деген баға беремін. 2-3 жылдың көлемінде көптеген жұмыстар істелді. Алда көп тірлік бар. Барлық мәселенің шешімі қаражатқа келіп тіреледі. Осыны дұрыс түсініңіздер. Бұл аумақта көптен бері айтылып жүрген мәселелерді білемін. Мәселен, Маятас, Елтайдағы стратегиялық маңызы бар көпірлерді жөндеу қажет. Оған биыл жобалық-сметалық құжат жасауға қаражат бөлуді сұраймын. Осы мәселе тезірек шешімін тапқаны жөн. Одан кейін, «Маятас», «Жыланбұзған» елдімекеніндегі мектепке баратын тасжол жаңадан салынған. Енді жолдың бойына аяқжол салу мәселесі туындап тұр. Балалар бір шақырым жаяу жүреді, – деді халық қалаулысы. 

IMG 20180118 115704

Одан кейін сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағалары да осы мәселелерді тезірек шешіп беруді сұрады. «Тоғыс» тұрғын алабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермаханбет Түктібаев жарықтандыру және асфальт жол салуды өтінді. Оның айтуынша, Игілік көшесін жөндеуге өткен жылы сметалық құжаттар дайындалған. Тиісті асфальт жолдар салынбай қалыпты. «Елтайдағы» 12 шақырым жол асфальтталған. Бірақ аяқ жол мен жолдың арасында қалдық су жиналып, жауын шашынды күндері жүруге қиындық тудырады. 

«Маятас» тұрғын алабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Әшіров екі мәселеге көңіл аударды. Оның мәлімдеуінше, «Маятасқа» өтетін көпірдің салынғанына 50 жылға жуықтаған. Қазір «Бадам» суқоймасына адамдар көп барады. Бұл жерден ауыр көліктер өтуде. Қазір осы жағдай қауіпке айналған. Ардагер сонымен қатар, тұрғылықты жерлерін заңдастырып беруді өтінді. 

IMG 20180118 120243

Жиында негізінен көтерілген мәселелердің реті осындай. Тұрғындар сұрақ-жауап кезінде сын-ескертпелерін бүкпесіз айтты. Аудан тұрғыны Темірбай Төребековтің айтар уәжі көпке мәлім. Бұған дейін де талай көтерілген. Бадам өзені қоқыстан қашан тазарады? 47 жылдан бері осында тұратын ардагерді өзеннің тағдыры ойлантады. 

Сонымен қатар, бірқатар тұрғындар «Тоғыс» су қоймасынан қашан ағын су берілетінін сұраса, енді бірін Елтайдағы көшелерді жарықтандыру және мектеп салу құрылысы қашан жүргізілетіні мазалайды. 

Қала әкімінің орынбасары Н. Көшеров аудан әкімінің жұмысына оң баға беріп, негізгі міндеттерден хабардар етті. Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Тоғыс» тұрғын алабының айналасын демалыс аймағы ету міндеті тұр. Көпір жайы осылайша шешімін таппақ. Қазір қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі мамандары сараптама жұмыстарын жүргізуде. 

– Жол салынды, аяқ жол жоқ дейсіздер. Көшенің тұрғындары үйін жолға тақап салып қояды. Қоршауы да солай. Оны алдыру – мәселе. Осыған да мән берсеңіздер. Жерге қатысты сауалдарыңызды былай шешейік. Аудан әкімімен келісіп, уақытын айтыңыздар. Сол кезде жер қатынастары, сәулет бөлімі мамандарын осы жерге әкеліп, мәселені зерделеп, шешуді қарастырайық. Жалпы, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі, – деді қала әкімінің орынбасары. 

Аудан әкімі Ғ. Ильясов та жиынды қорытындылай келе, кейбір проблемалар бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешілетінін мәлімдеді. «Туған жерін түлету, перзенттік парызымыз». Тұрғындар бюджетке қарап отырмай, шағын мәселелерді кәсіпкерлермен бірлесе шешсе, құба-құп.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.