Басым бағыттар белгілі Избранное

Среда, 24 Январь 2018 05:44 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 257 раз

Қала мектептері мен бала-бақша аумақтарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Яғни, аяқжол салу, жол белгілері, бағдаршам орнату жұмыстары сол маңдағы тұрғылықты халықпен, мектеп басшыларымен бірге зерделеу жүргізілгеннен кейін қолға алынғаны жөн. Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов халыққа есеп беру кездесуінде негізгі басымдықтарға тоқталып өтті. Жұмыстар таразыланып, алдағы міндеттер де белгіленді.

Аудан әкімдігінің ғимаратында өткен кездесуде тұрғындар толғандырған мәселелерін бүкпесіз айтты. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев та қатысты. 

Көпшілік аудан әкімінің 2017 жылы атқарған жұмыстарын оң бағалады. Қалалық мәслихат депутаттары мен тұрғындардың, ардагерлердің пікірінше, есепті кезеңдегі жұмыстар көңіл қуантарлық. 

Алдымен жарыссөзге шыққан «Бадам» шағынауданының тұрғыны Әйгерім Беркінбайқызы осыны атап өтті. Шағынауданда асфальттау жүргізіліп, ауызсу мәселесі шешілген. Көшелерге жаңа атаулар берілді. Жарықтандыру, табиғи газ тарту мәселесі де шешімін тапқан. Ендігі кезекте балалар үшін аяқ жол салып берсе, дейді ол. 

Шымкент теміржол ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұртай Нұрғалиев Қабанбай батыр көшесі бойыннан аллея салып беруді сұрады. Бұл – ардагерлердің ұсынысы. Оның айтуынша, бүгінде Шымкент теміржол вокзалында тәртіп орнаған. Сонымен қатар, ардагер «Наурыз» шағынауданына балалар ойын алаңшасы қажеттігін сөз етті. 

Қалалық мәслихат депутаты Хайрулла Сәрсенов те жүзеге асқан шаруалардан хабардар етіп, өз ұсынысын жеткізді.

– Қаладағы №79 орта мектептің әбден тозығы жеткен. Ғимарат 1934 жылы салынған. Мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы мәселені шешіп берсеңіздер. Одан кейінгі көпшілікке айтарым – тазалықты сақтау жөнінде. Әлі де қоқысты бей-берекет тастайтындар азаймай тұр. Тұрғындардың мәдениеттілігін көтеру керек. Осыған тиісті бір шаралар қарастырған жөн-ау. Ал жалпы әкім тарапынан көңіл қуантарлық жұмыстар көп-ақ, – дейді ол. 

Жиын әрі қарай сұрақ-жауапқа ұласты. Негізінен, тұрғындар жарықтандыру, жолдарды асфальттау және тазалықты, қауіпсіздікті сақтау, кәріз жүйелерін жаңғырту, балалар үшін спорт алаңшалары және демалыс аллеяларын салу мәселелерін көтерді. Кей тұрғындар қалада муниципальді парк ашу қажеттігін де ұсынды. 

Қала әкімі Н. Сауранбаевтың айтуынша, ұсыныстар мен талап-тілектердің бәрі де бақылауға алынады. 

DSC 8307

– Талдау жұмыстары көрсеткендей, айтылған мәселелердің бәрі де белгілі салаларды қамтиды. Ең алдымен тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласы, қоғамдық көлік және жолдар мәселесі, мектеп-балабақша, қауіпсіздік, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша шағымдар көп. Біз осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Қала – ортақ үйіміз. Сондықтан да, тұрғындардан тазалық, қауіпсіздік мәселесінде белсенділік танытуы керек, – деді қала әкімі. 

Аудан әкімі Бауыржан Ахметәліұлы барлық сауалдарға тиянақты жауап берді. Жолдарды асфальттау мәселесі бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін құлағдар етті. Ал муниципальдық парк ашу бойынша алдымен зерделеу жұмыстарын жүргізу керек.

 

Ардагерлер аллеясы ретке келтіріледі

Сонымен қатар, аудан әкімі Б.Қалжановтың халыққа есеп беру кездесуі «Түркістан» шағынауданындағы №62 мектепте өтті. Онда да тұрғындардың тілегі тыңдалып, негізгі мәселелер айқындалды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары қатысты. 

Жарыссөзге шыққан «Нұр Отан» партиясының Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Саттар Қуашбаев жақсы көрсеткіштерді айта келе, әр істің өз жүйесімен, рет ретімен шешілетінін меңзеді. Қол жеткізген жетістіктерді бағалай білген жөн. 

Жалпы, аудан тұрғындары әкімнің жұмысын оң бағалады. Оларды негізінен тазалық пен тәртіпті сақтау, қоғамдық көлік, жарықтандыру мәселелері мазалайды. Барлығына да нақты жауаптар берілді. 

DSC 8416

Шағынауданның орам басқарушысы Қуандық Сауранбай көшелерді жарықтандыруды, ардагерлер аллеясын ретке келтіріп беруді өтінді. 

– Барлық көшелер түгел асфальттанып, орталық көшелерде жарықтандыру жүргізілді. Ал мектепке, мешітке баратын көшелердің жарықтандырылуы толық орындалған жоқ. Оны аудан басшыларына айтып келе жатырмыз. Одан кейін Орталық көшеміздегі ардагерлер аллеясын жөндеп берсеңіздер. Коммуналдық жүйелердің кесірінен демалыс аймағы бүлінген - тұғын. Көшелеріміз таза. Әр тұрғын өзінің көшелеріне тал егіп, көгалдандырса, өзіміздің игілігіміз үшін жасалған тірлік болар еді. Жақсы істер алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп ойлаймыз, – дейді ардагер. 

Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов «негізінен әлеуметтік нысандар орналасқан орталық көшелерді жарықтандыруға басымдық беріледі» деді. Ал ардагерлер аллеясы наурыз айына дейін ретке келтіретінін мәлімдеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.