Ел алдындағы емтихан Избранное

Пятница, 09 Февраль 2018 05:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 643 раз

Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев 2017 жылы атқарған жұмыстары бойынша тұрғындар алдында есеп берді. Өткен жылы бірқатар мәселелер шешімін тапқан, қол жеткізген нәтижелер де атап өтерлік. Қалада былтыр өнеркәсіп өнімінің көлемі 411 млрд теңгеге жеткен. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 4310 отбасы баспаналы болды.

Есепті жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов қатысты.

DSC 1255

96 пайызға жеткізу көзделіп отыр

Қала әкімі алдымен атқарылған жұмыстарды баяндап, алға қойған жоспарларын таныстырды. Қала аумағының 89 пайызы электр жүйесімен толық қамтылған. 2017 жылы алты шағынауданға электр желісін тарту жұмысы жүргізіліп, оның екеуінің жұмысы аяқталды.

Нәтижесінде 1550 абонент сапалы электр желісіне қосылды. 335 трансформатор тұрғындардың өз қаржылары есебінен орнатылған. Биыл жеке трансформаторлар мәселесі шешіледі. 6 шағынауданда, нақты айтқанда «Самал-1», «Тассай», «Оңтүстік», «Бозарық», «Қайтпас-1» және «Нұртас» шағынаудандарына электр желісін тарту жоспарлануда. 

Қала аумағының 93 пайызы орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтылған. 16 елдімекенге кесте бойынша, 8 елдімекенге тасымал бойынша су беріледі. 2018 жылы бұл көрсеткішті 96 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 

Былтыр алты мектеп және төрт қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Тағы да жаңа бес мектептің құрылысы мен төрт қосымша ғимарат салу жұмыстары басталып кеткен. Құрылысты 2018 жылы аяқтау жоспарлануда.

«Ақылды қала» бағдарламасы шеңберінде қалада білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына жаңа технологиялар енгізілмек.

«Мәдени астана болуға дайынбыз ба?»

Жарыссөзге шыққан азаматтар әкімнің жұмысын оң бағалап, өз ұсыныстарын да жеткізді. Әуелі сөз алған Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек қала әкімінің келгеніне 90 күндей уақыт болғанын айта келе, өткен жылғы жұмыстарға жоғары баға берді. 

– Мен мына мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болмақ. Біз соған дайынбыз ба? Қаланың келбеті, сәулеті, оның тұрғындарының мәдениеті қай деңгейде? Міне, осы бағытта – қаланы гүлдендіру, абаттандыруда жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс. «Ескі қаланы» жөндеу де уақыт күттірмейді. 

Одан кейін қалаға Сайрам, Төлеби, Ордабасы ауданынан бірқатар елдімекендер қосылды. Осы елдімекендердің инфрақұрылым жағдайы нашар. Басталған істі соңына дейін жеткізу керек. Қала әкімі осы шағынаудандардың жағдайын өз көзімен көріп, тұрғындармен кездесіп, жалпы, мәселенің мәнісін БАҚ- арқылы түсіндіріп, тиімді шешсе деймін. Қалада балалар алаңшалары салынды. Бірақ қазір олар қараусыз қалып, футбол ойнайтын алаңшалар бүлініп жатыр. Осы мәселелерді қолға алсаңыздар. Халық демалатын көпшілік орындардың бүгінгі жағдайына да көңіл аударатын уақыт жетті деп ойлаймын, – деді ардагер журналист. 

Облыстық мәслихат депутаты Рәшкүл Оспанәлиева да атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын жеткізіп, оның ішінде негізінен екі жағдайды ерекше атап өтті. Оның айтуынша, идеология саласына баса назар аударатын сәт қазір. Бұл мәселеге қоғам болып жұмыла атсалысқан жөн.

– Жалпы, өткен жылы қалада 4 мыңнан аса отбасының баспанамен қамтылғаны – өте қуантарлық жайт. Халықтың атынан осыған рахмет айтқым келеді. Біздің облыста балалар үшін оңалту орталықтары ашылып жатыр. Бұл да ерекше атап өтерлік жағдай. Бірінші адамға жарық пен су керек. Одан кейін жол керек. Сондықтан коммуналдық және инфрақұрылым мәселесіндегі кемшіліктерге жете көңіл бөлу керек. 

Халықты жұмыспен қамту жайы да әркез назарда болуға тиіс. Негізі біздің халық – еңбекқор. Жұмыспен қамтуға байланысты қаншама бағдарламалар бар. Жан-жақты бағдар беріп отырса, тұрғындар да мейлінше кәсіпке бет бұрар еді, – дейді халық қалаулысы. 

Қаланы жасыл қалаға айналдыру үшін оның әрбір көшесін, әрбір бұрышын қайта гүлдендіруге басымдық берсек. Қалалық мәслихат депутаты Еркін Сатқанбаев осыған назар аударды. Бұл жұмыстарды облыстық және қалалық мекемелерге бөліп беріп, тезірек шешуге әбден болады. Әрбір тұрғынның бойында қаланы гүлдендіруге деген ынта-ықыласы, патриоттық сезімі болуы ләзім.

 

Тұрғындарды коммуналдық мәселелер мазалайды

Есептік жиында тұрғындар талап-тілектерін айтты. Негізінен, сұрақтар коммуналдық жүйелер, балалар алаңшасы, жол салу, қоғамдық көлік, жер мәселелеріне қатысты. 

