Әкім есеп берді, ел не деді? Избранное

Среда, 24 Январь 2018 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 322 раз

Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, халық санының артуына байланысты үш жыл бұрын жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік – Қаратау ауданы құрылған болатын.

Жаңадан бой көтерген ауданның әлеуметтік жағдайын шешу біліктілікті, тынымсыз еңбекті қажет ететіні түсінікті. Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың жылдық есебіне қарағанда, ауданда жан-жақтылы өсім барлығы байқалады. Әрине, шешілмеген, қордаланған, кезегін күткен түйткілді істер де жоқ емес. 

Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов кеше «Асар» шағын ауданындағы №89 мектепте 2017 жылғы атқарылған жұмыстары бойынша халыққа қорытынды есебін берді. Есепті кездесуге Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев қатысты. Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Н. Жолдасов, қалалық мәслихат депутаты Т. Әмірбеков, аудандық аналар кеңесінің төрайымы З. Бекмурзаева, жарыссөзге шығып, әкімнің атқарған жұмыстарын оң бағалады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Шерім Медеуовтың айтуынша, аудан тұрғындары әкімдікпен бірлесе отырып, қаланың көркейіп дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Әр көктем мезгілінде олар өз аумағына ағаш отырғызып, абаттандыру ісіне атсалысуда. «Біз әкімдікке ғана мойын созып, қарап отырмай, осындай игі істерді жалғастырып отырайық», – дейді ардагер.

Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап алды. Халықты толғандыратын мәселелердің басым бөлігі коммуналдық игіліктерге қол жеткізу. Жол жөндеу, жарықтандыру, ауыз су, газ, ирригация мәселесі мазалайды. Мәселен, есеп беруде сөз алған Я. Уалиханов шағын ауданда ауызсу, газ, көшелерге асфальт төсеу және қоғамдық көлік мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанын жеткізді. Қалалық мәслихат депутаты Н.Жаңабаев ауданда атқарылып жатқан істер мен атқарылуға тиіс, шаруаларды айтып өтті.

– Қаратау ауданы құрылғаннан кейін оған көптеген ауылдар қосылды. Соның салдарынан коммуналды мәселелерге байланысты көптеген проблемалар бар. Мәселен, «Достық» алабының бүгінгі халі өте ауыр десек болады. Көбінесе ауызсу берілуі тоқтап қалады, газ мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппаған, электр қуатының басым бөлігін коммерциялық нысандардан алады. Мәселен, электр қуаты 15 теңгеден болса, оны жекеменшік нысандар халыққа 25 теңгеден сатады. Осы тұрғыдан көмек берсеңіздер екен – деді халық қалаулысы.

– Менің бірнеше өтінішім бар. Біріншісі, электр қуатын жекеменшік нысандардан қымбатқа сатып аламыз, осыны мемлекеттік коммуналдық меншікке өтуіне ықпал етуіңізді сұраймыз. Екіншісі, көшемізге асфальт төселмегендігінен әсіресе қыс айларында «жедел жәрдем» шақырғанда қиындыққа тап боламыз. Үшіншісі, қоғамдық көлік мәселесі де шешімін таппай келеді,–дейді «Таскен» алабының тұрғыны Н. Досымбетова.

Сондай ақ аудан тұрғыны С.Тастановтың айтуынша ағын суы жоқ болғандықтан, жылы жай өндірісін ауызсумен суарып отырған көрінеді. Ол өнім өндіруге қымбаттық етеді. Бұдан бөлек, кәріз жүйесінің сапасы сын көтермейтіні, қоғамдық көліктердің аздығы, жекеменешік трансформаторлардың сапасының төмендігі мен бағасының қымбаттығына байланысты тұрғындар көптеген сауалдар жолдады. 

Есеп барысында тұрғындар аудан басшыларының атқарған жұмысына оң бағасын берді. Өз ойларын ашық айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындардың сауалдарына нақты жауап берді. Қазір ауданда ирригация жүйесі, жаяу жүргіншілер жолы, бағдаршам, көшелерді электр жарығымен қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

– Алдымызға қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға артып келеді. Сол міндеттерді орындау халықтың талап-тілегіне сай жұмыс атқару, еліміздің көркейіп, дамуына нақты ісімізбен жауап беру-басты мақсатымыз. Ең бастысы оның барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруы үшін жасалуда, – деп аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов алдағы жылы атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды. Есептік кездесу соңында қала әкімі Н. Сауранбаев әрбір тұрғынның талап-тілектері ескерілетінін, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

 

Бибайша НҰРЖАНҚЫЗЫ

Последнее изменение Среда, 24 Январь 2018 08:05
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.