ҚР Мәдениет саласына еңбегі сіңген қайраткер Артықбай Үсенбай «Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болмақ. «Бадамнан» «Манкентке» дейін пойызбен жүретін болсаңыз, жан-жақты қоқыс басып жатқанын көрер едіңіз. Осы жолдың бойын тазалау керек. Шетелден келетін қонақтарға тазалығымызбен үлгі болайық» десе, «Қазығұрт» шағынауданы Әулие ата көшесінің тұрғыны Әбдірәсіл Мұстафин «Газ келді. Ендігі мәселе – жарықтандыру. Жекеменшік трансформатордан бірқатар кемшіліктер туындап отыр» деген мәселе көтерді. 

«Құрсай» шағынауданы тұрғындары да өз шағымдарын айтты. Алматы–Ташкент айналма жолындағы мал базарына жақын жерде, «Бадам» өзеніндегі көпір апатты жағдайда. Сол көпір қашан жөнделмек?»

«2014 жылы электр желісін жүргізуге жоба жасалып еді. 2017 жылдың 31 қаңтарында жобасы аяқталыпты. Енді қаржының бөлінуіне жәрдем берсеңіз», -- дейді тұрғындардың бірі. 

«Қоғамдық көлік мәселесін шешіп берсеңіз. № 49 мектепте балалар үш ауысымда оқығандықтан, оларға көлік керек болып тұр» деген өтініш те айтылды. 

Ал «Көкбұлақ» шағынауданының тұрғыны, зейнеткер Нұржан Ибрагим жол мәселесіне назар аударды. «Жаңаталап» елдімекенінен «Көкбұлақ» тұрғын алабына дейінгі асфальт жол қашан жөнделеді?» дейді қария. 

«Ақжарда» су мәселесі, «Ақжайықта» қоғамдық көлік, «Базарқақпада» кәріз жүйесі мәселесін шешу керек. 

Қала әкімі Н. Сауранбаев тұрғындардың сауалына нақты жауап берді. 

– Қоқыс мәселесі бойынша өзімнің орынбасарым Б. Жанбосыновқа тапсырма бердім. Оны шешеміз. «Ақжар» елдімекеніне 2018 жылы сапалы ауызсу беріледі. «Қазығұрт» шағынауданы бойынша электр желілерінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Наурыз айында сіздерде жарық болады. 

«Құрсай» шағынауданында электр жүйесі бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын. Жұмыс істеп жатырмыз. «Жұлдыз» тұрғын алабындағы кәріз жүйесінің мәселесі биыл шешіледі. Ал «Көкбұлақтағы» жолды келесі жылы бастаймыз. Биыл ол жерге су жүйелері тартылады, – деді қала әкімі. 

Нұрлан Ермекұлы көпір салу мәселесіне де нақты жауап берді. Яғни, құжаттар сараптамаға тапсырылған. Сол жұмыстар біткеннен кейін құрылыс басталмақ.

 

Шешімін табуы тиіс негізгі 20 бағыт

Баяндаманы әрі тұрғындардың сұрақ-жауаптарын тыңдаған облыс әкімі Ж. Түймебаев алда атқарылатын негізгі бағыттарға тоқталды. Шымкент қаласы бұрынғы келбетіне сай жасыл қалаға айналуы тиіс. Негізгі үлкен жолдар салынды. Жүйесіз салынған үйлер реттеліп жатыр. ТМД елдерінің мәдени астанасы болу бағытында қандай жұмыстар қолға алынуы тиіс? Міне, соған байланысты нақты жұмыстар істелінуі керек. 

– Қала әкімінің нағыз есебі келесі жылы болады деп есептеймін. Бұл – әкімдіктің, ұжымның есебі. Мәселелердің басым бөлігі коммуналдық сала бойынша. Жер, су электр, құрылыс, қоғамдық көлік...Аудандардан қосылған елдімекендерге байланысты қазір мәселе 2-3 есе көбейді. Олардың бәрі де қала деңгейіне сай болу үшін біршама уақыт керек. Барлық мәселені бір уақытта шешіп тастау мүмкін емес. 

Ендігі атқарылуы тиіс міндеттер жөнінде тапсырма бердім. Күні-түні жұмыс істеу қажет. Қаладағы кіші және орта бизнесті қарқынды дамыту арқылы қала экономикасын көтеріп, бюджеттің кіріс көзін ұлғайту – басым бағыттардың бірі. Биылғы қолға алынатын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мектептер салу, емханалардың санын арттыру, қоғамдық көлік саласын дамыту, қаланың жасыл белдеуін қалыптастыру, ескі қалашықты реттеу, «Шымкент сити» жобасын жүзеге асыру, «Қошқар ата» өзенінің бойын абаттандыру сияқты, негізгі 20 бағытты белгілеп отырмыз. Қала ажарлы болсын. Соған барлығымыз бірге күш қосайық. Әр салада нақты жоспар бойынша жұмыс істелсін, – деді облыс әкімі.

Жоспар белгілі. Міндет айқын. Қала үшінші мегаполис атына сай дамып, тазалығымен, кәсіпкерліктің дамуымен алға өркендеуі тиіс. 

Жалпы, 2018 жылы жасыл белдеу, саябақтар, шатқалдар, қаланы көгалдандыру мәселелеріне мән беріледі. Әрбір азамат тұрып жатқан үйінің, жұмыс істеп жатқан жерін таза ұстаса... Сонда ғана қаламыз сәнді болады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, «Қазыбек» әмбебап базары 2018-2020 жылдары аралығында басқа орынға көшірілмек. 

Мәдениет саласы бойынша да атқарар іс көп. Яғни, биыл «Фосфоршылар» және «металлургшілер» сарайын мемлекетке қайтару, «Қошқар ата» өзені бойын көріктендіру басты жоспардағы іс.

Последнее изменение Пятница, 09 Февраль 2018 05:54
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.